АЗАТТЫҚТЫҢ АРҚАСҮЙЕР ҮШ БҰТАҒЫ
Биыл егемен болғанымызға - 25 жыл. Осы ширек ғасырда егемен елге тән басты 3 саяси фактор қалыптасып үлгермеді, олар: ҰЛТТЫҚ БУРЖУАЗИЯ, ҰЛТТЫҚ ЭЛИТА, ҰЛТТЫҚ ТҰТАСТЫҚ.
ҰЛТТЫҚ БУРЖУАЗИЯ
Ұлттық буржуазия ұлттың материалдық игілігін жасақтап, молайтады әрі қорғайды; ҰБ болмаған елдің байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетеді. ҰБ-сы бар елге инвестиция іздеп, шарқ ұрудың да, өтірік-шын қақсаудың да керегі жоқ. Өйткені, оны тартатын да, игеретін де - ұлттық буржуазия. Біздің елде оның белгілері ретінде «жас түркілер» қалыптаса бастаған-ды, алайда 2001 жылы үлкен күйеу арандатып, Қазақстанда «буржуазиялық революция» бола жаздап, тұншықтырылды да, сонымен бірге жалпы буржуазиялық үрдіс ауыздықталды. Билікке одан қорқынышты нәрсе болмады. Ақырында оны балапан басына, тұрымтай тұсына пышыратты.
Бұл өскіндеген буржуазия қазақ халқының маңдайына ХХ ғасырдағы Алашорда буржуазиясынан кейінгі пайда болған ұлттық тап еді...
Қазақстанда мол мүмкіндік бола тұра, биліктің жарғақ құлағы жастыққа тимей Орта-шағын бизнесті дамытуды қолға алған талай бағдарламалар мен шаралар неге нәтиже бермейді? Өйткені, бұның нәтижесі ретінде ұлттық буржуазия қалыптасар еді де, ол авторитар биліктің қас дұшпаны болары анық. Сондықтан сөз жүзінде орта тапты қалыптастыру болғанмен, іс жүзінде ол ешқашан қолға алынбайды, жекедара билік тұсында алынуы мүмкін де емес.
Сөйтіп, ұлттық орта таптың игеруіне жататын қыруар байлық пен ресурс биліктің айналасындағылардың қолымен, солардың араласымен талан-таражға ұшырады, тоналды, ұрланды. Оның бүгінгі ресми көрсеткіші – 140 миллиард АҚШ доллары, яғни ұлттық қордың 2 есе мөлшеріндей капитал. Көзге түспегені өз алдына.
Азды-көпті қарасы көрінген буржуазиялық топ жекедара биліктің уысында, оның қабағынсыз ештеңеге тырп ете алмайды. Тіпті, олардың қайырымдылық етуге де қақылары мардымсыз. Тырп еткендері елден аласталды.
Бұның барлығы елдегі материалдық ресурстың монополиялық түрде бақылауда екендігін көрсетеді. Демек, жекедара билік ешқашан елдегі материалдық байлықты халықтың игілігіне жарата алмайды әрі жаратуға кіріскен күштерді қудалайды. Бұл – сол сипатты биліктің өзін өзі қорғауға мәжбүр ететін міндет. Себебі, елдегі ресурсты халыққа жаратқан сәттен бастап, жекедара билік пышырай бастайды, орта тап қалыптасады, ал ол демократиялық принципті көктететін бірден бір құнарлы топырақ болар еді.
Егер елде орта тап қалыптасқанда, басқасын былай қойғанда жердің рәсуә болуы, әркімге сатылуы, жалға таратылуы оңды-солды орын алмайды. Жерге де қожайын әлгі орта тап болар еді. Сондықтан бүгінгі өзекті болып отырған Жер мәселесі ешқашан ойдағыдай шешімін таба алмайды... егер де елде орта тап қалыптасып, байлыққа бақылаушы сол болмайынша.
ҰБ – елдің материалдық игілігін қорушы күш.
