Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 6312 9 пікір 12 Қыркүйек, 2016 сағат 20:14

АУЫТ МҰҚИБЕК. АҚ ҚАЛПАҚТЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Бүгін Ұлттық академиялық кітапхана қорына келіп түскен «Ақ тілектер ағыны» атты қызылқоңыр тысты үлкен кітапқа көзім түсті. ҚР Президенті кеңсесінің басшысы Махмұт аға Қасымбеков бас болып құрастырған екен. 2016 жылы 2000 данамен «Қазақпарат» баспасынан шығыпты.

Кітапқа 2015 жылы 26 сәуірде кезектен тыс өткен президенттік сайлау қарсаңында және Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының президенті болып қайталай сайлануына және туған күніне орай еліміздегі жеке тұлғалардан, кәсіпорын басшыларынан, еңбек ұжымдарынан сондай-ақ алыс-жақын шетел басшыларынан Ақордаға келіп түскен өтініш-тілектер мен құттықтаулар топтастырылыпты.

Ақтарып отырып, осы кітаптың 662-бетінен өзімнің Астана күніне орай жіберген «Қызай қалпақ» атты өлеңімді көріп, қатты қуандым. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлын 75 жасқа толуымен құттықтап, осы өлеңімді және Қызайдың ақ қалпағын қоса жібергем.

Бас киім – қазақ үшін өте киелі, қасиетті ұғым. Әдетте, ұлтымыздың ырымында баскиімді ең сыйлы, мәртебелі адамға ғана ұсынатын жол бар.

Осы жерде бір қызық, әрі өкініштілеу бір жәйтті айта кеткенді жөн көрдім.

Жетісудың басы – Ілені мекендеген біздің аталарымызды өзге өңірдің жұртынан оқшауландырып тұратын бір бөгенайы – басындағы осы Ақ қалпағы болатын. Біздің бала кезімізде оны қырықтан аса бастаған ағаларымыздан бастап, ақсақалдарымыз түгел киетін. Ал, оны ақ түбіттен әппақ қып басып, пішіп-тігетін шебер шешелеріміз де көп еді. Әр ауылдан табылатын.

Қызайдың ақ қалпағының барлыққа келуі мен мәні жөнінде ескіден келе жатқан аңыз-әңгіме де бар.

Қызай анамыз қырықтың қырқасына ілінгенде төрт ұлы – Итемген, Меңіс, Бегімбет, Дербісті шақырып алып, «... екі бірдей бәйтеректің (күйеуі Шағыр мен Тоқтарқожаны айтады) арт-артынан құлап, соңында төртеуің қалдың. Жаратқанның мұнысына да шүкірлік! «Тегі бір – теппейді, түбі бір – кетпейді» - деген аталы сөз бар. Төртеуіңнің тегің де, түбің де бір. Төртеуің түгел болсаңдар, жұдырықша жұмылсаңдар, өніп-өсіп көктейсіңдер. Бір-бір бәйтерек болып жетілесіңдер. Әне сол кезде төбедегі келетін, айналадағы үйірілетін болады!» - дейді. Ардақты анамыз сөзін одан ары жалғап, «Сендердің бұзылмас бірліктеріңнің нысан-белгісі болсын деп, ақ қойдың нық түбітінен өздеріңе арнап, төрт сайлы ақ қалпақ тіктім. Ол – төрт перзентім бар дегенім. Сол төрт сайды төбеден түйлістірдім. Ол – төртеуің түгел болып, бастарың бір төбеде қосылып тұратын болсын дегенім. Төбесіне жеті тал маржанды шашақ қададым. Ол – көз тимесін, хас жауларың қаймықсын дегенім. Қалпақты кеңітіп-тарылтып киюге болатын етіп, айналдыра екі қатар ілмекті жіп тарттым. Ол – қашанда бір-біріңе кең, толғамды болыңдар дегенім. Ернеуін қара барқытпен тыстадым. Ол – айналаң қара ормандай қалың ел болсын дегенім! Ал, қалпақты ақ түсті етіп, әппақ киізден жасадым. Ол – менің Бәйдібек бабамның ата қонысы – ақ басты Алатаудың бауырында мөлдір бұлағының суын ішіп, көк шалғынына аунап өніп-өсіңдер, ақ қардай кіршіксіз күн кешіңдер дегенім...» - депті.

Айтпақшы, ақ қалпақты мен де кигем. Кішкене күнімде жайлауда қой бағып жүріп, көк матадан тігілген шакпімді қашқан қойға лақтырам деп жоғалтып алып, жалаңбас қалғам. Басқа киер бас киім жоқ, атамның ескі қалпағын бір жаз кием деп, бүкіл ауылға «Бала Мұқибек» атанған болатынмын...

Былтыр байқадым, сол ақ қалпақтың қарасы арғы бетте жоғала бастапты. Тігетін әжелеріміздің де қатары сиреп кетіпті. Ауылды қойып, бір ауданда бір шебер қалмаған көрінеді! Арғы беттегі ағайындарға қайта-қайта сәлем айтып жүріп, нағыз жүннен басып ойюлаған бір қалпақты әрең зорға таптым. Құнай Нәсіпқазыұлы деген ағам тауып берді. Әуелі, Іленің Маңғұлкүре ауданында осы Қызайдың ақ қалпағына ескеркіш орнатыпты деп естідім! Өкінішті жағдай! Ал, жасанды киізден тігілгендері базарда самсап тұр.

Домалақ анадан туған Қызай анамның сол қасиетті дүниесін, асыл мұрасын туған бауыры – тәуелсіз еліміздің тұңғыш президенті болған Нұрсұлтан Әбішұлына жеткізгеніме, басына кигізгеніме қатты қуандым. Ұлы аруағын алға тартып, жиендігімді бұлдап, қазақ көшін бір қатерден құтқарып қалған сәттер есіме түсіп, толқып кеттім. Көзіме мөлдіреп ыстық жас келді... Сөйтіп, асыл апама, оның ата-бабасына, өмірден өткен ұрпақтарына дұға оқып, бетімді сыйпадым.

Алыста қалған ағайынды Атажұртқа жиып, бабалар аманатын ақаусыз орындаған Патшама алғысым шексіз. Жамбыл атасының жасына келсін аса мәртебелі Нұрекем!

11.09.2016

Астана

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625