Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дін 5059 0 пікір 14 Маусым, 2016 сағат 11:44

НҰРЖАН ТҰРСЫНБАЙ: «ОҢТҮСТІК ӨҢІРДЕ ДІНИ АХУАЛ ТЫНЫШ»

Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері Ақтөбе облысында болған атышулы террористік актілерге байланысты оқиғадан жұртшылық үрейленіп қалды. Осыған орай біздің де Оңтүстік өңірінде діни мәселе қалай, аймақтағы түрлі діни бірлестіктер арасындағы түсініспеншілік пен саяси тұрақтылықтың сақталуы үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Халықтың мазасыздануына себеп бар ма деген түрлі сауалдармен облыстағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінің директоры Нұржан Тұрсынбаймен жолығып, әңгімелескен болатынбыз.

- Оқырмандарымызға орталықтың тарихы мен атқарып отырған жұмысы туралы айта кетсеңіз?

- 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен тұңғыш рет елімізде діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік мекеме құрылды. Негізгі мақсаты қоғамдағы діни ахуалды талдап, зерттеп, сол бойынша нақты іс-шаралар жөнінде ұсыныстар білдіріп отыру жүктелді. Сөйтіп 2012 жылдан бастап жұмысымызды бастадық. Ол кезде біз ішкі саясаттың құрамында «Әлеуметтік бастамалар орталығы» деп аталдық. Атқаратын міндеттемелеріміз көп еді. Атап айтқанда, қоғамдық саяси, әкімшілік және діни рәсімдерге қатысатынбыз. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша тұңғыш мекеме болғандықтан сырттан келген қонақтар, еліміздің бас мүфтиі, ҚР МСМ Дін істері комитеті қызығушылық білдіріп, өзге де облыстарда ашылсын деген ұсыныс жасаймыз деді. Қазір еліміздің өзге де өңірлерінде әкімшілік тарапынан құрылған осындай ресми мекемелер жұмыс істеп келеді.

Өзіңіз білесіз, Оңтүстік өңірі өте үлкен аймақ, үш жарым миллион халқы бар, 90 пайыздан астамы ислам дінін ұстанады. Яғни айтпағым, 2011 жылдары орталықтың құрылуы қажет болып тұрған уақыт еді. Бұл үшін әрине бұрынғы облыс әкімі А.Мырзахметовке шексіз ризамыз. Осындай мекеме құрып, қосымша қаражат бөлгізіп, дінтанушы мамандарды тартуға мүмкіншілік жасады. Ал қазіргі облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлының ұсынысымен біздер биыл мамыр айында бөлек басқарма болып шықтық. Яғни біз бұрын әкімшіліктің қоғамдық-саяси жұмыстарына кірісіп кетсек, қазір тек облыстағы дін мәселесімен ғана айналысатынымыз туралы бағытымызды айқындап берді. Ендігі таңда, Дін басқармасы болып та ары қарай да жұмысымыз жандана түседі деп ойлаймын. Осыған орай басқарманың да атауын өзгертіп, дін мәселелерімен айналысатын ғылыми жағына да көштік. Орталықта 4 бөлім жұмыс жасайды. Біріншісі, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімі, екінші, оңалту жұмыстарын ұйымдастыру, үшінші, әдістемелік қамтамасыз ету бөлімі, төртінші, қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу бөлімі.

Жалпы облыстағы діни ахуалды мамандарымыз ақпараттық сауалнама жүргізу арқылы анықтап отырады. Орталықтың барлық ауданда филиалы жоқ. Сол себепті, біз кейбір жұмыстарға мешіттегі білікті имамдарды да тартамыз. Мәселен, Сарыағашта біздің бір маманды куратор секілді бекітіп қойдық. Сол кураторға қосымша жергілікті имамдар бекітіледі. Олар сол өңірде қанша жастардың ислами құндылықтардан ауытқып бара жатқанын анықтайды. Сонымен қатар, христиан діні арасындағы да түрлі бағыттарға қызығушылық қалай? Сол туралы мағлұматтардың аясында біз қай бағытты күшейту керектігін біліп отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, қазір Оңтүстік өңірінде діни ахуал тыныш.

- Қоғамның негізгі буыны - жастар. Сол жастарды керағар ағымдардан сақтандыру мақсатында қандай іс-шаралар атқарып жатырсыздар?

- Жыл басынан бері жастар арасында 200 кездесу өткізілді. Оған 31959 студенттер мен оқушылар қатысты. Жаңа айтып өткенімдей біздегі ақпараттық бөлім осы аталған жастармен, сондай-ақ мемлекеттік мекемелермен, әскери бөлімдермен, облыс, қала, аудандарға қарасты тұрғындармен, түзету мекемелеріндегі бас бостандығынан айрылған

азаматтармен діни бағытта ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бұрын 2013-2014 жылдары халықпен жалпы кездесу өткізетінбіз. Ал,2015 жылдан бастап біз әр топқа бөліп кездулерді ұйымдастырып келеміз. Мысалы,қазір жастар ма, тек жастарды шақырамыз. Тақырыбымыз да, айтатын сөзіміз де тек жастарға арналған. Олар алдағы уақытта қай оқу орнына бару керек, Интернет арқылы қандай діни ұстаздармен жұмыс жасауға болатынын айтамыз. Ата-аналар ма, оларға өзінің міндеттемелері мен балаларын жұма намазға жіберу керек пе, жоқ па түсіндіреміз. Ал құқық қорғау органдарымен арнайы семинар өткізіліп, сақал қойған және бетін бүркемелеп алған қыздардың көңіліне тимей заң аясында түсіндіру жұмыстарын қалай жасау керектігі айтылады. Яғни әр топқа берілетін ақпараттың өзін сүзгіден өткізіп отырамыз. Бұрынғыдай жалпылама бере салу деген болмайды. Жеке-жеке қадам жасаймыз. Айта кетейік, мұның бәрі де сол азаматтарымыздың тыныш өмір сүруі үшін жасалып жатқан дүниелер.

- Ал, сіздердің орталықтағы оңалту жұмыстары қалай жүріп жатыр?

- Кейбір азаматтар өзге ағымның бір тармақтарына өтіп, содан шыға алмай жатса, оңалту бөлімі жеке кездесіп, адасып жүрген бағытынан тайдырып, өзіміздің дәстүрлі бағытқа әкеледі. Оңалту жұмысы бойынша мекен-жайы арқылы жеке кездесуге мамандарымыз барады. Егер жұмыстан келе алмаймын десе, біздегі мамандар өздері барады. Оларға бағыт-бағдарын түсіндіріп береді. Жеке кездесулердің тізімін әрине біз құқық қорғау органдарынан аламыз. Кейде бір адаммен жеке кездесу бір сағат деп белгіленсе де үш сағатқа созылып кететін жайттар бар және ол азаматпен бір емес, төрт рет кездесуіміз мүмкін. Егер ешқандай нәтиже болмаса құқық қорғау органдарына ол азамат туралы мінездеме жазып береміз. Олар өз сараптамасын береді. Ал кейбірі бір кездескеннен кейін өзі хабарласады. Кейбір мәселелерді басқаша түсініп жүрген екенмін. Көзім енді ашылып келе жатыр. Маған ақпаратты ұстаздарым қалай болса, солай бере салған екен деп жатады. Үшінші кездесуден соң ғана біздің Ислам дініндегі дәстүрлі бағытты түсініп, кімнің мақсаты не екенін білдім дейтіндері де кездеседі. Осылайша дәстүрлі бағытқа қайтып жатқандар бар. Бұл бізді қуантады. Қысқасы, біздің мекеме жеке кездесуге көп көңіл бөліп отыр. Себебі, көпшілік жиналған кезде азаматтар сұрақ қойғысы келмейді. Жеке отырса адам өзінің ішіндегі ойын ашылып айта алады. Біздің мамандарымыз әрі дінтанушы, әрі психолог болып қызмет атқаруда. Орталықта 2 психолог бар.

- Құпия болмаса айтыңызшы, қанша азамат өзге ағымда адасып жүрген жерінен, өзіміздің дәстүрлі дінге бет бұрды?

- Республика бойынша дәстүрлі бағытта жүрген 2015 жылда 801 адамның беті бері қарады. Соның ішінде оңтүстік өңірінде бір жылда 246 адамның беті бері қайтты. Бұл жақсы көрсеткіш. Біздің мамандар дұрыс бағыт-бағдарды түсіндірмесе, онда 246 адам өздерімен қоймай, басқаларды да тартар еді. Саланың маманы ретінде біз оларды үш санатқа бөлдік. Бірінші санатқа айтқанынан қайтпайтын, өзінікін ғана дұрыстайтын, сол санада уланғандар. Мамандарымыз үшін оларды кері қайтару өте қиын. Екіншісі, бірінші топтағы азаматтарға қарағанда ұстанымы сәл төмендеу. Олармен жұмыс едәуір жеңіл. Кешегі қазақ жеріне келген ислам құндылықтарын таныстырып, Абай, Шәкәрімнің айтқандары мен Яссауидің хикметтерін мысалға келтіріп түсіндіреміз. Үшінші санаттағылар намазды енді бастап, солардың жамағатына қосылып жүргендер. Оларға вирус дендемей тұрғанда, тезірек қайтару жеңіл. Ал егер біз ештеңе істемей отыра берсек, үшінші, екінші санаттағылар бірінші санатқа өтіп кетеді. Ал бірінші топты мұздатқышқа қатырып қойған сияқты «сендердің өз құндылықтарың өздеріңде қалсын, бірақ басқаларды өздерің сияқты улаудың қажеті жоқ» деп айтып жатырмыз. Ал қалған екі санаттағы азаматтарды сақтап қалуымыз керекпіз.

- Облыста ахуал тыныш дедіңіз. Десе де, халық Ақтөбедегі оқиғадан кейін үрейленіп қалды. Бұған не айтасыз?

- Жарнама деген нәрсе бар. Тіпті 2-3 жасар баланың теледидарда қайта-қайта көрсетіліп жатқандықтан не айтылатынын жаттап алады. Өйткені қайталана бергеннен кейін адамның санасына сіңіп қалады. Ал біз мысалы Мақтаарал ауданындағы бір ауылға барамыз. Кездесуге 500-дей адам жиналып, елді мекеннің тұрғындары қуанып жатады. Ал енді қараңыз, бір жылда 365 күн, бір күнде 24 сағат бар, қанша минуттар бар. Ал жарнама күн сайын қайталанады. Яғни күнделікті ақпаратты айта берсе, сен соған бейімделесің. Біздің жылына ауданға барып екі рет кездесу өткізгеніміз халықтың есінде қалмауы да мүмкін. Адамның санасы ақпаратты тез қабылдап алғыш келеді. Мәселен «Фейсбукте» жаңалықты қарап отыршы, артынша қанша ақпарат келіп түседі. Сол себепті дұрыс ақпаратты жиі беріп отырсақ, соғұрлым халықты жаман пиғылды пікірлерден алыстататын жағдайға жетеміз. Себебі, қазір көптеген азаматтар әлеуметтік желідегі бейресми қауымдастықтармен, басқа пиғылдағы топтармен дос болып, адасуда.

- Әлеуметтік желі деп қалдыңыз. Бұл мәселені бақылап отыру жағы сіздерде қалай?

- Бұл мәселемен орталықта діни құндылықтарды зерттеу бөлімі айналысады. 2016 жылдың басынан бастап 371 әлеметтік желілерде мониторинг жасалды. Онда әлеуметтік желі бетіндегі неше түрлі қауымдастықтардың, басқа да түрлі сайттардың мақсатын анықтап, мына парақшада мынадай видео, аудиожазбалар бар екен деп тиісті органдарға береміз. Біздің жұмыс анықтау. Айтпақшы, біздің орталықтың сайты, әлеуметтік желілерде парақшаларымыз бар. Ресми сайт: centre-uko.kz,эл.почта:csi_uko_kz@mail.ru, fecebook: «Дін мәселелерін зерттеу орталығы», в контакте:vk.com/din_madeniet, twitter:@csi_uko. Сонымен қатар, БАҚ беттерінде де халықты өзге ағымдардан сақтандыру туралы ақпаратты жиі беріп жатамыз.

