Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Қоғам 7833 0 пікір 27 Ақпан, 2016 сағат 08:56

ОРАЗАЛЫ СӘБДЕН: ХАЛЫҚТАН БИІК ЕШКІМ ЖОҚ

Биылғы мешін жылына жылдағыдай ұрандатып емес, басымызды салбыратып кірген жайымыз бар. Төл теңгеміз 100 пайызға құнын жоғалтып, әлемнің ең әлсіз валютасына айналды. Google-дың дәстүрлі жыл қорытындысы бойынша, 2015 жылы қазақстандықтарды жиі толғандырған сұрақ та теңгенің бағамына қатысты болған екен. Құнсыздықтың арты қымбатшылыққа ұласып, дағдарыс тырнағын батыра бастады. Айырбас құнының бұнша құбылатынын білмеген халық дел-сал болып, айырбас пункттерін торуылдады. Ертеңгі күннің көзін бұлт басып тұрған шақта көпшілікке жол сілтеуші, кәсіби көзқарасқа қазіргі қоғам зәру-ақ. Осыны ойға ала отырып біз экономика ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Оразалы СӘБДЕН мырзамен сұхбаттасып әңгімелескенді жөн көрдік. 

 

 АБАЙ АЙТПАҚШЫ, «НЕГЕ ШЕҢГЕЛ ЖЕП ОТЫРМЫЗ?»

Оразалы аға, таяуда ғана «Абай  және қазақ елінің болашағы» атты кітабыңыз қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Бұл жолғы еңбегіңіз несімен ерекшеленеді?

– Бірде Еуропаға бара жатқанымда ұшақта отырып ойға берілдім. Қарасам, кәрі құрлық елдерінің қайсысын алмасақ та дамыған, қалалары жайқалған, ұл-қыздары білімді, бизнесті жүргізуге барлық жағдай жасалған, жемқорлық атымен жоқ, тұрғындар біздегідей агресивті емес, сайлауға түссе даусыңды ұрламайды, халқы бай әрі бақытты ғұмыр кешеді. Ал біз уранның отаны, сирек металдың ошағы бола отырып, Менделеев кестесіндегі элементтердің 90 пайыздан астамы бар елде жүріп жарымаймыз. Абай айтпақшы неге шеңгел жеп отырамыз?! Қараптан қарап тұрып намыстанады екенсің.

Сөйттім де үнемі өзіммен алып жүретін Абайдың қара сөздерін сын көзбен парақтай бастадым. Екі ғасыр өтіп кетсе де, әлі күнге дейін ұлы ақынымыздың әр сөзі өзінің өміршеңдігін жоғалтқан емес. Абайды бар қазақ мойындайды, оған қарсы ешкім уәж де, дау да айтпайды. Оның артында қалдырған ізінің сара, жолының дара екенін бәрі біледі. Алайда іске келгенде оның бірін де істемейміз. Адамдық қасиеттің құны жоқ. Халықтың арасынан шыққан, халықтың мұң-мұқтажын тиісті жерлерге жеткізіп, орындау үшін отырған шенділер, қарапайым халықты есігінен де сығалатпайды. Сонда оның халықтан үлкен болғаны ма?! Бұл адами қасиеттің нашарлауынан, руханилықтың кері кетуінен.

Мен жеттім, жетілдім, Абайды толық танып тастадым деп отырған жоқпын. Оның әр сөзінің терең астары мен мағыналы мәні бар, сондықтан бас ақынымызды толық қамтыдым деп айтудан аулақпын. Мен тек Абайды бүгінгінің көзімен көргім келді. Өркениеттік тұрғыда оның шығармашылығына үңіліп, астарын ұғып, соны жеткізуді мақсат тұттым. Еңбекте қоғамымыздағы түрлі түйіткілдердің төркінін көрсете отырып, ашып айттым. Айтып қана қоймай, оларды топтастырып тың идея, нақты шешілу жолдарын ұсындым. Негізсіз айтқан бір де бір сыни көзқарасым болған емес. Келешек туралы, рухани құндылықтар, ауылдың жайы, басқару жүйесі, ғылым, білім, жастар, тағысын тағы дегендей ой толғауларымды топтастырым, концептуалды жауабымды жаздым.

