ОҚО-да «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән байқауының жеңімпаздары марапатталды
Бүгін Оңтүстік Қазақстанда Шәмші Қалдаяқов атындағы «Арыс жағасында» VII ретро-фестивалінде VII Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанатты шарасы өтті. Облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысқан шарада аймақ басшысы жеңімпаздарды марапаттап, оларға сый-сияпат жасады.
Сонымен, VII Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән байқауының жеңімпаздарын атасақ, өнер жарысының бас жүлдесін қызылордалық Назым Сағынтай жеңіп алды.
І орынға Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Диана Хашимжанова ие болса, ІІ орын алматылық Тілекбай Нағымбаев пен астаналық Еркебұлан Тұрмағамбетовке бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынға астаналық Жалғас Сұлтанов пен Марат Айтымбай және Лаура Айтбаевалар (Қарағанды) лайықты деп танылды.
Сондай-ақ, салтанатты шарада Облыс әкімінің арнайы жүлдесімен Қытай Халық Республикасынан келген Асылхан Дәстүр марапатталса, арнайы диплом қырғызстандық Биназира Аблаеваға табысталды.
Айта кету керек, Халықаралық "Менің Қазақстаным" ән байқауы Оңтүстік Қазақстанды тұңғыш рет өткізіліп отырған жоқ. Осыған дейін де Шәмші Қалдаяқов атындағы түрлі конкурстар ұйымдастырылып келеді. Оңтүстік аспанын әнмен әуелеген бұл байқаудың жеңімпаздары Тәуелсіздіктің 25 жылдығын құттықтады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі