Сейсенбі, 26 Қараша 2024
10140 0 пікір 2 Желтоқсан, 2016 сағат 10:14

КЕНЕСАРЫНЫҢ ШЕЙІТ БОЛҒАНЫНА 170 ЖЫЛ. ҚАЛАЙ АТАП ӨТЕМІЗ?

2017 жылы Ұлт-азаттық қүрестің туын көтерген қазақтың соңғы ханы –  Кенесарының шейіт болғанына 170 жыл толады

Бисмиляһи Рахмани Рахим!

 

                                        О, Жаратқан Ием!

                                                         Мені қуант, Ісімді жеңілдет,

                                                 Тілімнің байлауын шеш,
                                                                              Олар менің сөзімді түсінсін.(Таһа сүресі)

 

Алла қаласа, келесі 2017 жыл Хан Кененің қайғылы шейіт болғанына 170 жыл толады. Осы жайында хан ұрпақтары мен алдыңғы қатарлы елдің ізгі ниетті бір топ азаматтары ой қорытып, өмірлерінің ең соңғы кезеңдерін осы оңтүстік өңірде өткізген  жалғыз хан Кене емес, оның үзеңгілес, бірге опат болған адал серіктері, батыр-жауынгерлерінің рухтарына арнап, қасиетті Тараз қаласында тамыз айының бірінші жартысында Құран бағыштап, Ас берсек деген ұсыныс-шешім қабылдаған едік.

Алла бұйыртса, Құран оқылар, Ас берілер, діни іс-шараға ешкім де қарсы бола қоймас! Өйткені, Кенесары хан, тек өз ұрпақтарына ғана керек емес, барша қазаққа қажет тарихи, ортақ, Ұлы тұлға! Көзі қарақ ел азаматтары ешқашанда  соңғы ханымызы ұмытқан жоқ! Қазақ елі егемендік алған соң, Кенесары жайында білгісі келгендер қатары күннен-күнге артуда. Олай дейтініміз, Кеңес үкіметі кезінде қазақтар үшін, бұл тақырып жабық, құпия түрінде болды. Осыған орай, қысқаша ғұмырнамасына тоқтала кетейік.

Кенесары Қасымұлы, 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. 1847 жылы Қырғызстандағы, оңтүстік Жетіжал алабындағы «Кекілік-Сеңгір» аңғарында, Тоқмаққа жақын жерде қырғыздармен болған шайқаста қолға түсіп,  қаза тапқан – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылдардағы Ұлт-Азаттық қозғалысының көсемі және Қазақтың соңғы ханы (1841-1847). Шежіре бойынша, ол Ұлы хандардың Ұлысы Шыңғыс ханның 20-шы ұрпағы, Абылай ханның немересі. Атақты Абылайдың қалмақ қонтайшысы Галдан-Сереннің туысы Хошу мергеннің қызы, Топыш ханымнан дүниеге келгені, белгілі, Қасым сұлтанның ұлы.

Қасым сұлтанның бәйбішесі – Айкүмістен Кенесары (алты ағайынды – Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопы және батыр қыз Бопай ханша), екінші әйелінен Наурызбай батыр туған. Үлкен аталарымыздың айтуы бойынша, хан Кенесарының жеке басында, ата-бабадан келе жатқан тектіліктен де басқа, айрықша нышандары мол болған. Солардың суреттеуі бойынша, былай айтылушы еді: «... орта бойлы, денесінде артық арам ет жоқ, құж мойын адам еді. Күн қаққан бетінде, танауы желбезек қағып, қыран көздері, ақылының айнасы, жалт-жұлт етіп, шоқ сияқты жанып тұратын, аз сөйлейтін, жүзі сабырлы, езуінде әрқашан мысқыл ұялағандай сезілетін. Бет-бейнесі, қаһарлы болатын, бар тұлғасынан тектілік байқалатын».