Бүгінде ерінбегеннің бәрі сыншы, бәрі ақылгөй. Сынау мен мінеу өз алдына, алайда оның шешілу жолын нұсқау қиынның қиыны. Кітаптың арқалаған жүгі де, көтерген салмағы да осыда. Қоғамның жақсылығын асырып, кемшіл тұсын батырып ашық көрсеттім. Оған біліктілігім де, білімім де жетеді. Абай халықты қолында мөрі бар, шексіз бай және тоқпаққа иек артатын адам басқару керек деген сөзі бар. Бұл солай болсын деп емес, солай болатындығын болжап айтқан. Дұрысында рухани кемелденген адам болу керектігін меңзейді. Кітапта осыларды басшылыққа алып, ғылым мен білімнің, жаңа технология жаңашылдықтың, жетістіктің кепілі – қолдағы қару екендігін жеткізгім келді. Бағасын халық бере жатар.

 ӨЗ ЕЛІМІЗДЕН ӨЗІМІЗ ҰРЛАУДАМЫЗ

 – Енді бүгінгі ахуалға қарай ауыссақ. Алдымен ұлттық валютаның жайын сөз етейікші. Сіздіңше теңгенің еркін бағамы қашанға дейін жалғаспақ әрі ол қай межеге барып тоқтауы мүмкін?

– Қай межеге баратынын болжау қиын, бірақ ахуалдың жуық арада оңалмайтыны анық. Бұл жерде тенденцияны дұрыс түсінген жөн. Мұнай бағасы қымбаттамай, ал түбегейлі айтар болсам, біздің экономикамыз әртараптанбай тұрмыс түзелмейді. Иран өзінен санкциялардың алынып тасталғандығынан мұнайды көптеп өндіруге тырысады, сәйкесінше нарықта өнімнің көлемі көп, баға арзан. Екінші жағдай АҚШ пен Батыс елдерінің Ресейдегі путиндік режимді құлатуға деген әрекеттері. Экономикалық қыспақтардан Ресей қиын жағдайда қала берсе, біздің де оңбайтынымыз анық.

Мен бір жарым жыл бұрын девальвацияны біртіндеп жүргізе беру керектігін айтып дабыл қақтым. Рубльдың құнсыздануы мен Ресейге салынған санкциялардың бізге де жағымсыз әсер ететіндігі сөзсіз еді. Сондықтан халыққа ауыр тимесін деген оймен, біртіндеп теңгені жіберуді ұсындым. Бірақ құлақ асқан ешкім болмады. Артынан белгілі болғандай ол қадамдары 28 млрд долларға түскен екен. Ақырында девальвация жасаудан басқа амалдыры қалмай, бұрқ еткізді. Бұл біреулерге қол болды. Әдейі ойластырылған болу керек деп те күдіктенемін. Соның арқасында биліктегілердің біразы қалталарын қампайтып алды.

Кезінде 2008 жылы Марченко да сөйткен. Девальвация арқылы 2 млрд долларды ауадан қармап қалғандар болды дегем. Бұл халықтың ақшасын ұрлау емей немене, өз елімізден өзіміз ұрлаудамыз. Егер экономикамыз шикізатқа байланбаса, әртараптанған болса, біздегі жағдай бұлай нашарлап кетпес еді. Сорақысы өтірік ұрандатып, паравоздың алдына шығып кетуімізде. Елулікке кірдік дедік, ана өндіріс ашылды, мына зауыт іске қосылды дейміз, Елбасы барып ашып берген соң әлгі өндіріс орындарының кейбіреулерінің істемей тұратыны да бар. Бәсекеге қабілеттілік жөнінен 50 елдің қатарына кіргеніміз рас. Ол бір глобальды көрсеткіш. Ал инновациялық дамудан 78-орында, денсаулық саласынан 93-орында, сыбайлас жемқорлықтан 126-орында келеміз. Міне нағыз қолға алатын салалар. Біз болсақ, жалған жарнамамен жақсымыз деуден жалықпаймыз. Енді мен шынайы цифрларды келтірейін, биылғы Қазақстанның ЖІӨ-нің өсімі 1,1% болса, ол Қырғызстанда 4,2%, Өзбекстанда 7,5%, Тәжікстанда 4,8% Түркменстанда 8,9%, өсті. Ойланатын кезіміз жетті.

– Теңге бағамының құбылуынан бірінші кезекте қарапайым халық зардап шегуде. Қымбатшылық бір бүйірден, көк қағазбен алынған қарыздар бір бүйірден қысуда. Осындайда Ұлттық банк барлығын бақылап отырмыз, девальвация болмайды деп алдаусыратқанша, қиын кезеңді боямасыз айтып, бұқараны неге дайындамайды деген сауал көкейді теседі....

