Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 6455 0 пікір 11 Қазан, 2016 сағат 09:40

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «БIЗ ӘЛI ШИКI ЖҰРТПЫЗ...» (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың (суретте) «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

Өмiрдiң өзiн қалай танып бiлуге болады?

Тек жазу арқылы емес, iс жүзiнде сынап

көруiң керек. Өзiңнiң парызыңды өтеуге

тырыссаң ғана өзiңдi өзiң танисың. Ал сол

парызыңның мәнiсi не? Ол – уақыт талабы.

                                                                                                     Гете.

 

Бiздiң мақсатымыз – мал табу, шен табу емес, надандық неше батпан болып, үстiне артылып зiлдей қылып жатқан ауыр халқымызды өрге сүйреудiң әдiсiн, тәсiлiн табуға тырысу екенiн ұмытуға жөн бе? Қашан да болса адал махаббат ақтыққа жастай шөлдесе, жастай сағынып талпынса – ұлтын сүюге, адамшылыққа жетпекшi емес пе?

 

Мұхтар Әуезов.

“Оқудағы құрбыларына”.

 

Жайлау қызығы тарқап, шөп басы сарғайғанда Мұхтар қалаға қайтып оралды. Бұл жолы тек шәкiрттiк тiлек қана шаhарға жетелеген жоқ, ел парызын сезiнiп, соның қажетiне жарап, дертiне шипа болсам деген берiк сезiммен аттанды. Оның өмiрiндегi ең күрделi де қиын әрi әсер-құбылысы мол жылдардың сыбағасы күтiп тұрды. Мұның шет жағасын жиырма жасар жiгiт iштей түсiндi де.

Сол тұстағы саяси ағымдардан, қазақ оқығандарының денi белсене араласқан оқиғалардан Мұхтарды тыс қалды деу – әбестiк. Алпарысқа, адасуға әдiлдiкке ұмтылған жанталасқа толы осынау үш жылдың iшiнде қазақ халқы үш түрлi қоғамдық формацияны кешiп үлгердi. Тарихтың дамуының жылдам қарқын алғандығы сондай, көпшiлiк қауым ескi мен жаңаның арасындағы өзгерiстердi толық түсiнiп үлгермедi. Патшаның құлағанына қуанып, оның отарлау саясатының шеңгелiнен мәңгi құтылып, ендi өзге әкiмнiң құрағына iлiнбеудi Ұлттың дербестiгiн көздедi. Сол жолда сандаған сапырылыстар, нақты жағдайды, тарих ағынын түсiнiспеушiлiктер кездестi. Феодалдық, әрi капиталистiк қоғамның сарқыны санада шайқалып, ұлт бостандығына ұмтылды. Кейбiреулер саналы түрде, кейбiреулерi қосақ арасында осы жолды ұстанды. Солардың қатарында Мұхтар да болды.

Бұл-Мұхтардың жеке өзiн, не жалғыз қазақ қауымын, не исi Ресей жұртын емес, бүкiл дүниенi дүр сiлкiндiрген 1917-1921 жылдардың арасындағы аласапыран дәуiр едi. Қандай да болмасын “қилы заманды”, “ақтабан шұбырындыны” басынан кешсе де қазақ халқы қоғамдық даму барысында ХХ ғасырдың бас кезiндегiдей тығырыққа тiрелiп, тоқырауға ұрынған жоқтын. Ол тоқыраудың үш түрлi себебi болды: ел санатына енiп, тарих көшiне iлiккеннен бергi дәуiрдiң барлығында да феодализмнiң шапанын шешпей келдi. Көшпелi тiршiлiк – өмiр сүрудiң алғы шарты, басты тұтқасы болды. Ресейге қосылған соң билiктiң тiзгiнi сусып шыға бердi де, бұрынғы бектiң, бидiң заманы санадан ысырылды. Бiрақ та өмiр сүрудiң өзге мүмкiндiгiн бiлмейтiн қалың қауым дағдарысқа ұшырады. Екiншi: капиталистiк отарлау саясатына негiзделген патша әкiмшiлiгiнiң билеп-төстеуi жергiлiктi халықтың мүддесiн көздемегендiктен де, оған қарсы заңды наразылықтар туды. Қазақ халқының бiр аяғы феодализмде, бiр аяғы буржуазиялық қоғамда тұрды. 1917 жылғы ақпан революциясы монархиялық қатыгез қоғамды құлатты. Қыр елi бұл төңкерiстiң де мәнiн толық түсiнбедi. Әрi конституциялық демократия құрылымы бұлдыр елес сияқты көрiндi. Ал таптық күрес, пролетариат диктатурасы идеясы қыр қазағына мүлдем бимағлұм болатын.