Жамбыл облысы, Меркі ауылындағы Қызылов Дәукен ақсақалдың үйінде сақталған Хан Кененің белдігі. Суретте белдікті беліне тағып отырған ұрпақтары

Кенесары, өзге бауырлары секілді көшпелі-әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай, жастайынан шабандоз, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы  мен дүлей күш-жігерін, оның жетекшілік қабілетін айналасындағылар ерте мойындаған. Ресей империясының күшейе түскен отарлау саясатына наразы болған  Кенесары, ағасы Есенгелді, Саржан бастаған азаттық қозғалысына 23 жасынан бастап белсене қатысады. Олар жанқиярлықпен, қаза тапқаннан кейін, Кенесары, қазақ халқының дербестігін қалпына келтіру жолындағы ұзақ та ауыр күресін бастады. Абылай хан ұрпақтары, Кенесарыға дейін де ұлт-азаттық көтерілісіне талай шыққан болатын. Олар Ресейге қарсы Қоқан ханымен одақтаса отырып күреспек болған еді, бірақ, ол үміттері ақталмады. Керісінше, 1836 жылы Қоқан билеушісінің нұсқауымен Кенесарының бауырлары Есенгелді, Саржан бірталай жігіттерімен бірге, өлтірілді. 1840 жылы әкесі Қасым төре де солардың қолдарынан қаза тапты.

Міне, содан соң, Кенесары Қасымұлы қолына қару алып, жауынгерлік атқа қонып, Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды көздеді. 1841 жылы қыркүйекте Кенесары, Үш Жүздің өкілдері бас қосқан арнайы жиында, Қазақ халқының ханы болып, ескі дәстүр бойынша «Ақ киізге көтеріліп» хан сайланды.

1847 жылы 17-25 сәуірде Тоқмаққа жақын жерде қырғыздармен болған шайқаста қаза табады. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жібереді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық береді.

Кенесары, қазақ халқының дербес мемлекеттігін қалпына келтіру, халқын бодандықтан құтқарып, басын біріктіру, азаттық пен бостандыққа қол жеткізіп, тәуелсіз ел ету мұратын көздеген сұңғыла саясатшы, қайраткер, ірі мәмілегер, дарынды әскери қолбасшы ретінде ел есінде мәңгі қалды. Оның әкімшілік және сот реформаларын жүргізгені, биліктің орталықтандырылуын күшейтуге тырысқаны, өз әскерін заман талабына сай қайта құрғаны, артиллерияны қолданып, әскери тактиканы дамытқаны, қатал тәртіпке бағынған, ұтқыр тәсілдерімен әрекет ететін әскер бөлімдерін құра білгені, сол кезде-ақ әділ бағасын алды. Орыс отарлаушыларын шошытты.

Кенесарының өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» дастаны, 1875 жылы сұлтан Жантөриннің тәржімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды. ХХ ғасырдың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын (сахнаға бірер қойылуынан кейін тиым салынған), 60-жылдары І.Есенберлин «Каһар» тарихи-романын жазды. Алғашқы зерттеулер ішінде «Казақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» деген тақырыппен Н.Середаның 1870 жылы «Вестник Европы» журналының бірнеше нөміріне бастырған кітабының дерек көз ретіндегі маңызы зор. 1888 жылы Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан, Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес өкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған үлкен тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов («XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан», М., 1947) саяси құғын-сүргінге ұшырап, 25 жылға сотталды.

Кенесары тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң, жаңа қарқынмен қолға алынды. Тарихшылар (Ж. Қасымбаев, т.б.) өз зерттеулерін жариялады. 2002 жылы Кенесарының туғанына 200 жыл толуына орай, халықаралық ғылыми конференция өтті және «Кенесары хан» атты деректі фильм шықты. Астана қаласында ескерткіш қойылды.

Ресейге қарсы күресте Қасым төренің ұрпақтарының, әсіресе, даңқты Садық (Султан Сыздык) сұлтанның Кенесарыұлының орны ерекше. Садық сұлтан саналы түрде өмірінің негізгі бөлігін Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күреске арнады. Бірақ, ұзақ жылға созылған айқаста күш тең болмай, Орталық Азиядан Қашқарға өтті. Садық төре Қашқарда Қытай отаршыларына да қарсы соғыстарға да қатысты. Ақыры, ауыр жараланып, «барар жер, басар тауы» қалмаған соң, амалсыздан Ресей билігін мойындауға мәжбүр болды. Орыс билігіне «ұсынған басты қылыш кеспейді» деп хат жазып, Пішпек бекінісінде кеңшілік жарияланды. Онда, Созақ бекінісі маңына орналасуға рұқсат берілді. Осымен, даңқты Қасым сұлтанның атағы аңызға айналған ұрпақтарының Ресей отаршыларына қарсы күресі аяқталды. Бірақ, осы күрестер белгісіз кеткен жоқ, әрқашанда, тәуелсіздікке ұмтылған әрбір қазақтың жүрегінде сақталып қалды! 

Осы жерде, Қасым төре бастаған, даңқты ұрпақтары қоштаған, Хан Кенесары шейіт болғанға дейін, арыстанша алысып жанын құрбан еткен, Ұлт-Азаттық күрес Х1Х ғасырдағы ең биік дәрежедегі көтерілісі жүріп жатқанда, одан басқа билік басында болған төре ағайындар, басқа қазақ ерлері қайда болды деген сұрақ, еріксіз ойға қалдырады. Олардың бірталайы, қарадан шыққан би мен сұлтандармен қосылып, Ресей жағына шықты! Кенесары ханға қарсы күресіп, шен-шекпен алуға ұмтылды. Міне, бұл ащы да болса, шындық.

Осының арты неге алып келіп соқты? Қазақтың белгілі ақынының «мың өліп, мың тірілген қазақ» деп сипаттағанына дөп келген талай ауыртпалықтарды басынан өткізген, қолдан жасалған ашаршылыққа, соның  салдарынан 4 миллионнан астам елінен айырылып, мыңдаған бетке ұстар ұлт зиялыларын жойып жіберіп, атылып-айдалып, өз елінде ұлттық азшылыққа  айналған ел емеспіз бе?! Алайда, осының барлығы да тәуелсіздік туының желбіреуіне жол ашты.

Елсіз, жерсіз қалып, қаңғыған қазақ, қайда жүрсе де осы Қазақстан аталатын қасиетті «қыбыласына» бас иіп, оның бостандығын армандады. Сондықтан да қазіргі қазақ жерінде болып жатқан барлық істің түйіні осы бостандықта. Тәуелсіздігіміз бекем және толыққанды болса, «демократиялық реформалардың» іске асуына «этникалық байланыстардың» нәтижелі және тұрақты болуына, сондай-ақ шаруашылығымыздың барлық саласының өркендеуі мен басқа саяси істердің табысты дамып нақты шешімі табылуына түбегейлі жол ашады.

Қазақстан – ұшан-теңіз байлықтың елі. Алла Тағала, Қазақстанға тұнып тұрған жер үсті мен жер асты байлықтарын үйіп тұрып аямай берген. Алланың берген осы ұшан-теңіз байлығы, соның иесі – қазақ деген елге нәсіп еткей деп тілеу тілейміз!

Біздің пайымдауымызша, Жамбыл облысы мен Тараз қаласының әкімдерінің назарына, ханның шейіт болғанына  Құран бағыштап, Ас берердің алдында, Кенесары ханның қасиетті күресінің мән-мағынасын толықтай тану үшін мынандай мәселелерге көңіл бөліп, көмек  көрсетсе екен деген тілегіміз бар:
1) 2017 жылы Кенесары ханның шейіт болғанына 170 жыл толуына орай халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылса;

2) Жамбыл облысының аумағында хан Кенесары атында бірде-бір елді-мекен, көше, мәдениет, немесе оқу орындары жоқ екен. Осыған орай, осы мәселе қолға алынса;

3) Жамбыл облысының көрнекті бір жерінде, хан Кенесарыға ескерткіш қойылса;

4) Ғылыми конференцияның материалдары «Ас» берілер алдында жеке жинақ ретінде шығаруға және осы аталған іс-шараларды өткізуде кездесетін кейбір мәселерді шешуге қол ұшын берсе.

Осындай ұсыныстарымыз оң шешімін табар деп үміттенеміз.

Сөз соңында қайталап, айтарымыз, Жаратқан Иеміз, Бір Алла бұйыртса, келесі 2017 жылы Қазақ  халқының соңғы ханы – Кенесарының шейіт болғанына 170 жыл толады. Осыған байланысты қасиетті Тараз қаласында, тамыз айының бірінші жартысында (нақты күндері қосымша хабарланады) Хан Кенеге және онымен бірге шейіт болған батырларының  рухтарына арнап Құран бағыштап, «Ас» берсек  деген хабар таратып, САУЫН айтамыз! Осы қасиетті іс-шараға қатысамыз, өткізілетін  халықаралық  ғылыми конференцияға қатысып, мақалалар, зерттеулер жинағын кітап етіп шығаруға көмек көрсетіп, қол ұшын береміз дейтін азаматтар болса, осы іс-шараларды ұйымдастырушы ретінде біздермен хабарласса деген тілегімізді айтамыз.

Сұлтан Аман Шота, «Тезек Төре» қорының Төрағасы, «Дүние  Жүзілік Шыңғыс Хан Академиясының» академигі,  ғылымдар докторы.

Abai.kz    

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1528
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3311
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5957