- Елімізде ресми түрде тыйым салынған 21 ағымның барын білеміз. Қазір жұртшылық желі бетінде де, былайша да Ақтөбедегі жағдайдан кейін салафизм идеологиясына да тыйым салыну керек деп ашық айта бастады. Маман ретінде бұған не айтасыз?

- Салаф – арабтың «бұл өткендегі жағдайды өзгертпестен сол күйінде халыққа беру» деген мағынаны білдіреді. Бұлар Пайғамбарымыздың заманындағы аузынан шыққан сөздерді өзгертпестен сол күйінде жеткізуші, соның жолын ұстанушылармыз дейді. Оның көзқарасы бойынша сіздер мен біздер басқа жолда жүрген болып шығамыз. Атауы әдемі болғанымен, заты ислами құндылықтарға келмейді. Неге десеңіз, іс-әрекетінде адамдармен байланысында зиянды салдарын тигізеді. Мәселен, Оңтүстік өңірінде кейбір жастар құран оқыған кезде қол жаймайды. Ата-анасы дайындаған тамақты «сен намаз оқымайсың, маған тамақ беруге қақың жоқ» деп жемейді. Зиярат басына барып құран оқиық десек, бармайды. Сөйтіп қоғамда бөлшекке бөліну осыдан басталып отыр. Бұлардың негізін қалаушы 1263-1328 жылдар аралығында өмір сүрген Такауиддин Ибн Тәймия деп есептейді. Исламның түсініктерін халыққа басқаша беруші. Қараңыз, ислам 7 ғасырда пайда болған. Ал бұл ағым 12 ғасыр өмір сүріп келген ғұламалардың сөзін жоққа шығарып отыр.

- Қазақстанда бұл ағымға тыйым салынды ма?

- Ресми түрде салынған жоқ.

- Неліктен тыйым салынбай отырған себебін маман ретінде айта аласыз ба?

- Сауд Араб әмірлігінің халқы Ибн Таймия мен Мухаммад ибн Абдул Уәһһабтың құндылықтарын, кітаптарын ресми түрде оқытады. Географиялық картада 23 араб мемлекеті бар. Солардың әрқайсысының басшысы, әнұраны, шекарасы, өзінің салт-дәстүрі бар. Соның ішінде Сауд Арабиясы уахаббизм идеологиясын қуаттайды. Өйткені, ол кісі сол Сауд Арабиясынан шыққан.

- Сонда бір мемлекетпен достық қарым-қатынасты сақтап қалу үшін осы ағымға тыйым салынбай отыр ма?

- Олай деп те айтуға болмайды. Басқа да қыр-сырлары бар. Қазір Интернет еркін айналымға енген соң, Саудияда бейресми оқу орындарында дәріс алғандар осында отырған бауырларына дәрістерін жібере береді. Мәселен кейбір жігіттерден «осы көптеген дәрістерді кімнен аласың?» деп сұрасақ, Саудиядағы видео-конференциядан алатындарын айтады. Ал ол жерде отырғандар қазақтың салт-дәстүрін білмейтін, Қазақстанға өмірі келмеген адамдар дәріс беруде. Ал исламның тактикасы әр елдің өзінің дәстүрін, тілін, әдет-ғұрпын сыйлай отырып, соның аясында насихат айтыңдар деп Пайғамбарымыздың өзі өсиет етіп қалдырған. Бізде Саудиядан тікелей дәріс алғандар өзі қалай түсінеді, қасындағыларға да солай сіңіргісі келеді.

- Айтыңызшы, түрлі діннің салдарымен Қазақстан күресуде кешігіп қалды деп ойламайсыз ба?

- Жоқ, маман ретінде олай ойламаймын. Ешуақытта ешнәрсе кеш болмайды. Тек қана дер кезінде қадамдарымыз нық, айқын болуы қажет. Кешегі Ақтөбедегі жағдайда азаматтарды жиһад ретінде қызықтырған. «Сендер егер де атыс-шабыспен қоғамдағы кәпірлерді атып өлтіріп жоқ қылсаңдар, шейіт боласыңдар. Алла сол күні сендерге жаннатта хор қыздарын сыйлыққа береді» деген ақпаратпен санасын улаған. Қандай адам жап жас бола тұра өзінің де, өзгенің де қанын төгіп, өмірін қияды? Ислам дінінде адам түгілі жан-жануарға қиянат жасауға тыйым салынған. Ал кешегі адамдар қаншама адамның қанын төкті, қаншама отбасы қайғырып, қанша балалар жетім қалды, қанша әйел жесір қалды? Кім соларға жол көрсеткен?!