– Бұл билік пен халықтың арасындағы диалогтың жоқтығынан. Билік ойына келгенін істейді. Мемлекет басшысына өтірік деректер беріледі, жалған цифрлар көрсетеді. Қымбатшылық жоқ деп оның аузына сөз салады. Бұл дегенің халыққа жасалған қиянат. Ал өздері Елбасының айтқандарын толық орындамай, жолдан қаржылардың арнасын бұрып, істегенсымақ танытады. Бұл – тұтас Үкіметтің, Парламенттің, Ұлттық банктің керек болса, тиісті дәрежеде жеткізіп айтпаған біздің де қателігіміз. Кезінде Қайрат Келімбетовтың орнына кім келуі мүмкін деген сұрақ қойылғанда, кім келсе де одан ештеңе өзгермейітіндігін, жағдайдың бір адам шешетіндей жеңіл болмай тұрғандығын айттым. Дей тұрғанмен биліктегі шырғалаңмен арпалысып, қарсыласатындар, жаңашылдық әкелетіндер болуы мүмкін, оның бірі – Ораз Жандосов дегенмін. Ұлттық банктің саясаты өзгерсін десек, алдымен оған өзінің конституциялық мәртебесін беруіміз керек. Конституция бойынша Ұлттық банк Үкіметке бағынышты емес. Ал қазір ол соның қолбаласы сияқты.

 -  Сіз сонда дәл бүгінгі қалыптасқан жағдайдан шығудың нақты қандай тетіктерін ұсынар едіңіз?

 – Қазір ештеңе өзгерте алмаймыз. Ал егер не істесе өзгереді дер болсақ, айтар едім, әрқайсымыз өз өзімізді өзгертуге тырысу керекпіз. Кейде бейшаралықпен «Ой, менің қолымнан не келеді? Бәрібір жоғарыдан аяқты шалып тастайды» деп айтып жатамыз. Жоқ, олай болмау керек. Әр адамның мүмкіншілігіне, біліміне байланысты қолынан келетін істер болады. Ол үшін алдымен заманға сай психологиямызды өзгертуіміз, құлдық санадан арылуымыз қажет. Абай өзінің «толық адам» деген ойында «дүниенің көрінген сырын да, көрінбеген сырын да игер» деп айтады. Көрінген сыр деп отырғаны осы өмір, айнала, қызмет, материалдық дүние. Ал көрінбеген сырға жанның тазалығын, адамның моралын, руханилықты жатқызады. Бүгінде Абайдың баю жағын яғни бір жағын ғана көріп отырмыз, руханилығымыз тұралап қалды. «Толық адам» идеясын өлтіріп алмағанымызда, қазіргідей халықты тонау болмас еді. Бұны бір деп алайық. Екіншіден, келе жатқан сайлау науқаны әділ жүруге міндетті. Қатып қалған сценарий бойынша, дауыстарды ұрлап, бір ғана партияға ұстатып, басқаларына 1ден 7-8 пайызға дейін аз үлесті үлестірмей, ашық түрде жүргізу керек.

 ПАРЛАМЕНТ КӨППАРТИЯЛЫ БОЛҒАНДА ҒАНА РЕФОРМАЛАР ЖҮРЕ БАСТАЙДЫ

– Тақырыпты жалғай отырсақ. Өзіңіз білетіндей Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы өтетін күн белгіленіп, сайлауалды науқандық жұмыстар басталып кетті. Билік жүйесіндегі аталған реформалар өзін қаншалықты ақтауы мүмкін?

