Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 8042 0 пікір 29 Маусым, 2016 сағат 11:04

МҰҚАҒАЛИ –ЕРКІНДІК ПЕН БОСТАНДЫҚ СИМВОЛЫ

Үстіміздегі жылдың 15 сәуірінде Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген Батыр кентінде М. Мақатаев атындағы №13 мектепте ұлы ақынның 85-жылдық мерейтойына және осы мектептің ашылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты әдеби-шығармашылық жиын өтті. Бұл жиынға М. Мақатаевтың ұлы мен белгілі Халық ақыны Исраил Сапарбай басқарған қазақ ақын-жазушылары мен өнер қайраткерлерінің үлкен тобы қатысты.

 Мектеп директоры Ғалия Нәдірбекқызы мен мектептің филология саласының мұғалімдері ұйымдастырған бұл жиыннан алған әсерім ерекше болғанын, осы жиында айтылған жарықтық Мұқаңның поэзиясы мен өмірде қалдырған ой-мінез мұрағаты туралы мәліметтерден көңіліме сенім мен үміт орнағанын жасыра алмаймын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын ...» дейді дана халқымыз.  «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұлағатты ойды есімізге алып мектеп ұжымына, оның басшысы Ғалия Нәдірбекқызына сауапты істеріне рахмет айтып, ризашылығымызды білдірдік.

Мен де болдым сол тойда. Маған да сөз бұйырды. Қарымым жеткенше мен де Мұқағалиды түсінуге талпындым, Мұқағали поэзиясының мәңгілік заманауилылығы мен өзектілігін түйсінуге ұмтылдым. Шынын айтуым керек, осы мектепте оқыған балаларым мен оқып жүрген немерелерімнің тақпақ қылып айтып жүргендерін естігенім болмаса, жарықтық Мұқаңның поэзиясына ден қоймаған екенмін.

Жиынға арнайы шақырып, ата-аналардың атынан «сөз сөйлесеңіз екен» деп ұсыныс жасалған соң М. Мақатаев туралы мәліметтер жинақтап, өлеңдерінің бірқатарын оқуға тура келді. Оқыдым. Оқыдым да өзімді «ұлан-асыр дария-мұхиттағы кішкене қайықтай сезіндім. Жоғары қарасаң – түпсіз  терең көк аспан, төмен қарасаң-түпсіз терең тұңғиық, жан-жағына қарасаң көк аспан мен тұңғиық-дария астасып тұрғандай. Тек Мұқаңның «поэзия-аралы» ғана осы шексіз дүниеде табан тірейтін тұғыр іспетті. Ал ол «поэзия-аралы» - қазақ туралы, қазақ үшін ғана. Осы шексіз дүние – дарияда ол үшін тек «Қазақ» қана бар сияқты.  Маған солай көрінді ...

Өзімнің Мұқағали туралы ойларымды 3 тезис – үштағанға орналастырып, баяндадым. Сонымен:

 

1-тезис: Мұқағали – Қазақтың рухы, өзіне-өзі сенімінің тұрағы, ұлтқа деген мейірім.

                « ... Отан! Отан! Бәрінен биік екен,

                Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.

                Отанды сүймеуің де күйік екен,

                Отанды сүйгенің де күйік екен ...»

 

Күйік екен! Не деген ғажайып диалектика, не деген ғажайып тұтастық. Отаны жоқ адамның ештеңесі жоқ. Ол – қаңбақ, жел қалай айдаса, солай домалайды. Отан – ана, сондықтан оны сүймеу – анасы жоқ жетім баланың күйін кешу. Жетім баланың өмірі – күйік өмір. Әсіресе, анасыз – тас жетімнің күйі өте аянышты.

 

Шіркін-ай, Мұқаңның осы бір шумағы бүгінгі күні Қазақтың Жер-Анасын сатып пайда табамын деген есерсоқ – бишікештердің үйінде «Аяз бидің шапаны мен тымағына» ұқсап төрде ілініп тұрар ма еді ... Сондықтан, «Отанды сүю» – аксиомалық қажеттілік, пассионарлықтың, патриотизмнің – тұғыры.  

Ал Отанды сүйгенің  де күйік екендігі – рас. Себебі, сен оның данасын да, баласын да; мейірімді, шапағатты, парасатты азаматын да, ақылы аз, есерсоқ – бұзығын да; қара қылды қақ жарған әділ биін де, қулық-сұмдық ойлаған аяр алаяқ-сұмдарын да; ештеңенің байыбына бара алмайтын момындарын да; тер төгіп еңбек ететін еңбекқорларын да, жатып ішер жалқауларын да сүюің керек.