- Негізі, соларға сол жолды кім көрсеткен, олар неге құрықталмайды деген сұрақты мен қойғым келіп отырған...

- Бұл мәселеге құқық қорғау органдары тиісті жұмыстарын орындауда. Жаңа айтып өткенімдей, бірінші санаттағы адам қатып қалған адам. Соның өзіне барып айта берсек, ол жиһад жасайын деп тұрған жерінен айныса, ол бізді қоғам үшін дұрыс. Әрине болған нәрсе болды, енді бәрі кеш деп қол қусырып отыруға болмайды. Ақтөбедегі оқиға бәрімізді ұйқымыздан оятып, тік тұрғызды. Бұл ары қарай сергек болуға шақыратын жайт. Біз әлгіндей жастардан кімнен дәріс аласың деп сұрасақ, Октам, Назратулла, Ділмұрат сияқты өздері көсем қылып алған ұстаздарын айтады. Олармен әлеуметтік желі арқылы байланысады. Ол желіге тыйым салынғанымен, басқа атпен қайтадан ғаламтор бетіне шыға береді. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Ақтөбедегі әрекетті жасаған салафизмнің жігіттері екенін біз ашық айта білуіміз керек деді. Жұртшылық та уақыты келе тыйым салу керек деп жатыр. Бірақ, салафизмнің өзі радикалды, радикалды емес, байсалды, байсалды емес деп бөлінеді. Мәселен, такфиршілер деген бар, олардың көзқарасы намаз оқымайтындардың бәрі кәпір, қанын төгуге, дүниесін алуға болады, білгендеріңді істеп жүре берсеңдер күнә болмайды деген сияқты қағиданы ұстанатындар бар. Бұл діни ұйымға 2014 жылы 18 тамызда тыйым салынды.

1992 жылы ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданды. Маман ретінде айтарым, сол заң қабылданғаннан кейін біздің санамызға сәйкес келмейтін, өмірі қазақ жерін көрмеген сырттан келген діндер қаптап кетті. Олардың құрамына он адам жинап алса тіркелуге мүмкіншіліктері болды. Яғни заң өз жұмыстарын жалғастыруға өте жеңіл мүмкіншілік жасап қойды. Кез келген жерде тіркеліп аласың да жұмысыңды жасай бересің. Сөйттік те біз көптеген неше түрлі батыстан да, шығыстан да кірген діннің салдарынан халықтың санасын уланып, сансырап қалды. Ал 2011 жылы заңға өзгеріс енгізілген соң, біршама күшіне енді. Айтпағым, қазіргі қиындықтар сол кездегі олқылықтардың әсерінен елімізде көптеген бейресми діни ағымдардың кіріп кетуіне себепкер болды. Қазірдің өзінде 3000-нан астам діни бірлестіктер бар. Оның ішінде 2500-ге жуығы өзіміздің мешіттер, қалған 1000-ға жуығын басқа ағымдар құрайды. Қарап тұрсаңыз, сол мыңның өзі маман ретінде айтарым, біздің қоғам үшін өте көп.

- Мешіт демекші, қазір ата-аналар балаларын имандылық үйіне жіберуге қорқып қалған. Себеп, өзге ағымның насихатына еріп кетеді ме деген қорқыныш. Мешіттегі жағдай бақылана ма?

- Қазір мешітте тек қана сол жердің имамдары уағыз айтады. Басқа ағымның жамағаты өзге ағым туралы насихаттай алмайды.

- Көпшілігіміздің ұялы байланысымызға сары деңгей туралы смс-хабарлама келіп түсті. Шыны керек, оны көпшілігі дұрыс түсінбей, шошынып та қалды. Бұған дейін халыққа «сары деңгей» термині туралы неге түсіндірілмеген?

