Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4111 0 пікір 12 Сәуір, 2016 сағат 12:00

ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ ҚҰРЫҒЫ ҰЗЫН БА?

ҚР Бас Прокуроры

А.Қ.Дауылбаевтың,

ҚР Ішкі істер министрі

Қ.Н.Қасымовтың

назарына

 

АШЫҚ ХАТ

Менің алаяқтар арбауына түсіп, елордалық полициядан нақты тергеу амалдарының нәтижесін күтіп жүргеніме биыл үш жыл болды. Тәртіп сақшылары тарапынан әлі бір жөні түзу жауап жоқ. Құқық қорғаушы Қали Жақановпен бірге Астана қаласы Алматы аудандық ішкі істер басқармасына талай рет бардым. Алатынымыз – тек қана «өйтеміз-бүйтеміз» деп атүсті айтыла салған шығарып-салма уәделер. Мәселенің мәні түсініктірек болу үшін басынан бастайын...

2013 жылы менің Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданында тұратын енем Гүлзира Бейсенбаеваға Бақытгүл Ақынғазиева атты алаяқ туыстары мен оның Мұхтар есімді күйеуі хабарласқан. Дәлірек айтқанда, Мұхтар – әйелім Ләззат Бейсенбаеваның әжесінің інісінің баласы, яғни, нағашы жұрты болып келеді. Олардың енеме телефон арқылы айтқан ұсыныстарының қысқаша мазмұны мынау: Бақытгүл Ақынғазиева мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша қызмет атқарады-мыс. Астанадағы «ТұрғынҮйЖинақБанкі» арқылы С.Сейфуллин көшесінің бас жағындағы жаңа шағын ауданнан жеңілдікпен пәтер беріліп жатқан көрінеді. Содан енеме алғашқы жарнасын төлесе, бір пәтер бұйырғалы тұр деп сендірген. Бұл қуанышты жаңалықты естіген енем: «Менің өз баспанам бар ғой. Үйге шын мұқтаж болып жүрген күйеу балам мен қызыма хабарласып көрейін...», - дейді. Сөйтіп, «өмірде бір-ақ рет болып жатқан жеңілдік» хабары отбасыммен бірге бірнеше жылдан бері пәтер жалдап тентіреп жүрген маған да жетті. «Бәрі заң аясындағы шаруа. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жас отбасыларға да жеңілдік жүріп жатыр. Өзім сонда жұмыс істеймін. Мұндай істе ешкім ешкімді алдамайды», - деген Бақытгүл Ақынғазиеваның ұсынысына қуана келіскенім рас. Әйелімнің түп нағашыларынан қалайша күдіктенейін?.. «Алғашқы жарнасы 6 мың доллар тұрады. Содан кейін айына 16 мың теңгеден 15 жыл төлейсің. Сосын пәтер өз жеке меншігіңе өтеді» дегенді де әккілер әдемі әдіспен қосып қойды.

Мен ол кезде сол «ТұрғынҮйЖинақбанкіне» «Бастау» бағдарламасы бойынша ақша салып жүргенмін. Жарты жылда 450 мың теңге жиналып қалған еді. Бірақ Бақытгүл Ақынғазиева бізге телефон арқылы хабарласып: «Біздің жеңілдік бойынша үй алу үшін ол банкте ешқандай салымың жатпауы керек, ақшаларыңды тездетіп қайтарып алыңдар», - деп бір соқты. Одан кейін Мұхтар әйелі Бақытгүл Ақынғазиеваның «Халық банкі» карточкасының нөмірін берді. «Осыған қараша айының 25-іне дейін 6 мың долларды аударып үлгерсең, желтоқсанның 25-інде қоныс тойыңды жасайсың», - деді. Содан, қарашаның 23-інде банктердің бірінен несие алып, әлгі карточка нөміріне дәл сол күні 920 000 теңгемді тұтасымен аудара салдым. Сол кездегі курспен 6 мың доллар – 920 мың теңге болатын. Қазір қолымда аударған ақшамның түбіртегі де бар.

Осылайша, Мұхтар деген «малтабардың» ұялы телефоны сол күннен бастап «байланыс аясынан тыс жерде» болып шықты. Ал оның зайыбы Бақытгүл Ақынғазиева менімен бастапқыда тек SMS-хабарлама арқылы хабарласып жүрді. Телефон қоңырауын мүлде қабылдамайды. Кейін сұрастыра келе, екеуінің де Оңтүстік Қазақстан облысы аруханаларының бірінде жұмыс істейтінін анықтап білдім. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына түк қатыстары жоқ болып шықты. Сонда да қылмыстық ісінің ізін суытуды көздеген Бақытгүл Ақынғазиева, одан кейін «министрлікте жұмыс істейді» деп өзінің Гүлжан Мұстафаева деген сыбайласының телефон нөмірін берді. Өз сөзімен айтқанда: «министерствоның адамы, сенің мәселеңді сол шешеді». Қай министрлік екенін де айтқан жоқ. Ендігі кезекте сол Гүлжан Мұстафаевамен телефон арқылы сегіз ай бойы хабарласып жүрдім. Ол да «әне-міне болып қаладысына» сендірудің неше түрлі қитұрқы амалдарын жасап бақты. Тіпті, фамилиясын да айтпайды (Мұстафаева екенін кейін Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімінен білдім). «Үстімізден біраз министрліктер, әкімдіктер, депутаттар... бәрі-бәрі қарап отыр. Сондықтан әзірге қайда, кім болып істейтінімді айта алмаймын. Бірақ пәтердің кілтін солар арқылы қолыңа бере аламыз», - деді. Диктофонымда дауыс жазбалары бар. Содан, 2014 жылы шілде айының 1-інде Астана қаласы Алматы аудандық ІІБ-не алаяқтық қылмыс бойынша шағым түсірдім. Сонымен қатар, алаяқ Гүлжан Мұстафаеваның «барлық министрліктерде, тіпті, депутаттар арасында да тірегіміз бар» деген қоқан-лоққысы басылған диктофон жазбасын сол жылы шілде айының 25-інде республикалық «31 арна» ұжымы эфирге шығарды. Арна журналистеріне сұхбат берген Астана қалалық баспасөз қызметі де Астана қаласы Алматы аудандық ІІБ-інде ҚР ҚК-нің 177-бабыбының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып отырғанын мәлімдеді.

