Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 3575 0 пікір 24 Қараша, 2016 сағат 17:08

АЛМАТЫДА ҚАЛАМЫЗДЫҢ МӘДЕНИЕТІНЕ САЙ КӨЛІКТЕР ЖҮРУІ ТИІС

Айтары жоқ, бүгінде қала­мыздағы жолаушылар тасымалдап жүрген кейбір көліктерді көргенде, осы көліктің барлығы қайдан, кімнің металл қалдықтарын сақтайтын қоймасынан алынды екен? – деген сауал туындайды. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек №25, 65, 95, 119 және басқа да бағыттар қарайтын жекеменшік автопарк басшыларымен кездесу барысында қала жұртының көкейінде көптен жүрген осы сауалды  жекеменшік автопарк басшы­ларына қойып, олардың  қала тұрғын­дарына көр­сетіп отырған тасымалдық қыз­меттерін қатаң сынға алды, - деп жазады "Алматы ақшамы" газетінің тілшісі Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

Қала әкімі Бауыржан Байбек  басшы­ларға  жолау­шылар тасымалдап жүрген автобустардың техникалық жағдайының, салондарының  тазалығының, жүргізу­шілер мен билет бақылаушыларының  мінездері мен мәдениеттіліктерінің сын көтермейтіндігін айта келіп, қала халқына қызмет көрсе­тетіндіктен,  қызметтің де қала мәдение­тіне лайықты болуы керек­тігін   ескертті. Билет­тердің «Оңай» терми­налы арқылы емес, қолма-қол билет сату арқылы жүргізіліп жат­қан­дығынан, бір билетті қайыра қайта сататын билет бақылау­шыларының да кездесетіндігінен хабардар екендігін айтқанда, автопарк басшылары үнсіз қалды.

Жолаушылардың қалтасын қағып үй­ренген жекеменшік автопарк басшы­ларының жүргізушілерге төлеп отырған еңбекақысы 70 мың теңгені құрайды екен. Ал бұл муниципальды автопарк жүргізу­шілерінің еңбек­ақысынан екі есе төмен көрінеді. Автопарк басшы­ларымен кездесу барысында қала басшысы, ең алдымен, таңнан тұрып, халыққа қызмет көрсететін жүргізушілердің еңбек­ақысын көтеруді және жолаушылар тасымалдайтын көлік­тердің техникалық ахуалын жақсар­туды міндеттеді, ол үшін екі апта уақыт беріле­тін­дігін айтып, содан соң әр бағыттағы көлік­тердің өз уақытында  қатынауын, адамдардың аялдамаларда тоңып тұру­ларына жол берілмеу керектігін айтып, орын алған кемшіліктерді жуық арада жойып,  жолаушыларға қала  мәде­ниетіне сай  қызмет көрсетуді ескертті.

Осы атал­ған кемші­ліктерді қайта қалпына келтіріп, қала жұртын тасымалдау сапасы жақ­саратын болса, жолаушылар тасымалы­мен айналы­сатын меке­ме­лерге  қосымша қара­жат бөлу көздері қарас­тырылып жатқан­дығын жеткізді.

P.S.  Қарашаның 20-21-і күндері қала жұрты аялдамаларда сағаттап тұ­рып, жұмыс­тарына, оқуларына кешігіп келгені белгілі. Осы   жағдайға байланысты Алматы қалалық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов  БАҚ арқылы қала тұрғындарына  автобустардың белгіленген уақыттарынан кешігулерінің себептерін түсіндіріп, кешірім сұрады. Онда аталған басқарма басшысы автобустардың дер кезінде жаздық доңғалақтарын қысқы доңғалақтарға ауыстырып үлгере алмай қалғандарын, ал кейбір жекеменшік автопарк жүргізушілерінің доңғалақ ауыстыру тұрмақ,  аккумулятор, антифриз, жоғары сапалы  солярка  сатып алуға мүмкіндігі болмай қалғандығын жасырмапты. «Алматы қаласы бойынша 17 автопарк болса, оның әрқайсысындағы автобус сандары әртүрлі», – дей келіп, сол күндері қала көшелерінің дер кезінде тазаланбауының қоғамдық көліктер қозғалысына кері әсер тигізгендігін де тілге тиек еткен  М.Исахов алдағы бейсенбі, жұмадан бастап қоғамдық көліктердің қозғалы­сының ретке келтірілетіндігіне уәде беріпті   Tengrіnews.kz  тілшісіне берген сұхбатында.   

Басқарма  басшысының қала жұртынан кешірім сұрауының өзі   әкім тапсырмасы орындала бастағандығының бір мысалы болса керек.   Осындайда жауапты сала басшылары жұмыстарын жақсы жүргізу үшін қала басшысы ұдайы  оларды сынап отыруы керек пе  еді деген ой туындайтыны анық.  Қалай десек те, қоғамдық көлік саласындағы  олқылықтарды жөнге келтіру қолға алына бастаған секілді. Тек тағы да  тәртібіміздің белбеуін босатып алмасақ болғаны. 

 

ӘКІМНІҢ СЫНЫ  ЖОЛАУШЫЛАРДЫҢ ОЙЫНАН ДӨП ТҮСТІ

Алматы қаласының әкімі  Бауыржан  Байбек  қаламыз­дағы жолаушылар тасымалы­мен айналысатын жекеменшік автопарк басшыларымен кез­десіп, олардың жұмысындағы кемшіліктерді атап көрсеткен еді.  Әкімнің парк басшы­ла­ры­на айтқан бұл сыны күнде­лікті  көлік жүргізушілері мен билет бақылаушыларының  «қазан­шының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген  мәтелдің кей­пін жамылған өрескел мінез­деріне көндіккен қала жұрты­ның ойының үстінен дөп түсті.  Автобус жүргізушілерінің кем­ші­ліктері жөнінде Жолаушы­лар транспорты және авто­мо­биль жолдары басқарма­сына қанша  айтып, шағым­дан­­ған­мен, еш нәтиже шығара алма­ған еді.  Ал әкімнің сыны селт ет­пестерді «селт еткізер» де­ген үміт арқалаған  қала тұр­ғындары редакциямызға қо­ңырау соғып, өздері куә бол­ған   жағдайларды хабар­лауда.

 

«ОҢАЙДЫ» ОҢТАЙЛАНДЫРЫП АЛДЫ

«Жақсының жақсылығын айту керек болса, қала басшылығы Алматы қаласы­ның қала тұрғында­рына жайлы қала болу бағытында соңғы бір екі жылдың ішінде біраз шаруаларды қолға алды. Соның бірі – алматылықтардың жұмысына, қызметіне, студенттер мен оқушы­лар­дың сабағына кешікпей жетулері үшін кептеліс жиі орын алатын негізгі көшелерге автобустар үшін ақ жолақ белгісін жасады.

Тек қоғамдық көліктерге арналған бұл жол жолаушылар­дың игілігі үшін жасал­ғанмен, қазір оның  рахатын алды-артын­дағы көліктердің жол жүру уақытын есепке алып, сол бойынша жүретін жүргізушілер көріп жатыр. Оларға «ақ жолақты  бір-бі­ріңіз­­дің уақытыңызды күту үшін емес, сіз­дердің уақтылы жүріп, ел-жұртты баратын жеріне тез жеткізу үшін жасап берген жоқ па?» деп көріңізші, «ақ жолақ   менің жос­парымды орындап бермейді, ұнамаса, так­си­мен жүріңіздер, ал мен өз уақытым бойынша жүрем» деп бетіңізден ала түседі.  Жүргізушілердің бұл мінезіне жолаушылар да әбден көндігіп алған. Енді қайтсін, айтқанмен сөз тыңдайтын жүргізуші жоқ.  Мұндай алды-артын күтіп, әр аялдамада «жатып» алатын әдеттерінен   әкім өзі сынға алған  № 25, 65, 95  бағыттағы автобус­тардан басқа №31, 67, 85, 106 бағыттағы автобустар әлі күнге арылған жоқ. «Дала диспетчерлері»  де (әр аялдамада тұрып, ав­то­бустардың уақыттарын белгілеп тұратын­дарды айтамыз) қызметтерін тоқтатқан жоқ. Олар әр автобус, троллейбустардың аралық уақыттарын  бір-біріне хабарлаған­дары үшін жүргізушілерден алатын «ең­бек­­ақылары» бар. Біз «дала диспетчері» атап отырған уақыт белгілейтін қыз-жігіттер әр қоғамдық көліктен 200 теңге алып отырады екен. Ал муниципальды автобус­тар күніне автопаркке 15 мың теңгеден, ал жекеменшік автобустар 21 мың теңгеден  жоспар тапсы­ру­лары тиісті екен. Осы  сөз рас болса, авто­парк басшыларының қаржы тапшы­лығы жөнінде әңгіме айтулары орынсыз секілді. Сондықтан болар, қазір муни­ци­пальды автобустарда  жекеменшік автобус­тардағы «Оңай» терминалдарын жүргізу­шілер мен билет бақылаушылар өздеріне ыңғайлап, оңтайландырып алып жатқаны.  Барлық көліктерге «Оңай» терминалы орна­ласты­рылғанмен, жүргізу­шілер жолушы­лар­дың қолына күні, уақыты көрсетілмеген «Оңай» деген жазуы бар   билеттер береді. Ал  қолда­рындағы «Оңай» терминалдарын тек тек­серу­шілерді көрген кезде ғана  қосатын­дықтарын біз де өз көзімізбен көріп жүрміз.  «Оңай» терминалы бар автобустар қолма-қол билет беретін терминалдар ар­қылы бір бағытта ең кемі 20 билет сатулары тиісті екен. Ондай билет сатпақ түгілі, шы­ғып бара жатқан жолау­шылардың қолын­дағы билеттерді қайтарып алып, оны жаңа­дан кірген жолаушыларға беріп жатады. Оған да жолаушылар үйреніп алған сыңай­лы. Шығып бара жатып, қол­да­рындағы сексен теңгеге алған билеттерін билет бақылау­шылардың қолдарына ұста­тып кете барады. Сонда  кімді-кім ал­дап жүр? Жо­лау­­шылар билет сатушы­ларға жанашыр бол­ған шы­ғар, ал ол қайырым­дылы­ғы­мыздан не пай­да? Қоғамдық тәр­тіпті талап етудің орнына өзіміз сол тәр­тіпті бұзып, жемқорлыққа жол ашып жатқан жоқпыз ба?  Өзімізден талап болмаған соң, әркім ойына келгенін істейді  де. Абай көшесіне ақ жолақ белгісі қойыл­ған кезде патруль­дік полиция  жол тәртібін  жиі қадағалай­тын секілді еді. Қазір олар да бой көрсете бермейді.  Ал Төле би көшесіне ақ жолақ белгісі қойылды деген аты болма­са, оны сол жолмен жүретін қоғам­дық кө­лік иелері де, жолаушылар да толық сезі­не қойған жоқ. Төле би көшесінің екі қап­талын жекемен­шік көлік иелері иемде­ніп алғандықтан, ақ жолақ автобустарға тимей жатыр.  Біздің бір жаман қасиетіміз, жақсы бастамаларды қолға алып аламыз да, оны аяғына жеткіз­бей, орта жолда қалдырып қоя­­мыз. Тек әкім, болмаса, жоғарыдан бі­реу келіп тек­серіп, «сол жақсы нәрсе бар еді ғой, соның нәтижесі қандай болып жатыр?» деп сұра­ғанда барып, оны есімізге түсіріп, қайта қолға алған болып жатамыз. Сон­дық­тан, Алматы қалалық Жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары басқармасы, жекеменшік автопарк басшы­лары  қала басшылығы ұсынған   жақсы бастамаларды  аяқсыз қалдырмай, қоғам­дық көлік қыз­метін тәртіпке келтірсе дегі­міз келеді. Әкім айтпақшы, Алматыдағы көлік тасымалы Алматының мәдениетіне сай болуы керек қой.

ЖҮРГІЗУШІЛЕР МЕН БИЛЕТ БАҚЫЛАУШЫЛАРЫ АРНАЙЫ ФОРМА КИІП,

БЕЙДЖИК ТАҚСА

Мұндай ұсынысты қала тұрғын­дары жиі айтады. Муниципалды автобустардың жүргізушілерінің арнайы киім үлгісін көргенде осын­дай киімді  жекеменшік  автопарк жүргізушілері де киіп, өңірлеріне  аты-жөндері, қай автопарктің көлік жүргізушісі екендігі жазылған бейджик тақса, жарасымды болар еді.

Болмаса, біздің кейбір автобустарда жүрген билет бақылаушылардың киімдері,  көпшіліктің ортасында өздерін ұстаулары мен қызмет көрсету мәдениеттері сын кө­тер­мейді. Ал бір қолайсыз жағдайлар орын  алса, тәртіп бұзып, жолаушыға ерсі қылық  көрсеткен жүргізушінің, не болмаса, билет бақылаушысының аты-жөнін анықтау қиын. «Олар аты-жөндерін айтпайды» дейді  қоғамдық көліктердегі келеңсіз жағдай­лардан шаршаған оқырмандарымыздың бірі Күлпаш Дүйсенбекова.  Күлпаш апайы­мыздың бұл ұсынысын біз де қолда­ғымыз келеді. Шынында, кейде көліктер бір-бірімен жарысып,  бағыттарындағы автобустардың әр аялдамада  алды-артын­да келе жатқандарын күтіп, аялдамаларда  уақыт өткізу үшін «жатып» алатын көлік­тер­ді, ақша алғанмен, билет бермейтін, берген билетін қайтып алатын билет бақы­лаушыларын байқаған кезде оларды тәр­тіпке шақыру шындығында да қиын. Аты-жөнін білмеген соң кінәлі адамды анықтау мен оларды дер кезінде тәртіпке шақыру да  қиынға түседі. Қала әкімі айт­қан­дай, Ал­матыдағы жолаушылар тасы­мал­дап жүрген кейбір автобустардың тазалығы да, техникалық жағдайлары да сын көтермейді. Қоғамдық ортада, әсіресе, қоғамдық көлікте шылым шегуге болмай­тын­дығын, ол үшін айыппұл төлейтіндік­терін де автобус жүр­гізушілері ұмытқан. Шылымдарын сорға­нымен қоймай, үйінде отырғандай,  өзі­нен озып кеткен  автобустың жүргізу­ші­сін бұр­қыратып боқ­тап  қойып, жайба­рақат отыра береді. Ал­да­ғы уақытта қоғам­дық көлік қыз­метіндегі осы олқылықтар ретке кел­тіріліп, Алматы жұрты алматылық мәде­ниетіне сай қоғам­дық көлік қызметін пайдаланса екен дей­міз. Жолаушының сынынан қорытынды шы­ғармаса да  қала басшысының қатаң сыны шымбайларына батып, бір нәтиже шығарар деген үмітіміз бар. Енді  бірер айдан соң Алматыда үлкен спорттық жа­рыс өтеді. Жан-жақтан сол Универсиада ойындарын тамашалауға келген қонақ­та­ры­мыз біздің қоғамдық көліктегі тәртібіміз бен мәдениетімізді сынап кетпесе  жарады. Қала басшысының да автопарк басшы­ла­рына қойып отыр­ғаны  талабы осы  болып  тұр.

…қазір муни­ци­пальды автобустарда  жекеменшік автобус­тардағы «Оңай» терминалдарын жүргізу­шілер мен билет бақылаушылар өздеріне ыңғайлап, оңтайландырып алып жатқаны.  Барлық көліктерге «Оңай» терминалы орна­ласты­рылғанмен, жүргізу­шілер жолушы­лар­дың қолына күні, уақыты көрсетілмеген «Оңай» деген жазуы бар билеттер береді.

Abai.kz
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458