Мұхтардың өмiртанымын, көзқарасын, азаматтық пiкiрiнiң қалыптасу жолын терең түсiну үшiн сол тұстағы қазақ халқының тарихи жағдайынан да мағлұмдар болуы керек. Онсыз ұлы жазушының тұлғасы толық ашылмайды. Және сол үш жылдағы қызметi мен шығармашылық еңбегi оның кейiнгi өмiрiне көптеген көлеңке түсiрiп, орынды-орынсыз сынға ұшырады. Жапа шеккен тұстары да кездестi. Сондықтан да сәл ғана саяси өмiрге ой көзiн салайық. Сонымен...

Ұлт басына аласапыран шақ туды. Көкiрегiнiң оты бар, көзi ашық азаматтар төңкерiс толқынынан қалыс қалуды ар санады. Мұқым сақара өңiрiнде үлкен саяси-қоғамдық пiкiр алысулар жүрдi. Мұндай әлеуметтiк белсендiлiк қазақ тарихында бұрынды-соңды болған емес. Әр түрлi бағаттағы газет-журналдар қаптан кеттi. Мысалы, “Айқап” журналы отырықшылықты насихаттады. “Қазақ” газетi көшпендi өмiрдi қалады. Сонымен қатар, әйел теңдiгi, қалың мал, ру тартысы, оқу-мәдениет мәселесi, әкiмшiлiктiң басқару формасы қақында таластар қызу жүргiзiлдi. Бұл ұлттық интеллигенцияның қалыптасқандығының айғағы едi. 1905 жылғы орыс революциясының толқыны Қазақстанды да шарпыды. Саяси жасырын партиялар ұйымдастырылды. Ұлт интеллигенцияларының арасынан Әлихан Бөкейханов бастаған конституциялық демократиялық (кадет) партиясының тобын құрушылар шықты. Большевиктер партиясының қатарына Лена қырғынына қатысқан Угар Жәнiбеков сияқты жұмысшылар мүше боп кiрдi. Алайда Қазақстанда кадеттердiң саны көп едi әрi олар ұлт үшiн жанып-күйген халықтың сенiмiне енген зиялы қауым едi. Дума арқылы қолдау да тапты. Мұның өзi оларды қазақтың мұнын мұндап, жоғын жоқтауға мүмкiндiк бердi. Кадеттердiң өкiлi 1916 жылғы ұлт-заттық көтерiлiсiне қатысушыларды жазықсыз жазалап, қырғынға ұшыратқан жазалау шараларының кесiрiн тексеруге келген Керенскийге Түркістан аймағын аралатып, жұрттың назарын аударды. 1916 жылы көтерiлiстi мылтықтың күшiмен, штыктың ұшымен басқан Николай патшаның тақтан түсуi қыр елiн қатты қуантты. Сондықтан да, 1917 жылы Керенский уақытша өкiметтiң басына келгенде қазақ ұлтының көсемдерi ерекше белсендiлiк көрсетiп, жағдайды пайдаланып, 1917 жылы 21-26 (қазiрше 3-8 тамыздың арасы) шiлдеде Орынбор қаласына бүкiл қазақтық құрылтай шақырды. Сол құрылтайда ұлттық «Алаш» партиясы құрылды. Оның ұйтқысы 1912 жылдан шыға бастаған “Қазақ” газетi болды.

Уақытша әкiмшiлiк атаулының құрсауынан құтылған халық арқасынан ауыр жүк түскендей жеңiлдеп қалды. Уақытша өкiметтiң билiгi қаладан аспады. Дербес облыстың қазақ комитеттерi сайланып, жұмыс жоспарларын бекiттi. Халық соттары құрылып, жесiр дауы, жер дауын шештi. Ұлт интеллигенциялары байлардан, көпестерден, жалпы шаңырақ басынан қаржы жинап, газет-журнал шығарды. Керенский өкiметiнiң қыр қазағына ықпалы болмады. Халықтың монархияға қарсы көзқарасын пайдаланып, қазақ елiнiң Ресейден бөлiнiп, автономиялы түрде дамуын көксеген ұлттық-тұңғыш саяси партия “Алашты” құрды. Әр уездегi белгiлi адамдар құрылтайға шақырылды. Соның iшiнде Абай ауылынан Шәкерiм Құдайбердіұлы, Тұрағұл Абайұлы, Халел Ғаббасұлы бар. Бұл үш кiсi де Мұхтардың жақын араласқан жандары. Сондықтан да Семейге келгенде жалпы саяси ортадағы жағдайларға қанық едi. Ел өмiрiндегi елеулi мәселелерi шешiлiп жатты. Жас жiгiт шаhарға сондай қүдiктi, күптi, толқуы күштi көңiл-күймен аттанды.

