Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 3789 0 пікір 25 Қараша, 2016 сағат 12:29

Тіл ортақ болмай, қоғам бірікпейді

Асылы ОСМАНОВА, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық ұйымның төрайымы

- Биыл тәуелсіздігіміздігімізге жиырма бес жыл. Құдайға шүкір, осы ширек ғасырға жуық уақыт аралығында әлем елдерінің біразы Қазақстанды таныды. Қол жеткізген нәтижеміз де жетерлік. Әйтсе де мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде тұсаулап қойғандай кібіртіктеп қалатынымыз рас. Себебі қазақ тілін әлі күнге өз тұғырына қондыра алмай келеміз. Неге?

- Рас, тіл мәселесі бүгінгі күннің ғана проблемасы емес, оны кеше де қозғадық, бүгін де, ертең де қаузай беретін секілдіміз. Неге? Мәселе сонда. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қазақ тілін жалпы халықтық тіл ету үшін талпыныстар жасалды. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де тіл мәселесіне қатты көңіл бөлді. Мемлекет басшысы өзінің «Ұлы дала ұлағаттары» деген кітабында: «Тіл туралы сөз – ең жанды жеріміз. Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» дейтін сөзі бар.

Арғы-бергі тарихты ақтарып, әлем мемлекеттерінің тіл туралы тұжырымдарына зер салсақ, өзінің тілін «Ана тілі» деп дәріптейтін де, ардақ тұтып қадірлейтін де жұрттың бірі - қазақ халқы екен. Ата-бабаның ұлы дәстүрін, тарихы мен шежіресін, әні мен жырын туған тілінде тыңдап, жүрегіне ұялатып өскен ұрпақтың өкілі ретінде қазақ тілінің бүгіні мен болашағына ерекше мән беремін.

Әрине, оның кешегі посткеңестік кезеңде жолы тар, орны төменде болғанын бәріміз білеміз. Отарлық құрсаудың темір қақпаны ана тіліміздің адымына шідер салып, дамуына кедергі келтірді. Тіл шұбарланды, онымен бірге діл тұманданып, сана күмәнданды. Сана сергітер саңылақ тіліміздің тұсалған кезі еді ол. Оны бүгінгі ұрпақ – біз ұмытсақ, келер ұрпақ одан әрі жаңылып, жаза басуы мүмкін. Ұлттың ұлы қазынасы – «Ана тілін жаңа ғасырдың биігіне абыроймен алып шығу – бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы»,- деп жазады Елбасы. Тіпті «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенді айтуға мәжбүр болды. Бұл оның өз тіліне деген жанашырлығы деп білемін.

Дегенмен елімізде тілдің жайын күйттейтін заң да бар, бағдарлама да жетерлік. Бірақ соны жөндеп іске асыруға келгенде құлықсыздық таныту етек алған. Себебі Үкіметтің, я болмаса Парламенттің отырыстары негізінен орыс тілінде өтеді. Бұл өзекті өртейтін шындық әрі өкініш. Неге қазақ тілін яғни мемлекеттік тілді жалпы халықтық тіл ете алмай отырмыз. Әлде оған өреміз жетпей ме? Жоқ. Жетеді. Тек ынтаның жоқтығы. Бары осы.

-Бәлкім, Мемлекеттік тіл жөнінде жаңа заң қажет шығар?

-Мәселе оған да тіреліп тұрмаған сияқты. Ең бастысы, қолда бар заңды орындауда. Осыған ниетіміз дұрыс болмай тұр ғой. Біз көбіне мемлекеттік тілден гөрі ресми тілге жүгінеміз. Мәселе сонда. Дегенмен аузымызды құрғақ шөппен сүрте беруге болмас. Аздап талпыныс, ілгерілеу бар. Әсіресе, Қазақстанды Отаным деп таныған өзге ұлт өкілдері арасында сең бұзылды. Қазақ тілін үйренуге құлшынысы артты. Соларға қолдау көрсету керек. Демек қоғамымызда, қарапайым халық арасында тіл үйренсек деген талпыныс басым. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ең маңыздысы мемлекеттік тілді биліктегі шекпенділердің өзі қолға алып, үлгі көрсетуі керек-ақ!

-Кейде маған халық «ана тілі мен мемлекеттік тіл» дегенді ажырата алмайтын сияқты көрінеді.

- Оның рас. Ана тілі деген бар. Мемлекеттің тілі деген бар. Ана тілі әркімнің өзі үшін қажет. Ол өз үйінде әдет-ғұрпын сақтау үшін қажетті қарым-қатынас тілі. Ана тілі жалпы ұғым. Сіздің де ана тіліңіз бар, менің де ана тілім бар, кәрістің де, орыстың да, ұйғырдың да ана тілі бар. Ал мемлекеттің тілі деген, ол жалқы ұғым.

Мемлекеттің тілі Қазақстанда тұратын барлық халыққа ортақ тіл болуы шарт. Тіл ортақ болмай, қоғам топтаспайды, бір арнаға ұйыспайды, бірікпейді. Осыдан оншақты жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясының отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бәрімізді ең негізгі ұйыстырушы фактор» деген-ді. Шындық осы. Демек тілді білу үшін бәріміз күш салуымыз керек. Қысқасы, тіл білу үшін не керек? Ең бастысы, ниет керек, ықылас керек. Қажет болса, талап ету керек. Сонда ғана қазақ тілі өз деңгейіне көтеріле алады.

tilalemi.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394