Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
6346 0 пікір 24 Қараша, 2016 сағат 13:04

ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ

ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛДЫҒЫ

ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

Қазақстан Республикасының Парламенті

Қазақстан Тәуелсіздігін халқымыздың аса зор құндылығы ретінде бағалай отырып,

Тәуелсіз Қазақстанды құру және қалыптастыруда ерен еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытына берік ұстанымын таныта отырып,

«Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсатына жетуді болашақ ұрпақ алдындағы өзінің тарихи парызы және жауапкершілігі деп сезіне отырып,

«Мәңгілік Ел» қастерлі мекенінде жарқын келешегімізді жасауға ұмтыла отырып,

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы Декларациясын қабылдайды.

* * *

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі.

Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің жиырма бес жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді.

Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты.

Біздің елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты.

Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды.

Президент Н.Ә. Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды.

Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда.

Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды. * * *

1991 жылы 16 желтоқсанда Парламент «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады.

Тәуелсіз Қазақстанның бұл тұңғыш құжаты халқымыздың қуатты және пәрменді мемлекет құру арманының жүзеге асуын айғақтады. Заң Қазақстан егемендігінің оның ұлан-ғайыр аумағында және әлемнің саяси картасында мызғымастығын мәңгілікке бекітіп берді.

Еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасы Конституциясын 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірауыздан қабылдады.

Конституция егемендіктің саяси және құқықтық негіздерін бекітіп, адамның өмірін, құқықтары мен бостандығын, тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатыстылығына қарамастан, адам мен азамат құқықтарының теңдігін мемлекеттің жоғары құндылықтары деп жариялады.

Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің мызғымас негізіне айналды. Қазақстанда тиімді демократиялық институттар – президенттік институты, Парламент, сот жүйесі және белсенді азаматтық қоғам қалыптасты. Елімізде жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге және бүкіл қоғамның мүдделерінің жүзеге асуын қамтамасыз етуге қабілетті мемлекеттік құрылымның тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берген тарихи маңызды экономикалық және саяси реформалар жүргізілді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің саясаты ұзақ мерзімге негізделді, қазақстандықтардың әл-ауқаты, өмірдің жоғары сапасына жүйелі де мақсатты ұмтылысы оның басты ұстанымдары болды және солай болып қала береді.

Қазақстан әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 елінің қатарына енді.

Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етіп қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясы жаңа сипаттағы стратегиялық құжат болып табылады.

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары әлемдік қаржы жүйесіндегі аса жағымсыз құбылыстарға қарамастан, елімізде өндіріс пен инновацияны, әлеуметтік саланы дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді.

Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді.

1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Семей ядролық полигонын жапты. Қазақстан Президенті өз елінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды.

Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың жаһандық процесінің жаңа кезеңі басталды.

Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.

Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын алға тартып, Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынды.

Тәуелсіздіктің 25 жылында қазақстандық дипломатия әлем елдерінің басым бөлігімен сенімді достық және ынтымақтастық қарым-қатынастар орнатып, халықаралық ұйымдардың қызметіне белсенді түрде араласып келеді.

Біздің еліміз әлемдік қоғамдастықта орнын нық айқындап, лайықты құрмет пен беделге ие болып отыр.

Әлемде аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстан Республикасының шекарасын делимитациялау мен демаркациялау Президент Н.Ә. Назарбаевтыңтарихи жетістіктері болып табылады.

Қазақстан өңірлік және жаһандық процестердің белсенді қатысушысы бола отырып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлес қосуда.

«Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру Қазақстанның Еуропаның жетекші мемлекеттерімен әріптестік пен ынтымақтастықтың барынша жоғары деңгейіне шығуына жол ашты. Қазақстан ынтымақтастықтың еуразиялық көпіріне айналды.

Біздің еліміз ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК секілді интеграциялық жобалардың бастамашысы және ілгерілетушісі болып табылады.

Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі кеңесі сияқты ірі халықаралық ұйымдарда табысты төрағалық етудің тәжірибесіне ие.

Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.

Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның халықаралық қатынастарды дамытудағы үлесін лайықты бағалай отырып, біздің елімізге ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуді сеніп тапсырды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Қарулы Күштері еліміздің сенімді қалқанына айналды.

Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, оның шекарасының мызғымастығын, халқымыздың бейбіт және тыныш өмірін сенімді қорғауға қабілетті Қарулы Күштердің түбегейлі реформалауды, әскери қуаты мен әлеуетін арттыруды қамтамасыз етті.

Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанда жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізілді.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқын дәйекті түрде ең жоғары әлемдік көрсеткіштерге жетуге бағыттап келеді.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына кіруге қабілетті Қазақстанның қуатын нығайтуға бағытталған жоспарлар.

Біздің бәсекелес болатын бірегей басымдықтарымыз – Қазақстанның мол табиғи байлығы, ауыл шаруашылық, коммуникациялық және транзиттік әлеуеті еліміздің экономикалық жетістіктерінің негізіне айналды.

Бүгінде Қазақстан – жекеменшік институты орныққан, орта тап белсенді дамитын, ал кәсіпкерлік экономикалық өркендеудің қозғаушы күші болып табылатын тұрақты нарықтық экономикасы бар ел.

Елбасының стратегиялық көрегендігі арқасында Қазақстанда жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыстарға қарамастан, ел экономикасын жаңғырту табысты жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан индустриялық қуатын нығайту мен инновацияны дамытуды нық көздеп отыр.

Ауқымды құрылымдық реформалар барысында мүлде жаңа жоғары технологиялы салалар: мұнай-химия, автомобиль өнеркәсібі, теміржол машина жасау, IT-технологиялар, ғарыштық спутниктер өндірісі салалары құрылды.

Елбасының бастамасы бойынша әр азаматтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.

Тәуелсіздіктің мерейлі 25 жылында Қазақстан Әлемдік банктің Doing Business рейтингінде 35 орын алды.

Елімізде жаңа экономикалық ұмтылысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі, Транскаспий халықаралық көлік маршруты секілді бірқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып отыр.

Жаңа елордамыз Астананы құрудағы айрықша рөл еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа тиесілі.

Астана Қазақстан Тәуелсіздігінің салтанат құруын паш етіп, халқымыздың мақтанышына айналды.

Астана құрылысы жаңа мемлекеттің, жаңа қоғамның құрылысы ретінде киелі мәнге ие болды.

Астана өткеннің барлық құндылықтарын жинақтап, болашақтың жарқын келбетін елестетті.

Бүгінде Астана – өз күшіне сенімді, жаңа Қазақстанның бүкіл әлемге әлеуетін танытқан ірі іскерлік орталық.

Астана саммиттер мен басқа да маңызды халықаралық кездесулерді өткізетін ірі орталыққа айналды, еліміздің басқа қалалары үшін дамудың үлгісі болды.

Астананың өзінде 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» инновациялық күн тәртібімен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін болады.

Қазақстан конфессияаралық және этносаралық татулық пен келісім үстемдік құрған мемлекет дамуының бүкіл әлемде танылған жаңа бірегей моделін құрды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институты – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды.

Әлемдік діндердің, тілдердің, мәдениеттер мен дәстүрлердің тоғысындағы тарихи араласуы Қазақстанда бейбітшілік пен келісім әлеуметтің адамгершілік және әдеп нормасына, ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған қоғамның айрықша үлгісін қалыптастырды.

Ол көпэтностық пен көпконфессиялылықты Қазақстанның стратегиялық ресурсына және артықшылығына айналдыра отырып, руханилық пен азаматтықтың құрыштай құймасын мейлінше бекемдей түсті.

Н.Ә. Назарбаевтың бейбітшілік пен қоғамдық келісім моделі қоғамның үйлесімді дамуының әлемдік эталонына айналды.

«Мәңгілік Ел» құндылықтары Тәуелсіздік жетістіктерін, Қазақстан халқының мүдделер ортақтастығы мен тарихи тағдырын көрнекі бейнелеп берді.

«Мәңгілік Елдің» жеті құндылығы қазақстандықтардың Тәуелсіздікті нығайтуға, еркін де өркендеген елде өмір сүруге ұмтылысын – ортақ мақсатын, ортақ мүдделері мен ортақ болашағын біріктірді.

