Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5321 0 пікір 12 Мамыр, 2016 сағат 22:29

КОМИССИЯМ-АЙ, ҚИНАЛАСЫҢ-АУ!

Міне, жер мәселесі бойынша комиссия құрылды. Осылай шешкен дұрыс сияқты бір қарағанда. Бірақ, бұл комиссия ештеңені шеше алмаса ше, керісінше, жер дауын үдетіп жіберсе ше? Жер мәселесінде бұрыннан қатталып, жиналып қалған барлық түйткіл мен сұрақтарды қопарып, бәрін бірақ шығарса ше? Жо-жоқ, комиссияның құрамына, олардың ұлтжандылығы мен азаматтық ұстанымына, бұл жолы табанды,әрі парасатты болатынына менің ешқандай күмәнім жоқ. Тіпті, мәселе оларда да емес, мәселе - қоғамда, халықта болып тұр.

Бұған дейін көпшілікті топтастырған, біріктірген: "Жер сатылмасын!" деген бір-ақ ұран еді. Бұл жерде, меншік жері бар, меншік жері жоқ - барлық қазақ, жердің, шет елдіктерге, өзге елдің азаматтарына сатылуына қарсы болды. Тіпті, жалға берілуіне қарсы шықты. Бұл түсінікті. Бұл жөнінде комиссия бір шешімге келіп, парламентке ұсыныс жасай алады. Ал, бірақ, сол ұранның тасасында, қалқасында: "Жерді мемлекет меншігіне қайтару керек" деген ұран қоса айтылып жатты емес пе? Бұл ұран, мына комиссия құрылады дегеннен бастап, тіпті қатты естіле бастады. Ертең комиссия құрамы дәл осы мәселеге байланысты қатты айтысатын болады. Себебі, егер, осы мәселені тиянақтамайтын болса, онда "жер сатылмасын!" деген ұранға соңғы нүкте қойылмағандай болады. Жерді шет елдіктерге сатуға қарсылар келіскенмен, елімізде - жер саудасына қарсылар, тоқтамайды. Комиссияда болатын айтыс жер дауын тоқтатушы емес, үдетуші катализатор боп кете ме деп күдіктенетінім сондықтан. Осы екі мәселенің аражігін ашып алу керек комиссия мүшелеріне. Өйткені, жалпы, "жер сатылмасын" дауын бұл комиссия шеше алмайды. Бұл - бір күнде, ұранмен, айтыспен шешіле қоятын дүние емес. Жер меншігі - барлық мемлекеттің іргетасы. Оны шайқау - мемлекетті құлату деген сөз. Кеңес Үкіметі де құрылған күннің ертеңінде "жер туралы декрет" қабылдады емес пе? Барлық жерді мемлекет меншігіне тартып алды. Соңы неге ұласқаны белгілі ғой. Азамат соғысы туды. "Мал ашуы - жан ашуы". Бір мемлекеттің азаматтары екіге жарылып, ақтар мен қызылдар болып соғысты, бірін-бірі аяусыз қырып тастады. Міне "жерді мемлекет меншігіне қайтару керек" деген ұранның жеткізер жері сол ғана. Бұл ұранды көтерушілер, мемлекетіне қастық ойлайтын нағыз қаскөйлер, көрсоқырлар, азамат соғысына - арандатушылар. Айналайын-ау, колхоз-совхоз тарап, әркім пайларын, үлестерін алып қойғалы қанша уақыт өтті. Оны басқа біреуге сатты. Ол жерді игерді. Енді, айдаладағы біреуге оңайлықпен бере ме? Атысады, алысады, бірақ бермейді. Бір ауылдағы ағайындардың өзі қырықпышақ болмай ма? Қаладағы әрбір қазақтың, ауылда фермер туыстары бар. Оның жерін тартып алғанда - ұтары қайсы? Сондықтан, бұл ұран, енді, ұлтты екіге жарып жіберейін деп тұр. Солардың арандатуынан абай болайық.

Рас, шұрайлы жерді мың гектарлап бауырына басып қалған жемқорлар, пайдакүнемдер, латифундистер бар. Бірақ, соларға бола ашуымызды, өзі аз жерін еміп, өзін де, өзгені де асырап отырған ағайынға ақтарып алып жүрмейік. Ал, латифундистерден жерді қайтарып алудың экономикалық, салық механизмдері бойынша ұсынысымды, бұған дейінгі "Жер ашуы - жан ашуы" атты мақаламда толық жазған болатынмын. Ал әзірше, комиссия мүшелерінен тындырымды, тиянақты жұмыс күтейік. Бірақ,"жер мемлекет меншігіне қайтарылсын!" деген арандатушы ұранды орындатуды талап етпей-ақ қояйық. Бұл - менің, азамат және қазақ ретіндегі нық ұстанымым. Шынымен-ақ, ақ пен қараның ара жігін ажырата біліп, елімізді азамат соғысынан алыс ұстайықшы. Жер өз азаматтарымыздың қолында қалсын! Комиссияның жұмысын тоқтатпай, латифундистерден жерді қалай қайтару мәселесін ақырындап шешіп алармыз.

Cерік Жанболат

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445