Сенбі, 23 Қараша 2024
Мың бір мысал 4097 0 пікір 7 Қараша, 2016 сағат 15:42

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ ТІЛ МЕН КӨЗДЕН САҚТАСЫН!

"Жұрт әлі бейтарап, бейқам тәрізді. Өздері өзгеруге құлықсыз. Өзгелерден өзгеріс талап етуге құмар. Айналаға көз салсақ, басқалардан талап ететіндердің бітіріп жатқаны шамалы. Одан күдер үзіп, өзін өзі қамшылағандар озып жатыр. Біздер де осы жағынан қапы қалмай, іздене білсек, қазіргі адамзат шеруінің кеуде тұсынан орын табамыз". Бұл осыдан 7 жыл бұрын заманымыздың заңғар тұлғасы, қазақ ойы мен санасының кәтепті қара нары - Әбіш Кекілбаев ағамыздың қазақ баспасөзінде ағынан жарылып айтқан пікірі. Әлі есімде, 7 жыл бұрын, "Жас қазақ" газетінде жұмыс істеп жүргенімде Әбекең жетпістің асқарына шыққанында қос қуанышымен: 70 жылдық мерейтойымен және Елбасының қолынан "Қазақстанның Еңбек Ері" деген жоғары атақ алуымен құттықтай барып, еркін сұхбаттастым. Кемеңгер жазушының орамды ойлары, парасатты пікірлері қанша жыл өтсе де өзінің мән-маңызын жоймайтыны анық. Осыны ескеріп, сұхбаттың өз жеке мұрағатымдағы түпнұсқасын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдім.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ:  «САРҒАЯ КҮТКЕН САҒЫНҒАНЫНА ЖЕТЕДІ»

Қазақ ойы мен санасының кәтепті қара нары, өз заманының заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаев биыл 70-тің асқарына шықты. Қазақ елінің саясаты мен руханиятына қосқан үлкен үлесі үшін кемеңгер жазушы, салиқалы саясаткерге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен «Қазақстанның Еңбек Ері» деген жоғары атақты табыс етті. Біз осы оқиғаға орай, мәртебелі мерейтойымен Әбіш ағаны құттықтап, арнайы сұхбаттасып едік. Екеуара әсерлі әңгімеміздің ұзын-ырғасы төмендегідей болып шықты.

Төлен Тілеубай: Әбіш аға, мерейлі мерейтойыңыз бен «Қазақстанның Еңбек Ері» деген мәртебелі атағыңыз құтты болсын! Ұлтымыз ұлықтаған тұлға ретінде Сізді бүгінгі күні не алаңдатады? Не нәрсеге қатты қуанасыз, не нәрсеге қатты қапаланасыз?

Әбіш Кекілбайұлы: Рахмет, Төленжан. Мені тәуелсіз ел болғанымыз қуантады. Бабалардан қалған ұлан-байтақ қоныста осы заманғы дербес мемлекетті орнықтыру жолында еңбек етіп жатырмыз. Аз жылдарда үлкен табыстарға жеттік. Шекарамызды заңдастырдық. Әлемге әйгілі Астана салдық. Тарихи мұраларымызды жинақтау мен зерделеуге кірістік. Екі рет кездескен әлемдік дағдарыстан әзірге аман шығып келеміз. Реформаның қай саласында да ілгері басушылық бар. Оған көптеген көршілеріміз қызығады. Алыс-жақын әріптестігіміз өрістей түсуде. Жаңа жағдайға бауыр басу күшейді. Әлеуметтік мәселелерге баса көңіл бөліне бастады. Жаңа мектептер мен ауруханалар салынуда. Қалаларымыз бен ауылдарымыздың шырайы өзгеріп келеді. Бұның бәріне қалай шүкірлік етпессің?!.

