Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 4329 0 пікір 12 Сәуір, 2016 сағат 12:10

50 МЕН 35 ЖӘНЕ 30

 

                        

Бір көрген көзге сиқыр сияқтанып тұрған мына 3 цифр – айтар әңгімемнің әптиегі. Олай болса, Оқырман дос, осыларға қарай жөнелейік те, неге бұлайша тұрғандарын білейік!

Біз жазушыларға арнап салынған қырық пәтерлі үйде 8 жыл көрші  тұрдық. Әдресіміз: «Алматы қаласы, «Жамбыл көшесі», №165».

Жаңа қонысқа көшіп барған күннің ертеңінде есік алдында кездесе қалғанымызда ол жымыңдап тұрып:

- Мына үйдің дені сау екен. Осыған ұқсас үйде тұрдым ғой, бәтшағар қызық еді:  бірінші  пәтерінде жілік шақсаң, елуінші пәтеріне естілетін, - деді. Жұқа құйма қабырғалардан құрастырылған үйлерді әжуалағаны.

- Ал мына үйің қалай?- дедім, қазақы «жілік шақсаң» қалжыңының жалғасын естігім келіп.  Бүкіл бет-ауызы күліп тұрды да:

- Бір бөлмеңде бомба жарсаң,  екінші бөлмеңе естіле қоймас,- деді. Кірпіштен  салынған үйге кіргеніне риза болғаны.

Сол жайлы баспанада, оның о жақ, бұ жағындағы үйлерде тұратын              қазекемдер Ол - Осекең, яғни Оспанхан  Әубәкіров - туралы алуан-алуан әңгіме айтып жүрді. Мысалы:

Ол жақын мекемелердің бірінде қызмет істейтін Кеңес атты жігітпен аралас-құралас екен. Он шақты жас кіші Кеңес оны ағалап, сәлем беріп жүрген. Бір мереке алдында екеуі тағы кездесе қалады. Інісі еңбегіне қарай берілген орден-медальдарын тағып шыққан екен. Өзіне ондайлардың біреуі де бұйырмаған ағасы бұрынырақ «қамшылап»:

- О, Кеңке, ағеке, ассалаумағалейкүм! Сіз соғысқа қатысқан екенсіз ғой?! - депті.

Бұл бір. Екіншісі:

Осекеңнің ертеңді-кеш үй маңында қыдырыстап жүретін әдеті бар-ды. Кеңсе атаулыда мықшиып жұмыс істемеген жан, бар уақыты өзінікі. Сондай рахат сәттерінің бірінде жап-жас милиционер қазақ келіп амандасады да:

- Аға, сіз мына төрт қабатты үйде тұрасыз ғой, ә?- дейді.

- Бірінші подьезд, үшінші қабат, алтыншы пәтер!

Өзіне рапорт бергендей қаздия қалғанына, нық-нық сөйлегеніне іші жылып кеткен милиционер жымиып:

- Аға, сізге бір сұрақ қойсам деп едім, - дейді.

- Бірінші сұрағыңды қойдың ғой, ендігісін санамай-ақ қоя бер.  

- Алдыңғы жақтарыңыздағы анау жекеменшік үйге кеше түнде ұры түсіпті, байқап қалған көршілерінің айтуынша, ұры қазақ әйел сияқты. Сіз осы маңда жиі жүресіз, сондай сезікті әйелді көрмедіңіз бе?

- Көрдім.

- Қашан?

- Алдыңғы күні де, кеше де, бүгін  де.

- Түр-түсін айтып бере аласыз ба?

- Неге айтып бере алмаймын? Айтқанда мен айтайын оны. Орта бойлы,    арық та емес, семіз де емес. Қараторы. Қасы-көзі де қап-қара. Аңқылдап сөйлейтін ашық мінезді әйел. Отыз тісінің он шақтысы - алтын мен күміс. Аты - Нұрсұлу.

- Фамилиясы кім? - дейді милиционер,  қуанғанын жасыра алмай елп етіп.

- Айналайын, оны енді өзінен сұра.

- Қайда тұратынын… білмейсіз бе?

- Білем. Менің пәтерімде тұрады.

