Эндоскопиялық хирургияның болашағы зор
Ақтөбеде өткен Қазақстан эндоскопиялық хирургтері ассоциациясының VI халықаралық съезіне еліміздегі білікті дәрігерлермен бірге, Оңтүстік Корея, Ресей, Украина, Литва, Грузиядан жүзден астам мамандар, барлығы 500-ге жуық адам қатысты, - деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" газеті. «Қазақстан эндохирургиясының жетістіктері мен болашағы» деген тақырыпта ұйымдастырылған съезд аясында екі күн бойы облыстық аурухана, облыстық балалар ауруханасы, облыстық жедел медициналық көмек ауруханасы және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің базаларында 8 шеберлік-сабағы өткізіліп, 35 күрделі ота жасалды. Ғылыми сессияларда эндоскопиялық хирургияның көптеген салалары бойынша баяндамалар оқылып, озық әдістер ортаға салынды, дәрігерлер өзара ой бөлісіп, тәжірибе алмасты.
Еліміздің эндоскопиялық хирургтері ассоциациясының VI халықаралық съезінің жабылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов дәрігерлердің, соның ішінде хирургтердің жүрек жылуы мол, қолдары алтын адамдар екенін атап өтті. Осы күндері олардың өз кәсібінің білгірлері ретінде жасаған оталары, өткізген шеберлік кластары өте пайдалы екеніне айрықша тоқталды. Барлық саланың, әсіресе, денсаулық сақтау саласының өзара ынтымақтастық арқылы дамитынына тоқтала келіп, мұндай тәжірибе алмасулардың ілгерілеуге жол ашатынын жеткізді.
Медицина ғылымдарының докторы, академик Намаз Ізімбергенов эндоскопиялық хирургтердің кезекті съезінің Ақтөбеде өтуінің реті бар екенін тілге тиек ете келіп, бұл әдісті игеруде профессор, білікті хирург Владимир Котлобовскийдің үлесі зор екенін айтты. Оның айтуынша, мұнайшылардың қаржылай қолдауымен 1991 жылы облыстық балалар ауруханасына бір эндоскопиялық қондырғы алып берілген. В.Котлобовский осы қондырғыны жетік пайдалана отырып, облыстық балалар ауруханасында алғашқы отаны жасайды.
– Бұл елімізде бірінші жасалған ота болатын. Қазір біздің хирург-дәрігерлеріміздің бұл саладағы шеберлігі ТМД елдеріндегі әріптестерінің көбінен артық болмаса, еш кем емес. Бұл әдістің тиімділігі сол адам денесі тілінбейді, адам қолы араласпайды, ота пышақсыз жасалады. Мұнда өзі науқасқа ота жасалғаннан кейінгі кезең де жақсы өтеді, сырқаттың тез сауығып кетуіне алғышарт жасайды, – дейді академик Намаз Ізімбергенов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев съезде эндоскопияның онкологиялық, урологиялық, хирургиялық, бариатрикалық және басқа мәселелері бойынша талқыланғанын жеткізді.
– Облыс әкімінің қолдауымен еліміздің батыс өңіріне қызмет көрсететін медициналық кластер құру бағытында жұмыс істеудеміз. Бүгінгі съезд сол бағыттағы жұмыстардың жалғасы. Қазір біздің дәрігерлер бүйрек ауыстыруды игеріп алды. Бауыр ауыстыру орталықтан келетін білікті дәрігерлермен бірге жүзеге асырылуда. Бұрын зақымданған бүйректі алып тастайтын едік, қазір эндоскопиялық қондырғының арқасында органды құтқару бағытында ота жасауға қол жеткізілді. Семіздіктен арылтуға ота жасауды бастадық. Былтыр 160 келі болатын адамға ота жасалып, ол 40 келі салмақ тастады, – дейді басқарма басшысы.
Съездің жабылу салтанаты барысында эндохиругияның дамуына елеулі үлес қосып жүрген дәрігерлерді марапаттау рәсімі болды. Президенттік іс басқармасы медициналық орталығының бас хирургі, профессор Серік Тоқпанов Қазақстан эндоскопиялық хирургтері ассоциациясының «Эндохирургияның дамуына елеулі үлес қосқаны үшін» медалімен марапатталды. Бір топ дәрігерлерге облыс әкімі бекіткен «Ақтөбе облысының эндобейнехиругиялық қызметін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі тапсырылды. Олардың қатарында облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Владимир Котлобовский, ҰҒА-ның академигі, профессор Намаз Ізімбергенов, ресейлік ғалым Алексей Трунов, Қарғалы аудандық ауруханасының хирургі Қайрат Бөкетов және басқалары бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқарамасының басшысы Әсет Қалиев өңірде эндохирургияны дамытуға қосқан үлесі үшін «KarlStorz» компаниясының «Алтын эндоскоп» сыйлығына ие болды. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Қожинге облыс әкімінің 40 миллион теңге грантын тапсырды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ
Abai.kz