Жексенбі, 10 Қараша 2024
Мәйекті 10892 1 пікір 29 Сәуір, 2016 сағат 14:24

МАРҚҰМ БОЛҒАН ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ?

немесе ашық күнде адасу сыры

Данышпан халқымыздың «айтқан сөз – атылған оқ» дейтіні бекер емес. Сол оқ алдақашан өмірден өткен марқұмдарға (себеп-салдарсыз, дәлелсіз, қасақана) атылса ше? Жә, одан да, оқ атқан кім, атылған кім дейік те. Оған тоқталар алдында ғұмыр бойы партия, комсомол, совет органдары мен халық-ағарту саласында жауапты лауазымдар атқарып, әрі, прозалық шығармалар мен аудармаларым, сатиралық өлеңдерім («Қазақ әдебиеті» газетінде тұтас бір бет боп та басылған) әлденеше рет кітап боп шыққанын, Жазушылар одағына мүше екенімді айта кетуді жөн көремін (алда айтылатындарға қатысы барлықтан).

Өмірімше қызмет еткен құзырлы мекемелердің көбінде сонау арқалы ақын Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленовтен бастап, кешегі Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Баққожа Мұқаев, үлкен Бауыржан, кіші Бақытжан Момышұлдарымен талай-талай кездесулер өткізгенде басы-қасында болдым. Қазіргі «Мәдениет» журналының бас редакторы Дулат Исабековке құрметім шексіз. Ол басқаратын журналға тұрақты автормын.

Әне, сол Дулат інімнің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында (одан кейін де) қазақ тілінде шығатын (өзге тілдерде де) ақпарат құралдарында ол жайлы жазылған жылы лебіз, ізгі ниетті ой-пікірлер аз болған жоқ. Көз қырымызға ілінгенін оқып, тәнті болғанбыз. «Дулат Исабеков әлемі» театр фестивалінде спектакльдерін тамашаладық. Дулат жайлы (сол шақта) жазылған, айтылғандардың барлығы орынды, жарасымды, тағлымды еді. Тек...

Сол додаға «ғайыптан» қосылып, «Дулат пен Төлен» деген көлемді мақала жазған Есенғали Раушанов қос қаламгердің – өз сөзімен айтқанда – «шығармашылығына емес, азаматтығына...» ден қою үстінде біреулерді асқақтатамын деп, біреулерді аласартатынға ұқсас қадамға барғанына таңданғанбыз. Одан бері біраз уақыт өтсе де, бірінші, оған сол кезде біреу-міреу лебіз білдіре ме деп едік, ешкім үндемеді. Екінші, күні кеше шаң берген (деуге болатын) мұндайларға пікір білдіруге әлі кеш емес дер едім (өз басым). Өйткені, оған мысал, айғақ-дәлел толып жатыр (Сталиннен бастап). Абай, Сәбит Мұқановты да әлі күнге сөз ететіндер бар дегендей. Ендеше, бұл жерде бізді «кеш қозғалды» деп ешкім сөге қоймас. Әрі, қай нәрсеге де кім-кім де қай уақытта өз көзқарасын білдіруге қақылы екенін де ұмытпаған мақұл. Сонымен, ашық түрде айтар болсақ, Раушанов мәнзалаларының мәні төмендегіше боп келеді екен.