- Қалай?!.  Неге?!.

- Әй, шошқа, ол - менің әйелім! Менімен тұрмағанда кіммен тұруы керек? - деп ағекесі  ақтарыла  күледі. Не күлерін, не ыза боларын білмеген милиционер абдырап:

- Аға, сіз кімсіз, то-есть, аты-жөніңіз қалай? - дейді.

- Айналайын інім, менің атым - Оспанхан, жөнім - Әубәкіров.

- Ой, аға! Мен сізді сырттай жақсы білемін, күлдіретін әңгіме-өлеңдеріңізді ылғы оқып жүремін, «Сүзеген сөзіңізді» білемін! - деп сайрай жөнелген інісін Осекең иығынан құшақтап:

- Екеуіміз  танысып  болдық, енді үйге жүре ғой,- деп үйіне апарып, бір кітабын силапты...

Радио тілшілерінің бірі сұхбаттасып отырып: «Аға, жер мен көктің арасы қанша?» деген «оқыс» әзіл сұрақ қойғанда: «Жер мен көктің арасы жер мен көктей!» - деп жауап қайырған Осекең жайында «жер мен көкті» аралап жүрген осындай әзіл-аңыз көп. Әзіл түбі - ақиқат десек, соның бәрінде де негіз, бастаукөз бар.

Және бірі былайша: Осекеңнің жасы елуге толғанда ел-жұрты (Алматы облысының Жамбыл ауданы) шақырып, бірнеше күн құрметтеп,  сужаңа болмағанмен жап-жақсы аутокөлік мінгізіп қайтарыпты. Сонымен үйіне келіп түскенде көліктің құжаттарын ұсынған шофер жігітке  Осекең:

- Тоқтай тұр, бала, - дейді де, мәшиненінің алды-артына шығып қарап, кәнігі шоферлерше дөңгелектерін бір-бір теуіп байқап, жымыңдап: - Итің мықты екен, ә?- деп шоферге қарап: - Бала, сенің осындай төртдөңгелегің бар ма?- дейді.

- Жоқ,- дейді анау.

- Мені пәленбай күн бағып-қағып қалғып-шұлғып жүргендердің арасында сендей сілесі қата шаршаған күшік жоқ. Сені бүгін-ертең басқалар тұрғай үйіңдегі келін де танымай қалар. Сондықтан, әйдә, жүр! - деп шофер жігітті қолынан ұстап, дедектетіп апарып мәшінге отырғызып: - Айналайын інім, осы итті саған силадым, ырылдатып-ырылдатып ызаландырып ал да, келінге қарай қайқай! - дейді. Шофердің есі шығып, не дерін білмей:

- Аға, аға… - дей берсе керек.

- Мен мұны ырылдатып мініп жүре алмаймын, бұл енді сенікі, берген бастықтарға қазір телефонмен айтамын, бар, қайқай!

- Аға!..

- Әй, бала, сен шошқа болма, айтқанды ұқ, зымырат! - деп Осекең шоферді арқасынан қағып, мәшіннің есігін жауып: - Жөнел, кәне! Жарықта келінге жет! Ал тайып тұр! - дейді.

Сол хикаяты туралы сұрағанымда ол әдетінше мәз бола қырылдақ күлкісіне басып:

- Сөйтпегенде қайт дейсің? Одан бұрында әлгібір «Москвич» деген торпақты мінгенмін. Бір күні сол тұлпарыммен Ұзынағаштан шіреніп, екі көзім, әрине, аспанда, жүйткітіп келе жатсам, ілгерілеп бір самолет кетіп барады, осылай қарай. «Өй, шошқа сол, Алматыға менен бұрын жетпекшісің бе?!» - деп педальді последний миллиметріне дейін бастым ғой бағана!  Сөйтіп, «Москвичімді» шыңғыртып шауып келе жатып, бір кезде бір жерге топ ете түстім. Есім сау. Ұшып тұрып қарасам: тәйір атқыр тұлпарым жол жиегіндегі сорайған бағанды бір шекесімен сүзіп кеп қалған да, құдауәндә, шалқасынан түсіп, келген жағына қарап жатыр. Мені әйтеуір бір жерінен қапшықша лақтырып тастай салған! Содан кейін: «Қой, бүйтіп баған санай берсем,  Алматы электрсіз, телефонсыз қалып жүрер» деп құнды қаулы қабылдадым да,   төртдөңгелек пәледен құтылғанмын,- деді...

Екеуіміз бірде, кешкісін, үйіміздің қарсысындағы азық-түлік дүкенінде тоқайласып қалдық.

- Е, Осеке, не ғып жүрсің? - дедім.

-Мыналарға,- деп мені қолтықтап, шыны жаймалардың жанына алып барды да, жайрап жатқан балықтардың басы қырқылғандарын нұсқап:

- Мына байғұстардың атын білесің бе?- деді.

- Ставрида ғой.

- Мен осыған өлең шығардым.

- Не деп?

- Ассалаумағалейкүм, ставрида! Әлі өтпей жатырсың ба, мыстан риба?! деп, - деді де, қырылдай күліп, қолын сермеп кете барды...

Осекең бір күні «Балалар бұйымы» дүкеніне барса, құрдастарының бірі велосипед көріп тұр екен.

- Е, дұрыс, тоғыз ай, тоғыз күншіліктен үш айда жетіп келген күшігің  мұны үш айында-ақ мініп алар, - депті. Құрдасы қатты ашуланып, біразға дейін сөйлеспей жүріпті. Сөйтсе, ол құрдасының келіні тойдан кейін үш айдан соң босанып қалған екен...

Шығармалары көзі қарақты қазақты түгел құмартырып, ішек-сілесін қатыра күлдіретін Осекең марқұм жайындағы аңыз әңгіме айтып тауысқысыз. Бәрі де аса бір жылы лебізбен, жеңіл күлкімен көмкеріліп айтылады. Міне, 30 жыл болды. Әлі де айтыла береді. Халқына ескірмес, тозбас жүздеген әңгіме-өлең силаған классиктің әзіл-сықақ, әжуа-оспақ, мысқыл-мазақ дүниелерінің  көбі халқының аузында. «Оспанхан» деген сөзді естігенде елең етпейтін, езу тарта қалмайтын қазақ жоқ дей аламын. Оның: Көдиі мен Сөдиі, Айдаубайы мен Байлаубайы, Мимырты мен Қошқылы, Анауы мен Мынауы, Кәуікбайы мен Әусегі, Ойнакүлі мен Бөдені… - бәрі де Осекеңнен «бата алған» күйлерінде арғы жақ пен бергі жақта одыраңдап, тасыраңдап, жылмыңдап, қылмыңдап жортып жүр. Танимыз, күлеміз, есіркейміз, жиіркенеміз… Неге, не үшін?  Оспанхан шетінен тізіп, мінездеме беріп кеткен. «Оспанхан» дегенді құлағымыз шалғанда-ақ олардың әрқайсысының сықпыт-сиқы көз алдымызға келе қалады. Тәптіштеп айтуды, дәлелдеп түсіндіруді қажет етпейді. «Лениншіл жас» (бүгінде «Жас алаш») гәзетінде «Сүзеген сөз» әзіл-сықақ отауын тіккен, «Тамашаның» түтінін түзулеген, «Қымызханаға» сан саба силаған, республикалық  «Қуыршақ театрын» қаз тұрғызған, гәзет-журналдар мен теле-радионы тапқыр да көркем қазақы күлкіге, әні сәтті табылған әзіл өлеңге қарық қылған Оспанхан ғой  Ол!  Серб әдебиетінің классигі сықақшы Бранислав Нушичті, түріктің ғажап әзілқойы Әзиз Несинді қазақ оқырмандарына алғаш таныстырғаны және бар!

1978-жылы «Лениншіл жастың» редакциясы маған Оспанханмен сұхбат жасауды тапсырды. Жолықтық. Әңгіме соқтық.

- Әзіл-сықақ ауылына қалай келдің?- дедім.

- Әу баста, тілімнің бұрала беретініне қарамай, әртист боламын деп            консерваторияның қорасына кіріп кеп кеттім. «Актер» деген қабырға гәзеті бар екен, тыныш жүрмей, соған студент жолдастарыма арнап, оқытушыларға деп әзіл өлең жазуды бастадым. Оқығандар: «Өй, маладесс!» деп қолпаштайтын болды да, мен олар күлген сайын еліріп жаза бердім, жаза бердім, сөйтіп, дәндеп алдым!

(Осы тұста «ат шалдырып» айтарым: 1981-жылы Мәскеуде, КСРО жазушыларының құрылтайында Түркиядан шақырылған құрметті мейманмен – әлемге әйгілі Әзиз Несинмен таныстым. Оның қазақ әзіл-сықағының жай-күйіне қатысты сауалына Би-ағаны – Бейімбет Майлинді және Оспанханды бетке ұстай біраз «лекция оқып», «Күлеміз бе, қайтеміз?» деген жинағымды силадым. Жинақта: «Иә, Әзеке, Сіз кімсіз?» және «Әзиз Несиннің Алматыдағы інісі» (Оспанхан туралы) деген мақалаларым бар-ды. Несин балаша қуанып: «Ініме сәлем айтыңыз!» деді. Әрине, үйге келген сағатта телефон арқылы айттым. Осекең мәз болды. Міне, 35!)

- Әңгіме-өлеңдерің  кәдімгі гәзетке алғаш шыққанда қайтіп қуандың?

- Кәдімгі  атша жата қалып аунадым.

- Сатирада сиынатын тәңірің кім?

- Абайдың қара сөздері.

«Сиынарың кім?» дегенге біз сыздаңқырап, бәлденіңкіреп, ойланғанға ұқсас кейіп көрсетіңкіреп, әлемдік әзіл-сықақтағы ұлыларды атап, бағамызды бүгінгі базар нарқынан да қымбаттатып жібереміз. Ал жаратылысынан қарапайым Оспанхан өйткен жоқ. Менің сәл таңданғанымды аңғара қойды да, Абекеңнің қара сөздерінен  «уыс-уыс» үзінді айтты. Заман, қоғам, адам жайындағы ең толық суреттеме, мінездеме, сипаттаманың Қара сөздерде жатқаны аян. Оқы, ойлан, түсін. Кезектеп керегіңді ал да, - қолыңнан келеді екен, - жаза бер. Оспанханға құдай оқи білетін, түсіне білетін, жаза білетін қасиет силаған ғой. Күле білетіні өз алдына. Ол күле білетін. «Ақындардың әйелі неге арық болады?» әңгімесінің кейіпкері - бәйбішесі Нұрсұлу тізіп айтып жүрсе, біз де шет жағасын білетін едік: Осекең күлкілі жәйтті айтар алдында да, жазуға ыңғайланғанда да әуелі өзі қайта-қайта күліп, әбден рахаттанатын. Қай шығармасын оқи бастасаң-ақ  қалың күлкінің ортасына еніп бара жатасың ғой. Оқырманының сол күйін автор өз басынан өткеретіні - сырт көзге бір ерекше қызық. Бірде: «Бізге де айтсаңшы, біз де күлейік те!» - деп қағытқанымда оның: - Енді қайтейін, шошқалар шошаңдап көз алдымда тұрып алады», - дегені бар. Ол інілерін қатты жақсы көре қалжыңдағанда да «шошқалап» алатын. Соны ескеріп:

- Шошаңдаған шошқа кейіпкерлеріңді де жақсы көретіннен саумысың?- деп   едім, ол  күліп алып: 

- Олар мені жақсы көретін сияқты, Нұрсұлуымша күндіз ойымнан, түнде түсімнен кетпейді, сонсоң мен де жақсы көруге міндетті шығармын деп ойлаймын, - дегені.

Әзіл - кейіпкеріңнің көңілін жыққың келмегендегі күлкің, ал сықақ -       кейіпкеріңнің тұқымын құртқың келгендегі күлкің. Оспанханда әзіл басым еді. Тумысында қулық-сұмдығы жоқ ашық-жарқын жан өмірдегі небір алаяқтыққа, аярлыққа  аянышпен қарап: «Ей, байғұс, шынымен өстіп өтер ме екенсің?!.» деп кеткен тәрізденеді...

Осекеңнің туған әкесі – Тұрсынәлі Ыстыбаев Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Қастек» колхозының бастығы кезінде, 1937-жылы «халық жауы» деген жаланың құрбаны болыпты. Үш жасында әкесіз жетім атанған Оспанханның келешегін ойлаған шешесі Әубәкір деген жігітке тұрмысқа шыққан. Әубәкір парасатты жан екен, балаға өгейлік жасамапты. Алақаны аялы Әукеңді  Оспанхан  туған әкесіндей силап өсіпті.  Мұны бірде ақын ағамыз Әнуәрбек Дүйсенбиев үшеуіміз бас қосып отырғанымызда Осекеңнің өзі айтқаны есімде. «Қалқаман-Мамыр» хиссасындағы Қалқаманның ұрпағы Әнекең екеуі туыс екен.

Бұ  дүниеге 1934-жылы, мамыр айының 4-і күні іңгәләп келген Осекең небары 52 жыл өмір сүрді. О, жалған! Сағыныш шіркін жүректі саздырып жүр...

Осекеңнің өзі жоқ болса да, ел-жұрты 60 жылдығын жақсылап тойлады. Ұстазымыз Темірбек Қожекеев бас болған сықақшылар қауымы түгел бардық. Ат жарысы, тай жарысы болды. Естелік кеші концертпен көмкерілді.

70 жылдығын бүкіл республика көлемінде өткізу жөн болады дестік.  Жазушылар одағының басшыларына ой-пікірлерімді жазып білдірдім. Өзіміздің де іске кірісуіміз керек.  Үкіметімізге, Бас министрдің мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке, Баспасөз министріміз Алтынбек Сәрсенбаевқа (бүгінде марқұм асыл азаматымыздың жаны жәннәттә болсын!) хат жазып, Осекеңнің мерейтойына оның шығармалары жиыны 8 том болады, соны шығаруға қол ұштарын беруді өтіндім. Жауап келді. Көрсеткен көлемімнің жартысын, яғни 4 томын дайындауды айтыпты, тойына арнап 2003-жылы шығарып беретіндерін мәлімдепті. Осекеңнің бәйбішесі Нұрсұлудан шүйінші сұрап, «қорамсаққа қол салдық». Нұрекең қуаныштан жасарып жүре берді. Осекеңнің есен-сау, бейқам кездерінде гәзет-журнал беттеріне шашылып, жиналмай қала берген, үй мұрағатында қолжазба күйінде жатып қалған әңгіме, өлең, пьесаларын компьютерден өткізіп, менің алдыма да үйіп тастады, көмекке құлшына ұмтылған  Үмбекеңе де – Үмбетбай Уайдаұлына да құшақтатты. Гәзет-журнал, радиоға да тарата бастады. «Тоқсан қызға бағаланған Қамажайдан» артық болмаса кем емес Нұрсұлудың ынта-ықыласына, қажыр-қайратына тәнті болдық. Қазақтың Оспанханының аруағын ардақ тұтушы жары, ұл-қыз сүйген ана, немере-шөбере өсіріп отырған апа-әже, ыстық та сұлу сезім иесі Нұрсұлуға: - Құдай қуат беріп, жақсылыққа кенеліп, 100 жаса! - дестік.

Осекеңнің 70 жылдығы, жиырма төрт айды артта қалдырып барып, 2005-жылы өткізілді. Мұның алдында туған өңірі Жамбыл ауданында жақсылап тойланды – облыс, аудан басшыларына мың бір алғыс! Ол тойды атқаруға бес қаруын сайлап кіріскен, Оспанхан көкесі «таксидей көк көзім» деп еркелеткен ең сүйкімді шәкірті, балапандай жұп-жұмсақ  ініміз Көпен Әмір Бек 100 жасасын!

