Ноғайлар, Ноғай ордасы – қазақтар ма?
 
                                Тарих сахнасында түркі халықтарының тағдыры мен жолы өзара тығыз байланыста өрбігені белгілі. Солардың бірі – Ноғай ордасы мен оның халқы – ноғайлар. «Ноғайлар кімдер?», «Олар қазақтармен қандай туыстық қатынаста болды?», «Ноғай ордасын қазақ тарихынан бөле-жара қарауға бола ма?» деген сұрақтар көпшілікті үнемі қызықтырып келеді. Әрине, бұл сұрақтарға жауап беру үшін біз XIV–XVII ғасырлардағы саяси, этникалық және мәдени жағдайды зерделеуіміз қажет.
Ноғай ордасының пайда болуы
Ноғай ордасы Алтын Орда ыдырағаннан кейін, XIV ғасырдың соңында қалыптасты. Орда Еділ мен Жайық, одан әрі Сібір мен Қырым аралығындағы ұланғайыр далада орналасқан. Негізін салушылардың бірі — атақты әмір Ноғайдың есімімен аталды. Әмір Ноғай XIII ғасырдың аяғында Алтын Орда ханы Берке мен Тоқта замандарында үлкен абыройға ие болған қолбасшы еді. Оның ұрпақтары мен қол астындағы рулар кейін өз алдына жеке ұлыс құрып, «Ноғай ордасы» атанды.
Бұл орда құрамына қыпшақ, қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, кердері, шекті секілді түркі текті рулар кірді. Яғни, Ноғай ордасының этникалық өзегі – дәл сол қазақ халқын құраған ру-тайпалармен бірге тұрмыс кешкен. Осы себептен көптеген зерттеушілер ноғайлар мен қазақтарды «бір тамырдан тараған ағайын халық» деп есептейді.
Ноғай ордасы мен Қазақ хандығы көрші орналасып, өзара тығыз қарым-қатынас орнатқан. XV ғасырдың ортасында Керей мен Жәнібек сұлтандар Моғолстан жерінде дербес Қазақ хандығын құрған кезде, Ноғай ордасында да өз билеушілері бар еді. Бірақ екі елдің арасында шекара шартты ғана болатын. Себебі ноғай рулары мен қазақ руларының көшіп-қону аймақтары көбіне араласып жатты.
Көптеген ноғай рулары кейін Қазақ хандығының құрамына өтті. Мысалы, кіші жүздің құрамындағы алшын, шекті, адай, шөмекей сияқты рулардың бөлігі – ежелгі ноғай жұртынан. Ал кейбір ноғайлар XVII ғасырда Еділ жағалауынан батысқа, Қырым мен Кавказға қарай ығысып, өз алдына шағын ұлыстарға бөлінді.
Этнографиялық тұрғыдан алғанда да, ноғайлар мен қазақтардың тілі, киім үлгісі, салт-дәстүрі мен ауыз әдебиеті өте ұқсас. Мысалы, ноғай тілін қазақтың батыс диалектісімен салыстырғанда айырмашылық мардымсыз. Екі халық та жыраулық дәстүрді ерекше дамытқан. Шалкиіз Тіленшіұлы, Қазтуған, Доспамбет сияқты жыраулар бірде ноғай, бірде қазақ әдебиетінің өкілдері ретінде аталады. Өйткені олардың шығармалары екі халыққа да ортақ рухани мұра.
XVI ғасырдың екінші жартысында Ноғай ордасы ішкі қырқыс пен сыртқы қысымның салдарынан әлсірей бастады. Бір жағынан Мәскеу мемлекеті мен Қырым хандығы, екінші жағынан Қазақ хандығы мен Сібір жұрты ноғай жеріне ықпал етуге тырысты. Ақырында XVII ғасырдың басында Ноғай ордасы бірнеше тарауға бөлініп, кейбір тайпалар орыс бодандығын қабылдаса, көпшілік бөлігі қазақ жеріне қоныс аударды.
Міне, осы кезде көптеген ноғай рулары Қазақ хандығының құрамына кіріп, қазақ этносының толыққанды бөлігіне айналды. Тарихшылар бұл үдерісті «қазақ пен ноғайдың қайта бірігуі» деп те атайды. Бұл – жай ғана көші-қон емес, бір тіл және бір дәстүр, бір дін сонымен қатар бір мүдденің тоғысуы еді.
