«Елі сүйген, Елін сүйген – Елбасы» тақырыбында фотокөрме өтті
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған шара өтті.
Шымкенттегі Көрме орталығында ұйымдастырылған «Елі сүйген, Елін сүйген – Елбасы» тақырыбындағы фотокөрмеге 70-ке жуық фотосурет қойылған. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюындағы Тұңғыш Президент – Елбасының рөлі, сондай-ақ, тәуелсіздіктің қалыптасуының негізгі кезеңдері мен Қазақстанның сыртқы, ішкі саясаттағы жетістіктері және дамуы көрсетілген фотошежіре Елбасының Егемендік жылдарындағы тарихи сәттері мен Тәуелсіздік шежіресі атты топтық жинақталған суреттерден басталады.
1991-2000 ж.ж. ақ-қара суреттер Оңтүстікте Елбасының халықпен жүздесуі, Ордабасыдағы жиын, Тұрғыт Озал, Ислам Каримов, Асқар Ақаевтардың тарихи фотолары, Түркістанның 1500 жылдығы, Оңтүстік өндірісі, ауыл шаруашылығы, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша қас-қағым сәттерді бейнелейді.
Сонымен бірге, мұнда «Мәңгілік ел», «ЕXPO – Халықаралық көрмесі», ел таңдауы - Н.Назарбаевтың соңғы сайлаудағы ұлықталуы және 2015-2016 жылдардағы халықаралық кездесулердің фотолары қойылған. Көрмеде хронологиялық жылдар тізбесі бойынша экспозиция мәтіні сақталған. Еліміздің 25 жылдық тарихы мен Оңтүстік өңірінің дамуын көрсете білген барлық фото жаңадан жинақталып басылған.
Облыс әкіміне осынау тақырыптық фотошежіре туралы баяндаған облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры, ҚР Көркем сурет академиясының академигі Айнабек Оспанов мұнда Елбасының Тәуелсіздік алған жылдардан бері Оңтүстікке жасаған 50 шақты сапарының бірегейлері, тіпті, кейбірінің еш жерде жарияланбаған эксклюзив даналары орын алғанын жеткізді.
Айта кету керек, «Елі сүйген, Елін сүйген – Елбасы» тақырыбындағы
фотокөрмесіне кіру тегін. Келушілер үшін көрме 1 желтоқсан күні кешке дейін дейін жұмыс істейді.
Abai.kz