Енді оның бірін сүйініп сүйесің де, бірін – күйініп сүйесің. «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» - дейді дана халқымыз. Ең бастысы, сен жетім емессің. Арқа сүйейтін Отаның бар. Ал оны сүю – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Менің ойымша, осыны түсінген Мұқағали – ұлы, Ұлттың  бар жақсы – жаманын, ірі-ұсағын, ащы-тәттісін, ақ-қарасын және т.б. Нұх пайғамбардың кемесіндегідей Қазақтың рухани қамбасына  жинақтап тұрған диалектиканы жарықтық Мұқаң «Күйік екен» деген бір ғана тіркеске сыйдырып тұрғандай.

Осыған ұқсас тағы бір ұлы ақынымыз, жарықтық Қадыр Мырза-әлі: «Мен қазақпын – мың өліп, мың тірілген» - десе, Мұхтар ағамыз Шаханов былай дейді:

                   Кім айтты саған?

                   Тұлпарды терлемейді деп,

                   Ақ көйлекті кірлемейді деп,

                   Қара ешкі мүжіген алма ағаш

                   Қайтадан гүлдемейді деп ... Кім айтты саған?

 

Мұқағалидың «Күйік екен» диалектикасы Қадыр мен Мұхтар ағаларымыздың өлеңдерінде осылай өріліп, көмкеріліп тұр. Бұл – Қазақтың рухын көтеру емей немене? Бұл – Қазаққа: «Мүжілме, таусылма, еңсеңді көтер,» - деген сөз. «Жақсылықтан, болашақтан үмітіңді үзбе,» - деген сөз. «Өзіңе-өзің сеніміңді жоғалтпа» - деген сөз.

Осы өлеңінде Мұқағали – Мұқаң былай дейді:

                   «Мен оның қасиетті тілін сүйем,

                   Мен оның құдіретті үнін сүйем ...»

 

Тағы да: «Жаным менің, кеудемді жарып шық та,

                   Бозторғайы бол оның шырылдаған!», - дейді.

 Бұл енді ұлтқа деген мейірімнің, шексіз мейірімнің көрінісі. Осы жерде жарықтық Ғабең – Ғабит Мүсіреповтың жақсы көретін: «Әр қазақ – менің жалғызым» - деген тіркесті атап өткен жөн сияқты.

- Мейірім болмаған жерде достық сезімнің, бауырмалшылдықтың, дос көңілдің болуы – неғайбіл, күмәнді дүние;

-       Достық пейіл болмаған жерде ынтымақтың болуы да екіталай;

-       Ынтамақ болмаған жерде бақ пен ауызбіршілік болмайтыны тағы түсінікті;

-       Ауызбіршілік пен татулық болғанда ғана ұлт біртұтас бола алады, жұдырық боп жұмылып, іргесі берік бола алады.

          «Біріңді қазақ – бірің дос,

          Көрмесең істің бәрі бос» - дейді хакім Абай.

 Қазақтың біртұтас болып жұлдызы жарық болуы үшін  «Мың өліп, мың тірілсе» де «Әр қазақ бір-біріне жалғызындай қарауы» керек екен; «әр Қазақтың жаны кеудені жарып шығып, бозторғайдай шырылдауы» керек екен,

                   оның қасиетті тілін сүю үшін;

                   оның құдіретті үнін сүю үшін.

 Ал осыған бастау болып, мәңгілік энергия көзі болып Мұқағали – Мұқаңның  ұлы поэзиясы, «күйік екен» диалектикасы тұр және де ол жылдан-жылға жарқырай түспесе, көмескіленген жоқ.

 

2-тезис: Мұқағали – халықтың ерке перзенті, еркіндік пен бостандық символы.

Мұқаңның өмірбаянына үңілсеңіз, мұқият қарасаңыз оның еркіндік пен бостандықты бәрінен жоғары қоятынына көз жеткізесіз. Мысалыға, мектеп бітірген соң 17 жасында ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түседі, бір жыл болмай оқуды тастап ауылға оралады. 19-20 жасында Алматыдағы шет тілдер институтына түсіп, оны да доғарып қойып ауылға қайтады. Содан соң тек қана 31 жасында сол үзілген оқуларын жалғастырып, оны тәмамдап, М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады. Бүгінгі күнгі прагматиктердің «таразысына» салсақ, бұл түсініксіздеу, тіпті ақылға сыймайтын дүние. Өйткені бүгінгі күні алдымен диплом алып-алу керек, қалғаны сосын ... Бүгінгі прагматиктердің принципіне айналған «Өлсең де, тірілсең де – қолыңда дипломың болсын» деген бұл ұстаным сол кезде қалыптаса бастаған еді. Бірақ, Мұқаң бұл прагматизм емес, хакім Абайдың:

                    «Баламды медресеге біл деп бердім,

                   Қызмет алсын, шен алсын деп бермедім» - деген ұстанымын басшылыққа алғандай. Сөйтіп, әсіре прагматизмнің ағынына қарсылық көрсеткен тұлға болып қалыптасты. Ал «әсіре прагматизм» еркіндік пен бостандықтың құрсауы, һәм антиподы. Жарықтық Мұқаң өзінің «Бұлқынып жатыр» деген өлеңінде осыны дөп басып айтқандай: 

                    «Мамасы, босат, еркімен өссін тал шыбық!

                   Ауа мен күнге, Ай менен нұрға малшынып.

                   Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр, қарашы

                   Кішкентай жүрек көрсетіп жатыр қарсылық.»  

 Күнделікті күйбең тірлікте прагматиктер қаншама жетістіктерге  жетсе де (әдетте бұл материалдық байлықпен өлшенеді), халық Мұқаң сияқты ағысқа қарсы жүзетіндерді, немесе ағынның ортасында арал болып тұратын адамдарды еркелетеді. Бұл да бір ғаламат диалектика, ал прагматикалық тұрғыдан – парадокс. Бірақ, ақиқаты солай. Бұл тұрғыдан Мұқаң – халықтың еркесі. Бірақ, оның еркелегенінің өзі – парасаттылық пен парықтылыққа толы. Халықтың еркелеткеніне ризашылығын Мұқаң былай білдіреді:

                 «Ақынмын деп қалай мен айта аламын,

                 Халқымның өз айтқанын қайталадым.

                 Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

                 Шекпен жауып өзіне қайтарамын».

 «Ұлық болсаң – кішік бол», - дейді дана халқымыз. Осы өлеңдегі кішілігі арқылы жарықтық Мұқаң өзінің ұлылығын паш етіп  тұрғандай ... Мұқағалидың осы бір шумағы орыстың ұлы композиторы М.Глинканың «Инстинным композитором является народ, мы – только оранжировщики», - деген ойымен үндеседі.

 

3-тезис: Мұқағалидың өлеңдері – Ұлттың имандылығының анатомиясы.

Менің атам айтушы еді: «Жолдастықтың үш түрі болады – жан жолдас, әл жолдас, мал жолдас. Жан жолдас – сенің кім екеніңе қарамайтын, қуанышта да, қиыншылықта да бірдей болатын жолдас. Әл жолдас – қолыңда әл болса (әлеуметтік статустың, мансабың) жолдас, жоқ болса жолдас емес. Мал жолдас – қолыңда малың болса жолдас, әйтпесе жолдас емес», - деп. Бұл ретте Мұқағалидың мал жолдасы болмағаны шындық. Әйтпесе,

               «Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

               Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны ай» - демес еді. Ад әл жолдасы, құдай көп көрмесін, баршылық сияқты. Тіпті өмірден озғанына 40 жыл өтсе де, Мұқаңның әл жолдастарының қатары көбейе түскендей. Оның басты себебі – Мұқағалидың даралығы, дарабоздығы. Оның дарабоздығының іргетасы – оның ақиқатқа тым жақындығында. Ал ақиқатқа тым жақындығының алғышарты мен негізі – оның жалғыздығында.

                «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,

               Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» - дейді Мұқаң.

 

               «Өмір атты буырқанған дарияға,  

               Бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.

               Сонда ғана есейіп – бұл жалғанда,

               Бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім» - дейді Фариза.

Сонымен, мынау алдамшы жалған дүниеде ұлы Мұқағалидың ақиқатқа жақындығының кепілі – оның жалғыздығы. Ақынның адалдығы, имандылығы оның жалғыздығында. Себебі, жалғыз адам жаратқанмен егіз, бөгде үшінші адам жоқ. Жалғыз болсаң, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарай алмайды; Құдаймен егіз жалғыз адам онымен сырласады, көңіл түкпіріндегі ойларын айтады, шындықты шырылдап баяндайды. Ал ол шындық «Күйік екен» диалектикасының кескінінде  Мұқаңның жүрегінен былай ақтарылады:

               «Сайтанның да, күнәсіз періштенің,

               Бал мен уын талғамай неге ішкенмін.

               Періштенің қайғысын бөліспедім.

               Сайтанменен болса да келіспедім».

Менің ұққаным, ұлы Мұқағали үшін имандылық – өмір мен өлім, адам мен қоғам арасындағы, жалпы ғаламдық үйлесімділік. Ол үшін, адамдық, азаматтық, адалдық, ар-намыс, рух пен нәпсі арасындағы толассыз күрес тоқтамауы керек.

 

Ал енді Мұқаңның жан жолдасы болу оңай емес-ау ...

«Хакімі ақынын іздеген ел бақытты» деген ежелгі бабаларымыздан қалған өсиет – тәмсіл бар.

Мәңгілік ел боламыз деген ұмтылыс бақытты, бай-қуатты ұлтқа, елге тән болса керек. Ендеше ақындарымызды іздеп-жүрейік, ағайын!

Нұғман Аралбай, биология ғылымдарының докторы, профессор

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566