Біз неге өз тарихымыздан рух ала алмаймыз?
Қазақ тарихын мектеп, не ЖОО-да оқытқанда соғыс, жаугершілік, шапқыншылықтарға көп көңіл бөлінеді де, рухани, мәдени тарихымыз ескерілмей жатады. Бұл туралы ХХ ғасырдың басында-ақ Алаштың арыс азаматы Әлихан Бөкейханов: «Тарихтың сарын жолы екіге бөлінеді: бір бөлек тарихтың пайдаланғаны соғыс істері. Біздің қазақ білетін тарих осы. Тарихтың екінші түрлісінің (мұны орыстар «история культуры» дейді) пайдаланғаны - жұрттың болмыс салты, рухани мәдениетінің дәрежесі. Бұлардың бәрі сол жұрттың сол замандағы тіккен киімінен, ұстаған аспаптарынан; сөздерінен білінеді. Анық тарих - осы екіншісі», - деген болатын. Шын мәнінде, қазақтың жойылып кетпей, қазақ болып қалуына осы рухани мәселелер, рухани тұлғалар әсері зор еді ғой. Өскелең ұрпақ өз тарихынан рух ала алмауының себебі осында емес пе? Неге рухани тарихымыз әлі күнге дейін дұрыс зерттелмей отыр? Міне, осы сауалды ғалымдарға қойып едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.
Мекемтас Мырзахметов,
филология ғылымдарының докторы, профессор:
Қазақ тарихын мектеп, не ЖОО-да оқытқанда соғыс, жаугершілік, шапқыншылықтарға көп көңіл бөлінеді де, рухани, мәдени тарихымыз ескерілмей жатады. Бұл туралы ХХ ғасырдың басында-ақ Алаштың арыс азаматы Әлихан Бөкейханов: «Тарихтың сарын жолы екіге бөлінеді: бір бөлек тарихтың пайдаланғаны соғыс істері. Біздің қазақ білетін тарих осы. Тарихтың екінші түрлісінің (мұны орыстар «история культуры» дейді) пайдаланғаны - жұрттың болмыс салты, рухани мәдениетінің дәрежесі. Бұлардың бәрі сол жұрттың сол замандағы тіккен киімінен, ұстаған аспаптарынан; сөздерінен білінеді. Анық тарих - осы екіншісі», - деген болатын. Шын мәнінде, қазақтың жойылып кетпей, қазақ болып қалуына осы рухани мәселелер, рухани тұлғалар әсері зор еді ғой. Өскелең ұрпақ өз тарихынан рух ала алмауының себебі осында емес пе? Неге рухани тарихымыз әлі күнге дейін дұрыс зерттелмей отыр? Міне, осы сауалды ғалымдарға қойып едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.
Мекемтас Мырзахметов,
филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Қазақ тарихын оқытқанда соғыс, жаугершілік, шапқыншылыққа көбірек көңіл бөлетіні де рас. Бірақ оның шешуші, елеулі бөлігі біздің рухани тарихымыз жүйелі түрде сөз етіле бермейді. Мың өліп, мың тірілген қазақтың қандай қиыншылық жағдайға ұрынса да жоғалып кетпей, қайта жасарып шыға беретін құдіреті бар. Ол құдірет оның рухани тарихында жатыр. Біздің жауларымыз, әсіресе, отаршыл империялар бізді бодандыққа айналддырғанда алдымен қолына алған мәселесі рухани тарихымызды танытпауға, оны білдірмеуге бар күшін салып бақты. Мысалы, Ильминскийдің обер-прокурор Победоносовқа жазған хатында осы жайлы ашық айтылған. Тіпті, академик Радловтың қазақтарға «Жұм-жұма» қиссасын оқығанда еткен әсері т.б. Кеңес өкіметі рухани тарихымыздың бір көрінісі Алашорда партиясының ұлттық рухымызға, ұлттық санамызға, ұлттық танымымызға әсер еткен әдеби-тарихи еңбектерін келер ұрпаққа танытпай тастау үшін Голощекин ұсынған талаптарды Сталиннің мақұлдауы осыны көрсетеді. Біз - мәңгүрттенген халықпыз. Оған біз айыпты емеспіз. Кеңестік саясаттың жүргізген іс-шаралары айыпты. Өйткені, олар бізге рухани азық беретін, тарихи санамызды оятатын жеке тұлғаларды жоюды мақсат етіп қоюы жай нәрсе емес, өскелең ұрпақтың өз тарихынан рух ала алмауының негізі осында жатыр...
Қамбар Атабаев,
тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі:
- Біріншіден, тарихта халықтың күнделікті өмірінен гөрі соғыс тарихының көбірек айтылуы, жазылуы тек қазақ тарихы ғылымында емес, барлық елдерге де тән. Ал, халық шынайы тарихын күнделікті өмірде жасайды. Кезінде Әлихан Бөкейханов халықтың бейбіт өмірі тарихтан тыс қалғаны туралы айтты. Бұл туралы Олжас Сүйлейменов те айтты. Сондықтан қазақтың тарихы басқа елдердікі секілді күнделікті өмірі, тұрмысы, салты дұрыс зерттелмегені рас. Еуропада, Ресейде күнделікті тарихқа, рухани тарихқа ерекше көңіл бөлінуде. Ал, бізде мектепте, ЖОО-да халықтың күнделікті өмір тарихы түгілі, жалпы қазақтың тарихын оқыту дұрыс жолға қойылмаған. Өйткені онда әлі қазақ тарихы деп емес, Қазақстан тарихы деп оқытады. Бұрын Қазақ ССР тарихы деп, 1917 жылдан бастаса, қазір Отан тарихын Қазақстан Республикасы тарихы деп, 1991 жылдан бастап оқытып жатыр. Сол себепті қазақ тарихының оқу орындарында ұлттың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, бейбіт өмірі, рухани мәдениетін айтпағанның өзінде жалпы қазақ тарихын оқытудың өзі тыс қалған. Бізде қазір зерттеу нысаны - Қазақстанның тарихы. Бұл мәселеге әлі де терең қарау керек. Қазақстан тарихы ғылымының зерттеу объектісі қазақ тарихы деп алынуы керек, әйтпесе, тарихты оқытуда, зерттеуде ешуақытта алға жылжымаймыз.
Биліктің те, тарихшылардың да осы қарапайым нәрсеге әлі көзі жетпей немесе мойындалмай отыр. Тарихшылардың не жазып жатқанын халық білмейді. Халық пен тарихшылар арасында байланыс жоқ. Неге? Себебі, Қазақстанның тарих ғылымының жазып жатқаны ұлттың тарихы емес. Егер Қазақстан тарихшылары ұлттың шынайы тарихын жазған болса, оны ұлт қабылдар еді. Ұлттың тарихқа қызығушылығы зор, бірақ Қазақстан тарихы ғылымы сол сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Сол себепті қазіргі кезде халқымыз тарихын сүйіп оқи алмайды, рух ала алмайды. Тарихи санасы толық оянып, серпіліс жасамайды. Қазақ деген кім? Оның шынайы бет-бейнесі, портреті қандай? Қазақ қалай қазақ болып қалды? Міне, сауалдарға рухани тарих қана жауап бере алады. Егер осы тарихты іске қоссақ, қазақ өзін-өзі толық таниды деген сөз.
Бұл тарихшылардың барлық еңбегін жоққа шығару деген сөз емес, негізінен жалпы алған уақытта тарих ғылымы ұлттың тарихын жазуға толық бет бұрған жоқ. Қазір тәуелсіздік тарихқа көп көңіл бөлініп, Қазақстан тарихын жазып отыр. Ал тәуелсіздік тарихы қазақ тарихының бір ғана кезеңі. Тәуелсіздік тарихын қазақтың тамырынан, ұлттың тарихынан бөліп алып қарауға болмайды. Қазақтың рухани тарихын жазу үшін Қазақстан тарихы ғылымын түбегейлі қайта құру керек. Мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлты объект болу керек. Ал, бізде оны айтуға қорқады. Көпұлттымыз деп айта береміз. Қазақты кемсітуге тырысамыз.
Зейнолла Самашев,
aрхеолог, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Кеңес үкіметі кезеңінде мұндай мәселе талқыланған, бірақ сөз жүзінде қалып, өзінің сүрлеуіне түсіп кете берген. Ал, Қазақстанда осы мәселені ешкім көтерген жоқ.
Халықтың тарихы соғыс пен патшалардың тарихы арқылы ғана беріледі. Бұл дұрыс емес. Яғни әр патшаның билігі кезеңін, сондағы соғыстарды, сол патшаның шежіресін жазу, оқытып, мәдениет жағы тыс қалады. Қантөгіс, соғыс, қару-жарақ айтылады да, оны жасаған ұсталар айтылмайды. Сонда суретін салған, киімін тіккен адам қайда, шаруашылық-өндіріс қайда, мәдениеттің дамуы қайда? Осы мәселелерге көңіл бөлмей, соғыс, саяси тарихқа ауып кеткен. Бұл - Сталиннің тұсында енгізген методологиялық қондырғы. Кеңес кезінде ұрандап «пролетариат тарихы» дегенімен, шын мәнінде патшалардың тарихын, саясатын жазды. Сондықтан методологиялық тұрғыдан мұны басқаша өзгерту керек. Бірден өзгертіп тастауға оқулық жазатын адамдар даяр емес. Содан кейін қоғамдағы психологияны қалыптастырып, ақырындап рухани тарих жазуға көшу керек. Тарих пен культурогенез оқулығын біріктіру керек. Қоғамдағы мәдениетттің, өндірістің дамуын жазуға басымдық берген жөн. Яғни соғыс тарихын айтардан бұрын өндірістің дамуын, жетістігін айту керек. Мәселен, Томиристің басқа елдің патшасының басын шауып алғанын жазып, сақтардың жасаған мәдени құндылықтары: қолөнері, өндірісі, шаруашылығы, салты, дәстүрі айтылғанның өзінде қысқа ғана тақырыптың аяғына маңыз бермей қоя салады.
Материалдық құндылықтар өзінен-өзі пайда бола қоймайды, оны қоғамның рухани дамуының жемісі ретінде сипаттауымыз керек. Жеке тұлғалардың рөлі рухани және материалдық құндылықты көре білуінде, тани алуында, ұйымдастыруында жатыр. Тани алмағандары мәдениеттің тарихи дамуын тежеуі немесе тани алса, гүлдендіруі мүмкін.
Сұхбатты жүргізген
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ
"Үш қиян" газеті