Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8573 0 пікір 24 Желтоқсан, 2015 сағат 14:36

ДОМАЛАНҒАН ДОКТОРЛАР

Жақында қазақстандық БАҚ-та бірқатар өнер және спорт жұлдыздарының ғылым докторы атанғандығы туралы мақалалар жарық көрді.

Мысалы, продюсер-әнші Қыдырәлі Болманов Ресей ғылыми кеңесінде зерттеу еңбегін қорғап, психологияға бағытталған философия ғылымдарының докторы атанды. Болманов зерттеуінің әлі қорғалмаған тың тақырып екенін, текті ұлтымыздың этно-педагогикасының ғажаптығын, бесік жырының бала тәрбиесінен алар орнының бөлектігін, ұрпақ тәрбиесінде ерекше орын алатынын айта келіп, бұл тақырыптың ауадай қажет екенін ғылыми дәлелдеп шыққанына қатты қуанған.

Сондай-ақ, екі дүркін Олимпиада чемпионы  Илья Ильин де ендігі жерде философия ғылымдарының докторы. Спорт пен білімді қалай ұштастырғаны белгісіз, әйтеуір ауыр атлет қазақ спортының қара шаңырағынан осындай атақ алып шықты.


Лондон Олимпиадасынан кейін Спорт және туризм академиясының докторантурасына түскен екі дүркін Олимпиада чемпионы 2 жылдық білімінің нәтижесін көрсетті.

Ильин «Жоғары білікті ауыр атлеттерді даярлаудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын 2 сағатта сәтті қорғап шыққан. Ғылыми жетекшісі Болгариядағы «Васил Левски» атындағы академияның профессоры Станислав Хаустовтың айтуынша, Ильиннен болашақта мықты ғалым шығады-мыс.

Ғылым деген – білімнің жоғарғы саты­сы. Бұлар бір-бірімен астасып, тұтасып жат­қан сала. Десек те, кейінгі бес жылда ғылымға да, білімге де бөлінген қаржы екі есе көбейген. Тап бүгінгі заманда ғылымға бөлінетін қаржы жағынан ТМД елдерінде Ресей, Украина, Беларусьтен кейін төртінші орындамыз. Әзірбайжан бізбен қатарлас. Мысалы, біздің елде докторантураға және магистратураға квота Үкіметтің қаулысымен бөлінеді.  Рас.  Ғылым деген – интеллек­туал­дық жұмыс. Ғалым қап арқалап, бидай тасымайды. Профессор.  Оның тек білімі ғана емес, жүрген жолы, ой-пікірі, Отанға, мемлекетке деген па­триот­тық сезімдері, бәрі де – жастарға үлгі.

Жоғарыдағы жұлдыздарымыздың екеуін де, біз атап өткен санатқа жатқыза аламыз ба? Біз не десек те, Қыдырәлі Болманов пен Илья Ильин филисофия ғылымдарының докторы енді.

Бірақ, Болманов пен Ильин сол атақ, ғылыми дәрежеге зәру ме? Бірі – қазақ мәдениеті, өнері жолында еңбек сіңіріп, елінің ықыласына бөленіп жүрген жұлдыз. Ал енді бірі – ауыр атлетикадан Олимпияда және әлем чемпионы. Ел байрағын әлем көгінде желбіретіп, ғылым докторы атағынсыз-ақ, халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленіп жүр. Кәдуілгі күнде-ақ, Илья Ильинді – ғылым докторы, Болмановты профессор ретінде елестету мүмкін емес. Осындай да, әркім өз саласының үздігі болу керек деген қағида еріксіз еске түседі.

Осы тұста Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бурханов мырзаның қазақстандық БАҚ-қа берген пікірін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

«Қазір екінің бірі кандидат, ғылым докторы. Қолда бар көп нәрсенің құны төмендейтіні де анық. Қазақстанда 140 университет бар. Бұл біздің халқымыз үшін көп. Мәселен, Англияда 67 миллион халыққа 80 ғана университет болса, Жапонияда он мың адамға 222 студент бар. Ал, Қазақстанда он мың адамға – 360 студент. Жыл сайын еліміздегі ЖОО-ларда 25 мыңнан астам маман дайындалады.  Ал, сол мамандардың барлығы жыл сайын бізге қажет пе? Кейбір дерек көздеріне қарағанда, әр жылда бес мың дипломант дайындайды екенбіз. Солардың ішінде, ең көп дегенде, он дипломант жұмысқа орналасса, нәтиже болар еді. Өйткені, жаппай ғылым докторларын дайындаудан гөрі, әр өңірден бір-екі маманды орталық университеттерде докторантураға оқытып, шетелге тәжірибе алмасуға жібергеніміз абзал. Сапа да болады». Бұл – Мәжіліс депутаты, ғалым Камал Бұрханов мырзаның пікірі.

Жалпы біз докторларға бай елміз.  Мысалы, біздің министрлер кабинетіндегі ғалымдардың тізімне көз салайық. Қараңыз:

1. Кәрім Мәсімов – экономика ғылымдарының докторы
2. Бақытжан Сағынтаев – экономика ғылымдарының кандидаты
3. Дариға Назарбаева – саясаттану ғылымдарының докторы
4. Иманғали Тасмағанбетов – саясаттану ғылымдарының докторы
5. Владимир Школьник – физика-математика ғылымдарының докторы

6. Арыстанбек Мұхамедиұлы – тарих ғылымдарының кандидаты
7. Тамара Дүйсенова – Экономика ғылымдарының кандидаты
8. Аслан Сәрінжіпов – экономика ғылымдарының кандидаты

Сонымен қатар,  Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі - Ерболат Асқарбекұлы Досаев мырза, Алматы энергетикалық институтын электронды техника инженері мамандығы бойынша тәмамдағанымен, экономика министрі қызметін атқарып жүр.  

Ал жаңадан ашылған ҚР Мемлекеттік қызмет істері министріТалғат  Советбекұлы Донақов С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясындағы Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын бітірген. Мамандығы бойынша — заңгер. Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы бар, ағылшын тілін меңгерген. Қазіргі қызметі – Қызмет істері министрі.

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Өрентайұлы Исекешев мырза 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша тәмамдаған. Шет елде тәжірибе алған. Қазір Инвестиция министрі болып қызмет атқарады (http://ult.kz/?p=11359).

Түйін: Айтпақшы, ғалым демекшi, қа­зiр ғылым докторы болу үшiн «жиырма мың доллар берсең болды» дейтін сөз бар. Қысқасы, қалтаңда мың доллар болса болды, мың кiтап оқып көз майыңды тауыспайсың, шашыңды ағартып архивтерде айлап-жылдап отырмайсың, дауысың қарлығып мыңдаған студенттерге лекция оқымайсың, әйнегi­нiң қалыңдығы екi елi көзiлдiрiк кимейсiң, қораңдағы жиырма – отыз сиырыңды бұлдап сатып, домаланған ғылым докторы болып шыға келесiң. Ғажап емес пе, ә?! 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345