Ал не нәрсеге қапаланасыз десеңіз, бұл мәселеде бармақ бүгіп, көзінен тізіп санап шығатын жәйіттер көп. Жұмыссыздық жойылмай отыр. Жергілікті ұлт өкілдерін осы заманғы кәсіптерге баулу баяу өрістеуде. Күнкөріс айыруда қиындықтар көп. Денсаулық сақтау мен білім беру сапасы да ойдағыдай емес. Ұлттық ғылымның экономикалық қуаттың артуына қосып жатқан үлесі көрер көзге азайып барады. Қысқасы, бәрінің ойдағыдай болып шығуына әлі көп бар. Мені осы қатты алаңдатады. Неге дейсіз ғой. Жаңылмасам, әйгілі француз саясаткері Алексис де Токвиль айтқандай, жағдай оңалған сайын қобалжушылық көбейе түседі. Аса қиын кезде адам неге болса да, төзіп бағады. Бәрібір қашып құтылар жер қалмағанын байқап, ненің де болса ақырын тосады. Бәрі бірдей түгел жақсарып кеткен соң да, жұрт анау-мынауға елегізуін қоймайды. Бәрінен қиыны – жамандықтың беті қайтып, жақсылықтың орнай бастаған тұсы екен. «Бәрі неге бүгін бола салмады?» деген әлеуметтік тағатсыздық оянатын көрінеді. Қоғамның сондай кезеңіндегі әлеуметтік ахуалға аса мұқият қараған жөн секілді. Біздің қоғамымыз да қазір сондай ахуалды бастан кешуде. Мұндай кезеңде қуантатын да, ренжітетін де тұстары жиі кездеседі. Кешегіден бүгін тәуір. Ертең бүгінгіден тәуір болады деген үмітпен өмір сүрген дұрыс көрінеді. Сонда ертеңгі күнге сенгендігімізден туындайтын әрекеттеріміз артып, кемшіндеріміз кеміген үстіне кеми түсері сөзсіз.

Төлен Тілеубай: Бүгін мен болашақ туралы не ойлайсыз? Сіздің ойыңызша, ғаламдасу заманында қазақ руханиятына төніп тұрған қандай қауіп-қатерлер бар?

Әбіш Кекілбайұлы: Заманның аяқ алысын байқадыңыздар. Әлемдік экономиканың бір жері сетінесе, оның зардабын бүкіл дүние жүзі татып көреді. Соған қарағанда, жер-жаһанның халқының бәрі бір көгенге байлаулы. Бүгінгідей жаппай ғаламдасу кезеңінде уақыт тынысын алыстан аңғарып, алдын ала қам жасағандары ғана қапы қалмайтыны байқалады. Ол жаппай абайшылдыққа, жаппай үнемшілдікке, жаппай әрекетшілдікке шақырады. Жаһандану бірігіп күресер, бірігіп қайтарысар жау емес. Ол әркімнің іштей түлеп, іштей жаңаратын үздіксіз рухани қызметін талап етеді. Жаңа үдеріс – жаппай басымызға түсетін жаңа сын. Жаппай сынақтан өтеміз. Оған бізді ешкім айдап апармайды. Ол әдейі жасалған кесте бойынша арнайы сағаттарда тап болмайды. Күнделікті тіршілік барысында, үзбей өткеріп жатқан жаңалықтар арнасында кездейсоқ ұшырасады. Сонда қиналып қалмау, ол үшін өзгеріп жатқан өмірмен бірге сынаққа түсуге әрдайым әзір болу – баршамызға парыз. Соны жеткілікті ұғына алдық па екен? Әсіресе, күні өтіп бара жатқан біз сияқты егделер емес, заманы енді туып жатқан жастар ұғына қоя ма екен?! Міне, мені ең алдымен осы алаңдатады.

Төлен Тілеубай: Қадірлі Әбеке, жасыңыз ұлғайып-ақ қалыпты. Өзегіңізде өкініш бар ма? Тобырлық талғам белең алған заман туды. Күні ертең қазақтың түбіне осы жетеді деп қорықпайсыз ба? 

Әбіш Кекілбайұлы: Өкініш неге болмасын! Бір кезде жер түбіндей көретін жетпіске келіппіз. Бітірмегеніміз көп секілді болушы еді, ал енді бітіргеніміз аз сияқты көрінеді. Жұрт әлі бейтарап, бейқам тәрізді. Өздері өзгеруге құлықсыз. Өзгелерден өзгеріс талап етуге құмар. Айналаға көз салсақ, басқалардан талап ететіндердің бітіріп жатқаны шамалы. Одан күдер үзіп, өзін өзі қамшылағандар озып жатыр. Біздер де осы жағынан қапы қалмай, іздене білсек, қазіргі адамзат шеруінің кеуде тұсынан орын табамыз.

Төлен Тілеубай: Туған ұлтыңа қызмет ету дегенді қалай түсінесіз? Қазіргі қазақ қандай зиялыға зәру? Қара тобырдан қара үзіп шыққан бүгін ойлылардың қасіреті неде? «Қазақ қоғамында қазір антиинтеллектуализмнің айы оңынан туып тұр» деген пікірмен келісесіз бе? 