Одан кейін полиция аға лейтенанты Сұлтанбек Қалманбекұлы атты тергеушінің «іспен айналысып жатырмын» дегеніне бір жарым жыл уақыт өтіп кетті. Кабинетіне барған сайын: «Розыск беріп қойдық. Таба алмай жатырмыз», - дейді. Мысалы, алаяқтар – Бақытгүл Ақынғазиева мен Гүлжан Мұстафаеваның телефон нөмірлері сол тергеушінің қолында болды. Сөйте тұра, қылмыстық іс құжаттары осынша уақыт бойы не прокуратураға, не сотқа жетпеген. Неге? Әділдік қайда? Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында алшаң басып жүрген алаяқтарды ұстауға қандай іздеу жарияланған? Қалай таба алмай қалды? Әлде, Гүлжан Мұстафаева айтқандай, шынымен де бұл қазығұрттық алаяқтардың құрығы ұзын болып шыққаны ма?..

Содан, бұл істің 2015 жылы Астана қаласы Алматы аудандық ІІБ тергеу бөлімінің полиция лейтенанты Ержан Өтепбергеновке тапсырылғаны айтылды. Одан да жарты жыл бойы бір нәтиже күтіп шаршаған мен 2015 жылы шілденің 24-інде өз еркіммен ізденіп, ОҚО Қазығұрт ауданына бардым. Аудандық ІІБ тергеушілері сұратқан соң, құқық қорғаушы Қали Жақанов арқылы Өтепбергеновтің қолындағы тергеу материалдарын зорға алдырттым. Ол жіберген 14711103108092 нөмірлі жеке тапсырмаға мен Қазығұртқа жеткен 24.08.2015 деген бұрыштама жазылған. Тапсырма «Астана қаласы Алматы АІІБ АПБ МҚКТБ бастығының орынбасары, полиция майоры Д.Жанкуловқа» деп нақтыланған. Демек, тергеуші Ержан Өтепбергенов қабылдауына құқық қорғаушы Қали Жақанов барған күні ғана жеке тапсырма жаза қойған. Оның өзі әншейін көмек сұраған іс-қағаз. Неге? Сондай-ақ, оған 10 тәулік ішінде берілуі тиіс жауаптан біз неге әлі күнге дейін хабарсызбыз? Тергеу амалдарының басқа да дәлелдері қайда?

Қазір 2016 жыл. Бұл – қазығұрттық алаяқтардың бізді тақырға отырғызып кеткеніне үш жыл болды деген сөз! Сондағы жергілікті ішкі істер бөлімі тергеушілерінің айтуынша, Бақытгүл Ақынғазиева мен Гүлжан Мұстафаеваның атына қазығұрттық екі тұрғыннан да арыз-шағым түскен. Алаяқтар тағы да сол «үй алып береміз» деген желеумен олардың бірінен 6 мың, екіншісінен 12 мың долларды алдап алу арқылы ауыр қылмыс жасаған. Сондай-ақ, астаналық Махсад Аязбековадан да «үш бөлмелі пәтер алып береміз» деп 920 000 теңге алғаны мәлім. Бірақ алаяқтар әлі күнге дейін еркіндікте жүр. Бұрынғы қызмет орындарын да ауыстырмаған. Ал биыл, яғни 2016 жылдың наурызында хабарласқанымда, Қазығұрт ауданының тергеушілері алаяқтық қылмыс материалдарын Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық ІІБ-нің қарауына жібергендерін мәлім етті. Астаналық тергеушілер болса, әр барған сайын «Ақынғазиеваға ақша аударған түбіртекті ала келіңізші» деумен ғана шектелуде. Ол түбіртек 2014 жылы жазылған арызбен бірге өз тергеу құжаттарының ішінде қатталып тұр ғой. Неге іс-қағаздарына мұқият қарамайды? Керек десе, сол жылдың шілде айында бір арызды екі мәрте қайталап жазғанымды Сұлтанбек Қалманбекұлы біледі. Мен содан бері банктен алған несиемді толық төлей алмай жүрмін. Жұмыс бірде бар, бірде жоқ. Қарыз үстемесі күннен-күнге өсіп жатыр.

Сіздерден осы мәселенің тезірек оң шешімін тауып, алаяқ Бақытгүл Ақынғазиева мен оның сыбайласы Гүлжан Мұстафаеваға құзырлы органдар тарапынан тиісті жаза қарастырылуын сұраймын. Заң алдында моральдық және материалдық төлемақымды талап етемін!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ, журналист     

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5480