Тарихтың ағымын талдау, төрелiк айту бiздiң еншiмiз емес. Алайда ұлы төңкерiс тұсына дәп келген творчество иесiнiң тағдырын тiкелей қатысты болғандықтан да, аттап өтуге болмайды. Осы ретте “Алаш” партиясының құрылуы туралы деректi ұсынамыз. Себебi, онсыз Мұхтардың қалған ғұмырындағы мақсат-мүддесiн, шеккен жапасын, көрген қорлығын түсiну мүмкiн емес.

1917 жылы көкек айында Оралда қазақ кеңесi өтiп, Ахмет Байтұрсынов сөз сөйлеп, халықтың қазiргi ұсынатын бағыты, ақпан революциясының саясаты туралы түсiнiктеме айтты. Съездiң төрағалығына мемлекеттiк думанның мүшесi Алпысбай Құлманов сайланды. Саяси партия құру мәселесi қозғалды. Ал 1917 жылы тамыз айында бүкiлқазақ Құрылтайы ашылып, партияның аты “Алаш” деп аталды. (Бұл құрылтайға қазақ өкiлдерi түгел жиналмай, асығыс өткiзiлгендiктен, нақты шешiмдер қабылдай алмады. Сондықтан бiз оған тоқталмаймыз. - Т. Ж.). Қазан революциясынан кейiн 1917 жылы 5-13 желтоқсаны аралығында ұйымдық-саяси мәселе қараған II құрылтайы Орынбор қаласында өттi. Оған Түркiстан уалаятындағы қазақ облыстарынан басқаларының барлығы да өкiл сайлады. Сондай-ақ съезге башқұрттан Ахмет Заки Валиди, ШУРО-ның өкiлi прапорщик Баширов, “Янги Вакыть” газетiнiң редакторы Фатех Каримов, Орынбордың әскери округiнiң делегаттары Т. И. Седельников, А. Богданов, Орынбор муфтиi Барудит қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, жеделхаттар оқылды. Құрылтай атына келiп түскен хаттар мен жеделхаттардағы көрсетiлген төтенше оқиғаларды, шағымдарды талқылай келiп, мынадай шешiм қабылдады.

1. Өзара партиялық (сайлау) бақталастықтарды жойып, бiрiгу туралы

Үндеу жазу. Оны Мiржақып пен Ахметке жүктедi.

2. 1916-жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi кезiндегi жазалау отрядының зардаптарынан аштыққа ұшырап, қатын-балаларын ұнға айырбастап (бiр пұт ұн 125 сом) жүрген босқындарға және Хиуадағы тоналған қазақтарға көмек көрсету үшiн әрбiр адамнан I сомнан садақа жиып, оны мұқтаждарға жолдауды жүктедi.

  1. Ашыққандарға Ақмоладан астық жеткiзу үшiн Қарқаралы, Ақмола,

Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездерiнiң қазақтары Әулиеата, Пишпек уездерiнiң қазақтарына жалақысын келiсе отырып түйелерiн беру сұралды.

  1. Түркiстан автономиялы уалайатынан Жизақ уезiндегi анархиялық

Бассыздықтарды тоқтатуды талап еттi.

  1. Құрылтай жиналысына қатысу үшiн Сырдария облысынан бiр адамды

сайласын деп телеграмма соқты.

  1. Түркiстан автономиялы өкiметiмен келiсе отырып, бiртұтас қазақ автономиясына кiру туралы өтiнiштерiнiң қанағаттандырылуын қостады.
  2. Түркiстан автономиясына құттықтау телеграммасын жолдауға және

Орынбор мүфтиiнiң тiлегiне рахмет бiлдiруге келiстi.

 Осындай уағдаластықтан кейiн Құрылтайдың күн тәртiбi бойынша:

  1. Сiбiр, Түркiстан автономиясы мен Оңтүстiк – Шығыс Одағымен

арадағы қарым-қатынасты анықтау.

