Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 11997 0 пікір 15 Қаңтар, 2016 сағат 10:45

МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ НӘРЕСТЕСІН НЕГЕ ЛАҚТЫРДЫ?

Теледидарды қосуға, жаңалықтарды тыңдауға қорқатын заман туды. Кеше КТК телеарнасынан  оныншы сынып оқушысы көлікте босанып, нәрестені тас жолдың жиегіне лақтырып жібергенін естіп, жағамды ұстадым. Жерге оңбай түскен шақалақ шетінеп кеткен.

Алдымен, телеарнаның ақпаратын оқып алыңыздар: Адам шошырлық осы оқиға Талас ауданының Үшарал ауылы маңында болған. Жасы елуден асқан әйел көршісінің көлігін жалдап жүкті қызын ауруханаға апара жатыпты. Ауылдан шыға бере мектеп оқушысының толғағы қысып, машинаның ішінде-ақ босанып қалған. Ал анасы көлікті тоқтатпаған күйі шақалақты терезеден лақтырып жіберсе керек. Тас жолға басымен түскен нәресте сол жерде шетінеген. Қансырап қалған 16 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді. Осы жайтты дәрігерлерден естіген тәртіп сақшылары көп ұзамай жолдың бойынан сәбидің өлі денесін тауып алады. Қазір кәмелет жасына толмаған ана ем алуда. Ал оның шешесі қамауда отыр.      

Гүлчехра Зияутдинова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекші маманы:

-Қызының жүкті боп қалғанын шешесі білмедім деп отыр. Оның не үшін осындай қадамға барғаны қазір анықталуда. Тергеу құпиялығына байланысты өзге мәліметтерді айта алмаймыз. Анығы, егер оның кінәсі расталса, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  

Бұл кешегі күннің бір ғана жаға ұстатарлық жаңалығы. Мұндай оқиғалардың мыңы болып жатыр, Қазақстанда. Біздің дәл осындайлық азғындауымызға не себеп?.. 

Бірінші себеп, біз ұлттық салт-дәстүрімізден, түсінік-түйсігімізден айрылып қалдық. "Қызға қырық үйден тыйым" жасай алмайтын халге жеттік. Телеарнаны қоссаң да, интернетті ашсаң да "жұлдыздарымыз" шешініп тастап, жасөспірімдердің санасына "ұлы өнегесін" сіңіріп жатыр. Жасы елуге жақындаған апамыз, "күнде қылық" шығаратын болды. Туған әкесі қызының сұлулығына, сұлулығына емес, "сексуалдығына" сілекейі шұбыратын заман туды. Дәл осындай кезде оныншы сынып қызының босанып қалуы, зарарлы сериалдарды көріп, жағымсыз кейіпкер образына кіріп алған ананың немересін (жиенін) зымырап бара жатқан көліктің терезесінен лақтыруы - жай әншейін қалыпты жағдай...

Әрине, біз бұл оқиғаға тікелей "жұлдыздарды" кінәлаудан аулақпыз. Ел тізгінін, телеарна тізгінін "әнші-бишіге" ұстатуды тоқтатпасақ, солардың ауы мен бауын жарнамалауды тежемесек, көретініміз осы болмақ?

Жол жиегіне лақтырылған сәбидің не кінәсі бар?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5490