Раушанов не дейді? Не десін, дейтінін «Обал, ұят, иман, сауап дегендерді... сөз етуді ұмытып бара жатқанымыз ба...» деп (оған кім таласуы мүмкін) имандылықпен бастайды да, ұзамай кілт өзгеріп: «Алматыны елес кезіп жүрген жоқ, бүкілқазақстандық зиялылар съезін шақыру керек деген әңгіме кезіп жүр...», – деп дүңк еткізеді. Астапыралла! Сірә, ол өзі әңгіме және байыз таппай кезіп жүретіндіктен бе екен,  ондайды естімеппіз. Съездің неше қилысын білгенмен, форум десе бір бөлек, «зиялылар съезі» дегенді білмейді екенбіз. Бұрын-соңды сондай съезд болып па еді? Болса қайда? Қашан? Мейлі, егерәкиде, шақырыла қалса, қандай мәселе қаралып, кім басқарады, кімдер сөйлейді, не сөйлейді дегендей күмән-күдіктер көлденеңдей қалғаны рас (бірақ, әлі күнге дейін шақырылмаса керек, шақырылса делегат боп қатысар ма ек, кім білсін). «Интеллигенциясыз ел – тобыр...» деп бір қояды (онысы да дұрыс  шығар). Және «әр кезең өз интеллигенциясын туғызады» (дейді аксиомаға балап). Сонда қалай, кезең деген өліара ма, әлде, кезең мен кезең арасындағы бос кеңістік пе? Мұнысы, сірә, Абайдың «Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер...» дейтініне кереғар емес пе екен? Әлде, кезекті интеллигенция туылу үшін кезең кідіріс жасай тұра ма, немесе, интеллигенция тек солар дейтін болса, болашақ интеллигент жоғарғы оқу орнын бітіріп, диплом алғанға дейінгі аралық па? Жалпы, интеллигенция деген кім? (Раушанов оны зиялы деп те қояды). Олай болса, Қазан төңкерісіне дейін оқығандардан басқалар зиялы емес пе еді? Абайдың өзі емес, Петерборда оқыған баласы зиялы да, Абайдың өзі, әкесі Құнанбай, одан бұрын, одан кейін тізгін ұстаған ел ағалары, батырлар, билер, атақты әнші, күйші, шешен, суырыпсалма ақындар зиялыға жатпаған ба? Арғы-бергіде зиялысыз кезең болды ма, болып па еді? Қазіргі байтақ елдің о түкпірі мен бұ түкпіріндегі «обал, ұят, иман, сауапты...» (Раушанов құсап) берік ұстанатын жаратылыс иелері зиялылар емес пе? Әлде, Раушанов тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңді меңзей ме?  Ендеше, Раушановша айтқанда, қазір ол кезең «туғызған» интеллигенция қайда, бар ма, әлде, кезекті кезең «туғызып» үлгермей жатыр ма? Бір қызығы, Раушанов бұлар жайлы (өресі жетпегеннен емес) ләм демейді. Демей жатып әлденелерге көңілі толмайды, тіс қайрайды, уһілейді, аһылайды, кіжінеді. «Жақсылардың көбі кетіп, жамандардың әлі күнге азаймағанына...» жабырқайды екен. Ендеше, оның пайымынша, жоғарыда кезеңге байланысты «үзіліс болуы керек пе еді» дегеніміздей, жақсыларды тез кетіріп, жамандарды кідірте тұру үшін уақыт шіркіннің өзі де әлсін-әлсін кідіретінге ұқсай ма, немене? Өмірге жақсы да, жаман да бірдей келіп, бірдей кетпейтін болғаны ма? (Бұл диалектиканы мансұқтау емес). Бар бәле «әлі күнге азаймаған жамандарда» құсайды. Раушановқа олардың (жамандар) «анау ауыл мен мынау ауылдың дауын даулап...» қана күнелтетіні ұнамайтынға ұқсайды. Ал, біз (оқушы) мұны «ана ауыл мен мына ауыл» мүміндері бір-бірінен алшақ, томаға-тұйық ғұмыр кешеді, бір-бірінің қас-қабағына қарамайды, қуаныш-қызығына ортақтаспайды, өз қызықтарын өздері қызықтап, «ана ауыл мен мына ауылдың» ерендері екі ауылдағы игі жақсылардың тірілерін ардақтап, өлгендерінің ұлына пана, қызына аға (па, шіркін) болуға жарамайды, жаны ашымайды, бақастықтан басқаға жоқ деген сөз емес пе екен деп ойлауға мәжбүр болдық.