ҰЛТТЫҚ ЭЛИТА
Ұлттық элита – халықтың әкесі, елдің абызы, мемлекеттің рухани қалқаны. Біз элита ретінде советтік ұғымның жетегінде, интеллигенцияны атаумен шектеліп жүрміз. Алайда, бұлар - мойнына қарғы бау тағып, қолына диплом ұстағандар емес, халықты соңына ерте алатын, ауызының дуасы бар, мемлекет мүддесі жолында тәуелсіз ашық пайымы бар топ. Бұл – ұлттың абыройлы да ардақты азаматтары ғана емес, ең бастысы бұлар - мемлекет мүддесін қорушы күш. Мемлекет саясатын халық игілігі тұрғысынан бақылаушы, ықпал етуші тарап. Бұлар жай ғана пікір айтып қоймайды, теріс саясатқа үзілді-кесілді қарсылық танытады, қажет болса құрбан болады. Құрбан болған алашордашыларды, Шығыс Түркістан құрушыларды алыңыз.
Жекедара билік тұсында элита қайшылыққа келмей тұра алмайды, өйткені, авторитарлық билік мемлекет мүддесін ешқашан толық қорғамайды, оны өз мүддесі тұрғысынан шашау шығарады. Осы тұста мемлекет мүддесін қорушы элита үнсіз қалмайды, тарихи өз миссиясын орындайды.
Авторитар билікті қоғам элитаның басы жерге жеткенше тыншымайды. Оны шынайы болмысынан ажыратып, элитаны торғай үркітетін егіндегі қарақшы кейпіне түсіреді.Оны өзіне қызмет еткізіп, элитаны алуан жолдармен бұғаулап не жойып тынады.
Сондықтан да ұлттық элита жекедара билік тұсында барынша әлсіреп, мейлінше тұқыртылады. Сөйтіп, халық жетім қалады. Бұқара көрінгенге жәутеңдеп, сөзін сөйлеген бала-шағаның өзін батыр тұтады, оны элита санап, өзін өзі алдаусыратады...
ҰЛТТЫҚ ТҰТАСТЫҚ
Мемлекет құраушы басты үшінші фактор – ұлттың тұтастығы. Біздің қоғам ұлт пен этносты әлі күнге шаттастырудан танбай келеді. Ұлт мемлекет құрушы түрлі этностан тұруы ықтимал біртұтас халық. Мұстапа Шоқай ортаазиялық этностарды бірыңғай мемлекетке біріктіріп, Ұлы Түркістан құрудағы мақсаты, сол жұрттарды болашақ біртұтас ұлт ретінде қарастырғаны сондықтан еді. Әрине, ұлт кейде жалғыз этностан да тұрады, мысалы - Жапониядағы жапондар.
Жекедара сипатты билік табиғи жолмен, шынайы үдеріспен ешқашан этностарды біріктіріп, біртұтас ұлт құрай алмайды. Сондықтан оларды ылғи да жекедара қарап, жекедара билейді. Авторитар тап ортақ мемлекет құруға мүдделі этностардан зәредей қорқады, өйткені, ондай тұтастық бір мүддеге бірлескен ұлтты қалыптастырып, күндердің күнінде өзімшіл авторитар биліктің өзін құртып тынады. Мәселен, 2016ж 24 сәуірде немесе 21 мамырда тек қана қазақтар шықпай, оларға басқа да этностар бірігіп талап қойса, не болар еді? Нәтиже мүлдем басқаша болары сөзсіз. Сондықтан оларды «ассамблея» сықылды жалған меморган құрып, емексітіп басқару тиімді.
Сайып келгенде, жекедарашыл билік - мемлекеттің қас дұшпаны. Өйткені, мемлекетті күшейтуге қажетті біз атаған басты факторларға ол ешқашан ымырашыл көзқараста болмайды. Табиғаты оған жібермейді.
Ерғали Серік
Abai.kz