  1. Қазақ облыстарының автономиясын құру.

             3. Жасақ.

  1. Ұлттық кеңес.
  2. Оқу.
  3. Ұлттық қор.
  4. Мүфтият.
  5. Халық соты.
  6. Ауылды басқару.

10. Азық-түлiк қоры” – жөнiндегi мәселелердi талқылады.

Ә. Бөкейханов баяндама жасаған алғашқы төрт мәселе – Қазақ автономиясы, жасақ пен ұлттық кеңестi құру туралы пiкiрлердi тұжырымдап, ұсыныс енгiзу үшiн 7 адамнан тұратын комиссия құрылды”.

Құрылтайдың қатты қадағалап, қарама-қайшы пiкiрлер айтылып, ұзақ талқылаған мәселесi – автономия, милиция, кеңес қақында өттi. Орынбордағы қазақ әскерiнiң өкiлi Меньшин автономияны қолдай отырып, анархиядан құтылу үшiн оңтүстiк-шығыс одағына қосылуды, М.Шоқаев қазақ пен қырғыздың бiр автономия құрап, Түркістан автономиясының құрамына кiрудi ұсынды. Халел Ғаббасов баяндама жасады. Онда: Қазан айына дейiн халықтың сенiмiне ие боп, билеп келген уақытша өкiмет құлады. Ресей мемлекетi үкiметтен айырылды. Белгiлi үкiметке бағынбай әркiм өзiнше билiк етсе, азамат соғысының тұтанып кетуi мүмкiн. Анархия толқыны бүкiл мемлекеттi, үлкен қалаларды да, кiшi ауылды да жайлап барады. Ол қазақтар тұратын облыстарға да тарап, халықтың өмiрi мен дүние мүлкiне қауiп-қатер төндiрдi. Олар қорғансыз қалды. Тығырықтан шығудың жолы қазақ болыстары түгел мойындайтындай мықты үкiмет құру керек - деген пiкiр қозғалды. Съезд (құрылтай) бiр ауыздан мынадай қаулы қабылдады:

І. Шығу тегi ортақ, мәдениетi ортақ, тарихы мен тiлi ортақ, тұрғындарының басым көпшiлiгi қазақтар болып саналатын аймақтардың – Бөкей ордасының, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетiсу, Сырдария облыстарының, Ферғана, Самарқанд, Амудария, Закаспий облыстарындағы қазақ уездерiнiң, Алтай губерниясындағы аралас қоныстанған қазақ болыстарының негiзiнде ұлттық-территориялық автономия құрылсын.

ІІ. Қазақ облыстары “Алаш” автономиясы деп аталсын.

ІІІ. “Алаш” автономиялық облысы территориясының бар байлығы, жер астындағы қазба кенiштерi – “Алаштың” меншiгi боп табылады.

ІҮ. “Алаш” автономиясының конституциясы бүкiлроссиялық құрылтай кеңесiнде бекiтiледi.

Ү. Қазақтардың арасында тұратын барлық ұлттардың азшылық мүддесiн қорғауға кепiлдiк берiледi. “Алаш” автономиясының барлық мекемелерiндегi қызметкер әр ұлттың өкiлдерi салыстырмалы түрде тең дәрежеде орналастырылады. “Алаш” территориясының көлемiнде жер-сусыз қалған ұлттарға территориялық және мәдени дербестiк берiледi.

ҮІ. «Алашқа» қарайтын облыстарда анархиялық жаппай бүлдiру етек алмас үшiн құрамы жиырма бес адамнан тұратын халықтық кеңесi құрылсын, ондағы 10 орын орыстарға және қазақ арасында тұратын өзге ұлттарға берiлсiн. “Алашорданың” уақытша мекенi – Семей қаласы болсын. “Алашорда” қазақ елiнiң бүкiл әкiмшiлiк өкiметiн шұғыл түрде өз қолына алсын.

ҮІІ. “Алашорда” тез арада халық милициясын құруға мiндеттенедi.

ҮІІІ. “Алашорда” таяу арада бүкiлроссиялық құрылтай жиналысының сайлау құрылымына сүйене отырып “алаш” автономиясының құрылтай мәжiлiсiн шақыруға мiндеттi.

ІХ. Съезд “Алашордаға”.

  1. Заимға келсiм-шарт жасауға.
  2. Көршi автономиялармен жалпы бағыт туралы келiсiм жүргiзуге

өкiлеттiлiк бередi. Ал келiсiм-шарттың қорытындысын “Алаштың” құрылтай мәжiлiсiне ұсынады.

