Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 10126 0 пікір 19 Мамыр, 2016 сағат 13:23

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ. «БЕСІГІҢДІ ҰМЫТПА!..» (жалғасы)

Жалғасы. Алдыңғы бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар: 

http://abai.kz/post/view?id=7271

http://abai.kz/post/view?id=7292

http://abai.kz/post/view?id=7363

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7819

http://abai.kz/post/view?id=7851

 

Осыдан тура бiр жыл өткен соң, 1915 жылы 13 ақпан күнi Семейдiң тағы да сол “Приказчиктер клубында” үлкен сауық кешi ұйымдастырылды. Бұл кеш жөнiнде Мұхтардың өзi Қайым Мұхаметхановқа:

Ойын-сауықтың басты мақсаты – қазақ әйелдерiнiң бетiн ашып, мәдени-ағарту жұмысына қатысуға баулу едi. Оған Нәзифа ханымның өзi ұйтқы болды. Кеш соңында барлық ойынға қатысушы жас жiгiт, қыз-келiншек ән салып, тойтарқар өлеңiн айтып, сауық кешiн көңiлдi аяқтады” деп әңгiмелеп берiптi.

Бұл кеш туралы хабарлар “Қазақ” газетi мен “Айқап” журналында басылды. Мақалалардың жалпы ұзын-ырғасы ұқсас болғанымен де, iшiнара өзгешелiктер бар. Әрбiр деректiң құны қымбат. Сондықтан да бiз осы екi басылымдағы мәлiметтердi жарыстыра отырып берудi лайық көрдiк. Оның үстiне екi басылымға да мақала берушi бiр адам. “М.М.” деп қол қоюшы – Мұстақым Малдыбаев. Кезiнде қазақ зиялыларының iшiндегi ұлтжандылығымен аты шыққан адам. Жекелеген жинақтары да бар. Атақты Мәди Бәпиұлының жан досы, Мәди осы Мұстахымды Қарқаралыдағы түрмеден құтқарамын деп жүріп кейін оққа ұшты. Мекемтас Мырзахметов құрастырған “Абайды оқы, таңырқа...” атты жинақта баспаның қателiгiнен бұл мақала Нәзифа Құлжановаға телiнiп кетiптi. Мұхтардың өзi қатысқан сол кештi толық көз алдымызға елестету үшiн әр дерекке кезек-кезек жүгiне отырып, оқырманға толық мағлұмат беруге тырыстық.

“Қазақ әдебиетi кешiнiң” негiзгi мақсаты – “қазақтың жас талапкерлерiнiң ыждиhатымен мұсылман атынан жаралыларға деп ашылған науқасханаға hам қазақ мұқтаж оқушыларының пайдасына” қаржы жинау. Демек, қайырымдылық кешi. Мұстақым Малдыбаев сауық кешiндегi оқиғаны былай баяндайды:

“Кеш басталарда, сағат сегiз жарымда Райымжан Мәрсеков шығып қазақ әдебиетi турасында бiраз сөйледi. (Райымжан мырзаның сөзi 112 hам 113-ншi нөмiрде басылды). Онан соң Нұрғали мырза Құлжанов шығып ақсақалдардан, қажылардан ғафу өтiндi. Алдыңызға келiп өлең айтатын келiндерiңiздi айыпқа бұйырмассыздар, игi жұмыс үшiн iстелген кеш қой деп және де Сара қыз бен Бiржан салдың жөнiн айтты” (“Қазақ”, 1915 жыл, 28 наурыз.).

“Ойнаушылар қазақтың оқыған жастары, оқыған әйелдерi едi. Ойын төрт бөлiмге бөлiнiп, бастапқыда қазақтың сауықшыл, өлеңшi, әншi ақындары, ескi кемеңгер билердiң шешендiгi, әр түрлi сөздермен тақпақтап, өлеңдетiп айтылды. Сөз ұсталығы, бұрынғы қалыпта сауық қылу, ән салу, домбырамен күй тартулардың ең сүйкiмдi нәрсе, жан азығы екенi турасында, соңырақ заманда ел iшiнде қожа, молдалар көбейiп, бұл сауықтарды обал, күнә деп халықтың көңiлiн қайтару, бертiн кезде Ыбырай Алтынсарин, әсiресе, Абай Құнанбаев сықылды кемеңгер ақындар шығуы, олардың өлең әнiне жан кiргiзiп, өң беруi, ұлттық әуезiн сақтауын, жоғарылауы жалғыз әдебиеттiң арқасында ғана болуы тұғысында доклад оқылды. Доклад ұзын жазылып, мысал үшiн бұрынғы ақындар, даhир (көсем) билердiң өлеңдерi де айтылып өттi” (“Айқап”, № 5, 1915 жыл).

