Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 5959 0 пікір 25 Шілде, 2016 сағат 15:46

КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Облыс әкімі Амандық Баталов облыс орталығында жаңадан салынған қалалық көпсалалы ауруханада болып, жуырда ашылуға тиіс медициналық мекеменің жай-жапсарын пысықтады. Алғашқы кезекте жаңа ғимараттың сыртқы келбеті мен көгалдандырылуына мән берген әкім қоршаған орта табиғатының науқастардың тез сауығуына ықпал жасап, жағымды әсер етуі керектігін атап өтті. Бұл жөнінде Алматы облыстық "Жетісу" газеті жазады. 

Бұдан соң ғимаратқа кіре берістегі анықтама бөлімінің компьютермен жабдықталып, электрондық жүйеде жұмыс істеуі, науқастарды тез тіркеп, жедел қызмет көрсетуі үшін барынша мүмкіндік жасау қажеттігін тапсырды. Мәжіліс залының безендірілуіне де көз тоқтатып, дәрігерлер келелі кеңес өткізетін орынның барлық талапқа сай болуына жіті мән берді. Бірінші қабаттағы терапия бөлімін аралап, онда орнытылған құрал-жабдықтардың сапасы мен жатын бөлмелердің жайлылығына назар аударды. Екінші қабаттағы хирургия, үшінші қабаттағы операциялық бөлімдерді де шолып өтіп, қажетті медициналық аппараттармен толық қамтылғанына көз жеткізді. Мұнда ем қабылдап жатқан науқастардың да көңіл-күйін сұрады.

– Жаңа салынған ғимарат та, мұндағы қызмет көрсету сапасы да көңілден шығады. Науқас үшін барлық жағдай жасалған. Өзім Сарқан ауданынан келіп емделіп жатырмын. Қатты ауырып келіп едім, қазір жағдайым біраз жақсарып қалды. Дәрігерлердің жұмысына тек сәттілік тілейміз, – деп ақ жаулықты ана Тілеулес Мазибаева ризашылығын білдірсе, зейнеткер Нью Владимир Сергеевич:

– Бұл жерді жұмақ мекен деуге болады. Аурухананы бойлай Қаратал өзені ағып жатыр. Салқын самалы жанға шипа. Жуырда ғана ашылған әсем аллеяда серуендеудің өзі ауруымыздан айықтырып жібергендей. Осындай тамаша жерден аурухана салдырған басшыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деп жылы лебізін жеткізді.

Жаңа іске кіріскен ауруханада әзірге осы үш бөлім жұмыс жасауда. Бір тәулікте 19 адамды қабылдап, портал бойынша тіркелген 8 науқасқа медициналық көмек көрсеткен ақ халаттылар ота жасауды да бастап кеткен. Барлығы 300 төсектік медициналық мекемеде болашақта неврология, нейрохирургия, офтальмология, эндокринология, урология, пульманология, травматология мен нейроинсульттық бөлімдер жұмыс істемек.

Көпсалалық аурухана медицинаның ең озық технологияларымен жабдықталған. Атап айтар болсақ, мұнда функционалдық диагностика, компьютерлік, магнитті резонансты томография, лапароскопиялық құрылғының бес түрі бар. Бұл ауруды дер кезінде анықтап, жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Кейбір құрылғылардың республикамыз көлемінде санаулы ғана екеніне, ол мүмкіндікке талдықорғандық дәрігерлердің қол жеткізіп отырғандығын ескерсек, ол аппараттармен мамандардың жұмыс істей білуі де маңызды. Осы жайтқа ерекше тоқталған облыс әкімі білікті мамандарды шақырту, дәрігерлерді қайта оқудан өткізу мәселесінің қалай шешімін тауып жатқанына мән беріп, бұл істің ойдағыдай жүзеге асуын қатаң тапсырды.

Облыс басшысы үш қабатты еңселі ғимараттың кір жуатын, ас пісіретін екінші жақ бөлігін де аралап көріп, ондағы соңғы үлгідегі кір жуатын машиналар мен ас пісіретін плита, бу тартатын құрылғы, тоңазытқыштың дұрыс орналасуын қадағалады. Оған жауапты мамандардың да іс тетігін, техника тілін білуі қажеттігін ескертті.

Осы салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаевқа, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевке кейбір кемшін тұстарды атап айтып, оны аурухананың ашылу күніне дейін ретке келтіруді тапсырды. Сондай-ақ, Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаевқа ауруханада күнделікті жұмыс істейтін медициналық қызметкерлердің қатынауында, оған қоса мұндағы науқастар мен олардың жағдайын сұрап келетін туыстардың келіп-кетуінде ешбір қиындық туындамауы үшін жол қатынасы мәселелерін назарға алуды жүктеді. Аурухананың директоры Сәуле Құсмолдановаға жаңа үлгіде салынған заманауи құрылғылармен жабдықталған мекеменің халыққа сапалы, мінсіз медициналық қызмет көрсетуі қажеттігін жеткізіп, ең бастысы білікті мамандармен қамтылуы керектігін тағы бір мәрте қайталай ескертті. 

Алма ЕСЕНБАЕВА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578