ОҚО-да «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән фестивалі өтуде
Бүгін Оңтүстік Қазақстанда VII Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән фестивалі бастау алды.
Қазақстан мен Қырғызстан, Әзірбайжан, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы және т.б. елдерден 60 шақты үміткер бақ сынап жатқан байқауда облысымыздың намысын «Менің Қазақстаным-2016» облыстық ән байқауының бас жүлде иегері Руслан Ақынбеков, «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің әншісі Диана Хашимханова мен облыстық опера және балет театрының әртісі Қаракөз Абдушариповалар қорғауда.
Ән салу өнерін дамыту, қазақ вальсінің падишасы Шәмші Қалдаяқов әндерін халық арасында орындайтын дарынды жастарға қолдау көрсету және қазақстандық эстрада өнері шеберлерінің өнерін халыққа ұсыну мақсатымен өткізіліп жатқан фестиваль 2 кезеңнен тұрады. Барлық кезеңдер халық алдында өткізіліп, қатысушылар Шәмші Қалдаяқовтың репертуарынан әндер орындайды. Халықаралық доданың бас жүлдесіне 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық қарастырылған.
Қазылар алқасының құрамында ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Еркімбеков және Әбілқасым Қалдаяқовтар бар.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, ОҚО әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан шара екі күнге ұласып, 7 қазан күні жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар «Шәмші әлемі» гүлзарындағы гала-концертте марапатталады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі