Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 7042 0 пікір 19 Қазан, 2016 сағат 13:54

АМАНГЕЛДІ – КЕНЕСАРЫНЫҢ САРБАЗЫ БОЛҒАН ИМАН БАТЫРДЫҢ НЕМЕРЕСІ

1916-2016 

Қызыл империя кезінде ең болмағанда жылына бір дабыралатып қоятын тарихи оқиғалардың бірі 1916 жылғы Орталық Азия халықтарының ұлт-азаттық көтерілісі болатын. Коммунистік идеяның оң жамбасына келгендіктен ол оқиғалар жалаң ұранмен болса да жарнамаланды. Иә, насихаты мен деректерінің мазмұны тек жарнаманың деңгейінде болды. Терең зерттеліп, түпкі мәні халыққа мәлім етілмеді және билік оған мүдделі де емес еді. Халық санасы мен ұлттық рухтың оянуы ол кезде ешкімге керек болған жоқ.

Сол сұрапыл жылдардың бүгінгі тарихтағы орны тіпті төмендеп кетті. Ғасырлық мерейтойы жақын қалса да ешкім жұмған аузын ашар емес. Төгілген тер, аққан қан, көрген нәубет, шеккен мехнат, берген жанның өтеуі осы ма еді деген ойға қаласың. Әлде, көтерілісшілерге жетпіс жыл жетеді, енді басқа тарихымызды түгендеп алайық деп жүрміз бе? 
Басқасы туралы әңгіме қозғаған артық болар, алайда, Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі жайында оқыған, білгенім мен естігенімді көпшілікпен бөлісу –азаматтық парызым деп ойлаймын. Ел басына күн туғанда атқа қонған есіл ерлердің ерлігін жоққа шығарғысы келетін, тек қана алаштықтардың ісі дұрыс деп даурығатын ағайынға айтарым: әр нәрсеге ақылмен, байыппен баға берейікші. Амангелдіні арашалап алу немесе Алашорданы кінәлау менің мақсатым емес. Тек, барды бар, жоқты жоқ дегім келді. Келісу, келіспеу әркімнің өз еркінде, ал біреудің кәдесіне жарап жатса құба-құп.

1916 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ТОРҒАЙДАҒЫ ХАЛ-АХУАЛ.

Торғай уезі Торғай облысында жер көлемі жағынан ең үлкені еді. Табиғаты қатал, нуы мен суы тапшы сайын дала. Ауыл-ауылдың арасы шалғай, тым алыс. 

Торғайда орыстың ықпалы ХІХ ғасырдың екінші жартысында күшейе түсті. Әсіресе, Қостанай (Николаев уезі) қаласының іргесі қаланғаннан кейін келімсектер көбейді. Оларға шұрайлы жер керек болғандықтан, байырғы тұрғындары зорлықпен оңтүстікке қарай ығыстырылды. Наурызым мен Қарақұм арасындағы құнарсыз жер, шөлейт дала босыған халыққа осылай мекен болды. Арғын, қыпшақтың үлкенді-кішілі рулары (Тағышы, Құттық, Алтыбас, Жарбасты, Қарабалық т.б.) осылай атамекенінен айырылды. Торғай қаласына да орыстар біртіндеп қоныстандырыла бастады. Облыс орталығы Орынбордан шалғай жатқандықтан әлеуметтік-экономикалық дамуы төмен болды. Темір жол болмады, өндіріс ошақтары ашылмады. Халықтың негізгі кәсібі мал бағу, азғантай суармалы егіншілік еді.

ХАЛЫҚ НЕГЕ КӨТЕРІЛДІ?

Халықтың көтеріліске шығу себебі бәрімізге мәлім – патша Николай Романовтың 1916 жылғы маусымдағы жарлығы. Халық арасында «Үйен жарлығы» деп аталған осы құжат қазақты майданға(І жаһан соғысына) әскер беруге міндеттеді. Мәселе тек қара жұмысқа солдат бермеуде емес, патшаның антын бұзғандығында еді. Уәде –Құдай сөзі, ант –ардың ісі деп өмір сүрген қазақ мұндай сатқындыққа төзбеді. Бұл жағдай баршаға белгілі болғандықтан кеңірек тоқталуды артық көрдім.

КӨТЕРІЛІСТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ.

