Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5765 0 пікір 1 Сәуір, 2016 сағат 11:23

БІРЛІГІҢДІ ДӘЛЕЛДЕШІ АЛ, МЫҚТЫ БОЛСАҢ!

Осы біз, қазақ-бір халық, бір болайық деп ұрандаймыз келіп. Бірақ, содан бірігіп кеткен қазақ көрмеппін. Ру туралы әңгіме шықса бітті, қызыл кеңірдек болып, бір халық екенімізді ұмытып кетеміз. Өйткені, рулық философияны ауыстыратын ештеңе ойлап тапқан жоқпыз.

Жердің кеңдігі де ұлттық тұтастыққа кедергісін келтіреді. Бай мен кедей, ауыл қазағы мен қала қазағы, қазақ және орыс тілді болып бөліну, діни ұстанымдағы кереғарлық, мемлекеттік тіл үстемдігінің жоқтығы, биліктің жалтақтығы, қараорман қазақи ұстанымның әлсіздігі сияқты ұлттық бірлікке кедергілер баршылық. Бұл айтудай-ақ айтылды. Енді, ұлттық тұтастық мәселесінде, оны айтып зарлай берудің қажеті шамалы. "Бір болайық!" дегеннің өзі ұран ғана. Ұран - ешқандай бірліктің көрсеткіші бола алмайды. Бірлікке жеткізетін, алаштың баласын жұдырықтай түйетін деректер мен оқиғаларды жинақтауымыз керек. Соны үлгі ретінде ұсынуға тиіспіз. Сонда, ол, ұран болмайды, ол бірліктің қалыбына айналады. Сондықтан, мен, "Бір-Қазақ" деген топ ашсам деп отырмын. Сол топты жүргізуге атсалысыңыздар, үлес қосыңыздар. Сіздің бір деректі тауып бергеніңіз -мың рет ұрандағаннан артық болады. Қандай деректер дейсіз ғой? Мен әзірше үш дерек білемін: 

1. Қазақтың антрополог ғалымы /аты-жөнін ұмытып тұрмын/ Атырау мен Алтайдың түкпіріндегі қазақтардың қанындағы ДНК салыстырып зерттеген. Нәтижесі-ғажап! Бір-бірінен неше мың шақырымда тұратын қазақ балаларының қанындағы ДНК-бірдей, айырмашылық жоқ. Бір адамның баласындай. Онда несіне руға, жүзге бөлініп, алауыз болып жүреміз осы. Осы деректі ұрандатуға болады міне!

2. Семейде, Шыңғыстаудың ішінде "Қоңыр Әулие" дейтін үңгір бар. Терең түбінде көл жатыр. Осы үңгірдің маңы толы мола. Әр молада - құлпытас. Әр құлпытаста - рутаңба. Қазақ рутаңбасының көбі бар сол жерде. Шыңғыстау - қайда, Қаратау - қайда? Маңғыстау - қайда? "Бір ел - бір жер" болмасақ- боздақтардың сол жерде шейіт болып несі бар?

3. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Айналып келіп жазаланғандар туралы айтамыз. Дұрыс әрине. Бірақ, сол кездегі ұлттық рухтың тасқынын неге айтпаймыз? Барлық қазақ - бір қазақ боп кеттік емес пе? Ру сұрасқан адам көрмеппін, сонда! Қазақ милиционерлері қазақ баласын қолынан келгенше құтқарып жатты. Ұстаздар - бозторғайша шырылдап шәкірттерін қорғады. Зиялы қауымның табандылары жастар жағында болды. Сондағы ұлттық рухтың көтерілісін ешуақытта ұмыту мүмкін емес. Әлі күнге дейін құйқам шымырлайды. Міне, жазамын деген жастарға - тақырып!

Көріп тұрсыздар, мұның ешқайсында да зар жоқ, аңыз да жоқ, ұран да жоқ. Нақты өмірде болған деректер. Дерек болғанда - бұлжытпайтын дәлелдер ғой. Бір болайық емес, бірліктің - нақты көрсеткіші. Міне, осыларды жинақтайық. Тағы қандай дерек білесіздер, жазыңыздар. Менің ойымша, Рахымғали Құл-Мұхаммет, Қонысбек Ботбай сияқты ұлтжанды азаматтар басып беруге қуана-қуана келіседі. Олар, балпылдаған құр сөз бен нақты істің айырмасын біледі. Сонымен, келістік пе? Бүгін ойланыңыздар, естіген деректерді тексеріңіздер, толықтырыңыздар. Ертең, мен, "Бір-Қазақ" деген топ жасақтаймын. Сол кезде - бөлісіңіздер. Бүгінше, маған жаза беріңіздер. Ал, анау, үйде, көрпенің астында жатып алып, тілін безеп, қылышын тістелейтін батырсымақтар, құр мыжымаларыңды өшіріп тастаймын. Нақты ұсыныстарыңды, құп көремін. Ұрыста-тұрыс жоқ. Бастайық!

Серік Жанболат

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364