ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫҢ ОТАНҒА ОРАЛУЫНА МОЛ МҮМКІНДІК АШЫЛЫП ОТЫР
Гүлнар СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі, Мәжілістегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің төрайымы, аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі:
– Гүлнәр Сүлейменқызы, осы жуырда Мәжіліс маңызды бір заң жобасын мақұлдады. Бұл тек еліміздегі тұрғындар ғана емес, шетелдегі қандастарымыз да елеңдеп күтіп отырған заң жобасы деуге толық негіз бар. Осы заңды қабылдаудағы оның мақсаты қандай, сондай-ақ қандай жұмыстар атқарылды?
– Бұл құжаттың толық атауы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы деп аталады. Үкімет ұсынған осы заң жобасы этникалық қазақтардың көші- қоны, ішкі көші-қон мәселелерін жетілдіруге бағытталған. Бұл заң жобасы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 4 мамырдағы тапсырмасына сәйкес әзірленген.
Осы заң жобасы бойынша қолданыстағы екі кодекске және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қолымызда бар мәліметтерге сүйенсек, тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден 1 миллионға жуық қазақ көшіп келді. Бұл – ел тұрғындарының 5,5 пайызы. Дегенмен шетелде әлі де көптеген қандастарымыз тұрып жатыр. 2013 жылы заңға енгізілген өзгерістерге орай көші-қонның үдерісі баяулап қалды. Себебі онда бірталай кедергі болған еді. Ал мына заң жобасының ең басты жаңалығы – этникалық қазақтардың көші-қоны төңірегінде туындап отырған мәселелерді шешуде, соларды жеңілдетуде бірқатар нақты-нақты жаңа нормалар қабылдануымен ерекше екенін айта кетуім керек. Үкіметтен де бірнеше жаңа норма келіп түскен еді, бірақ депутаттар тарапынан олар жетілдірілді.
Айталық, бұрынғы заң бойынша бізге шетелден келген қазақтар азаматтық алуы үшін әуелі Қазақстанда төрт жыл тұруы міндетті болған еді және өзінің төлем қабілетін растауы қажет болатын. Белгілі бір мөлшерде 2 млн теңгеден астам қаражатты банкілік есепшотқа құюы керек болды. Сол сияқты, Үкімет айқындаған өңірге баруы міндеттелді. Сонда ғана оралман мәртебесін алды, аздаған жеңілдіктер берілді. Ал басқа өңірге көшіп келсе, оларға оралман мәртебесі берілмей, бірқатар қиындықтарға ұшырады. Енді біз жаңа заңмен осы кедергілердің бәрін алып тастадық деуімізге болады.
Біріншіден, заң күшіне енгеннен кейін келетін этникалық қазақтар қоныстанған өңіріне қарамастан, Қазақстанның қай облысына келсе де, оралман мәртебесін ала алады. Екіншіден, төрт жыл тұруға міндетті емес, Қазақстан азаматтығын бір жылдың ішінде ала алады. Жалпы, өтініш берген күннен бастап, үш айдың ішінде де алу мүмкіндігі бар. Бірақ бір жылдың ішінде азаматтықты алып болуы керек. Төлем қабілетін растау талап етілмейді. Кедергі келтірген осы үш мәселе бойынша біз бірталай жеңілдіктер жасадық. Сондықтан қандастарымыздың көші-қоны алдағы уақытта қайтадан жандана түседі деп ойлаймыз.
Депутаттар бірқатар ұсыныстарын бер-ді, жұмыс тобының құрамына қандастарымызды біріктіретін қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді. Оның бірі «Жебеу» қоғамдық ұйымынан Ауыт Мұқибек деген азамат, ол Қытай қазақтарының проблемаларын жақсы біледі, өзі де сол жақтан көшіп келген. Екіншісі Қайрат Бодаухан есімді азамат, ол кезінде Моңғолиядан қоныс аударған. Осылайша, өзіміз білмейтін қандай ішкі проблемалар бар екенін білу мақсатында және оларды шешу үшін біз шетелде тұратын екі үлкен диаспораның өкілдерін жұмыс тобына қосып, заң жобасын талқылаған барлық жиналыстарымызға қатыстырдық.
Алғашқы қабылданған заңдарымызда квота қоныстанған өңіріне қарамастан, беріле берді ғой. Бауырларымыз қай жерге келем десе де, квота берілді. Одан кейін кейбір аймақтарда жұмыс табуда, тұрғын үй алуда мәселелер туындағандықтан және солтүстік аймақтарда халықтың сирек орналасқанына орай Үкімет көші-қон процесін заңмен реттеуді қолға алған болатын. Ол кезде солтүстіктегі облыстарға бару үшін осындай қадамдар жасалған еді. Бірақ ол көптеген қайшылықтар туғызды. Себебі кейбір адамдар Үкіметтен көмек алмай-ақ өздері де келгісі келеді. Бірақ азаматтық алу процесін тездетіп, жеңілдетілген тәртіппен алғысы келетінін жасырмайды. «Елге салмақ салмаймын, өз жағдайымды өзім ретке келтіріп, тұрмысымды жақсарта аламын» дегендерге неге кел демейміз? Сондықтан ондай қандастарымызға да мүмкіндік беруіміз керек қой. Оларға «Тек біз белгілеген өңірлерге барасың, сонда ғана азаматтық аласың» деп неге кедергі жасауымыз керек? Ал жаңа заң жобасында кедергі жоқ, бәрі алынып тасталды. Қай жерге көшіп келсе де, әуелі оралман мәртебесіне ие болады, сосын Қазақстан азаматтығын алады. Бірақ Үкімет айқындаған өңірлерге барса, арнайы қарастырылған әлеуметтік көмекті ала алады. Айталық, қандасымыз солтүстік облысқа не өзге мемлекетпен шекаралас ауданға барса, Үкімет оның жүгін тасыған, келген жол шығандарын өтейді, сонымен бірге әрбір отбасы иесіне 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК көлемінде жәрдем беріледі. Жұмыспен қамтылады. Жалға берілетін үймен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ оның осы жалға берілген үйді 5 жылдан соң жекешелендіріп алуға құқығы бар.
Ал енді Үкімет айқындамаған, яғни басқа өңірге барса, ондай көмектер берілмейді. Қазақстанның бүкіл азаматы сияқты әлеуметтік жеңілдіктерді ала алады. Мысалы, құжаттарын тапсырып, зейнетақы алады. Мүгедектікке байланысты жәрдемақы алу құқығы бар.
– Заңға енгізіліп отырған тағы қандай жаңалықтар бар?
– Депутаттардың ұсынысы бойынша тағы бір жаңа заңдық норма енгізілді. Бүгінгі таңда Қазақстан шетелдегі қазақтарға білім гранттарын беріп отыр. Білім гранттарына ие болып не өз бетінше жоғары оқу орындарына келіп түскен қазақ жастары-на жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуына құқық беретін норма енгізіліп отыр. Бұл да болса, оң бастама. Себебі бұрынғы заң нормалары бойынша олар біздің елімізде білім алады, бітіргеннен кейін Қазақстаннан шығып кетуі керек болатын. Оралман мәртебесін, одан кейін азаматтықты алу үшін көші-қонның бүкіл процесінен өтіп, қайта келуі қажет еді. Енді оқуға келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің жатақханаларында уақытша тіркелуге және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.
Сонымен қатар азаматтық алу кезінде қандасымыздың тіркеген жері болуы талап етілді. Студенттердің азаматтықты рәсімдеу кезінде қиындықтар туындамасын деп жаңа заңдық нормалар енгіздік. Қызметтік немесе жеке тұрғын үйі болмаған кезде оралмандарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында не білім беру ұйымдарының жатақханаларында бір жылдан аспайтын мерзімге уақытша тіркелуге құқық беретін норма қарастырылды. Бұл да болса, қандастарымыздың өз Отанына келгенде, аз уақыттың ішінде азаматтығын алуға және жаңа ортаға тез бейімделіп кетуіне септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Сондай-ақ олар үшін визаны ұзарту жөнінде проблема болып келді. Себебі виза үш айға беріледі. Осы мерзімде азаматтығын, тағы басқа мәселелерді реттей алмаса, үш айдан кейін өзі келген мемлекет-ке барып, визасын ұзартуы тиіс болған. Осындай қиындықтар болған соң, біз оны жеңілдетіп, визаны ұзарту мәселесін шешуді Ішкі істер органдарының құзыретіне бердік. Яғни Ақтөбеге келген адам қайтадан Қытайға не Иранға бармай-ақ, сол жердегі ішкі істер департаментіне барып, визасын ұзарта алады.
– Қандастарымызды әуре-сарсаңға са-лып жүрген осы бір мәселе оң шешімін тапқалы тұр екен.
– Иә. Сол секілді алғашқы заңдарда болған, кейін алынып тасталған бір норма бар. Ол отбасын біріктіруге байланысты шетелдерде тұратын ағайын-туыстарын шақыру мәселесі еді. Мысалы, кейбір елдердің мемлекеттік органы отбасын біріктіру үшін куәландырылған шақырту қағазын сұрайтыны анықталды. Соған орай жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретіне шақырту қағазын беру және куәландыру жөніндегі қосымша міндеттер жүктелді.
Бүгінгі бар заңда қандастарымыздың бір әкімшілік құқық бұзушылығы болса, оларға азаматтық берілмейді. Мысалы, көшеде белгіленбеген жерден өтіп кеткен кезде не автокөлігімен жол ережесін бұзып, айыппұл салынған болса, шетелде несие төлеуді кешіктірсе де, ол әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі, ондай адамдарға азаматтық беруден бас тартылып келді. Осы норманы тым қатаңдау деген тоқтамға келіп, біз оны жеңілдеттік. «Бір рет бұзған» дегеннің орнына «бірнеше рет бұзған жағдайда» деп өзгерттік.
– Ал қандай қандастарымызға азаматтық мүлдем берілмейді?
– Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған, сондай-ақ ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар қандастарымызға азаматтық берілмейді. Адамға қарсы ауыр қылмыс жаса-ған, не болмаса террористік, экстремистік оқиғаларға қатысқан не сондай көзқарасты ұстанған адамдарға азаматтық беруден мүлдем бас тартылады. Өйткені бұл мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін сақтауға байланысты. Ол – барлық елдердің заңдарында бар норма. Бұрынғы заңда жалпы аса ауыр қылмыс жасап сотталғандарға елге келуге жол жабық болатын. Біз қандастарымыз үшін соның өзін жұмсарттық. Яғни аса ауыр қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы болса ғана азаматтық беруден бас тартылады. Бұрын сотталған, мерзімі өтелген болса, ондай адамды қабылдауға болады деп ойлаймыз. Өйткені ол жазасын алды, өтеді.
Депутаттар өңірлерде де жиі болып тұрады. Маңғыстау да шетелден келген қандастарымыз тығыз қоныстанған аймақ. Мысалы, өз қалауы бойынша көшіп келген қандастарымыздың 21 пайызы Оңтүстік Қазақстанға тұрақтаса, 15 пайызы Алматы облысына, 12,6 пайызы Маңғыстау облысына барған.
Заң жобасын талқылау кезеңінде аймақтарға барғанда, қандастарымызбен тілдестік. Өзім Маңғыстауға барғанда, «Нұр Отан» партиясының өңірдегі филиалына келіп, шағымданып жүрген бір топ бауырларымызды жинап, облыстық көші-қон департаментінде кездесу өткіздім. Қолданыстағы заң бойынша олар төрт жылға дейін оралман куәлігімен тұруы керек, азаматтығын әлі алған жоқ. Бірақ олардың баласын мектепке беруде, емхана мен ауруханаға баруда, зейнетақысын алуда бір мәселе туындаған екен. Ол – жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнің (ЖСН) болмауы. Соның салдарынан ақша төлемдері мен ақша аударымдарды жүзеге асыруда, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналарын және әлеуметтік төлемдерді аудару кезінде, салықтық міндеттемелерін орындауда, рұқсат беру сипатындағы құжаттарды беруде қиындықтар туындайды. Жұмысқа келген соң, өзім ұсыныс бердім. Соған байланысты «Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы» заңға толықтырулар енгізілді, соған сәйкес оралманның куәлігі жеке сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттардың тізбесіне енгізілді. Енді жаңа заң күшіне енгеннен кейін оралман куәлігіне ЖСН қоса енгізіліп беріледі, олар азаматтық алғанға дейін жоғарыдағыдай қиындықтарға ұшырамайды. Бұл мәселе сөйтіп, оң шешімін тапты.
Шетел қазақтарының тағы бір өтініші болды. Азаматтықты алар кезде олардан бұрын тұрған мемлекетінің азаматтығынан шықты деген анықтама талап етілді. Ал кейбір елдер «бара бер» дейді де, ондай анықтама бермейді екен. Яғни сондай анықтама алуда қиындықтар туындайды. Соған орай Сыртқы істер министрлігінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №315 қаулысымен өзгеріс енгізіліп, ондай елден анықтама әкелу жөніндегі талап алынып тасталды.
Ішкі көші-қон мәселесін реттеуде де тиімді әрі халыққа пайдалы жаңа нормалар енгізілді. Тұрғындар аз қоныстанған өңірлерге жастарды тарту арқылы олардың санын арттыру, баратын адамдарды ынталандыру, әлеуемттік қолдау мәселелері көзделіп отыр. Осы орайда, қазір «Серпін» бағдарламасы жүзеге асып жатыр ғой, соның аясындағы кейбір нормаларды заңдастырдық. Мысалы, оңтүстіктен тұрғындары аз солтүстікке оқуға барған жастарға колледждерде оқу үшін білім гранттары беріледі, сол оқу орнының жатақхана-сында тұрады, тағы басқа мәселелер заңда айқындалды.
– Бір байқағанымыз, осы заң жобасын талқылауға депутаттар өте белсенді қатысты. Мұның себебі не?
– Иә, әріптестеріміз жұмыс тобында белсенді болды және өте көп өзгерістер берді. Пікірталастар да аз болған жоқ. Жұмыс тобының отырысында болған талқылауларға белсенді қатысқан әріптестерім Алдан Смайылға, Бақытбек Смағұлға, Гүлмира Исимбаеваға, Майра Айсинаға, Құттықожа Ыдырысовқа, Нұртай Сәбильяновқа, Ольга Киколенкоға, Алмас Тұртаевқа, Меруерт Қазбековаға осы заң жобасын жетілдіруге атсалысқандары үшін ризашылығымызды білдіреміз. Басқа да депутат-тар өз ұсыныстарын бергенін де атап өткенім жөн.
Жұмыс тобының құрамында Сыртқы істер, Ішкі істер, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері болды. Келелі мәселелерді кеңесе отырып шештік деп ойлаймын.
Мүдделі министрлік өкілдері, Мәжіліс аппаратының заңнама және аударма бөлімінің қызметкерлері, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің консультанттары өте жақсы жұмыс жасады. Жұмыс тобының отырыстарын тек қана қазақ тілінде өткізілгенін айтуымыз керек. Сөйлеп отырған адамның сөзін сол сәтінде орысшадан қазақшаға,қазақшадан орысшаға аударып отыратын ілеспе аудармашылар да өз жұмыстарын жетік атқара білді. Сондай-ақ қандастарымызды біріктіретін екі қоғамдық ұйымның өкілдеріне де рақметімізді айтамыз. Олар этникалық қазақтарға қатысты қай елде қандай проблемалар бар екенін айтып, мәселелердің ішіне терең үңілуімізге жағдай жасады, сол арқылы осы заң жобасын жақсы жағына қарай жетілдіруімізге ықпал етті.