 – Парламент көппартиялы болғанда ғана ақтауы мүмкін. Ол демократияның бағзыдан белгілі сара жолы. Біздікілер формалды түрде сол жолға түскілері келеді, ал істегендері 180 градусқа кері жасалады. «Нұр Отан» партиясының тізіміне қарасам, көз тоқтатарлық адамдарды көре алмадым. Араларында бірде бір жоғары білікті не заңгер, не экономист жоқ. Заң қабылдау ісінің исі мұрнына да бармайтын әншілер мен спортшылар жүр қаптап. Парламент кәсіби болуға тиісті. Басқа партиялардың да жұмыс жасау тәртібі дұрыс жолға қойылмаған. Олардың белсенділігі бірлі-екілі, осы сайлауда ғана білінеді. Құрамындағыларға қарасам, бір де бір халықтың адамы жоқ. Ақшасы бар, қалталылардың топтасқан ұйымы ғана. Осы орайда айтқым келетіні: біз унитарлы мемлекет жолында буынымыз қатайып, қалыптастық. Ендігі кезекте екі парламенттік жүйенің қажеті шамалы. Сенат пен Мәжілісті біріктіріп, шартты түрде деп алсам, 150 депутаттан тұратын бір палаталы парламентті жасақтаса. Оның жартысы партиялық жүйе, жартысы халық арасынан сайланса. Оған саясаткерлер, жазушылар, жеке жүрген қайраткерлерді кіргізсек. Қайрат пен Жанарлар онсыз да әнін айтып халық қалаулысы болып жүрген сахнасында қала берсін. Олардың орнына Досым Сатпаев, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Дос Көшім деген т.б. жігіттерді неге тартпайды. Кейбіреулер бұл азаматтарды  оппозияция дейді. Олай емес, тіпті болған күннің өзінде, олар жау емес, демократиялық қоғамның заңды құбылысы ғой. Өркениетті елдердің қатарына қосылғымыз келеді, ал сын айтқандарды жақтырмаймыз. Бизнес ішінде де маңдай тер, адал еңбекпен жұмыс жасайтындар баршылық, соларды алсын. Сонда ғана қол көтеріп қана отыратын, мақтаудан ары аспайтын, соңғы екі айда 60-қа жуық заң қабылдайтын парламент  кетіп, оның орнына ойлана алатын, пікір таластыратын, ел тынысын президентке жеткізетін жаңа күш пайда болады.

 ОДАҚҚА КІРІУ – РЕСЕЙДІҢ ЫҒЫНА ЖЫҒЫЛУ ЕМЕС

 – Енді доллардан бас тарту мәселесі жайлы ойыңызды айтыңызшы. Бұл қаншалықты қисынды және жалпы доллардан бас таруымыз мүмкін бе?

 – Қалыптасқан жағдайда ол мүлдем қисынсыз, күлкілі десе де болады. Доллардан бас тарту үшін қажетті өнімдердің барлығымен өз өзімізді қамтамасыз ететіндей дәрежеге жетуіміз қажет. Ал ол жоқ болса, бұндай тақырыптағы әңгімені қозғаудың өзі бекерлік. Оны толықтай жүзеге асыра алатын әлемде бір ғана ел бар, ол Иран. Соңғы жылдарда Иранға жасалған сыртқы күштердің қысымы, оларды өз бетінше өмір сүруге үйретті. Соның арқасында өз өнімдерінің өндірісін жақсы жолға қойып алды. Енді ештеңеден қорықпайды. Бізге арзан абыройды қойып, өзіміз өндірмесек өспейміз деген қағидатқа жұмыс жасауымыз керек. Тегі өзіндік құн қымбат болса, дотация жағын ойластыруға болады. Сондай-ақ неге байлардың түскен табысына прогресивті салық салу жүйесін енгізбеске. Олигархтарға тыққан қаржыларыңды ел экономикасына салыңдар дегеннен олардың қазірше салғанын көріп отырған жоқпыз. Қысым көрсетіп жатса, бәрі шетелге қашып кетуге дайын отыр.

 –Жақында Елбасы Қазақстан күрделі дағдарыстық жағдайда, дағдарыстың төркіні тікелей Ресейде екендігін мәлімдеді. Кедендік және Еуразиялық экономиқалық одақ төңірегінде де пікірлер әрқилы. Еліміздің осы экономикалық интеграцияларға қатысуына көзқарасыңыз қандай?

 – Бұндай қадамдар әлбетте керек әрі дұрыс. Бұл экономикалық даму үрдісінің көрінісі. Қазіргідей қиын жағдайда ондай стратегиялар ауадай қажет. Көбісі дұрыс түсінбеуі мүмкін, гәп сол одаққа мүше болуда емес, соны қалай ұйымдастыруда, жүргізуде. Дұрыс ойластырылған тактика ғана бізді қандай жағдайдан да  алып  шығады. Одаққа кіру – Ресейдің ығына жығылу емес. Келіссөздер барысында білікті азаматтар өз позициясын нақтылап барып, соған беріктік таныту керек. Келіссөздер жүргізу мемлекеттік стратегиялық мәселе болғандықтан, тек министрлерді ғана жібермей, ірі ұйымдардың білімді өкілдерін арасына қосқан жөн. Оның үстіне біздің жағдайымызда ондай халықаралық қимылдарды асығыстық танытпай кезең-кезеңмен жүзеге асыру абзал. Жеңіл және тамақ  өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығымыз кенжелеп тұрғандықтан бұл салада біз Ресеймен бәсекелестікке түсе алмаймыз. Бізден Ресейге барған қаншама тауарлар іріп-шіріп, қоқысқа тасталып кетті. Саясаттың солақайлығынан адал кәсіпкерлер зардап шекті. Осы орайда мынаны айтқым келеді.