Бұдан кейiн “Бiржан-Сара” айтысынан көркем көрiнiс көрсетiлдi.

“Перде ашылысымен-ақ алаңның оң жағынан басында шоқпардай үкi таққан құндыз бөрiк, үстiнде жiбек шапан, белiнде күдерi белбеу, қолда үкiлi домбыра, қасында төрт-бес бозбаласымен әсемденiп ән салып Бiржан шыға келдi.” (“Қазақ”).

“Бiржанның салдарша киiнген бес жолдасы да жанында тұрды.

                Бұл үйде Сара бар ма , шықсын берi,

                Iздеген келiп тұрмын Бiржан серi.

                Жолықпай сөзi өктемге жүрген шығар,

                Үйiнде Тұрысбектiң өлер жерi, 

 

деп шырқаған Бiржан даусын естiген, қасында жетi-сегiз қыздары бар, бұрала басып, сықылдап Сара шықты. Үстiнде оқалы қызыл қамзол, атлас шапанын иығына жамылып, бүтiн дүниенi бiр тырнағына теңгермей келе жатқан серi қыз Сара екенiн көрген жерде-ақ әркiм бiлдi. Екi нөкер сахнаның екi жағына отырып кезек-кезек ән шырқап айтысты. Бiржан-Сараның өлеңiн бәрiн айтып бiтiру халықты жалықтырар деп қысқартып айтылды (“Айқап”).

Бұл көрiнiстi Мұхтардың ерекше ынтыға көруi заңды да едi. Себебi, сахнада Бiржан боп өнер көрсетiп тұрған жас жiгiт оның досы әрi сабақтасы Жүсiпбек Аймауытов болатын. Қашан ажал оғы айырғанша үзiлмеген қос данышпанның жастық сыры да, жүрек жыры да ортақ едi.

“Сара қыз болған – Тұрар ханым Қозыбағаров жамағаты едi, бұ кiсi өлеңдi анық айтып, сөзiн салмақпен сөйлеп, сөз аяғында бiр түрлi әнмен баяулатып, ақырындатып келiп, соңғы жағында көтерiп салғанда, жиылған халық сүйiнгеннiң белгiсiн үстi-үстiне қол шапалақтап бiлгiздi. Бiржан болған семинарияда оқитын шәкiрт Жүсiпбек мырза Аймауытов – Бiржанның өлеңiн өзiндей болып-ақ айтты. Бұлардың шыққан түрi, отырып өлең айтқан әлпi жиылған жұртқа Бiржан сал мен Сараның өздерi отырып айтқандай-ақ көрiнедi” (“Қазақ”).

“Екiншi ойында Нәзифа Құлжанова Ыбырай Алтынсариннiң жазды суреттеген сөзiн сөйледi. Әншi Әлмағамбет “Ырғақты”, “Татьяна”, “Жарқ етпес” деген әндердi домбыраға қосып айтты. Екi домбыра бiр мандолинаны қосып, ұлт күйiн тартты. Т.Жомартбаев, Ә.Сәтбаев, М.Малдыбаев декламация оқыды. 2-бөлiмнiң аяғында 12 жасар Қайықбай деген бала ән салды. Түйенiң өркешiндей кiшкене Қайықбай сахнаға шығып, бiраз домбырасын күйлеп алып “Аридаш-ай” деген ән шырқағанда, көзiмнен жас қалай шыққанын да бiлмей қалдым. Орындыққа отырғанда аяғы жерге жетпеген Қайықбай баланың даусы шыққанда бүтiн халық демiн iшiне тартып тыңдап тұрды. Құдай бiледi, тас жүректi кiсi болса да осы баланың даусына қорғасындай балқып, жүйесi бiр босаған шығар-ау...

Орыстың Шаляпин дейтiн әншiсi бар едi. Сартта жалшылықта жүрген Қайықбай үлгi көрсе, ешкiмнен кем болмас едi-ау, әттең кедейлiк-ай! Әншiлердiң жүйе босататын даусы Г.П.Потанин жарықтықтың: “Он жылдан соң қазақ әншiсi патшаның сарайында өлең айтады” деген сөзiн есiме түсiрдi.