– Қорытынды ой-пікіріңізді білдірсеңіз.
– Кейбіреулер заң жобасы ұзақ қаралды дейді. Шынына келгенде, біз заң жобасын қаңтарда алып, ақпан айында жұмыс тобын бастадық. Жұмыс тобы барысында кейбір қаржыға не басқа да әлеуметтік-құқықтық нормаға қатысты баптар болды, оларды Үкіметке оң қорытынды алу үшін жіберіп отырдық. Жаңа сессияның басында жан-жақты жетілдіріле келген заң жобасы жалпы отырыстың қарауына ұсынылды, бірінші, одан кейін екінші оқылымда мақұл-
данды. Қараша айында Сенат депутаттары да қарап, заңды қабылдады. Ал 24 қараша күні Мемлекет басшысы осы бір маңызды заңға қол қойды.
Бүгінгі қандастарымыздың алға тартып келген проблемаларының көбін осы заң жобасының аясында шеше алдық. Бірақ заң күшіне еніп, жұмыс жасау процесінде жергілікті атқарушы органдардың, осы заң нормаларын терең зерделей отырып, заң аясында жұмыс жасап, қандастарымызды қабылдауда сауаттылық танытуына да көп мәселе байланысты болмақ. Қандастарымыздың арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Себебі көбіне заңның нормаларын білмегендіктен, қайшылықтар, теріс әрекеттер туындап жатады. Мысалы, қандасымыз бір жылдың ішінде азаматтық алуы керек екені жазылған. Тіпті үш айдың ішінде де алып үлгереді. Егер бір жылда алып үлгермесе, олар жеңілдетілген тәртіппен алу мүмкіндігінен айырылып қалады да, жалпы тәртіппен алу процесіне тап болады. Ал жалпы тәртіппен азаматтық алу үшін Қазақстанда бес жыл тұруы керек. Міне, осыны біз келген және қоныс аударуға қамданған қандастарымызға жіті түсіндіруіміз қажет. Жеңілдетілген тәртіп бар екен деп бірнеше жыл жүріп алмауы қажет. «Ой, білмей қалдым, бір мәселелер шығып қалды» деген сылтаумен уақыт өткізіп алуға болмайды. Тұрақты тұруға көшіп келді ме, азаматтық алуға қажетті құжаттарды жинап, тапсыруға бірден кірісуі керек.
Жалпы, адам баласы шыр етіп дүниеге келгенде туған жерін, ата-анасын таңдамайды деген ұғым бар. Шынымен де, заман мен қоғам өзгеріп жатқан тұста, кімнің қайда, қашан дүниеге келетінін Жаратқан иеміз ғана біледі. Қай заманда да, әр адамға өз Отанының шекарасы сыртында қалудан асқан қасірет жоқ шығар! Алмағайып заманда көшіп кеткен не сол шетелде ғасырлар бойы тұрып жатқан немесе шекара сызығын белгілегенде, сыртта қалып қойған этникалық қазақтар қаншама?! Олар балаларының болашағы үшін тарихи Отаны – Қазақстанға көшіп келгісі келеді. Қазақ елінің келешегі үшін білім алып, өзінің тәуелсіз мемлекетіне еңбек сіңіруді мақсат етеді. Олардың осы арман-тілегін жүзеге асыруға қолдау көрсету, орнығып, бейімделіп кетуіне жағдай жасау біздің міндетіміз және барша Қазақстан азаматтарының парызы деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Нарын ОРДАБАЙ,
Астана
"Айқын" газеті