Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5249 0 пікір 28 Қазан, 2016 сағат 22:33

Сарағаш - Қазақстандағы ірі аграрлы аймақ

Көпшiлiкке минералды суымен, шипажайларымен танымал Сарыағаш – Оңтүстiк Қазақстан облысының экономикалық әлеуетiн нығайтуға, аграрлы аймақ ретiнде өңiрдiң ғана емес, ел бюджетiнiң қалыптасуына үлес қосып келе жатқан аудандардың бiрi. Басқасын айтпағанда, республикадағы жылыжайлардың 87 пайызы Оңтүстiк Қазақстан облысында орналасқан десек, оның 90 пайызы Сарыағаш ауданының үлесiнде. Бұл жақтың халқында жылдың төрт мезгiлiнiң бiр күнi де бос өтпейдi. Несiбесiн көктен ғана емес, жерден де сұраған жұрт тұрады мұнда. Азға қанағат, барға тәубе дейтiн халық тұрады мұнда. Қанағатшылдығы сол, арықтың суын iшсе де арызданбайды, газ орнына тезек жағып отырса да бәрiне сабыр етедi.

Ұмытпасақ, биыл жазда Астана күнi қарсаңында бүкiл БАҚ атаулы «Түлкiбас ауданындағы елдi мекендер 100 пайыз газбен, 100 пайыз ауызсумен қамтылды» деп сүйiншi сұрады. Ал, ресми дерек дәл бүгiнде Сарыағаш ауданындағы 154 елдi мекеннiң 68 елдi мекенi ғана орталықтандырылған құбыр суымен қамтылғанын көрсеттi. Қалған 86 елдi мекеннiң 43-i –ұңғыма, 37-сi – құдық, алтауы ашық су көзiн пайдалануда. 8 елдi мекендi ауызсумен қамту экономикалық тұрғыда тиiмсiз саналады. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасының дәл өтiнде орналасқан аудан халқының тең жартысы сапалы ауызсудан қағылып отыр.

Әлi есiмiзде, сексенiншi жылдардың басында – кеңестiк кезеңнiң өзiнде-ақ бүгiнде Сарыағаш ауданының құрамына қосылған Келестiң бiраз ауылына табиғи газ құбыры тартылып, ауыл әйелдерi тезек жағудан босаған. Содан берiде ауданның түгел ауылы газдандырылып бiтетiн уақыт өттi. Алайда, бүгiнде 154-тен 68 ауыл немесе 44,2%-ы табиғи газбен қамтылған. «Табиғи газбен қамтылмаған 86 елдi мекеннiң (55,9 пайыз) 7-еуi шалғай аумақтарда орналасқан, сондықтан ол жаққа құбыр тарту, газ беру экономикалық тұрғыда тиiмсiз. 21 елдi мекендi газбен қамту бойынша құны 3,9 млрд. теңге болатын 23 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзiрленiп, сараптамадан өткiзiлiп қойылған» делiнген Сарыағаш аудандық әкiмдiгiнен алынған ресми мәлiметте.

Бiр кездерi мақта және жүзiм шаруашылығымен айналысқан ауданда ағын судың тапшылығы айқын сезiледi. Игерiлмей жатқан суармалы жер көп. Каналдар жөндеуден өтсе, ауыл шаруашылығынан түскен табыс халықтың тұрмысын ғана емес, әр ауылдың, ауданның әлеуетiн арттыруға мүмкiндiк берер едi. Ал, қазiрше көп ауылда үй iргесiнде бау егiп, көкөнiс өсiру мүмкiн емес. Ауылда тұрып жемiс-жидек пен көкөнiстi базардан сатып алатын жағдайға жеткен. Алма мен қарбыздың қайда өсетiнiн, қалай өсетiнiн бiлмейтiн ұрпақ өсiп келедi.

Қазақстандықтардың, қала бердi Орта Азиядағы бiрқатар мемлекеттiң Еуропаға жолы Сарыағаштан – «Жiбек жолы» бас қақпасынан басталады. Ал, Еуропаға жол – өркениет жолы. Оның үстiне Сарыағаш таяу келешекте туристiк орталыққа айналмақ. Яғни, жаңа курорт қалашығы салынады. Бүгiнгi таңда 22 емхана-шипажай жұмыс iстейтiн Көктерек ауылы денсаулығын түзеткiсi және демалғысы келетiндер үшiн курортты мекен болмақ. Туризм саласының мамандары бұл жобаның курортқа келушiлер санының алты есе өсуiне мүмкiндiк беретiнiн айтқан. Мiне, Сарыағаш – елiмiз үшiн осындай стратегиялық маңызы бар аудан. Ал, мұндай өңiрге ерекше қолдау керек. Ұмытпайық, бiздiң Еуропаға жолымыз Сарыағаштан басталады. Ал, Еуропаға жол - өркениет жолы...

Г.МҰСАЕВА, Г.АЙХОДЖАЕВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

Абай ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562