Әбіш Кекілбайұлы: Маған бұл сауалдар көп айтылып, көнерген сияқты болып көрінеді. Жаппай сауатты халықтың зиялысы қайсы екенін көзге шұқып көрсете қою да қиын. Жаппай оқығанбыз. Оқығандарымыз ескіріп кеткен. Түбегейлі өзгеруіміз де содан туындайды. Көне қисындардан бас тарту – жалпы қисын атаулыдан бас тарту емес. Қорқыт пен Асанқайғыны пір тұтқан халықтың өз-өзінен мастанып, мардымсуы мүмкін емес. Қазіргі қазақ қауымында «антиинтелектуализмнің айы оңынан туып тұр» десек, біздің ойлау жүйеміздің жасармай, жаңармай жатқанымызды айтамыз. Уайымымыз көп те, әрекетіміз жоқ. Халық қамын қамдаудың орынына уайым соғамыз. Одан біздің интеллектуалдық өреміз қайдан өседі?!. Интеллектуалдық өрені де өрелі істер өсіреді.

Төлен Тілеубай: Бұған дейін «Қос тіл – қос қанатым» деуші едік, ал енді «Үш тұғырлы тіл үшбу мұратқа жеткізеді» деп жатырмыз. Қазақ тілі қашанға дейін саяси сауданың тілі бола бермек? Бұған не дейсіз?. Қазақстан халқы ассамблеясында Елбасы ұсынған «Ел бірлігі» атты доктрина қазақ қоғамында әртүрлі пікір қалыптастыруда. Осы мәселеге қатысты Сіздің ұстанымыңыз бен көзқарасыңыз қандай?

Әбіш Кекілбайұлы: Әр пенденің ана сүтімен бірге емген тілі бар. Ол ешкім жоққа шығара алмайтын аксиома. Сол тілді жетік біліп, жетік меңгеру арқылы жетіледі. Адам баласының басқа хайуанат баласынан айырмашылығы осында. Сондықтан өз тілін біліп, өз тілінде сөйлеу - әркімнің қасиетті борышы. Ана тілін біліп, ана тілінде жетілудің артықшылықтарын жапон ғалымдары дәлелдеді. Жер бетіндегі барлық тілге жағдай жасалса, бәрі де осы заманғы ойлаудың, ғылым мен техниканың тілі болып кете алатындығы да даусыз. Қазір жер бетінде сегіз мыңдай этнос бар деп есептеледі. Соның екі жүздейі Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше. Солардың тілдері мемлекеттік тілдер дәрежесіне ілігеді. Біз де сол санатта бармыз. Біз өзіміз қандай дәурен кешсек, тіліміз де сондай дәурен кешті. Тіл - әрдайым ұлттық жетілудің көрінетін негізгі аясы. Қазіргі баршамыздың әлем халықтарымен тең құқықты азамат болуымыз, ең алдымен тілдік дамуымыздың арқасы. Сондықтан, қазақ тіліне кемсіте қарау, оны агросектордың ғана тілі есептеп, тұрмыстық тіл дәрежесінде түсіну кешірілмес күнә. Кешегі Кеңестер Одағында ерен империяның мемлекеттік ахуалы 1 мемлекеттік тіл, 15 одақтас республика тілінде бейнеленді. Барлығында сыртқы және ішкі мәні бар құжаттар өзара тең саналды. Қалай дегенмен де, әлемдік империя жағдайында осы заманғы дамудың бар сатысынан өттік. Барлығы да тілге ықпал етеді. Қазақ тілі – бір кездегі қамшы мен құрық ұстағандардың тілі емес, бүгінгі ғарыш игеру мен компьютер заманының тілі. Оны дамымай қалған, енді дамып келе жатқан дәрежедегі тіл деп тұрпайыландырып түсіндіру – қазақ тілінің таралуына қиянаты тиер кесел. Қазақ тілін әп-әдемі меңгеріп кеткен өзге ұлт өкілдерінің аузынан ешқашан мұндай нәрсе шыққан емес. Өз тілін меңгеруге кежегелері кейін тартатын тілге шорқақ «қазақ» бюрократтарының ойлап тапқан қулығы. Сондықтан, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлденеше жылдар бойы жалықпай қайталап келе жатқанындай, қазақ баласы қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда туған тіліміз де өз құдыретін таныта алады. Сонда қазақ тілі баршамыздың ортақ игілігімізге айналады. Қазақстанның келешегі қазақ тілінде екеніне дау жоқ.