- Әрине елімізде жаман нәрселер болмай-ақ қойсын, жаңағыдай терминдерді адамдар естімей-ақ та қойсын. Сары деңгей - сені кез келген жерде тоқтатып құжаттарыңызды қарап жатса, ол әрекет елдің қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанына түсіністікпен қарауымыз керек. Яғни алдын ала шаралар, террористік мәселелерді болдыртпау. Бұл термин шұғыл жағдайда ғана беріледі. Өзіңіз айтқандай, жұртшылық сары, қызғылт, қызыл деңгей деген не деп жатты? Негізі бұл терминді құқық қорғау органдары жақсы біледі. Мәселен тып-тыныш жатқан елге сары деңгей деген хабар жіберілсе, халықта үрей пайда болады ғой. Сондықтан, бұл амалсыз жіберілген хабарлама болды.

- Шымкент қаласында «Гарант» т.б. жерлерде көбіне сақалды, қысқа балақ киген азаматтар қаптап жүретінін көріп жүрміз. Әлеуметтік желі бетінде облыс тұрғындары олардан қауіп жоқ па дегендей әңгіменің шетін шығарды. Тіпті, жайбарақат күннің өзінде сол жерден өтіп бара жатып, оларға үркіп қарайтынымыз жасырын емес. Ол жердегі азаматтар бақылауда ма?

- Айтып жатқаныңыздың бәрі өте дұрыс. Ал,енді «Гарант» сауда дүкендерінде және басқа да оңтүстік өңіріндегі жерлерде осындай азаматтар бар екені бәрімізге мәлім.

Біз 2015жылдан бастап құқық қорғау органдары арқылы деструктивті ағымдардың қатарында кеткен азаматтардың аты – жөнін, толық мекен – жайын анықтадық. Сөйтіп арнайы кестелер жасап, олармен біздің орталықтың мамандары жеке-жеке кездесу жасап жатты. Бұл кездесудің нәтижесі өз жемісін беріп жатыр. Өйткені кейбір жастарымыз өздерінің радикалды көзқарасымен беттері бері қарап исламның ханафи бағытын ұстанып жүр. Жоғарыда айтып кеткенімдей оңтүстік өңірінде 2015 жылы 246 адам осындай жеке кездесулердің нәтижесі деп білемін. Сондықтан да біз өз тарапымыздан қолдан келгенше діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге барынша күш-жігерімізді салып келеміз.

 

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ

Республика бойынша 2500 мешіт бар, оның 800-і ОҚО тиесілі.

Республика бойынша 17 конфессия, 3088 діни бірлестік бар

ОҚО бойынша 11 конфессия, 59 діни бірлестік бар

Әлеуметтік желі мен сайттарда 371 мониторинг жұмыстары жүргізілді.

Облыста орталық мамандары 425 азаматпен 713 жеке кездесу өткізді. Оның ішінде 72 азамат дәстүрлі бағытқа қайта оралды.

 

Елімізде тыйым салынған ағымдар

Мұны білу сіздің жеке қауіпсіздігіңіз бен балаңыздың болашағы жарқын болуы үшін керек

  1. «Әл-Каида»
  2. «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс»
  3. «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс»
  4. «Күрд Халық Конгрес» («Конгра-Гел»)
  5. «Асбат әл-Ансар»
  6. «Мұсылман бауырлар» (Братья-мусульмане)
  7. «Талибан» қозғалысы
  8. «Боз гурд»
  9. «Орталық Азиядағы Жамағат мужаһидтер»
  10. «Лашкар-е-Тайба»
  11. «Әлеуметтік реформалар қоғамы»
  12. «Хизб-ут-Тахрир»
  13. «АУМ Синрике»
  14. «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы»
  15. «Түркістан ислам партиясы»
  16. «Алла аят» қозғалысы
  17.  «Ата жолы» қозғалысы
  18.  2011 жылы 19 қазанда Алматы қаласы соты Зікіршілерге тыйым салды
  19.  «Таблиғ жамағаты»
  20. «Ат-такфир уәл хижра»
  21. ДАИШ, ИГИЛ

 Жансая Сыдықбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1501
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3272
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5689