М.Боқаев пен Т.Аяновтың халықты митингке қалай жинағаны белгілі болды
Атырауда Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы одан әрі жалғасуда. Бүгін №2 Атырау қалалық сотында митингке қатысқан Қарабатан кентіндегі «DSL Caspian» ЖШС, «ОРРВ» ЖШС жұмыскерлерінен жауап алынды.
«Facebook әлеуметтік желісінде Макс Боқаевтың жер мәселесі бойынша сөз сөйлеп жатқан бейнероликтерін көрдім. Бұл видеолардың барлығында Қазақстан жері алдағы уақытта шетелдіктерге жалға беріледі деп айтылады. Осылайша, 24 сәуір күні митингке бару туралы шешім қабылдадым. Онда мен ғана емес, менің әріптестерім де барды», - деді «DSL Caspian» ЖШС М.Дүйсешов.
Отырысқа келген куәгерлер, яғни жұмысшылардың барлығы митинг туралы жұмыс орындарында және ғаламтор арқылы естігендіктерін жеткізді. Олардың ұялы телефондарына да түрлі видео келгендігі анықталды. Бұл бейнероликтерде жақын арада Қазақстан жері Қытайға сатылады делінген. Сондай-ақ, митингке қатысқандар шеруде сөз сөйлеп тұрған Макс Боқаевты танығандықтарын айтты. Дегенмен, жұмысшылар «Жер туралы» заңға нақты қандай өзгерістер енгізілмекші екендігін түсінбегендерін жеткізді. Жұмысшылардың айтуынша, олар Қазақстан жері Қытайға сатылады дегенді естігендіктен ғана митингке еш ойланбастан шыққан.
Еске сала кетсек, 2016 жылдың сәуір айында Т.Аянов пен М.Боқаев жер заңнамасына қоғамның қызығушылығы артқан сәтін пайдаланып, «жер мәселесі» бойынша қарсылық акцияларын ұйымдастырған. Олар тұрғындарды жер тақырыбына еліктіріп, халықтың патриоттық сезімін өз жеке басының мүддесіне пайдаланып, «Facebook» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларында «ел басшылығы ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен компаниялардың жекеменшігіне айналдыруды жоспарлауда» деген сипаттағы жалған ақпарат таратқан. М.Боқаев пен Т.Аяновқа ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айыптар тағылуда. Атап айтсақ, олар: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу.
Abai.kz