Біз неліктен түркі әлемінің бірігуінен қашамыз? Қашқанда қалай, формалды түрде шаруалар істеледі, бастары қосылмайды емес – қосылады, бірақ мойындарын басқа жаққа қарай бұрады. Экономикалық бірігу жайлы мүлде сөз қозғалмайды. Түркиялықтар бізді түркі әлемінің орталығы санап, өте жақын тартады. Әрқайсымыз өзімізше қораз болып іс бітіре алмаймыз. Бауырлас елдер болып, Сырдарияның суын әліге дейін бөлісе алмай отырмыз. Ойлап қарасаң, бүгінгі Түркия Американың ойынының құрбаны болып, Ресеймен жанжалдасауда. Обаманың бар ойы Мәскеуді құрту. Алмағайып кезеңде түркілермен санастырудың құралы – біздің бірлігіміз, рухани жақындасып, қоғамды ізгілендіруіміз.

 ШЫҚҚАН БИГІМІЗДЕН ҚҰЛАП БАРА ЖАТҚАН СИЯҚТЫМЫЗ

 – Оразалы аға, сіз үнемі концептуалды ұсыныстарды соның ішінде инновациялық даму жолын жиі көтеріп жүрсіз. Түптеп келгенде бұл талай жылдар бойы айтылып келген экономиканы әртараптандыру идеясымен үндеседі. Осы тұрғыда қандай игі істер жүзеге асты?

 – Тәуелсіздік алған жылдардан бері 30-ға жуық жоба ұсындым. Орындалған, орындалмағандары бар, кезегін күтіп тұрғандар да жоқ емес. Алғашқы ұсынысым «кадрларды шетелде даярлау жөніндегі республикалық бағдарлама» болды. Кейіннен ол «Болашақ» деген атауға ие болып, әлі күнге дейін жүргізіліп келеді. Ұлттық ғылыми қор, ҚР Президенті жанындағы ғылым мен техника жөнінен жоғарғы консультативті кеңес құрылды, алайда кейін жабылып қалды. Бүгінде ойыма жаңа идея келіп жүр. Идеяны топтастырып, «Ұлттық келісімді» жасап шығарғым келеді. Қарасам, кей жағдайда, Елбасы ел тынысынан хабарсыз ба деп қаламын. Бұл қол астындағылардың ел ішіндегі ахуалды ол кісіге дұрыс жеткізбейтіндігінен болса керек. Осы орайда, қоғамның әр саласының білікті, тұғырлы, мақтайтын емес, пікір айта алатын мамандарын бір шатырдың астына жинап, солардан сұрап, «ел ішінде нендей түйіткіл бар, қане айтыңдар, қандай ұсыныстарың бар» деп отырса, БАҚ өкілдері оны тікелей эфирде таратса, біраз шындықтың шеті шығып, қаншама шаруалар атқарылар еді. Ұлттық келісімнің мақсат мұратының орындалғаны сол болар еді.

 – Соңғы сұрақ, Сіздіңше, бүгінгі Қазақстан дамуы қай бағытқа ойысып бара жатыр?

 – Біз шыққан биігімізден құлап бара жатқандаймыз. Рухани азып, материалдық тұрғыда тозудың аз-ақ алдындамыз. Жағдайдың осылай боларын екі ғасыр бұрын Абай данышпан болжап кеткен. Ол:

«Көк тұман алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған,

Көп жылдар, көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат та, сурет те жоқ, көзім талған» –  деген. Бас ақынымыздың бұл айтқаны бүгінде тұтас әлемге тән нәрсе болып тұр. Қазақстан тұрмақ, бізді жетектеп алып бара жатқандардың өзі  қай бағытты ұстанғанынан хабарсыз. Әлемнің парадоксы – бұл бағдарсыздықтың үлкен сегіздік елдерінен басталатындығында. Әлемдік өркениеттің контексінде әр мемлекет өзінше қамданады. Біздің ендігі қарекетіміз, бүгінгідей жалғаспау керек. «Ауруын жасырған өледі» деген. Ұлттық келісімді қалыптастырып, ойлы азаматтардан елдің жоғын сұрау, халықты басты орынға қою тығырықтан шығарады. Халықтан биік ешкім жоқ! Керек болса, Президент те, Үкімет пен Парламент те халықтың қызметшілері!

- Сұқбатыңызға рахмет! Ел мүддесіне қалтқысыз еңбектенуден шаршамаңыз!

 Сұқбаттасқан

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3287
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5850