Алматыда қазақ-чех іскерлерінің бизнес-форумы
Алматыдағы «Іnter Contіnental» қонақүйінде қазақ-чех іскерлерінің бизнес-форумы болып өтті. Оның ашылуына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және Чехия Республикасының сыртқы істер министрі Любомир Заоралек, осы елдің өңірлік даму министрі Карла Шлехтова, сонымен қатар Чехия Экономикалық палатасының вице-президенті Борживой Минарж қатысты.
Атап өтетіні, бүгінде Чехия Республикасы Еуропадағы тұрақты саясаты мен саудасы қалыптасқан ашық экономикалы ел болып саналады. Мысалы, өткен жылы Чехия Еуропа Қауымдастығындағы экономикасы аса жылдам және қарқынды дамығандығын көрсетті. Соның белгісі, бұл ел былтыр ІЖӨ 4,3 пайызды құраған мемлекеттер қатарынан табылды. Бұл жоғарғы деңгейдегі көрсеткіштер биылғы жылы да өз қарқынын жоймайды деп күтілуде.
Сондықтан да экономикалық форумның ашылуында сөз сөйлеушілер екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселесіне жан-жақты тоқталып, оның форум аясында ашық та тікелей диалог ретінде екі мемлекеттің кәсіпкерлері арасында тығыз қарым-қатынас орнатудың мүмкіндіктері қарастырылды. Осы орайда, қала әкімі Бауыржан Байбек бизнес-форумның ашылуы барысында сөйлеген сөзінде біздің шаһарымыз чехтар тарапынан ендігі жерде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың белсенді өрбитініне мүдделілік танытатынын айта келе:
– Алматы бүгінде ел экономикасының бес бөлігін қамтиды. Сондай-ақ, шаһар шикізаттық емес экономикасы бар жеке капитал мен бизнес қаласы болып табылады. Атап айтқанда, мұндағы қызмет көрсету мен сауда-саттық ауқымы ӨЖӨ-нің 86 пайызын құрайды. Өйткені, бұл қалада халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың 60-тан астам офистері, сонымен қатар, банктер бас кеңселерінің 90 пайыздан астамы орналасқан. Бұл ретте, Қазақстан Алматы бойынша бағаланғанда Бүкіләлемдік банктің рейтингінде 35-орынды иеленіп отыр, –деп атап өтті.
Осыдан кейін қала әкімі Алматыдағы чех компанияларын өз өндірістерін шектемеуге және импорт алмастыруға шақырды. Шаһар басшысы «Бұл үшін бізде барлық жағдайлар жасалған және инвесторларды қолдау бойынша заңды тұрғыда көптеген кешенді шаралар қабылданған. Соның ішінде чех компанияларының «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы мен Алматы қаласы Индустриалдық аймағын дамытуға қатысуы екіжақты ынтымақтастықты белсендіруге айтарлықтай қосымша қосылатын күш болар еді», – деп атап көрсетті.
Ал өз кезегінде чехиялық сыртқы істер министрі Любомир Заоралек чех кәсіпкерлері арасында Қазақстанмен әріптестік байланыстар орнатуға аса зор қызығушылық бар екенін айта келе, осы жолы Қазақстанға келген делегация құрамы соны куәландыратынын келтірді. Соған орай, чехиялық қонақ «Біздің еліміз қазір Еуропадағы нано-технологиялар саласының көшбасшыларының бірі болып саналады және бағдарламалық қамтамасыз ету саласы да біршама дамытылған. Сондықтан да, біз ғылыми-зерттеулер бойынша жақын уақыттың өзінде-ақ үлкен әлеуетті іс-қимылдар орнайтынына сенімдіміз» деп, өз ойын білдіре кетті.
Міне, содан кейін форумның ашылуы барысында сөз сөйлеген Чехия өңірлік даму министрі Карла Шлехтова, Экономикалық палатаның вице-президенті Борживой Минарж да Қазақстан мен Чехия арасында алдағы уақыттарда тығыз қарым-қатынас орнайтынына сенім білдірісті. Сөйтіп, бизнес-форум барысындағы кездесулерде екі ел кәсіпкерлері нақты келісімдерге келуге қол жеткізді.
abai.kz