Х. Халық кеңесi өздерi жасаған “Алаш” автономиясының конституциясының жобасын “Алаштың” құрылтай мәжiлiсiне ұсынуы мiндеттi”.

Мiне, әйгiлi “Алаштың” саяси-әлеуметтiк құрылымы осындай. Жобаны жасаған Ә. Бөкейханов”.

Бұл ұзақ үзiндi, сол кездегi қым-қиғаш оқиғалар мен тартыстарды толық камтымаса да, күрес, таным жолының сақара төсiнде қандай жанкештi қиындықтармен өткенiнен мол мағлұмат аңғартады. Семей облысындағы тiршiлiк аласапыраны дәл осындай болатын.

Бұл тұста ұлттың өзiн-өзi тану процесi ерекше қатты қарқынмен жүрiп жатты. Оған халықтың барлық дәрежедегi өкiлдерi араласты. Тарихтың өзi халықтың алдына болашақ қоғамдық құрылысты, яғни өмiр сүрудiң формасын тандап алуды ұсынды. Қай жол тиiмдi, қандай әкiмшiлiктi қалайды. Мұндай сұраққа гимназия шәкiртi түгiл, қоғамдық ғылымнан мағлұматы мол қайраткерлердiң де бiрден жауап беруi қиын. Өйткенi, бұрын дербес мемлекеттiк машинасы қалыптаспаған қазақ халқының тұрмыстық, дәстүрлiк ерекшелiгi: көшпелi өмiрдiң белгiлерi, феодалдық, рулық сарқыншақтардың салқыны көптеген қайшылықтарға ұрындырды. Ақ патшаның өктемдiгiнен әбден жүрегi шайлыққан ел-жұрт, самодержавиенiң құрсауынан құтылған соң үкiмет атаулыны мүлдем мойындағысы келмедi. Сол баяғы еркiн дәуiр, көшпелi өмiрдi аңсай бердi. Бiрақ “бас-басына би болған” заманның келмеске кеткенiн де түсiндi. Ендi қайтпек? Оның үстiне Керенскийдiң уақытша үкiметiнiң iс-әрекетi берекесiз едi. Әр жерден құралған қазақ комитеттерiнiң де ықпалы әлсiз болды. Олардың ешқайсысы халықтың қолдауын таппады, тiптi қаламады. Ұлы Гете осындай зауал күйге тiрелген ел-жұрттың психологиясы қақында: “Уақыт үнемi алға озады, әрбiр елу жыл сайын адамзат әрекетi өзгерiске түседi, бiр мың сегiз жүзiншi жылы ең кемелiне келдi деп санаған iсiмiз, бiр мың сегiз жүз елуiншi жылы түкке жарамай қалды. Әрбiр ұлт үшiн тек өзiнiң жан-жүйесiмен астасқан, өзiндiк ерекшелiгiн сақтаған, барлығына ортақ қажеттiлiктен туындаған даму жолы ғана жақсылық әкеледi, өзге ұлттың үлгiсiн көшiрiп алу тек кесiрiн тигiзедi. Себебi: дамудың белгiлi бiр сатысында тұрған халыққа нәр беретiн жемiс, екiншiсiне удан бетер керi әсер етуi мүмкiн. Соңдықтан да, ұлттың қанынан, жанынан буырқанып шықпаған кез-келген жат қолымен телiнген жаңалықтың барлығы да табысқа жетпейдi және дәл осыған негiзделген революцияның өзi де тығырыққа тiреледi” - деген едi. Уақытша үкiметтiң аз ұлттар туралы саясаты да дәл осындай “қондырғы идеяға” негiзделген жалған революция болып шықты. Оның iс-әрекетiн жерiнiп қабылдаса да, қыр елi қыспақтан шығып кетудiң жолын таппай, тарих табалдырығында қамалып тұрып қалды. Сол тұста “Алаш” партиясы қоғамдық өмiрге араласты. Оның түпкi нысанасына ниетiн қосқан көпшiлiк қапас түнекке сәуле түскендей елеңдесiп қалды. Кәдiмгiдей үмiт артты.

