Жүзім экспортқа шығарылуда
«Аманкелді» ЖШС-гі 150 тоннаға жуық жүзім экспорттауда.
Серіктестікте 275 гектарға алма, 88 гектарға шабдалы, 31 гектарға шие, 94 гектарға алхоры, 25 гектарға өрік, 17 гектарға алмұрт, 115 гектарға жүзім егілген. Бұл тамшылатып суғару әдісін қолданатын серіктестік жұмысының бір бағыты ғана.
– Биыл 150 гектардай жерге егілген жүзімді баптау оңай болған жоқ, – дейді серіктестік басшысы Нұрлан Құралов. – Ауа райы қолайсыз болғандықтан, өсімдікті аурудан аман сақтау үшін зиянкестерге қарсы бірнеше рет дәрілеуге тура келді. Соның нәтижесінде жақсы өнім алынуда. Жүзімдер Алматы, Астана сияқты ірі қалалармен бірге, еліміздің өзге де өңірлерінде сатылуда. Ал, қазір ресейдің Мәскеу, Новосибирск, Екатеринбург сияқты қалаларына экспортқа жіберіп жатырмыз. Бүгінгі таңда 150 тоннадан астам жүзім, 100 тоннаға жуық алма, сондай-ақ, шабдалы, кива, алмұрт, алхоры сияқты өнімдер экспортталды. Аудан орталығынан, Қызылқия, Қақпақ, Қызылтаң ауылдық округтері бойынша 300-ден астам адам еңбек етуде.
Қазір шаруашылықтың 2 мың тонналық көкеніс сақтау қоймасында мың тоннаға дейін өнім қойылып сақталуда. Ондағы мақсат – жергілікті нарықты жыл бойына балғын күйінде сақталған жеміспен қамтамасыз ету.
Abai.kz