Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 7051 0 пікір 23 Маусым, 2016 сағат 17:03

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ ЖЕР МӘСЕЛЕСІНДЕГІ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?

Кеше Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласында вице-прьемер, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың халық есеп беру жиыны өтті. Сол жиынға қатысу үшін бір топ журналист Алматыдан жолға шықтық. Жаңбырлатып жүріп, қалаға түс әлетінде жеттік. Облыс әкімшілігіне барғанымызда министрді күткен жұрт залға жиналып, өзге аймақтардан тікелей желі арқылы қосылған басшы-қосшы, фермерлер де дайындалып отыр екен. Көп күттірмей, министр де келіп, жиын басталды. Мырзахметов ауыл шаруашылығы министрі қызметіне жаңа тағайындалса да бұл саланың мәселелерімен жақсы таныс екенін байқатты. Оның өз себебі бар екен. Оны министрдің өзі журналисттермен жеке кездескен кезде айтты: «Өздеріңіз білетіндей, 6 жыл Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметінде болдым. Сондықтан, ауыл шаруашылығының жағдайы маған жақсы таныс» деді ол.

ҚОС ҚАЗАННЫҢ ҚҰЛАҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫ

Халыққа есеп беру баяндамадан басталды. Министрдің ә дегенде айтқаны: «Баяндамамды қазақ тілінде жасаймын, орыс тілінде, барлығыңызға жазбаша таратылып берілді. Қосымша сұрақтар болса, аудармашы арқылы жауап беремін». Содан соң, халыққа есеп беру жиыны неге Алматы облысында өтіп жатқанына жауап берді. Сөйтсек, Алматы облысы ауыл шаруашылығы саласында көш бастап тұрған өңір екен. Демек, бұл жерде екі жағдай бар. Біріншісі, облыстың аталған саладағы жұмысына деген баға болса, екіншісі, өзге аймақтарды ынталандыру. Министр өз саласына қатысты жалпы шолу аңдатпа сөзінен кейін сұрақ-жауапқа көшті. Сырт көз ретінде байқағанымыз, кейбір әкім-қаралардың кездесуіндегідей алдын ала дайындалған адамдардың жаттанды сауалдар, сөз бермей көсемсу  деген шетін жағдайлар бұл жиында болмады.

Сөйтіп, есеп беру жиналысының басым уақытын сұрақ-жауап алды. Әр сұраққа жауап берілді. Өңірлерден де сауалдар қойылды. Қызылорда облысынан сауал берген бір азамат аймақтағы шаруашылық мәселелерін айта келе «Асқар Исабекұлы, Сіз ауылшаруашылығы министрі әрі вице-прьемерсіз. Қос қазанның құлағын ұстап отырсыз, қайдан құлақ шығарамын десеңіз де қолыңызда. Сондықтан біз айтқан мәселелерге көңіл бөлесіз деп үміттенеміз!» деді. Жұрт ду күлді. Министр жымиды. Жымиды да: «Бұл – қазақтың адами, іскерлік қарым-қатынасындағы философиясы ғой. Сұрақты қоя отырып, қандай бағытта жауап беруің керек екенін де астарлап, меңзейді. Қазақ философиясы» деді. Деді де Қызылорда облысынан берілген сауалдағы жағдайлар қарастырылатынын айтты.

 

РЕСМИ ДЕРЕК НЕ ДЕЙДІ:«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АҢШЫЛАРДЫҢ САНЫ ШЫҢҒЫСХАН ӘСКЕРІМЕН ШАМАЛАС» 

 

Ресми ақпарат таратудың тәсілдері көп қой. Әдетте, сандар мен түсіндірме сөздерден тұрады. Ол – түсінікті. Ал, ресми ақпарды аң шаруашылығынан бастап, оған «Қазақстандағы аңшылардың саны Шыңғысхан әскерімен шамалас» деп тақырып қою бұл да бір жаңа әдіс. Бұл жерде өзіміз аңдаған екі нәрсеге тоқтала кетейік. Біріншіден, Асқар Мырзахметов өз қызметінде мемлекеттік тілге басымдық беретіні бұрыннан белгілі еді. Бұл жолы да сол жолдан таймады. Екіншіден, мәселе министрдің ақпарат қызметінің де мемлекеттік тілде ақпарат таратуда өзіндік ерекшелік қалыптастыра алғаны дер едік. Ол ерекшелік қазақ БАҚ пен оның аудиториясының ақпаратты қабылдаудағы ұлттық өзгешелегін назарда ұстауы. Оның бір мысалы: «Қазақстандағы аңшылардың саны Шыңғысхан әскерімен шамалас» деген ресми ақпараттың тақырыбы. Рас, елең ете қаласың. Сонымен, ресми дерек не дейді?

 

Аң шаруашылығы

105,7 млн.га - Қазақстандағы аңшылық шаруашылықтарға берілген аңшылық алқаптар;

690 - аңшылық шаруашылықтар;

2627 – қорықшы;

2200 – қорықшыларға берілген көлік;

 

2015 жыл:

150430  - аңшы ресми тіркелген аңшылар

86 158 – осы жылы аңға шыққан аңшылар 

31,5 млн.теңге  - аң аулаудан қазынаға түскен түсім

 

Ет-сүт өнімдері

Ет өнімдерінің экспорты 32%-ға өсіп, 16,1 мың тонналық межеге жеткен;

Кілегей майының экспорты 3,1 мың тонна болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 29 есеге өскен.

Ірімшік мен сүзбе экспорты да артып, 1,5 мың тонна болды.

Ішкі нарықты отандық өндірушілердің сиыр және жылқы етімен қамтуы 97%-ға жетті.

Қой еті 100% отандық өндірушілер арқылы қамтамасыз етілді. Құс еті, шұжық, сүт, айран, кілегейлі май, сыр мен сүзбенің көрсеткішін де осы межеге жеткізу көзделіп отыр. 

 

Астық

Былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 млн. тоннаға артық астық жиналды. Соның ішінде: 13,7 млн. тоннаға жуық бидай, 2,7 млн. тоннаға жуық арпа, 45,4 мың. тонна қарақұмық, 734,1 мың тонна жүгері, 422,2 мың тонна күріш жиналды. Ауыл шаруашылығының негізгі басым салалары бойынша ресми дерек осындай.

 

ЖЕР КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ ТУРАЛЫ ҚАНДАЙ ПІКІРДЕ?

Халыққа есеп беру жиналысы аяқталысымен, Асқар Мырзахметов журналисттермен жеке кездесті. Бұл кездесуде министр Қазақстанның ауылшаруашылығындағы негізгі бағыт – мал шаруашылығын дамытудағы өз ойларын айтты. Оның ойынша, ауылдар ет, сүт өнімдерін сату, тасымалдау мәселесін оңтайлы шешу үшін өзара жақын орналасқан әр екі-үш ауылға сүт сақтайтын, мал соятын, жүн-жұрқа, тері-терсек қабылдайтын бір орталықтан салынуы керек. Бұл – ауыл адамдарының жол шығынын, уақытын үнемдейді. Әрі шаруашылықтың осы саласының дамуына тікелей сеп болады. Себебі, ауылдағы малды ағайын, еті мен сүтін арқалап, қалаға шаппайды, саудагердің арбауына түспейді. Ауылдың іргесінен етін, сүтін өткізіп, тыныш қана шаруасын шыр айналдырып жүре береді. Егер, мұндай жүйе іске асса, оны қадағалау механизмдерінің мүлтіксіз жұмыс істеуі қатаң қадағаланады деді. Министр осындай ойын айтып болған соң, қоғамдағы ең өткір мәселе жер туралы сауал қойдық.

- Сіздің жеке азамат ретіндегі жердің шетелдіктерге сатылу, сатылмауына қатысты көзқарасыңызды білсек?

- Оған бәрі қарсы ғой. Бәріміз осы елдің, осы жердің азаматымыз.

- Сіз жер комиссиясының төрағасы болдыңыз. Комиссияның ендігі жұмыс бағыты қалай болады?

- Бүгінге дейін жерге қатысты әртүрлі ұсыныстар, пікірлер айтылды. Енді комиссия ішінен құрылған топтар жұмысын жандандырып, ұсыныс-тілектерді топтастырып, нақты ұсыныстарды беруі керек. Яғни, құқықтық механизмдерге қатысты. Мәселен, өз еліміздің азаматтарына, жермен жұмыс істейтін адамдарға жерді меншікке беру, бермеу мәселесі. Меніңше, өз азаматтарымызға жермен жұмыс істеу үшін жерді оларға меншікке беру керек. Бірақ, оның заңдық, құқықтық механизмдері өте күшті болуы әрі оның орындалуы қатаң бақылануы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, жерге қатысты кез келген бұралаң әдіс-тәсілдерге титтей де мүмкіндік бермейтіндей болуы тиіс.

Міне, вице-прьемер, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың жер мәселесіне қатысты айтқан пікірі. Министр журналисттер сауалынан қашқан жоқ. Әңгіме ашық, бүкпесіз өтті. Сөйтіп, министрдің халыққа есеп беру жиынын аяқтап, жаңбырлатып тағы да жолға шықтық. Жол  -  қазақтың кең жазира даласы. Қабағы ашылмай, әлсін-әлсін жауын бүркіп тұрған қазақ аспаны. Жол үстінде Алматыны бетке алып, жиыннан қайтқан бір топ қазақ.

 

Өміржан Әбдіхалықұлы

Суретті түсірген - "ҚазАгро" холдингі баспасөз хатшысы - Ринат Тасболатов және Сергей Алексеенок

Алматы-Талдықорған-Алматы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572