Жалпы қазақ даласын кеңiнен қамтыған бұл оқиғалар Семей шаhарында және оның айналасында да ерекше қызу тартыспен жүрiп жатты. Ежелден-ақ қыр елiнiң мәдени орталықтарының бiрiне айналған Семейдегi дүрбелең жылдардың дүмпуi барынша қатты сiлкiнiспен қозғалысқа түстi. Көп халықтың аз оқығандарының денi осында жиналды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстiң, 1917 жылғы ақпан революциясының, 1917 жылғы Петроградтағы 3-5 шiлде оқиғаларының, тамыз айындағы “Алаш” съезiнiң және 1917 жылғы Қазан революциясының төңкерiстiк әрекеттерi қала өмiрiне тiкелей ықпалын тигiздi. Үлкен-үлкен тарихи буырқаныстарға толы кезеңдегi күндерiн Мұхтар сол қалада өткiздi. Егер де, ұлы жазушының шығармашылық-өмiрбаяндық жолына, көз-қарастарының қалыптасуына зер салғымыз келсе, онда 1917-1921 жылдардың арасындағы тарих толқынынан тыс Мұхтар Әуезовтiң бар саналы ғұмырын, туындыларының жазылу тарихын және басындағы қайшылықтарын танымдық тұрғыдан талдау мүмкiн емес. Тiптi, үлкен қателiкке, ұзақ мерзiм тiлiмiздiң арасына Маржан салып келген жалған тұспалдарға жетелейдi.

1917-1921 жылдардың шегiндегi Мұхтардың өмiрлiк, шығармашылық көзқарасының қалыптасуы түртiң түбiнде арнайы, дербес қаралады ғой деп ертеңге үмiт артамыз. Онсыз кемеңгер ғұмырдың тұлғасы толық ашылмайды.

Бар ел дүрлiгiп, құлағын түрген бұл саяси талқылардың жай-жапсарына Мұхтар да қанық едi. Заман ағысына iлесiп, күрес толқынына араласу үшiн де қалаға келдi. Жұрттың келешегiн ойлаған, оның тағдырына жаны ашитын ер-азамат ауылда тыныш отыра алмады. Белсене араласып кеттi. Жай араласқан жоқ. Ол Тұрағұл Абай ұлы екеуi бiрлесiп жазған “Адамдық негiзi – әйел” атты тұңғыш мақаласын “Сарыарқа” газетiне ұсынды. Ақын Сәбит Дөнентай ұлының себепкерлiгiмен ол қыркүйек айында жарияланды.

Бұл – Мұхтардың баспасөздегi беташары едi. Осы алғашқы дүниенiң өзiнен Мұхтардың сол жылдары ұстанған мақсаты анық танылады.

Олар:

Бiрiншi – елдiң береке-бiрлiгiн сақтау, жан түршiгерлiк жауыздыққа, жаhангерлiкке қарсы адамгершiлiк iлхамы: “Адамгершiлiк құлқы өспеген соң жақсылықтың бәрi жамандыққа айналып, бар дүниенiң маңдай басы елдердiң үш жылдай адамның көзiнiң жасы мен қанынан дария ағылып жатқаны мынау. Осы айтылған мағыналы адамшылық туралы iсiмiзге келсек, бiр атының көздiң қарашығындай екi баласы бiр-бiрiмен аңдысып, алға таман, алысқа қарамай, бiрiн-бiрi қарауылдап, қыли болып отырғаны мынау. Адамның кейiп, “дүние шiркiн-ай!”– өлмегi екi көздiң бiрiнен күткен достығы қастық боп шығып, әмсе жер соға бергендiгiнен”.

Екiншi – оқу, ағарту, мәдени қызметтерiн күшейту арқылы халықты тәрбиелеу: “Қай уақытта, қай халықта болсын, бiлiм жолында жұрт қатарына жетерлiк халық болу жолында ең керектi шарт-ақ жүректi екпiндi ерлер. Халықты iлгерiлететiн дөңгелек солар. Оларсыз мақсатқа жақындау мүмкiн емес”.

Үшiншi – әйел теңдiгi: “Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халiне жалғасады. Сол себептi әйелдердiң басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күнi күлiп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесiгiндi түзе! Оны түзеймiн десең – әйелдiң халiн түзе”.

1917 жылы қыркүйекте Мұхтар тура жиырма жасқа толды. Ол кезде туған күнiн атап өту рәсiмi бар ма, жоқ па кiм бiлсiн. Бiрақ дәл сол жылғы қыркүйекте жазушы Мұхтар дүниеге келдi. Тұңғыш рет аты тасқа басылды. Және мәңгi өшпейтiндей боп iз қалдырды.

1917 жылы күзде халық тағдыры үлкен жолдың айырығында тұрды.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610