Мерейтойына дүйім жұрт болып дүрлігіп, алты жыл бойы: - Оспанхан, Осекең! - деп атын аузымыздан тастамай жүргенімізге көнермес күлкісіне баға жетпес классик ұстазымыздың аруағы риза болар, бірақ біздің - көзі тірі      шәкірттерінің көкейінде, жасырып қайтейік, қыжыл жоқ емес. Ол - 4 томын шығару жоспарланған жылы Иманғалидың да, Алтынбектің де басқа қызметке кете қалғандары, олардың орнына отырғандардың «ауыздарын қу шөппен сүртіп», бізге дәм-татымы жоқ сөзден табақ тартқандары. Көптомдық шығарудай игі істі бастаған «Қазығұрт» баспасы үкіметтің «тендер» деп аталатын бетпағы жыл сайын қысып беретін мардымсыз қаржыға қарайлай-қарайлай, 4 томды жиыны сегіз жылда әрең шығарды. Ей, берекесіз дүние-ай!..                                                                                             

Осекеңнің 80 жылдығы... әйтеуір өткізілді.

...Бүкіл бет-ауызы күліп келе жатқан Осекеңді көрген сайын ол маған жұмыр басты пенде емес, құдайдың өзі адам қалыбына құя салған тіп-тірі Әзіл-Сықақ сияқтанатын. Екеуіміз алғаш 1966-жылдың көкек айында таныстық. Міне, 50!

Бірде, көрші кезімізде, үйінде жалғыз өзі қырылдай қарқылдап жүргенін де көргенім бар.

-Оу, Осеке, жол болсын! – дедім, әзілімді астарлап.

- Кел, жүр, бірге күлейік! – деді ол, дізгін бермей. Күлген бойы мені білегімнен ұстай алып, жазу үстеліне қарай «қайқайды».

- Мына пәлені оқышы! – дейді, үстелде жатқан парақтарды балуанға  тән мығым иегімен меңзеп. Өзі тағы күліп, шегініп кетті. «Үретін ит пен күлетін ит» деп тақырып қойып жаза бастаған әңгімесі екен. - Өзің күлмегенге басқалар да күлмейді ғой, - дейді.

Ол шынында күлу үшін, күлдіру үшін туғандай еді. Замандастарының арасында, меніңше, ой-оқиға ойнату, сөз ойнатуда Осекеңе жете алған әзіл-сықақшы әлі жоқпыз. Көшбасшымыздың өзін де, күлкісін де сағынып жүрміз.

Исі қазақтың көзі қарақтысы, көкірегі ояуы білетін, аруағын құрметтейтін Осекеңе Алматының басшыларынан бастап, үкіметке дейін 20 жыл жазып жүріп, «2-Шаңырақтан» көше атын әрең алдық. Республика қуыршақ театрының ұжымымен келісе отырып, театрға атын қоюды сұрағанымыздан дәнеңе шықпады.Қажет еткен құжаттарды пәленшекеңнің нұсқауымен түгленшекеңе, түгленшекеңнің нұсқауымен пәленшекеңе апарумен Нұрсұлу талай бәтіңкені тоздырып тынды... Өзі жоқ Осекеңнің екінші өмір жолы әзірше осындай. Айтылған мәселе атаулыны уақтылы шешуі парыз мекемелердің басшылары Осекең өзі барда силаған күлкіден түйілген ішектерін күні бүгінге дейін жаза алмай қор болып жүр-ау деймін...

Менің жасым елуге толған күні Осекең: «Бұл – саған берген құрмет грамотам!» деп мәз болып тұрып ұсынған өлең-хаты мынау еді:

            «Ой, сұмдық-ай, Ғаббас та

            Келеді екен Елуге,

            Болмайды сені телуге.

            «Келдім, - дейсің, - Елуге»,

            Бола ма соған сенуге?!

            Дегенменен, түбінде

            Жет Жамбылдың жасына,

            Осы түссін басыңа!

            Ал енді сол жүзге дейін

            Басыңды бір де қасыма!»

Қасымау қайда, Осеке! Сенің көрмегеніңе шүкіршілік бүгінгі заманның жыртық-тесігін түгендесумен, әсірепысықтардың бәтуәсіздігін беттеріне баса сұрақ қоюмен, ешқайсысынан жауап неге келмейтініне далұрумен  қаси-қаси басым таз болуға айналды!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Abai.kz

                                                                                                                                   

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052