Түркіменстанда президент сайлауы 12 ақпанда өтеді
Түркіменстан Мәжілісі (парламент) президент сайлауын 2017 жылдың 12 ақпанына белгіледі. Президент сайлауына үш саяси партия: Түркіменстанның демократиялық партиясы, Өнеркәсіп партиясы және Аграрлық партия қатысатыны хабарланды.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов үкімет пен Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің бірлескен отырысында ел басшылығын алдағы сайлауға дайындалуды тапсырды. Оның айтуынша, "өте маңызды қоғамдық-саяси оқиға жоғары деңгейде - демократиялық қағидаларға сай және бірнеше үміткердің қатысуымен өтуі тиіс".
Соңғы мәрте Түркіменстан президентін сайлау 2012 жылы ақпан айында өтті. Сол кезде Гурбангулы Бердымұхамедовке барлық сайлаушылардың 97,14 пайызы дауыс берді.
Түркіменстан парламенті 2016 жылдың 14 қыркүйегінде елдің жаңа конституциясын қабылдады. Ол бойынша, президенттік басқару мерзімі бес жылдан жеті жылға дейін ұзартылды. Сонымен бірге заңда үміткер жасы 70-тен аспау туралы шектеу алып тасталынды. "Ескі" конституция бойынша, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтың қызмет мерзімі 2017 жылдың ақпанында аяқталады.
Abai.kz