Мейлі, біз-ақ теріміз тарылмай, кеңдік жасап, «... қара  туралы емес, ақ туралы айталық» (бәрекелді) дейтін Раушановты түсінуге тырысалық. Ол да бізді түсінер деп үміттенейік. Айтқанының бәріне «жәрекемалла»  дей бермейтінімізге де  тырсимас деп те қоялық. Бір Раушанов емес, (Раушанов үзілді-кесілді олай демейді), қазақта зиялы жоқ, бірлі-жарым бар болса, ол мен деуге құмбыл қызбаларды біз де ұшыратып, жазғандарын оқып жүретінімізді де жасырмайық. Әлбетте, олармен  келісе алмаймыз. Себебі, зиялысыз халық болмайды, зиялысыз халықты ешкім халық деп есептемейді. Егер шынымен солай болса, бұл сүргіннен (Раушановқа мәлім) жоғарыда айтылған «елес» те құтқара алмас, шамасы. Десе де, Раушанов босқа қамықпаса керек, өйткені, «досын барып досына жамандайтын жамантайдың көжектері» мен қиянатқа бейім көлгірлерден зиялы шықпасын ол білмей, кім біледі? Зиялылық – ана сүтімен даритын табиғи, екінің біріне нәсіп етілмейтін сыбаға.

Айттық қой, Раушановтың «обал, ұят, иман, сауап дегендерді ұмытып бара жатқанымыз ба...» дейтініне жідә құрсанбыз деп. Бәрекелді! Алайда, солай деп аһ ұратын Раушановқа – аталған мақаласында – алдақашан марқұм болған белгілі жазушыларды мұрындарынан тізе төменшіктетіп, әруақтармен жағаласу не үшін керек болды екен, жазған басымыз соған онша түсінбей отырмыз. Әлде, олай емес пе? Олай емес десең: «... кім ол Кемел Тоқай деген Мұхтар Шахановтың қасында...» деуіне не дер ең? Сонда не, Кемел Тоқаев оған арғы дүниеден мен Шахановтан артықпын деп жеделхат жіберіп пе екен, әлде, Раушановсыз да атағы әжептәуір Шахановты жарылқаған түрі ме? (Мұнысы мақтауға қаны қас, кезінде менен көп демеу көрген Шахановқа ұнар-ұнамасы күмәнді). Ау, Раушанов інім, біреуді асқақтату үшін екінші біреуді міндетті түрде аласарту керек пе? Айтарыңа арқау етпек болған Дулат пен Төленді қаншалық асқақтатқаның көрініп-ақ тұр емес пе? Олардың шығармашылығы емес, азаматтығын жырламақ болған бақандай бір бет мақалаңда екі классик жөнінде қанша сөйлем, қанша сөз барын біз емес, өзің есепте. Бізше, бар болғаны екі не үш сөйлем. Мейлі, бес сөйлем…

Кемел Тоқаев

Ау, Раушанов, сен шынымен-ақ Кемел Тоқаевтың кім екенін білмеуші ме едің? Онда – өзіңе сын. Соғыстан мүгедек боп келіп, үлкен қиындықпен университет бітіріп, қоңыржай ғұмыр кешкен Отан соғысының ардагері, «Социалистік Қазақстан» газетінде абыроймен жұмыстанған Кемел Тоқаев артында том-том кітаптары қалған, әлденеше бас сыйлық, жоғары марапатқа ие болған, детективті жанрда бірінші қалам тартқан қазақ емес пе еді? Әй-шәй жоқ «... кім ол...» деп дікілдегенше,  әуелі кітаптарын оқып,  айтарыңды сонан соң айтсаң болмас па еді? Әлде, сонау жылдарда қалың оқырманның көзайымы болған (детектив жанрында бірінші қалам тартқан дедік қой) Кемелдің де әруағы жолыңды бөгеп, ділі таза, өсекке өш, досқа адал, қатардағы зиялы болуыңа кедергі жасап жүр  ме? Кемелдің жазығы не? Әлде, ол жазушы болу үшін сенен рұқсат-бата алуы керек пе еді? Қалай десең, олай де, Кемел Тоқаев, сен сияқты демей-ақ қояйық, сен айтқандай әлдебіреу емес, халыққа кеңінен мәшһүр, ел есінде сақталған бірегей, көрнекті қаламгер. Тоба! Осындай да болады екен-ау, а?!