Бұрынғы ноғай даласының көп бөлігі осы Қазақстанның Батыс өңірін қамтиды. Мысалы, Маңғыстау мен Атырау аймағында «ноғайлы жырлары», «ноғайлы заманы» туралы аңыздар әлі күнге дейін кең тараған. Бұл – ортақ тарихтың ұмытылмаған айғағы.
Ноғайлар мен қазақтар арасындағы ең терең байланыс – рухани мәдениетте жатыр. Ортақ жыраулар мен батырлар, аңыздар мен жырлар – соның айғағы.
Мысалы, Қазтуған жырау туралы сөз еткенде, оны қазақ па, ноғай ма деп бөлу қиын. Өйткені оның толғауларында қазақ даласына тән ерлік, елдік рух ерекше көрінеді. Шалкиіз де солай — оның өлеңдерінде «ер намысы», «ел қорғаны» тақырыптары қазақ жырауларымен үндес.
Ноғайлы дәуірінің жырлары – қазақ эпостарының арғы тегі деуге болады. «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Едіге батыр» жырларының ноғай және қазақ нұсқаларының ұқсастығы бұған дәлел. Бұл шығармалар екі халықтың да дүниетанымы мен ұлттық мінезін қалыптастырды.
Бүгінгі таңда ноғайлар Ресей Федерациясының Дағыстан, Ставрополь өлкесі, Қарашай-Шеркес және Астрахан облысы аймақтарында өмір сүреді. Олардың жалпы саны 100 мыңға жуық. Бірақ тіл мен дәстүр тұрғысынан қазақтармен әлі де ұқсастықтарын сақтап келеді. Көптеген ноғайлар өздерін «қазақпен бір туыс халықпыз» деп санайды.
Қазақстанның кейбір өңірлерінде де ноғайлардың ұрпақтары өмір сүреді. Әсіресе Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында «ноғай-қазақ» деген аралас атаулар жиі кездеседі. Тарихшылар мен этнографтар бұл құбылысты қазақ ұлтының қалыптасуындағы көпқырлы этникалық бірігудің бір көрінісі ретінде бағалайды.
Егер тереңірек қарасақ, ноғай мен қазақты ажыратудың өзі қиын. Тілдері бір, мәдениеті бір, діні мен салты да бір. Айырмашылық тек саяси және географиялық жағдайдан туған. Бірі Еділ бойында, бірі Сыр бойында өмір сүргенімен, екеуінің де түбі түркілік, тамыры ортақ.
Қазақ халқының шежіресінде «ноғайлы дәуірі» ерекше орын алады. Бұл кезең – елдің бірлігі мен рухының күшейген, батырлар мен жыраулар заманы. Қазақ халқының өзіндік мемлекеті – Қазақ хандығы қалыптасқан тұста, ноғай жұртының тағдыры сонымен қатар өрбіді. Демек, Ноғай ордасы қазақ тарихының ажырамас бөлігі.
Ноғай ордасы – Қазақ хандығымен қатар өмір сүрген, бірақ түп негізі, тілі, діні мен мәдениеті ортақ мемлекет болды. Кейін бұл екі елдің ұрпақтары біртұтас қазақ ұлтының құрамында бірікті.
Ноғайлар – қазақ халқының өткен тарихындағы маңызды кезеңнің, яғни «ноғайлы дәуірінің» мұрагері. Бүгінгі қазақ халқының бойындағы ерлік, жыраулық, бірлік пен намыс – сол ноғайлы рухтың жалғасы.
Сондықтан да, ноғайларды қазақ тарихынан бөліп қарау – үлкен қателік. Керісінше, оларды қазақ ұлтының тарихи тамырының тұтас бұтағы ретінде тану – әділ әрі ғылыми тұрғыдан дәлелді ұстаным.
Өткенін білмеген халық – келешегін болжай алмайды. Ал ноғайлы мен қазақтың тағдыры – бір арнадан бастау алған ұлы өзеннің екі тармағы. Екеуінің де бастауы ортақ, ал бүгіні мен алдағы кещзені де ортақ.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz
 
                                                                                                 