ТӘУЕЛСІЗДІК ҺӘМ КӨЗҚАМАНДАР
Көзқаман – көне заманнан қалған ең қорқынышты сөз. Ең қорқынышты болатын себебі, әйгілі мәңгүртке қарағанда көзқаман өзі шыққан ұлтқа, халыққа мың-мың мәрте қатерлі. Бұл сөздің мағынасын шын ұққан жан шошып қана қоймайды, жан-жүрегі шырқырап ғұмыр жұлыны үзілуге шақ қалады. Бүгінгі сөз осы жөнінде.
«Көзқаман» деген көкбүйе сөзді сөйлемнің басына келтіре берген себебіміз оның аса қатерлі, мың қырлы мағынасынан көпшілік қауым бейхабар деп ойлаймыз. Көзқаманды уикисөздіктен сұрасаңыз, «Бұл мағынаның анықтамасы берілмеген. Өз анықтамаңызды ұсыныңыз» деп тұр. Осыны көре тұрып, өз болжамымызды ұсынуға батылданғанымыз үшін алдын ала кешірім сұраймыз. Сонымен, «көз» және «қаман» деген екі сөзден құралған сан қырлы бір мағына. Көз – адамның кәдімгі көру мүшесі. Ал қаман – деген ше?! Шамасы ол «қамастыру» деген сөздің түбірі болуы әбден ықтимал. Бұл көзді алдап қамастыру немесе шағыстыру мағынасын береді.
Бала кезімізде бұл сөзді үлкендер пайдаланатын. Мәселен, қыз айттыратын болса, «Әй, көзқаман болмасын. Дұрыстап жөн-жосық жүргізерсің!» дейтін. Бұлай айтуының тереңіне бойласаң, қыз көрікті де тартымды болғанымен, тәлім-тәрбиесі мен иба-әдебі қалай екен, сол жағына көбірек мән бер дегенді білдіреді. Яғни сиқырға суарылған сұлулығымен көзіңді қамастырмасын, шағыстырмасын, сөйтіп түпкі пиғылынан адастырмасын дегені. Біздің елдің үлкендері көне заманда көкбүйе болған сөзді бертінде, бірталай жұмсарған күйінде осылай пайдаланатын. Әсілінде, көзқаманның түп-төркіні мүлде бөлек.
Академиялық әңгіме
Он сегіз жыл бұрын Бішкек арқылы Ташкентке келген академик Рахманқұл Бердібай «Нұрлы жол» республикалық газетіне көзқаман жөнінде көлемді мақаласын екі бөліп бастырды. Айтқандары айдай келіп жатқан ақсақал академикті алғаш және соңғы рет көргеніміз сол болды. Әйтпесе дәрісін тыңдап, шәкірті болып, көкірек көзін тікелей ол кісіден ашқан жеріміз жоқ еді. Бірақ, шәй үстіндегі сол бір ұзақ әңгіме тәуелсіздіктің әлдиінде жүрген біздің жүректі әлем-тапырақ етті. Көзқаман деген көкбүйе сөз бостандықтың буына асып-тасыған көңілімізді сап басып, күмәні көп сансыз ойдың жетегінде емпеңдетіп жіберді. Сол күндерден бері екі дай болған ойдың қаралы жағы басымдық алған соң үлкен тәуекелмен осы тақырыпқа қалам тартқалы тұрмыз.
Есте жоқ ерте заманда қытай мен қырғыз ұзақ соғысыпты. Аз қырғызды жұдырықтай жұмылдырған Манас батыр тынымсыз шабуылдаған қалың қытайға тойтарыс жасап, қалайда бой бермейтін болыпты. Сөзі майда, қадамы ұсақ, бірақ қулығы мен қатыгездігі тым тереңде жататын қытайлар амал-айласы таусылған соң Манас батырдың бесіктен белі шықпаған немере інісін ұрлап әкетеді. Сөйтеді де, оның бойы мен ойына қытайдың рухани құндылықтарын барынша сіңіріп тәрбиелейді. Әйтсе де, қырғыздың тілін үйретіп, салт-дәстүрі мен мәдениетінен де хабардар етеді. Бірақ, өз ұлтының рухани құндылықтарын жек көретін, мүмкіндігі туса тәрк ететін «адам» етіп өсіреді.
Сол бала ер-азамат болып жетілгенде Манас батырмен байланысуды тапсырады. Көзінің жасын көлдетіп, жат жұртта жәбір көріп жүргенін айтып батырға сәлем жолдаған баланың есімі Көзқаман еді дейді. Қаһарман ағасы қытаймен соғыста қаза тауып, қайғының тереңіне батып жүрген Манас батыр сәлемді естіген бойда, «мүмкіндік туса елге жет» деген жылы жауап жібереді. Жылы жауапты жаны қалап жүрген Көзқаман көп қиындықпен қытай қолынан құтылып шыққан болып елге келеді. Бірақ оның кескін келбеті нағыз қырғыз болғанымен тілі мен ділі, рухани құндылығы мен жан құмары, сондай-ақ құлық-құлқыны мүлде бөлек, бөтен еді.
Осы орында анықтап алатын жәйт, Көзқаманның дәстепкі есімі мүлде басқа болуы ықтимал. Ол Манастың алдында қырғыз халқына жан-ділімен қызмет етіп жүргенге ұқсағанымен, оның көзін ала бере қырық құбылып, өз ұлтының сан мың жылдық салт-дәстүрі мен рухани жан-дүниесін байытатын ең қастерлісі – тілі мен діліне қарсы астыртын ғана іс жүргізетін. Ондағы түпкі пиғылы қырғыздың тілі мен ділін біртіндеп жойып, барлық ұлттық құндылықтарынан айырып, қытай билігіне құлақ кесті құл болу аса мәртебелі қызмет екенін ұлт санасына там-тұмдап тынымсыз сіңіре бермек. Көзқаманның бұл тірлігін көрген, түпкі ниетін толық сезген қырғыз ақсақалдары оның екіжүзді ісі мен бір күнде қырық құбылатын қылығы мен құрық бойламайтын қулығына қарап және көзді ғана алдайтын, мүлде жүзеге аспайтын жоба-жоспарлармен Манастың ақыл-ойын қамастырып жүргенін ұғып, оның ұлтқа қарсы осы пиғылынан ешқашан айнымайтынын анық түсінген соң оны Көзқаман деп атаған. Сөйтіп, барлық ақыл-айласы мен қарымды қабілетін тек қана өз халқының жаратылысына қарсы жұмсаған, осы ең күнәхар әрі харам іске бүкіл ғұмырын арнаған Көзқаманның дәстепкі есімі ел жадынан өшкен.
Енді Манас ханның жайына қайта оралсақ, мемлекеттік қызметте кеңесшісі болып көп істеген Көзқаман, батырдың ерек ықыласына бөленеді. Ұлтқа қарсы құйтұрқы әм қанқұйлы әрекетінің бәрін астыртын жүргізе береді. Ақыр соңында қожайындарынан жоғары бұйрық келгенде, Манасты өлтіру амалын қарастыра бастайды. Тапқан амалы ханның өміріне шын қатер төндіреді. Хан шатырындағы әскерді көрші аймаққа өтірік жұмсап, жөнелтеді. Сөйтеді де, Манасты үйіне шақырып, уыты мол у қосылған арақ беріп, жанымен арпалысып жатқан батырдың басын шапқалы ұмтыла бергенде Манастың қатыны Қаныкей мен қызметшісі Ақаяр жетіп үлгіреді. Қанқұйлы ісін амалға асыра алмай қалған Көзқаман ел көзінен ғайып болады. Бірақ өз ұлтына, яғни қырғыз халқына қарсы іс-әрекетін бір сәтке де тоқтатқан емес. Оның үрім-бұтағы бүгінге жеткен деген де аңыз бар. Тіпті қырғыз асып қыр қазағына да келген бе!? Көңілде осындай бір кілегей тұр.
Манастың қамқоры әрі қорғаны болған бәйбішесі Қаныкей қатын батырды он күн бойы емдеп, қайта тірілтіп алады да атқа қондырады. Эпос әрі қарай жалғасын табады.
Бүгінгі көзқамандар кімдер?
Махатма Ганди: «Отаршылардың тәрбиесінен шыққан элита – өз халқының ең басты жауы» деген. Адами мәдениеттің ең биігіне шыққан күрескердің бұл түйнекті түйінін біз қазір оқып отырмыз. Ал академик Рахманқұл Бердібай әлемдегі ең бейбіт жанның бұл тұжырымымен өткен ғасырдың сонау да сонау жылдары танысқан болуы бек ықтимал. Өйткені, көкбүйе сөз көзқаман ұғымын кеудесінде ұзақ алып жүргені анық байқалды. «Миына мың-миллион ине болып қадалып, өз жанын өз шашы шабақтаған мәңгүрттің аянышты хәлі мәлім. Ал көзқамандар білімді, ақыл-есі бүтін, дүниежүзі тарихы мен экономикасынан сөз қозғағанда желдей еседі. Тіпті, кітап та жазатын санасы бар. Бірақ олардың білімі өз ұлтына жанасымы жоқ космополиттік білім. Көзқамандардың қазіргі мұрагерлері өз ана тілін білмейді. Халықтың салт-санасын мансұқтайды. Елінің тарихын қадір тұтпайды. Ең қасіреттісі сол, елінде болып жатқан құбылыстарға өз ұлтының мақсат-мұраты тұрғысынан емес, басқа бір елдің көзқарасы мен дүниетанымы биігінен қарайды. Сондықтан өз ұлты былай тұрсын, өзін туған ата-анасын танудан қалатын бейшара мәңгүртке қарағанда көзқаман әлде қайда қауіптірек. Осы жағдай жанымды қатты қинайды» деп көкірегі тола күрсінген-ді қарт академик.
Жаратқан қателесіп, жаза басқаннан сақтасын! Бұл жерде күллі адамзатқа бейбіт күрестің үлгісін көрсеткен Ганди мен қазақ жанын ең терең білген ғұлама ғалым адасқан ба деген көңілде бір кіді бар. Себебі, сол Гандидің тірлігімен парапар іс атқарған, бүкіл саналы ғұмырын қазақ жұртының азаттығына бағыштаған, қажет кезінде өмірін де қиған Әлихан Бөкейхан бастаған «Алашорда» қайраткерлері де отаршы елдің білімін алып, тәрбиесін көрмеп пе еді. Оларды қалай ғана аузың барып...
Алайда академик өз ана тілінен жеріп, оны үйренуге талпынбай отырған, сондай-ақ өз халқының ділі мен дініне және мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан салт-дәстүріне, жаннан қымбат құмары болған ұлттық құндылықтарына теріс қараған қандастарын көзқаман деп таныды. Мұндай адамдар сан қилы жолмен билікке жетіп, одан айырылып қалмау үшін өз ұлтының мүддесіне үнемі қарсы шығып, отаршы елдің мұраты үшін толассыз қызмет ететінін күйініп айтты. «Олар, яғни көзқамандар жан жылуы мен жүрек қалауын тек қана өзін тәрбиелеген және оқытқан отаршы елден іздейді. Себебі, оларға өзі шыққан халықтан қорған болатын және «асыл мұратына» жеткізетін сол отаршы ел. Сондықтан көзқамандар өз халқының тарихын, әдебиетін, мәдениетін танып, талғап білгісі келмейді. Ұлттық өнерінен ләззат алу былай тұрсын, тіпті жәй тамашалауға да жаны қас. Ал отаршылдардың тамырсыз тарихына бас ұрып, солардың мәдениеті мен өнеріне табынумен болады. Енді Алла Тағала ынсап-қайыр бермесе, Елбасы түзеп жөнге салмаса ұлт құндылықтарын қиратып келе жатқан қазіргі көзқамандардың беті тым қатты» дегенде жан-дүниеміз шырқыраған біз, жаншылып қала жаздағанбыз. Сөйте тұрып намыс отын лапылдатып, ашу арғымағының тізгінін ағытқанымыз да рас.
Әйткенмен ашу атын жөнелтіп, аптығымыз басылып, айналаға байыппен қарағанда академик білдірген пікірдің бір парасын терістедік. Өйткені, өзіміз жақсы білетін бертіндегі мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есенәлиев сынды тау тұлға азаматтар оған дейін де, одан кейінде болған. Олар түрлі себептермен жат жұртта немесе өз елімізде ана тілінен мақұрым қалса да ой-санасы қалыптасып болған соң бірер жылдың қарасында рухани кемістігін жетілдіріп, толықтырды. Сөйтті де, жоталы ойларымен жұрт алдына шығып ұлттық мүдде мен мұратты қазақ аспанында шамшырақ етіп жағуға талпынып жүр. Алайда олардың арқыраған арғымақ ойларының алдына қайта-қайта арқан керіп тұрғандар кімдер? Көптен бері көбімізді ұлттық мүдде биігіндегі көмбеге жеткізбей сандалтып жүрген дәл осы сұрақ.
«Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады»
Әйтпегенде, дәл қазір үш тұғырлы тіл туралы ойлайтын кез бе!? Өзбекте «Жаңа үйіңді тұрғызып болмай ескі үйіңді бұзба» деген тәмсіл бар. Айтқандай, өзбек демекші, жаһандық тілдердің жұмырына жұтылып кетпес үшін олар таяуда ғана Әлішер Науаи атындағы өзбек тілі мен әдебиеті институтын құрды. Бұл институт өзбек тілін түпкілікті зерттеп, жетілдіре берумен қатар, оны өз халқының және әлемнің кез келген түпкіріндегі өзбек тілін үйренем деп талпыныс танытқан адамға оның маңызы мен мазмұнын терең сіңіріп үйретуді көздейді. Ол жөнінде таяуда ғана аталған елге барғанымызда білдік. Ташкентте Мемлекеттік Әлем тілдері университеті бар. Сол университеттің профессоры, Ахмет Байтұрсыновтың тіл туралы ғылымы бойынша тұңғыш ізденушілердің бірі – филология ғылымдарының докторы Махамбет Жүсіпов деген ағамыз кафедра меңгерушісі болып қызмет етеді.
Көлденең көз, байыпты ой ретінде Махамбет ағаның үш тұғырлы тілге қатысты пікірін білейік. «Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің үш тұғырлы тілге қатысты жүргізіп отырған саясатын этноцид пен геноцидтің жұмсақ түрі лингвоцид деп айдарлауға болады. Бұған берілетін анықтама, трансұлттық күштердің байырғы халықтың тілін жоюға бағытталған әкімшілік-саяси, сондай-ақ әлеуметтік әрі экономикалық, ғылыми-мәдени сипаттағы кешенді шаралары болып табылады. Қазір қазақ тіліне қатысты, қатты қауіп қылғаннан айтарымыз, әлемдік тілдер жергілікті тілдерді бейбіт түрде ассимиляциялап жұтып қояды. Нәтижесінде, қазақ тілі өзінің функциясын толық атқара алмай қалады. Қаржы мен ғылым саласы ағылшын тіліне көшкен соң мемлекеттік тілдің тек аты ғана қалады», деді профессор. Шындыққа тура қарасақ, ағылшын тілін қаласақ та, қаламасақ та қалайда үйренуге мәжбүрміз. Ал қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді Үкімет үнемі қолдауы керек! Мемлекеттік тіл туралы заңда да осылай бекітілген.
Тіл туралы осы жағдаяттарды өте жақсы біле тұрып, көзқамандық тірлікке қарай аяқ басуымыздың себебі неде? Көрші Ресейдің президенті Владимир Путин орыс тілінің тынысы тарылып барады деп дабыл қағып отырғанда, әр ісін мың ойлап бір түйетін өзбек әлемдік тілдерге жұтылып кетпеудің амалын қарап, мемлекеттік тілінің мәртебесін көтеруге тұтас бір институт құрып жатқанда, бір шөкім қазақтың ана тіліне қатысты қазіргі тірлігін қалай түсінуге болады? Өз мүддесін өте жақсы білетін өзбектер тілі мен әдебиетін қорғайтын әрі тынымсыз жетілдіріп тұратын тұтас бір институт құрып жатқанда, біз, қазақтар мемлекеттік тілді шала-шарпы үйрететін 5-6 айлық курстармен қашанға дейін өзімізді өзіміз алдап, өтірік жұбанған болып жүре береміз. Тым құрығанда Үкіметіміз бен Парламентіміз қазақша ойлап, қазақша жазып, қазақша сөйлеп, мемлекеттік тілге деген емешегі езіліп тұрса бір сәрі.
Осы орында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын алға шығарсақ, бәтуәлі пікіріміз нықтала түспек. «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деп тұжырымдады Тұңғыш Президент.
Демек «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды» деген Елбасының мәңгілік мәні бар тұжырымын әр тарапқа тартқылап, ту талапай еткісі келіп, мемлекеттің негізгі мүддесіне қарсы тірлік қылып жүргендер кімдер? Осы сұрақ төңірегінде ойланалық ағайын!
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ
Abai.kz