Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2927 0 пікір 16 Қыркүйек, 2016 сағат 18:16

Басты мақсат – суармалы жер көлемiн ұлғайту

Ресми дерек бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысында суармалы жер көлемi 466 мың гектарды құрайды. Облыстық жер қатынастары басқармасының мәлiметiне сүйенсек, тоқсаныншы жылдардың басында өңiрдегi суармалы жер көлемi 495,8 мың гектар болған екен. Осы ретте, суармалы алқаптарды қосымша 292,5 мың гектарға ұлғайту мақсатында 2013 жылы ОҚО әкiмдiгiнiң қаулысымен тиiстi iс-шаралар жоспары бекiтiлiптi. Бұл бойынша былтыр 29,0 мың гектар алқапты жаңадан айналымға қосу көзделген. Соның нәтижесiнде 10 айда жоспар 18,3 мың гектарға орындалды. Сондай-ақ, Сырдария өзенiнiң суын тиiмдi пайдалану мақсатында облыс әкiмiнiң қаулысына сәйкес «Сырдария өзенiнiң оң жағалауын игеру» бойынша зерделеу жұмыстары жүргiзiлдi. Соның негiзiнде 13,4 млрд. теңгенi құрайтын 13 жоба есебiнен 34,0 мың гектар жердi жаңадан айналымға қосу мүмкiндiгi анықталып, iс-шара жоспары бекiтiлдi.

Жалпы, Сырдария өзенiнiң 340 шақырымы Оңтүстiк Қазақстан облысы аумағынан өтедi. Осы өзеннiң оң жағалауындағы құнарлы алқапты ұтымды пайдалану күн тәртiбiнде тұрған өзектi мәселелердiң бiрi деуге болады. Мәселен, Шардараның дария жағалауындағы 1700 гектар алқап ауыл шаруашылығы мақсатына қолдануға әбден жарайды. Осы сияқты Түркiстан, Арыс қалаларындағы өзен бойы жағалауларындағы алқаптарды тиiмдi пайдалану қажеттiгiне де ерекше назар аударылуда. Мамандар алдағы уақыттың еншiсiнде тұрған бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшiн өзеннен егiске су сорғы орнату арқылы алқаптарды тиiмдi игеруге болатынын сөз етедi.

Суландыру мәселесi шешiлмей, суармалы жердiң жағдайы жақсармайтынын ескерсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасына жасаған iссапарында дәл осы проблеманы өте орынды көтердi. Президент өзiнiң әрiптесi И.Каримовпен кездесу барысында Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердiң су ресурстары халық игiлiгi болып табылатынын, бүкiл өңiрдiң тұрақтылығы мен әл-ауқаты осы ресурстарды ақылға қонымды және әдiл пайдалануға байланысты екенiн айтты. Бұл орайда мемлекет басшылары өңiрдiң барлық елдерiн трансшекаралық өзендерде жаңа гидротехникалық құрылыстарды салу мәселесiн қарастыру кезiнде БҰҰ конвенцияларында бекiтiлген жалпыға танылған халықаралық су құқығы нормаларын басшылыққа алуға шақырды.

Облыс әкiмi Бейбiт Атамқұловтың басшылығымен алдағы уақытта егiстiк алқаптардың күтiмiн жақсартып, жаңадан суармалы жерлердi айналымға қосу қолға алынбақ. Өңiр басшысының облыс тұрғындарының алдында берген жылдық есебiнде айтылғандай, су ресурстарын басқарудың мемлекеттiк бағдарламасы аясында алдағы 5 жылда 500 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған және оның 20 пайызы бiздiң өңiрге бөлiнбек. Сөйтiп, Мақтаарал мен Шардара аудандарында 512 тiк дренаж қалпына келтiрiлiп, 7 мың шақырымға жуық қашыртқы мен 3,4 мың шақырым канал жөндеуден өткiзiледi. Сондай-ақ, 525 мың гектар суармалы жердiң жағдайы жақсартылып, 12 мың гектар жер жаңадан айналымға қосылады.

Ә.НҰРЖIГIТҰЛЫ.

Abai.kz     

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5662