Балғабек Қыдырбекұлы

Болғанда қандай! Сенбесең, Раушанов сол мақаласында белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, өмірбақи бір-ақ мекеме – «Социалистік Қазақстан» газетінде (Қасым Шәріпов шақырып) әдеби қызметкер, бөлім бастығы, орынбасар, бас редактор боп істеген атақты фельетоншы, «Алатау» романы, өзге де роман, повестердің авторы, көрнекті жазушы Балғабек Қыдырбекұлы туралы не дер екен, соны тыңда: «... классик атанбақ түгілі, жөні түзу жазушылар сапына да ілікпей, «Социалистік Қазақстанда» журналист боп Балғабек Қыдырбекұлы өтті...» дейді Раушанов. Және «жырнамасында» әлгі дәйектердің бірін келтірмейді. Оларды не білмейді, не білмегенсиді, білгісі келмейді, сол жағын біз де білмейді екенбіз. Әйтсе де, Балғабек Қыдырбекұлының «С.Қ»-да ұзақ жыл бас редактор, Жоғарғы Советке депутат, Орталық Комитетке мүше, Қазақстан Журналистер одағына председатель болғанын «білмейтіні» аңқаулықтан аумайтын сияқты. Себеп пе? Дәл соны да біле алмай, басымыз дал болып отыр (демедік пе?). Әйтеуір, тұла бойын құрсаған қызғаныш емесіне сенеміз. Айтты ма? Айтты! Мәселе сонда!

Оған бір-екі сұрақ. Батырекесі, Балғабек Қыдырбекұлына неге килігесің, неге ұрынасың, газетте журналист боп (қана) өтті деуіңнің аржағында не тұр? Әлде, әділдікті ту етіп өмірден өткен Балғабек арпаңды қам орып па еді? Әлде, оның да әруағы аян беріп, өзі туралы солай айт деп жалынды ма? Өй, Есенғалиым-ай! Азаматым-ай!

