Жұма, 10 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 781. Жазылғандар — 60. Қайтыс болғандар — 8
Тажал-Ғазал 7489 0 пікір 4 Наурыз, 2016 сағат 22:37

ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫН «ЖЕЗӨКШЕ ЕТУ» КІМДЕРГЕ ТИІМДІ?


Соңғы кездері естір құлаққа ерсі хабарлар тым көбейіп барады. Кезекті жаманат жаңалықты «informburo.kz» сайты таратты. Аталмыш сайт Ақтөбе облысында оқушы қыздарды жезөкшелікке жегіп жүргендер туралы мақала жариялады.

Интернет басылымның жазуынша Ақтөбе облысында әлдекімдер мектеп жасындағы қыз балаларды сабақ уақытысында жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп келген. Тіпті, оқушы қыздардың көрсеткен секс-қызметі үшін,  Қазақстанның барлық өңірлеріне арнайы ұшақпен апарып-әкеліп жүріпті-міс.  Ал облыстағы полиция өкілдері бұл оқиғаға қатысты ешбір пікір білдірмеген. Бар болғаны тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан.

Ал өңірлік «Ақтөбе-Таймс» газетіне сілтеме берген басылымның мәліметтеріне сүйенсек, Ақтөбе қаласында жас қыздарды жезкөшелікпен айналысуға мәжбүрлеп жүрген арнайы қылмыстық топ болуы бек мүмкін. «Ақтөбе-Таймс» газеті ата-аналардың пікіріне сілтеме бере отырып, аталмыш қылмыстық топ қаладағы бірқатар мектептердегі қыздарды жыныстық құлдыққа жегіп жүргенін айтады.

Сұмдығы сол, жап-жас қыздарды жыныстық қызмет көрсету үшін Қазақстанның барлық өңірлеріне арнайы ұшақтармен, еліміздің территориясынан тыс жерлерге жүк көліктерімен жеткізеді екен-міс.

– Біздің баламыз Ақтөбе қаласындағы мектептердің бірінде оқиды. Соңғы кездері өзін өзгеше ұстай бастағанын байқадық. Бір рет жоғалып кетіп табылды. Күндегідей мектепке жіберген едік. Екінші сабақтан кейін із-түссіз жоғалып кеткен. Кейін анықталғандай, менің қызымды біреулер «счетқа» отырғызып қойыпты, - дейді «Ақтөбе-Таймс» газетіне берген сұхбатында аты-жөнін көрсетпеуді өтінген  жергілікті ата-аналардың бірі.

Ал бұл мәселеге қатысты «Мегаполис» тілшісі Ақтөбе облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіне хабарласқан. Алайда полиция өкілдері комментарий беруден бас тартқан.

– Қазіргі таңда аталмыш шағымға қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бар айта алатыным осы, – депті полиция өкілі.

Соңғы кездері Қазақстан мектептеріндегі «секс сабағын» жүргізу туралы бастама көтеріле бастады. Сол бастамашылар «мектептегі қыздар «жезөкше» болып барады» деген дақпыртты таратып, өз идеяларын жүзеге асырмақ сияқты. Қыздарымыз жайлы мұндай жаға ұстатарлық жаңалық неге тарап жатыр? Кімдер таратуда? Қазақ қыздарынан «жезөкше» жасап шығару кімдерге тиімді?

Өткенде сайтымызда «Мектеп жасындағы қызыңыз төсекте тояттап жүр ме?» атты мақала жариялаған едік (http://abai.kz/post/view?id=6912). Онда «қазастандықтардың 64 пайызы алғашқы жыныстық қатынасқа мектеп жасында түсетінді» деп байбалам салғандардың нені көксейтінін соқырға таяқ ұстатқандай дәлелдеп берген едік.

Мектеп жасындағы қызың төсекте тояттап жүр дегенге арланбайтынымыз сол кезде-ақ, белгілі болған-тын. Енді келіп, мектептегі қыздар «БҒМ» белгілеп берген пәндерден өзге  бейресми «секс сабағын» оқитын болғаны ма? Егер бұл ақпарат рас болса, Білім және ғылым министрлігі не қарап отыр?

Әзірге анығы, ақтөбелік жап-жас жеткіншектердің жыныстық қылмыстары туралы мақала жазған басылымдардың ешбірі нақты дәлелдер кілтірмеген. Демек, «мектеп жасындағы қыздар жүргіш, бұзылған» деген қоғамдық пікірді қалыптастырғысы келетіндер бар деген сөз.  

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір