Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 5608 0 пікір 22 Қараша, 2016 сағат 12:51

Жыл басынан бері облыста 33 жеке балабақша ашылды

 Біздің облыста соңғы екі жылда жеке балабақшалар саны күрт артты: былтыр 13 жекеменшік балабақша ашылса, биыл жалпы 37 жеке балабақша ашу жоспарланып отыр. Оның 33-і қазірдің өзінде ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Жоспар бойынша биыл біздің өңірде 42 балабақша ашылады. Қазірдің өзінде соның 37-сі (3815 орын) еңсе тіктеді. Қалған бесеуі жыл аяғына дейін бой көтереді, - деп жазады "Ақтөбе" басылымы.  

Жалпы соңғы жылдары облыста балабақшалар көптеп ашылып жатыр. Мәселен, 1991 жылы облыс бойынша 433 балабақша болған-ды. 1999 жылғы көрсеткіш — 68. Қазір 555 балабақша бар! Яғни, балабақшалардың саны сегіз есе артып отыр.

Облыста қазақ балабақшаларының да саны айтарлықтай артты. Мысалы, 1991 жылы өңірдегі 433 балабақшаның 160-ы қазақ балабақшасы болып, балапандардың небары 26 пайызы ғана қазақ топтарында тәрбиеленсе, қазіргі көрсеткіш — 67,2 пайыз. Қазір қазақ балабақшаларының саны 373-ке жетіп отыр!

Тәуелсіздіктің арқасында жеке кәсіпкерлерге де мемлекет тарапынан көптеген қолдау, көмек көрсетіліп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  тетігі енгізілді. Соның нәтижесінде, жекеменшік балабақшалардың да саны артты. 2000 жылы біздің өңірде жалпы 4 қана жеке балабақша болған еді. Ал бүгінде 66 жеке балабақша бар. Яғни, жеке балабақшалардың үлесі 16 есеге артып отыр. Мұның бәрі — Тәуелсіздіктің тартуы!

Біз облыстық білім басқармасының бас маманы Рахима Жамансаринамен Тәуелсіздіктің арқасында балапандарды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда қол жеткізген жетістіктеріміз туралы әңгімелескен едік.

555 Балабақша. 46 448 Балапан

— Білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі — 2019  жылға дейін еліміздегі мектеп жасындағы балалардың барлығын бірдей балабақшамен қамту. Осы мақсатта жүйелі жұмыс жасап жатырмыз, — дейді Рахима Жамансарина.

Жыл сайын балабақша саны артып отыр. Мысалы, өткен жылы облыста 530 мектепке дейінгі мекеме болған-ды. Қазір облыста 555 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 299-ы балабақша. Қалғаны — шағын орталық. Жалпы бұл мекемелерде 46 448 балапан тәрбиеленіп жатыр (былтырғы көрсеткіш —  43 982 бала).

1-6 жастағы балдырғандардың мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылуы — 65,4 пайыз. Ал 3-6 жастағы балапандардың балабақшалармен қамтылу көрсеткіші — 91,6 пайыз.

Биыл ашу жоспарланған 42 балабақшаның 37-сі қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Оның 33-і (2996 орын) Ақтөбе қаласында бой тіктеді. Нәтижесінде,  3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен  қамту 3,7 пайызға өсті.

— Жыл соңына дейін тағы бес балабақша еңсе тіктейді.  Оның біреуі  Ұлттық қордан қаржыландырылып отыр. 320 орындық бұл нысан Батыс-2 шағын ауданында салынып жатыр. Ал қалған төртеуі — жеке балабақша. Оның ішінде  Батыс-2 шағын ауданында «Нектар» өндірістік кооперативі салып жатқан 320 орындық балабақша да бар. Бұл ғимарат желтоқсанның 1-і күні ашылады. Сондай-ақ, әрқайсысы жүз орыннан үш балабақша пайдалануға беріледі, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.

Облыста қазақ балабақшаларының да саны артып отыр. Бұл туралы Рахима Сағиқызы былай дейді:

— Балабақшада тәрбиеленіп жатқан 46 448 балдырғанның 52 пайызы қазақ балабақшаларына барып жүр. Жалпы облыстағы 555 балабақшаның 67,2 пайызы,  яғни 373-і — қазақ балабақшалары. 163 аралас балабақша бар. Орыс балабақшаларының үлесі — 19.  Бүгінде қазақ балабақшаларында 600-ге жуық басқа да ұлт балалары тәрбиеленіп жатыр.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жемісі

Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты мемлекеттік балабақшалармен қатар жеке балабақшалардың да саны артты. Ел Тәуелсіздігінің арқасында, жеке балабақшалардың үлесі 16 есеге артып отыр.