Немат Келімбетов

Бұл қасқаңыз да олармен де тоқтамай. «...қара туралы емес, ақ туралы айталық...» (алғырлығын қарашы қасқаның!) деп алады да, отыз бес жасында айықпас дертке шалдығып, өмірден өткенше төсекте жатып (әйеліне ауызша айтып) бірнеше повесть, роман жазып, бірнеше кітап аударып, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, ғалым-профессор болған, ғылыми-зерттеу еңбектері үшін өз еліміз бен көптеген шет мемлекеттің сыйлық-марапаттарын иеленген, ғалымдығы мен жазушылығын Б.Кенжебаев, Ә.Тәжібаев, М.Базарбаев, С.Қасқабасов, Т.Амандосов, М.Байділдаев т.б. ғұламалар жоғары бағалаған Немат Келімбетов хақында: «... әдебиетте аты жоқ, таланты ортадан да төмен Немат Келімбетов секілділерге неге ескерткіш-тақта орнатылады...» деп, марқұмға бір жапырақ тақтаны көпсінгендей зәр шашады, зіркілдейді.  Оның (біз атаған) үш марқұм жазушы жайлы «Кім ол Тоқаев...», «Социалистік қазақстанда журналист (қана) боп Балғабек Қыдырбекұлы өтті», «... Немат Келімбетов секілділерге неге ескерткіш-тақта қойылады?» дейтініне қарап еріксіз ойлайсың: «Апырай, егер Раушановтың ырқында болса, үш марқұмның да атын  тарихтан сызып тастар ма еді, қайтер еді» деп (әрине, оған әлі келмейді, қағаз бетінде ғой шәлтірек қағатыны). Сонда дейміз-ау, қаны қайнап, көзі қанталаған ақылгөй: «... бір алтын арқау бар. Ол – біз сізге жеткізе алмай отырған зиялылық» деп қандай зиялылықты айтады? Зиялы деген әдепті, биязы, сыпайы, мәдениетті, ешкімді қорлап-кемсітпейтін, қайырымды болмаушы ма еді? Жоғарыдағыдай (ол елемейтін үшеуді жақсы білетіндердің Раушановты білмейтіні бөлек әңгіме) қазылық айтатын қазымырлық астарында не жатқанын Раушановтың өзі біледі (дедік). Ол Тоқаевты да, Қыдырбекұлын да біледі. Келімбетовті де біледі. Бірақ, білудің де білуі болатынындай, білмесе, Келімбетов тұрған үйге ескерткіш-тақта қойылғанын қайдан біледі? Бірақ, «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері, саяси сауатты, орыс, парсы, өзбек тілдеріне жетік Немат Келімбетовтің Кеңес Үсебаевтың ұсынуымен Министрлер Советінің аппаратына аға референт боп ауысып, кино саласын басқарғаны, (Х.Наурызбаев, Ш.Уәлиханов, т.б. лауреат болған тұстарда) Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның жауапты секретары, әне-міне, Бәйкен Әшімовтің көмекшісі болғалы тұрғанда айықпас сырқатқа шалдығып, оны сол текті тұлға Бәйкен Әшімов үнемі көз қырында ұстап, қамқорлығын аямай, ешкімге керегі «шамалы» боп, төсек тартып жатқанда (ЦК-ның бөлім меңгерушілері, министрлер тұратын) элиталық үйден пәтер бергені, классик  жазушы Смағұл Елубаевтың Нематтың өзімен де, отбасымен де жақын араласып, жоғары бағалағаны сонша, Раушановша «қабілеті ортадан төмен» Нематтың өзі мен әйелі Қуаныш жайлы қалың кітап жазғаны, С.Қасқабасов бастаған ғалым-әдебиетшілердің өле-өлгенше төбеге көтергені, марқұмның барша жетістікке өз күш-жігер, қайсарлығының арқасында жеткені, Әуезов атындағы театрда Е.Обаевтың арқасында пьесасы сахналанып, қазірге дейін қойылып келе жатқанын білгізбесі білгізбейтін Раушанов білмейді екен. Біз келтірген деректердің бәрін «білмейді» екен (Министрлер Кеңесі аппаратында мәртебелі қызмет істеген мен Нематтың өмірі, тағдыры, жоғарыда айтылғанның бәрін бүге-шігесіне дейін білемін). Білмесе де, шамырқанып, ашуға бөгеді екен. Арттарында айшықты із қалдырған үш марқұм жазушының әруағын сыйламайды екен. Әруақпен алысу – жат қылық. «Жат қылықтан» жаны кіретін-кірмейтіні күмәнді Раушановқа осы айтқандарымыз да жат көрінбесе неғылсын деңіз. Ол айтады, біз неге айтпаймыз деп те қоялық.

Жоғарыда баяндағандар салғыласу, айтыс-тартыс емес, ой бөлісу, субъективті көзқарас (дедік қой). Сол сөз – сөз. Соңғы айтарымыз, Раушанов сол мақаласында бүгінгі көзі тірі қайраткерлерге де ауыз салып, қазіргі қауым Төлен Әбдіковтен (Төленді көкке көтергенінің түрін қарай көр) Жолбарыс Сейфуллинді көбірек біледі дегенге саятын «көріпкелдігі», жазушы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің белгілі қоғам қайраткері М.Қасымбеков туралы одан (Раушановтан) «рұқсатсыз» мақала жазды деп күйінгеніне тоқталуды артық деп қарадық. Қажет санаса өздері үн қатар, айта жатар.

 P.S. Осы айтылғандарға Раушанов әлдене дегісі келсе – еркі, ал, мен жауап күтпеймін. Мақалаға зиялы болуға зауқың соқса, ғайбат-жаладан аулақ жүрсең де түгің кетпейді, әруақтарға тиіспесең де құның кемімейді деп нүкте қоямын. Е, жаратқан ие! Пенделеріңді пәле-жаладан сақта! Аумин! Аллаһу әкбар!

Көпбосын ПАНЗАБЕКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Оқу-ағарту ісінің озық қызметкері, әлденеше медаль, грамоталар иегері, дербес зейнеткер.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1167
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2755
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2795