3-бөлiмде Жанақ ақын мен бала айтысы (көрсетілді). Жанақтың ролiн Әлмағамбет, баланың ролiн - Ғабдiлхамит Ыбырай Алтынсарин баласы атқарды. Тағы да декламация оқылды, әншi Қали Бекберген баласы неше түрлi әнге салды. Мұның даусын жұрт қатты ұнатты.

4-бөлiмде живой картина болды. Әуелi басына қалқан, үстiне темiр сауыт киiп, қолына айбалта, найза ұстаған қазақтың батыры көрiнедi. Батыр болған жiгiт қозғалмай тұрғандықтан, жұрт жансыз нәрсе екен деп қалыпты. Орал, Торғай, Жетiсу, Семей облысындағы қазақтың келiншектерi өз формасында шығып, жұртқа тәжiм етiп көрiндi. Картинадан соң сахнаның бiр жағына қыз-келiншектер, екiншi жағына бозбалалар отырып, кезекпе-кезек қосылып ән салды. Сөйтiп той сықылды болып тарқалды. Ойын өзi көңiлдi, қызықты болды” (“Айқап”).

Осы әдеби кеште қазақтан шыққан көпестер мен байлардың да “тосын мiнезi” байқалды. Семейдегi мәдени-ағарту iсiне ерекше үлес қосқан, “Алашорданың” құрылуына тiкелей қаржылай көмек көрсеткен Қаражан сияқты жандардың ұлты үшiн күйiп-жанып жүргендiгi туралы да мәлiмет бередi. Қаражан көпестi Мұхтар да өте жақсы бiлген және оның үй-iшiмен араласып тұрған. Оның iнiсi Аймағамбеттiң ауылындағы оқиғаны кейiн “Түнгi сарын” пьесасына арқау еттi.

Бұл кеш жалғыз қазақтарға емес, барша келген адамдарға бiр түрлi көңiлдi көрiнген. Орыстар болсын, ноғай бауырларымыз болсын, бiз әдебиет кешiнiң мұндай қызықты болып шыққанын бiлмеймiз дестi. Жұрттың көпке дейiн сөйлеген әңгiмесi осы ойын болды. Бармай қалғандары қатты өкiнiште болып, ендi осындай ойын қашан болар екен дегендер де көп.

Ойыннан жиналған ақша 817 сом болды. Шығын 277 сом. Мұның үстiне қадiрмендi ақсақалымыз Жақия қажы Бейсеков жастарымыздың алғашқы талап еткен жолы едi ғой, бiз көтермегенде кiм көтередi деп 100 сом сый қылды. Барлығы 917 сом болды. Саф пайда 640 сом.

Бұл ойын iстегенде кiшкене ғана бiр кеш бола ма деп ойлап iстелсе де, қазақтың жақсылары, ақсақалдары, қажылары – бәрi жастармен ынтымағын бiрiктiрiп, қызметтерiн аямай қылып, жұрттың жиылуы ойлағаннан артық болып, отыратын орын жетпей, клубтың iшi түрегелiп тұрған халыққа сыймай кеттi. Билет сатуға қатты жаhат айтып, керектi нәрселердi тапқызып беру турасында hам ойынға құрметтi ханымдардың келуiне себепшi болып көп қызмет көрсеткен Қаражан бай болды. Бұған шейiн жақсыларымыз бен қарияларымыз бiр бөлек, жастарымыз бiр бөлек жiктенiп жүрушi едi. Ендi бұлардың ынтымағы, бiрiгуiнiң басы осы болар деп үмiт етiп, қуаныш қыламыз hам ұлтына қызмет етерлiк Жақия қажыдай ақсақалдарымыз, Қаражан байдай мырзаларымыз көбейуiне тiлеулеспiз” (“Қазақ”).

Бұл мақала жөнiнде және сол сауық кеш туралы бұдан артық айтудың қажетi де шамалы. Кеш – өз мақсатын толық орындап шыққан. Ойын туралы осындай мақала орыс тiлiнде, Томскi қаласында шығатын “Сибирская жизнь” газетiнiң 1915 жылғы № 52 санында да басылған. Ал, осы ойын-сауыққа келетiн болсақ, оның анық-қанығын Қайым Мұхамедхановтың “Семей театрының тарихы” атты мақаласынан бiлемiз.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053