Жексенбі, 13 Қазан 2024
Мәйекті 5075 0 пікір 31 Наурыз, 2016 сағат 11:59

ЧЕЛАХТЫҢ ОТБАСЫ РЕСЕЙГЕ КӨШІП КЕТПЕК. АЛ ӨЗІ ШЕ?

Кешелі-бері қазақстандық БАҚ  «Арқанкерген» оқиғасының аты шулы «Рембосы» - Владислав Челахқа БҰҰ комиссиясы араша түсуі мүмкін деген сыбыстар шыққан. 2012 жылы «Арқанкерген» заставасында  14 әскери мен бір орманшыны жалғыз өзі жайратып салды деп айыпталған Владислав Челахтың отбасы Ресейге көшіп кетпек.

Қазір Челахтың отбасы Калининградқа қоныс аударатын болды.

Владиславтың анасы Светлана Ващенко Қазақстанның Сот орындау жүйесінен әділеттік таппай, ақыры өз ата-қоныстарына кетпек. Әлі күнге дейін «балам жазықсыз сотталды» деп ойлайтын Светлананың отбасы біздің елде тұрғысы жоқ. Өз атамекеніне оралуға рұқсат беретін құжаттарын да рәсімдеп алған. Енді Қарағандыдағы пәтерлерін сату ғана қалыпты. Ұлдарын көруге жылына 4 рет Қазақстанға келіп тұратындарын да айтады. Ал, Владиславтың анасы Светлана Ващенко елден көшуіне мұндағы заңның әділетсіздігі, соның салдарынан ұлының сотталуы себеп болды деп отыр. «Мен бұл елде енді тұрғым келмейді. Ұлымды әділетсіз соттап жіберді. Біздің достарымыздың барлығы ана жаққа көшіп кетті баяғыда. Олар үкім шыққан соң көше бастады. Оған дейін көшу туралы ой ешкімде болмаған. Өздерінің балалары да осындай жағдайға тап болуынан қорықты», - деген Светлана Ващенко.

Естеріңізде болса, Владислав Челах 2012 жылы 11 желтоқсанда әскери сот үкімімен өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын.

Челах ісінің күңгірт тұстары да жоқ емес. Осы оқиғаның төңірегінде қазақстандық және әлемдік БАҚ беттерінде «Челахтың қанды қырғынға қатысы жоқ», «Арқанкерген ісіне қатысты тергеушілер шындықты жасырып жүр» деген  мақалалар жарияланды. Біреулер бұл  сұмдықтан  «гомосексуализмнің» белгілерін байқаса, енді біреулер мүлде өзгеше саяси астар іздеді.  Тіпті, журналист Бендицкий, «Если бы собаки заговорили» деген мақаласында Челахты ашық айыптап, оның «гей» болғанын да айтты.

Осыдан кейін қазақ қоғамын айран-асыр еткен «Челах оқиғасы» тағы бір жұмбаққа келіп тірелді. «Челах НАТО-ның тыңшысы екен» деген де ақпарат БАҚ бетінде жарияланды. Ғаламтор бетінде 14 шекарашы мен аңшыны жалғыз жайратып салды делініп келген Владислав Челахтың қолынан табылған тапанша шекара қызметінің қару базасына тиесілі емес екен деген ақпараттың негізінде қауесеттер гуледі.

Челах қорғаушысы Сәрсеновтің болжамынша, БҰҰ-ның Челах ісіне қатысты қорытынды растамасы істің бағытын 180 градусқа өзгертіп жіберуі ықтимал. Демек, екі жылдан бері тынышталып қалған «Арқанкерген» ісі қайта көтерілуі әбден мүмкін.

Нұргелді Әбдіғаниұлы 

Abai.kz

0 пікір