АСТАНАДА ӨТКЕН ФОРУМНАН НЕ ТҮЙДІК?
Астанада Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумы өтті. «Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық әлеуетті дамыту» тақырыбын қамтыған бұл форумның жұмысына мемлекеттер басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысты, - деп жазады "Ана тілі" газеті.
Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның 1300-ден астам өкілі бас қосқан, инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылған бұл ХІІІ форум барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті.
– Біз кең ауқымды бағыттар бойынша өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Оған осы өңіраралық форум да септігін тигізетін болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар, дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 30 пайызға төмендегені байқалады. Көп жағдайда оның қарқыны бәсеңдеуі сыртқы жаһандық ахуалдарға байланысты болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда, Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін беру қажеттігін айтты. Өзара іс-қимыл аясын кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екенін айтып, республикадағы инвестициялық ахуалдың жақсарып, экономиканың әртараптандырылуына күш-жігер жұмылдырылып жатқанына да назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру саласындағы, соның ішінде салық режімін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті. Сонымен бірге Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылып, «ЭКСПО-2017: болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін еске салды.
Ресей Президенті Владимир Путин қарқынды даму үстіндегі Астана қаласының талай игі істерге ұйытқы болып келе жатқанына тоқтала келіп, бүгінгі ауқымды шараның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отырғанына мән берді. Сондай-ақ, ол екіжақты дәстүрлі байланыстардың өз нәтижесін көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды одан әрі дамыта түсуге мүмкіндіктер мол.
– Қазақстан Ресейдің ең сенімді серіктес елі. Біздің елдердің экономикасы өзара бір-бірімен тығыз байланысқан. Ресей Қазақстанмен көпжоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасқа басымдылықпен қарайды. Біз өндіріс пен энергетика, ауыл шаруашылығындағы ауқымды жобаларды бірге жүзеге асырып жатырмыз. Технологиялық кооперацияны қолданып, ортақ көліктік инфрақұрылым құрылуда, – деді Ресей Президенті.
Одан әрі В.Путин Ресей үшін Қазақстанның ТМД мемлекеттері арасында екінші сауда әріптесі екеніне екпін түсірді. Ресей басшысы екі мемлекеттің өзара әріптестігін нығайта түсетін шаралар көп екенін, барыс-келіс пен ынтымақтаса жұмыс істеудің тәжірибесі мол екенін айта келіп, өткен жылдың өзінде Қазақстанға ресейлік кәсіпорындардың 150-ге жуық делегациясы іссапармен келгенін жеткізді. Ресей басшысының сөзіне қарағанда, екіжақты ынтымақтастықты ұлғайту мақсатында Ресей субъектілері мен Қазақстан әкімдіктері үлкен рөл атқарып отыр. Сонымен бірге, ол Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азияның негізгі сауда жолында орналасқанын, сондықтан осы мүмкіндікті орнымен пайдалану қажеттігін жеткізді. Сөзінің соңында В.Путин Қазақстан мен Ресей ынтымақтаса жұмыс істеуін жалғастыра беретін болса, соның нәтижесінде екі елдің де ұлттық экономикасы ілгерілеп, халықтарының тұрмысы жақсара түсетініне сенім білдірді.
Бұдан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екі елдің мемлекеттік органдары мен іскерлік орта өкілдері жиналған пленарлық отырысына қатысты. Жиында Мемлекет басшысы осындай пішімдегі жыл сайынғы кездесулердің екіжақты қарым-қатынасты дамытуда зор маңызы бар екендігін атап өтті.Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың негізгі буыны болып отырғанын айтты. Мемлекет басшысы форум барысында талқыланған мәселелерді ескере келіп, екі ел үкіметіне көлік-логистика жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма беруді ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаев біріккен көлік-логистика компаниясының қызмет аясын кеңейту қажеттігін айтып, Еуразия Даму банкі жұмысының аспектілеріне де тоқталып өтті.
Соңында Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық барысында Ресейдің бірқатар өңірімен меморандумдарға қол қою жоспарланып отырғанын еске салды.
– Форум аясында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы мен Омбы, Түмен, Астрахань, Свердлов және Орынбор облыстарының, Алтай және Татарстан республикаларының басшылары арасында меморандумға қол қойылатын болады. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланып отырғандықтан, логистиканың дұрыс жолға қойылуы маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Владимир Путин Ресейдің Қазақстанмен көп жоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасын дамытуға басты назар аударылатынын тілге тиек етті. «Елдеріміздің экономикасы бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Біз өнеркәсіпте, энергетикада, ауыл шаруашылығында ауқымды жобаларды бірге іске асырудамыз» дей келе, екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде өңірлер ең белсенді рөл атқарып отырғанын баса айтты. Көлік қызметі нарығын дамыту мәселесінің өзектілігіне аз-кем тоқталған В.Путин Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі сауда жолы тоғысында орналасқанын, ортақ кедендік шекара бар және теміржол мен автокөлік жолдарының тармақталған желісіне иелік етіп, тасымалдаудың жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынын айтты.
Тағы бір айта кетерлігі, Ресей Президенті көлік-логистика саласы үшін мамандар даярлауда өзара іс-қимылды күшейтетін бірқатар халықаралық көлік жобаларына елдеріміздің бірлесе қатысуына назар аударды. В.Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей тарапының ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жұмысына белсене қатысатынын және оның бағдарламасындағы 100-ден астам іс-шараны бірге ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.
Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресейдің 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары; Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Жайық (Орал) трансшекаралық өзені алабының экожүйесін сақтау туралы келісім және тағы да басқа он шақты маңызды құжаттарға қол қойылды.
Ақбота ИСЛӘМБЕК
Abai.kz