— Бұдан тура 16 жыл бұрын облыста 4 қана жеке балабақша болған-ды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен енгізілген мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі тетігінің арқасында жеке балабақшалардың саны артты. Облыста қазір 66 жеке балабақша бар. Онда 8433 балапан тәрбиеленіп жатыр.

Биылдың өзінде облыста 33 жеке балабақша ашылды. Оның 25-і— облыс орталығында еңсе  тіктеді. Қалғаны Алға, Мұғалжар, Мәртөк, Шалқар, Хромтау аудандарында ашылды. Жыл соңына дейін тағы 4 жеке балабақша пайдалануға беріледі, — дейді Рахима Жамансарина.

Жеке балабақшасы көп аудан — Шалқар. Мұнда 4 жеке балабақша бар. Ақтөбе қаласында 56 жеке балабақша жұмыс істейді. Онда 7168 балапан тәрбиеленіп жатыр.

— 2012 жылы елімізде бірінші болып біздің облыста жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс беру басталды. Сол жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын және әр балаға 20 мың теңге бөлуді бекіту туралы қаулы қабылданды.

Қазір облыстағы 66 жеке балабақшаның басым бөлігіне  мемлекеттік тапсырыс беріліп отыр. Ауылдардағы жеке балабақшалардың бәрі мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейді, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы.  Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырысты орналастыру жалпы облыс бойынша балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткішінің 7 пайызға өсуіне мүмкіндік берді.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігін дамытуға ақтөбелік жеке кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетова үлкен үлес қосып отыр. Ол Ақтөбе қаласында 4 балабақша салыпты. Бұдан бес жыл бұрын бой көтерген «Балақай» мектепке дейінгі мекемесін мемлекет сатып алды. 2013 жылы «Ер Төстік» және «Еркемай» деп аталатын қос балабақшаны пайдалануға берді. Былтыр үш қабатты «Айлин» балабақшасы бой түзеді. Заман талабына сай еңсе көтерген бұл білім беру мекемелерінде 1200-ге жуық балапан тәрбиеленіп жатыр. Үшеуінің де материалдық-техникалық базасы мықты. Үшеуінде де балалар үшін барлық жағдай жасалған: баланың дамуы үшін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер  осы үш 3 балабақшада 200-ге жуық адамға жұмыс тауып беріп отыр. Жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін жасаған игі ісі ескерусіз қалған жоқ. Зәмзәгүл Баймағамбетова ел Тәуелсіздігінің 24 жылдығына байланысты мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Елбасы Жарлығымен мемлекеттік марапатқа ие болып, «Құрмет» орденінің иегері атанды.

Қобда ауданы көш бастап тұр

90-шы жылдардағы қиындықтың салдарынан біздің облыста көптеген балабақшалар жабылып қалды. Сөйтіп, 1999 жылы облыста небары 68 ғана балабақша болды. Сол жылы балапандардың 9,3 пайызы ғана мектепке дейінгі тәрбиемен  қамтылды. Ал қазір балабақшалардың саны 8 есеге артып отыр.

— Былтыр 38 610 балапан балабақша кезегінде тұрған болатын. Жаңа балабақшалардың ашылуының арқасында және ересек топтағы балдырғандардың мектепке қабылдануына байланысты кезек біршама жылжыды. Кезектегі 1955 бала балабақшамен қамтылды. Қазір жалпы саны 36 655 бала балабақша кезегін күтіп жүр. Олардың 30 573-і (83,4 пайыз) Ақтөбе қаласынында тұрады, — дейді Рахима Жамансарина.

Облыста балалардың балабақшамен қамтылуы жөнінен Қобда ауданы көш бастап тұр: 99,6 пайыз. Одан кейінгі кезекті Мәртөк ауданы иеленеді. Бұл аудандағы  балдырғандардың 97,7 пайызы балабақшада тәрбиеленіп жатыр. Үшінші орынды Ойыл ауданы еншілейді. Аталған ауданның көрсеткіші — 95,4 пайыз.

Жалпы Қобда, Мәртөк, Ойыл, Әйтеке би, Байғанин, Темір аудандарындағы балдырғандардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші 90 пайыздан жоғары.

Ақтөбе қаласында 128 мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 23 019 бала тәрбиеленіп жатыр. 1-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші — 52,5 пайыз.

Жыл сайын балабақшалар көптеп салынса да, кезектің ілгері «жылжымау» себебін Рахима Сағиқызы демографиялық өсіммен байланыстырады.

P.S:

Облыстағы 555 мектепке дейінгі мекемеде 4289 педагог еңбек етеді. Оның  тең жартысының жоғары білімі бар. Жоғары және І санаттағы педагогтердің үлесі — 863.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552