Есеңгіреген халық ақылдаса келіп, ел арасында беделді деген кісілерден топ құрып Орынбор, Петерборға жіберді. Көпшіліктің арызын төрт бүктеп, төс қалтаға салып жолға шыққан Тоқмағамбеттің Сымайылы, Қабақтың Сейілі, Төкенің Смағұлы, Тоққожаның Бижаны, Қаралдының Байқадамы деген кісілер бұл сапардан тауы шағылып қайтты. Жарлықтың өзгермейтіні айдан анық болды. Енді қол жинап, патшаға қарсы тұрудан басқа амал қалмағанына әбден көздері жеткен соң, еті тірі ерлер нақты іске көше бастады.
Амангелді, Әбдіғапар сынды ел қорғандарының атқа қонған тұсы да осы кез еді. Әсіресе, Әбдіғапар қалың бұқара арасындағы беделін сала отырып, жан-жаққа адам жіберіп қару жидырды. Әлпейіс деген кісі ту Ақмешіттен, Махамбет есімді адам Атбасардан мылтық жинаған деседі. Маңайдағы ауқатты байлардан көмек сұрап, әскердің азығын, киімі мен көлігін әзірлетті. Ел ішіндегі ұсталар: Терісбұтақтағы Бектепберген (Амангелдінің ағасы), Бозатан қопасындағы Найман (руы) Тәутен, Үрпектегі Сейтен, Төлегенұлы Баязит ортақ іске жұмылдырылып, көтерілісшілерге қару-жарақ соғуға кіріскен. 
Алайда ұсталар соққан қылыш, айбалтамен патша әскерінің зеңбірегіне қарсы соғысу өте қиын. Мылтық соғатын ұсталар тапшы, еңбегінің бағасы да қымбат болды. Найман Жарықтың Батырбегі деген ұста соққан бердеңкесін бір атқа сатады екен. Мыңдаған қолды жабдықтау үшін қанша байдың дәулеті кететінін осыдан-ақ аңғаруға болады. Дала қазағында бесатар мылтық өте сирек кездесетін құндылық. Сондықтан жауынгерлерді сол кездегі заманауи қарумен қаруландыруды ешкімнің қалтасы көтермес еді. Көпшілігі атқан оғы жүз қадамнан аспайтын құс мылтықты місе тұтты.
Әскер сапына әр үйден бір сарбаз алынған. Ағайынды жігіттер ұрысқа кезекпен баруға да рұқсат етілді. Үй шаруасына әр шаңырақта бір еркек кіндікті қалып отырды, бұл әдіс бір жағынан тылды да берік ұстауға қажет еді.

КӨТЕРІЛІСКЕ ҚАРСЫЛЫҚ БОЛДЫ МА?

Тарыдай шашырап жатқан халықты бір жерге жинап, ортақ іске жұмылдыру әсте оңай болған жоқ. Оның өзіндік себептері де бар еді. Қарапайым қазаққа патшаның күші мен құдіретіне қарсы тұрар пәрмен әлемде жоқтай көрінді. Құдай салды, біз көндік дегендер көтерілісшілердің бұл жанталасын қылмыс көрді. Ғасырлар бойы қалыптасып қалған құлдық сана билеушіге қарсы шығуды –сатқындық деп ұқты. Алайда, көтерілген көпшілікке деген қарсылығында көрсетпеді, бейтарап көзқараста болды. Мұндай шаңырақтар тіпті үйлерінің төбесіне ақ ту іліп отырған екен. Өздерінің бейтараптықтарынан осылай хабар берген. Ақ ту байланған үйге көтерілісшілер тиіспеген, зәбір көрсетпеген. 

Бұл көтерілісті қазақ зиялылары мен оқығандары бекер адам шығындау деп түсіндірді. Алаш көсемдері халықты барынша тыныштандырып, сабырға шақырумен болды. Ақылға салып қарағанда дала қазағының жағдайы ол кезде патшаға қарсы тұрарлық күйде емес еді, ол шындық. Сондықтан ел аралай шыққан алаштықтар орыс патшасының айтқанына көнуге, әскер беруге үгіттеді. Қара жұмысқа адам беру –билікке қарсы соғысудан тиімді екенін, жарлыққа мойынсұну керектігін айтумен болды. Халыққа жанашырлығын осылай білдірді.
Дәл осындай сын сағаттарда кейбір ағайынды адамдардың арасына жік түсті. Бірі патшаға адалдық танытса, екіншісі көппен бірге болуды жөн көрді. 

ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР

Көтерілістің қалай да болатынына көпшіліктің көзі жетті. Осы тұста елге сөзі өтеді деген беделді кісілер жүрегінің түгі бар жігітердің басын қосып, топтала бастады. Халық патша үкіметінің жергілікті басқарушы органдарына бағынудан бас тартып, мойындамай қойды. Көтеріліс алдында Әліби Жангелдин Торғай даласына әлденеше рет келіп, ел ағаларына дем беріп отырған. 

1916 жылдың қара күзінде Торғай өзенінің бойында көтерілісшілер құрылтай шақырады. Құрылтайға 13 болыс Торғай уезінің әр жерінен игі жақсылар жиылып, кеңес құрады. Ақсақалдар мен шешендер, батырлар мен ру басылар ақылдаса келіп, хандық билік институтын құп көреді. Мәжілістің шешімімен Жанбосынұлы Әбдіғапарды ақ киізге отырғызып көтерілісшілердің ханы сайлайды. Бас сардар болып Үдербайұлы Амангелді бекиді. 

Құрылтай соңында ас беріліп, қонақасыға ала бие сойылыпты. Сонда бір ақсақал отырып:

– Елдің басын енді қосып жатыр едік, ала бие сойып, ел алауыз болсын дедіңдер ме? Жамандыққа ұрындырмаса не қылсын, –деген екен.

Не болса да Әбдіғапар мен Амангелді бұл лауазымдарға талассыз сайланды. Ешкім дауласпады, күңкілдеспеді. Рушылдық, жершілдік даусыз шешілді. Әскерді өңшең қыпшақ басқарады дегізбеді. Өйткені, ел кімге сену керек екенін білді, осы екеуі есеңгіреген халықтың үмітін ақтайтынына сенді және бұлар кездейсоқ нояндар емес, арғы аталары дуалы ауыз шешен, қол бастаған көсемдер еді. Әбдіғапар – Абылай заманында би болған Нияздың, Амангелді – Кенесарының сарбазы Иман батырдың немересі болатын.

(жалғасы бар)

Нұрболат Әлменов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550