Ал, әлгіндей айла-шарғы неден туып отыр десек, ол еліміздегі ұзақ жылдар жүргізілген аккультурацияның жемісі. Ол байырғы тілді бірте-бірте қолданыстан шығарып тастауды көксеген еді. Мұндай аккультуризмнің жетістіктері де кісі шошытарлық екен. Американ иммигранттарын зерттеген оқымыстылардың айтулары бойынша, алғашқы екі буында өз отанын сағыну, үшінші буында торығу, төртінші буында жанын сала жаңа отанға бауыр басу үдерісі басталады. Содан кейінгі иммигранттар өзін жаңа отанның төлдері ретінде сезіне бастайды. Осыны есепке алсақ, біздің кей жерлерімізде төртінші, кей жерлерімізде бесінші ұрпақ аккультуранттар өмір сүріп жатыр. Бірақ аккультуризацияның етек жайған кезеңі 50-ші жылдардан бері қарай санасақ, қазір торығушылық тұсына тап келетін кезіміз. Бірақ елдегі үдерістер барысы оған жеткізбей, туған аяға оралу үдерісін бастап кетті. Елдегі «екіаралық мәдениет» өкілдері көптен бері туған өріске қайту жағдайын бастан кешуде. Алайда, көптен етек жайған урбанистік өркениет негізінен орыс тілінде сөйлейтіндерге еншілі болып келе жатқаны рас. Өндірістің көпшілігі орысша жүргізілді. Бұл көбіне-көп туған аяға оралуды іштей аңсаушылық, бірақ оған батылы бармаушылық құбылысын туғызатындығы аян. Мұндай жағдайда көбіне-көп қарсы алатын жақтың қалай қабылдайтындығы да мәселені түбегейлі шешетін факторға айналады. Өзімсініп, өзіне тартып сөйлейтін болса, онда екіұдай жағдайда жүргендер ойланбастан жаңа шарттарды қабылдап, өздерін бірте-бірте туған аядағы қызметке икемдей бастайды. Өз бауырларын өзі жатырқау – кешегі аккультурацияның нәтижесі. Оған бой ұсынғысы келмегендер өзге тілдің ықпалына түсіп кеткендерге тасбауырлық танытпай, ішке тарта сөйлесулері керек. Өз тілін үйренемін дейтіндерге үйлесімді қамқорлық жасау – ұлттық бірлікті нығайтудың бірден-бір жолы. Қазір кеңінен сөз болып жатқан «Ел бірлігі» доктринасы туған тіліміздің шынайы мемлекеттік тілге айналуына жан-жақты жағдай туғыза білуді көздейді. Қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдырып, соның төңірегіне топтасу қазақ халқының рухани ықпалын бұрынғыдан да арттырады. Өзге халықтардың мемлекеттік тілді сыйлап, оған бауыр басуына жағдай туғызады. Байырғы халықтың меймандостығы өзінің де, өзге халықтардың да тату-тәтті өмір сүруіне мүмкіндік береді. Кез келген адамның өз тілін, өз әдеп-ғұрпын сыйлай отырып, мемлекеттік тілге үйренісуі – ел бірлігінің жарастықты үйлесімінің кепілі. Осы жолдағы азаматтардың лигвистикалық бастамалары қолдау табады. Мемлекеттік тілді білу - шарт, оны білген адамның қанша тіл білуіне де шек жоқ. Өмір қажет еткен тілдердің бәрін білсін. Әбу Насір әл Фараби бабамыз жетпіс тіл білген деседі. Оның бүгінгі ұрпақтары ынтымақтасу мен ықпалдасу жағдайындағы полингвизмді жатырқамайтыны түсінікті.

Төлен Тілеубай: Қазіргі қазақ әдебиетінде қандай жаңалық бар? Мұқтар Әуезов ағамыз айтқандай, «жыл келгендей» жаңалық сезесіз бе? Жастар прозасы мен поэзиясы несімен қуантады?

Әбіш Кекілбайұлы: Қазіргі әдебиет ТМД елдерінде жаппай ұйқылы-ояу хәл кешуде. Бұл үйреншікті өмір дағдысының түбегейлі өзгеріп кеткендігінің нәтижесі шығар. Адамдар жаңа экономикалық қарым-қатынастарға енді-енді бауыр басып келеді. Соған лайықты өмір дағдысы өзгереді. Адам құштарлықтары да соған сәйкесті көрініс таба бастайды. Мұқтар Әуезовтің жас таланттардың аяқ алысына байланысты «жыл келгендей жаңалық» сезінетін күні де жақындап келеді. Қазіргі жастар прозасы мен поэзиясы осындай түбегейлі өзгерістерді аңсайтындығымен қуантады.

Төлен Тілеубай: Тәуелсіздік алғаннан бергі 18 жылдың ішінде тіл туралы мәселе айтылып-жазылып жауыр болғанымен, бұл бағытта көңіл көншітерлік өзгеріс жоқ. Жазушы ағамыз Төлен Әбдікұлы: «Қазақстандық патриотизмнің негізін қалаушы – мемлекеттік тіл. Өз еліңнің патриотизмін көрші елдің мемлекеттік тілімен жасау мүмкін емес. Сондықтан, бүгінгі жағдайда «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау кезек күттірмейтін мәселе» деген пікір білдірді. Ал турасын айтсақ, «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қашан қабылданады?

Әбіш Кекілбайұлы: Иә, қазір қазақ тілінің болашағына қатты алаңдаулымын. Талай ғасыр сарғайып жеткен тәуелсіздігімізді тәрк етіп алмай, қайткен күнде де іс қылып шығара алсақ жарар еді. Отар елдің де тілінің өмір сүре алатындығына өткеніміз куә. Бодандық жағдайында да тілдер өз болашағы үшін ақырына дейін айқасады. Әлемдегі 7-8 мың тілдің мемлекеттігі бар екі жүзінен басқасы да өмір сүріп жатыр. Қай-қайсысы да ұлттық тәуелсіздіктен күдер үзген жоқ. Оның қасында қазақ тілінің айырмасы аспан пен жердей. Ол бұдан жаманында тойға барған. Сары уайымға салына бермей, қолда тұрған мүмкіндікті іс қылып шығарайық. Біз тәуелсіздік алған кезде, байырғы халық 39 пайыз ғана болатын. Қазір 62 пайыздан асып отыр. Ол кезде өзге ұлт өкілдерінің қазақша білетіні ілуде біреу-ақ болатын. Қазір 25 мыңнан астам өзге ұлт балалары қазақ мектептерінде оқиды. 200 жексенбілік мектептерде 7 мыңнан астам өзге ұлт балалары қазақша үйренуде. Мектеп жүйесінің барлығында да қазақ тілін оқыту міндетті. Көп уақытқа дейін ел аумағында 64 тіл үйрету орталығы жұмыс істеп келсе, олардың саны 2011 жылы 120-ға жетеді. Соңғы екі жылда тіл үйренуге 5 млрд-тан астам қаржы жұмсалып отыр. Мұның барлығы да жүйелі түрде ілгері жылжушылықтың арқасында жүзеге асып жатыр. Бетіне жіберсең, мұның біріне де жете алмайсың. Тіл саласындағы саясат мейлінше абайшылдықты талап етеді. Асығып-үсігуге болмайды. Көп ұлттың өкілдері тұратын елдердің барлығы да әдетте конституциялық өзгерістерге аса сирек барады. Бұл мәселеде мәміле табу аса қиын. Бәрі де конституциялық басымдықпен дауыс жинау арқылы шешіледі. Сондықтан, мәселенің өз пайдасына шешілетініне көзі жетпей тұрып, ондай мәселені күн тәртібіне желеулетпеуге тырысады. Онсыз да баяу болса да, оңға басып келе жатқан шаруаның жолын бөгеп алармыз деп қорқады. Көбіне төзіп, азына шыдамаған ағайынның өкінері көп болады. Сабыр сақтай білейік. Әр нәрсенің алды-артын ойлайық. Сарғая күткен сағынғанына жетеді. Мен тек мемлекеттік тілдің өзін қолдану тәртібін реттейтін заңға қарсы емеспін. Бірақ талқылау барысында әдемі ой әлдеқандай сұғанақ пікірлерге тап болып жүре ме деп қорқамын.

Төлен Тілеубай: Әбеке, биыл тұғырлы тәуелсіздігімізге он сегіз жыл толады. Осынау торқалы тойда Қазақ еліне қандай тілек айтасыз?

Әбіш Кекілбайұлы: Тәуелсіздік – бұл кезге дейінгі де, бұл кезден кейінгі де кешетін ғұмырымыздың рухани мәйегі. Тәуелсіздікке жеткенге дейінгі ғұмыр оны көксеумен өтсе, тәуелсіздіктен кейінгі ғұмыр оны баянды етуді басты мұрат етеді. Баянды тәуелсіздік бар жерде ғана халықтардың көсегесі көгереді. Бір кездегі көне түрік бабаларымыздың мәңгілік елді армандауы тегіннен тегін емес. Бұл ретте атақты американ саясатшысы Самюэль Хантингтонның тауып айтқаны бар: «Ұлт та үй сияқты, оны да үзбей бағып-күтіп, үнемі мәпелеп тұрған жарасады!». Ендеше, біз де қай қадамымыздың да тәуелсіздік мүддесінен шығып, оның дәйім нығая беруіне септігі тиюін ойлайық. Тәңірім бергенін бердім деп берсін! Тәуелсіздігімізді тіл мен көзден сақтасын!

Төлен Тілеубай: Әбіш аға, ашық әңгіме-сұхбатыңызға көп рахмет. Деніңізге саулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін.

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407