Қазақстан халқы қабылдаған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі қуатты жұмылдырушы бастауға, қоғамдық келісімді нығайтудың өзегіне, бүкіл қоғамның мүдделері мен ұмтылысын біртұтас тұрғыда бекемдеу құралына айналды.

Басты бағдары Жалпыға ортақ еңбек қоғамы құндылықтары болып табылатын әлеуметтік тұрақтылық қоғамы құрылды.

Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап Президент Н.Ә. Назарбаев халық алдына әлеуметтік бағдарлы нарықтық экономикасы бар қуатты егемен мемлекет құру міндетін қойды.

Әлеуметтік жаңғырту әлеуметтік прогрестің экономикалық еркіндіктері мен идеалдарын үйлестікпен өрістетіп, қоғам мен әрбір адамның әл-ауқатының артуы үшін жағдай жасады, қарқынды дамитын еңбек нарығын құруға мүмкіндік берді.

25 жылда бала туу деңгейі 60 пайызға өсті. Қазақстан аналар үшін қолайлы елдер рейтингінде жыл сайын жоғары көтеріліп келеді. Біз қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартуға қол жеткіздік. Еңбек адамының мүдделері – біздің мемлекетіміздің басты назарында. Мемлекет қазақстандықтардың оқуы мен кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруы үшін жағдай жасайды, еркін еңбекке және лайықты еңбекақы алуға мүдделі әрбір азаматтың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету үшін өндірістер, инфрақұрылымдар және басқа да нысандар құрылысын жүргізеді.

Білім беру саласын кешенді реформалау Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орын алуына жағдай жасады.

Отандық білім беру жүйесі мен ғылымды жетілдіру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі және елді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші тетігі болып табылады.

Қазақстан ересек адамдардың сауаттылығы деңгейі бойынша Адам дамуы индексі әлемдік тізімнің алғашқы үштен біріне кіреді.

Қазақстан зияткер ұлтты қалыптастыру үшін дәйекті түрде жағдай жасай отырып, адам дамуының деңгейі жоғары елдер тобынан нық орын алды.

Президент бастамасының арқасында елде ерекше сипатты «Болашақ» бағдарламасы ұдайы жүзеге асырылуда, «Назарбаев Университеті», зияткерлік мектептердің кең тараған желісі құрылды. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында университеттік білім беру деңгейі көтеріліп келеді.

Барлық өңірлерде мыңнан астам заманауи мектептер салынды.

Ұлт денсаулығы, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды факторларына айналды.

Отандық денсаулық сақтау саласы әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілді: заманауи медицина орталықтары, ауруханалар мен емханалар салынды, еліміздің барлық өңірлерінде зерттеулер мен жоғары технологиялы операциялардың бүкіл спектрі жүзеге асырылуда. Қазақстан еуразиялық кеңістікте медициналық туризмнің орталығына айналып келеді.

Халық денсаулығы көрсеткіштерінде БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізілді.

Қаржы ресурстарымен және жоғары шығармашылық қайтарыммен нығайтыла түскен мәдениет саласы қуатты даму серпініне ие болды.

Президент Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы отандық мәдениетті сақтау мен дамыту жөніндегі кең ауқымды жұмыстардың бастамасы болып табылды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, «Таңбалы» археологиялық кешені сияқты бірегей отандық ескерткіштердің, сондай-ақ «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» табиғи мұра нысандарының ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енуі әлемдік маңызы бар оқиға болып табылады.

Тәуелсіздік жылдарында спорт пен саламатты өмір салты саласында тамаша нәтижелерге қол жеткізілді. Спортшыларымыздың аса ірі халықаралық жарыстардағы табыстары қуатты және бірлікшіл спортшы ұлт өмір сүретін Қазақстанның жаңа бейнесін жасады. Бүгінде Қазақстан спорты ең жақсы дамыған әлемдегі30 елдің қатарына кіреді.

* * *

Тәуелсіздіктің Ұлы Жолы мәңгі болуы тиіс!

Елордада «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу қажет.

Ел Конституциясында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, Елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсетуді ұсынамыз.

Біздің тұтас мақсатымыз – Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз –тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастерлеу.

Тәуелсіздік біздің ең басты ұйыстырушықұндылығымыз болған, қазір де солай және бола да бермек.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1985