Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3425 0 пікір 14 Қыркүйек, 2010 сағат 04:46

Газет идеологиялық құрал ма, әлде тауар ма?

Үкіметбасшысы К.Мәсiмовтің айтуынша, халықтың 55 пайызы қазақстандық емес, Ресейдiң ақпаратын тұтынады.
Қазiргi таңда Қазақстанда 2970 бұқаралық ақпарат құралы тiркелген. Олардың 200-ден астамы электрондық. Оның iшiндегi 2756 мерзiмдiк басылымның 453-i қазақ тiлiнде, 2303-i орыс тiлiнде. Бұған Ресейден келетін 5248 газет-журналды қосыңыз. Сонда елде тарайтын сегiз мыңға жуық БАҚ-тың 7551-i орыс тiлiнде де, 453-i ғана қазақ тiлiнде. Яғни, қазақ тілді БАҚ-тың үлесi алты пайызға да жетпейдi. Демек, Қазақстанда тіркелген барлық бұқаралық ақпарат құралының 6 пайызға жуығы ғана қазақ тілінде жарық көреді. Ал, халықтың 60 пайызы ақпаратты ресми тілде алады деген сөз.
Дамыған елдерде ақпарат идеология құралы ғана емес, ол әлдеқашан ақшаның көзіне айналған. Яғни, кез-келген БАҚ өнімі - тауар. Әрі қымбат тауар. Ал, біз өз тауарымызды қаншалықты бағалап отырмыз? Сонымен қатар, қазақ газеті идеологиялық мұратын жүзеге асыра алып отыр ма?
Осы сауалдарымызды аты елге мәшһүр басылымдардың бас редакторларына қойып, ой бөлістік. Жалпыға ортақ - 4 сұрақ. Сіз де ойлана жүріңіз.

Үкіметбасшысы К.Мәсiмовтің айтуынша, халықтың 55 пайызы қазақстандық емес, Ресейдiң ақпаратын тұтынады.
Қазiргi таңда Қазақстанда 2970 бұқаралық ақпарат құралы тiркелген. Олардың 200-ден астамы электрондық. Оның iшiндегi 2756 мерзiмдiк басылымның 453-i қазақ тiлiнде, 2303-i орыс тiлiнде. Бұған Ресейден келетін 5248 газет-журналды қосыңыз. Сонда елде тарайтын сегiз мыңға жуық БАҚ-тың 7551-i орыс тiлiнде де, 453-i ғана қазақ тiлiнде. Яғни, қазақ тілді БАҚ-тың үлесi алты пайызға да жетпейдi. Демек, Қазақстанда тіркелген барлық бұқаралық ақпарат құралының 6 пайызға жуығы ғана қазақ тілінде жарық көреді. Ал, халықтың 60 пайызы ақпаратты ресми тілде алады деген сөз.
Дамыған елдерде ақпарат идеология құралы ғана емес, ол әлдеқашан ақшаның көзіне айналған. Яғни, кез-келген БАҚ өнімі - тауар. Әрі қымбат тауар. Ал, біз өз тауарымызды қаншалықты бағалап отырмыз? Сонымен қатар, қазақ газеті идеологиялық мұратын жүзеге асыра алып отыр ма?
Осы сауалдарымызды аты елге мәшһүр басылымдардың бас редакторларына қойып, ой бөлістік. Жалпыға ортақ - 4 сұрақ. Сіз де ойлана жүріңіз.

1. Газет идеологиялық құрал ма, әлде тауар ма?
2. Қазаққа төніп тұрған басты қауіп не деп ойлайсыз?
3. Сіз елге мәшһүр басылымның тізгінін ұстап отырған адам ретінде айтыңызшы, өзіңізді қазақтың қамқоршысы санайсыз ба?

 

Жұмабай Шаштайұлы

Жұмабай Шаштайұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:

1. Төрт құбыласы түгел ұлттар үшін газет - тауар, біз сияқты әлі оң-солын толық танып болмаған, өзінің көсегесін көгертіп үлгермеген қазақ ұлты үшін тек идеология болуға тиіс. Жапон-америка бірігіп түсірген «Соңғы самурай» фильмінде соңғы самурай: «Қашан ұлы ұлт болғанша самурай болып өмір сүреміз» деген түйінді сөз айтады. Бізде идеологиялық тұрғыда насихат айтатын сондай журналист қажет.
2. Басты қауіп - тіл. Өйткені, осыдан 10-15 жыл бұрын сөйлеген тіл мен қазіргі жастардың сөйлеген тілінің арасында үлкен айырмашылық байқалады. Біреулер мұны жұбатып айтады, тіпті тіл мамандарының өзі сабырмен қарайды. Мен бұған сабырмен қарай алмаймын. Себебі, біз бейнелі сөйлеуден жұрдай айрылдық. Тіпті, дабыл қағатын жағдайға жеттік. Мәселен, бұрынғы біздің әжелеріміз тіріліп келіп жатса, оны сөйлетіп көрсеңіз, қазіргі сахнада актерлер мәнерлі монолог оқып тұрғандай, дайын мәтінді жаттап айтқандай көрінер еді. Олардың көкірегі даңғыл, сол сайрап жататын. Қазір даңғыл көкіректер азайып кетті. Бұл - ең жаман құбылыс. Өз ойымызды бейнелеп айтудан қалдық.
3. Мен қалай қамқоршы боламын? Шамам келгенше ұлтқа жұмыс істеуім керек, қамқоршы болуға менде билік те жоқ, аса бір терең ақыл да жоқ. Сабыр, тоқтам, абырой, ар деген нәрселердің бәрі қаншалықты екенін бір Құдай білетін нәрсе. Сондықтан бұлай айту орынсыз болар еді.
- Сіз сөз ұстаған адамсыз. Жазушысыз. Пілдей газеттің тізгіні қолыңызда. Арқа сүйеп отырған қаншама оқырман бар емес пе?
- Мен артымда адам барын білмеймін ғой. Хәкім Абай: «Жақсылығың күнде ұмыт, бір жаңылсаң болады кек» деген. Осы тоқтам рас сияқты. Өйткені, кейде осыншалықты жап-жақсы жұмыс істеп жүресің, бірақ бір жаңылсаң, сені кешірмейтін жағдайлар болады.

 

Шамшидин Паттеев

Шамшидин Паттеев, «Түркістан» газетінің бас редакторы:

1. Газет екеуінің де рөлін атқарады.
2. Ұлттық идентификация қалыптаспаған мемлекетте қауіп барлық уақытта да болады. Қазақстан - қалыпқа енді түсіп келе жатқан мемлекет. Жан-жағында алпауыттар отырғанда, халқымыздың саны аз, тіліміз алшұбар болып тұрғанда қауіп сейілмейді.
3. Мен өзімді ұлттың қамқоршысы санамаймын. Қамқоршы деген сөз қатты айтылған сөз. Бұл сөзді толық мағынасында қалай айтып, қалай түсінетінімді білмей отырмын. Өзімді қазақтың бір азаматымын деп есептеймін. Елге, ұлтқа, мемлекетке жаны ашитын қазақтың азаматтары көп қой. Солардың бірімін деп ойлаймын.

 

 

Айдос Сарым

Айдос Сарым, саясаттанушы:

1. Бір жағынан, газет қоғамдық санаға әсер ететін үлкен құрал болғасын идеологиялық құрал екені анық. Яғни, қай заманда да саяси күштер, билік, қаржылық топтар өздерінің газетін ашып, қоғамдық пікірге ықпал етуді ойлайтыны белгілі. Сондықтан газетке қоғамның да, биліктің де көзғарасы ерекше. Көбінесе газет - бизнестің көзі. Мысалы, Қазақстанның жағдайын алсақ, өзін-өзі ақтайтын бизнес деңгейіне жеткен әрі кетсе он газет бар шығар. Қазақ, орыс тілдісін қоса алғанда. Кеңестік заманда Ленин қалыптастырып кеткен "газет - көпшілікті ұйымдастырушы, қалыптастырушы құрал" деген ұран бар. Осыдан біздің редакторлар да, журналистер де және билік те арылмай келеді. Бірден жөні түзу қоғам құрамыз десек, газетті біздің қолымыздағы сойыл, я болмаса қаруымыз емес, шын мәніндегі өзін-өзі ақтайтын қоғамдық мәселелерді көтеретін газет ретінде қарағанымыз дұрыс. Әрине, бұған әлі біраз жол жүруіміз қажет.
2. Меніңше, қазаққа бүкіл әлем жау болып келетіндей ештеңе жоқ. Не де болса, қазақтың өз ішіне байланысты. Зиялы қауымымыз батыл болса, мүддесін айқын түсініп, керек кезінде жанкештілікке баратын жағдайға жеткенде бізді сырттан ешкім ала алмайды деп түсінемін. Болашағымызға сеніміміз зор, өз-өзімізге, мұратымызға берік болсақ, сырттан бізді ешкім ала алмайды. Ішімізге ие болуымыз керек.

 

Дәурен Қуат

Дәурен Қуат, «Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы:

1. Бұл сұрақтың жауабы ретінде айтарымыз мынау: егер газет құрылтайшысы таза жарнамалық сипатта немесе көпшілік талғамсыз оқи беретін газет шығаруды ойлаған болса, онда газет - тауар. Әлгіндей сипаттағы газет расында тауар, яғни сатылатын зат ретінде сұранысқа ие болып, қожайынына тәп-тәуір табыс әкелуі мүмкін. Газет - тауар дегенді бұрын капиталистік қоғамда өмір сүріп жатқан елдерден жететін еміс-еміс хабар-ошардан естуші едік, қазір көзіміз көріп отыр. Қазақ баспасөзінде газет-журналдарды нәпақа көзіне айналдырудың көшін кейінгі он-он бес жылдың ауанында шымкенттік «магнаттар» бастап берді. Олардың өнегесі қазір жан-жақтан жаппай қолдау тауып үлгерді. Бірақ біз ана тілімізде жарық көретін әлгіндей саржағал басылымдарды әншейін күнкөрістің қамы деп қана есептейміз. Үлкен қаржы жарнамаларды жекешелендіріп алған орыс тілді баспасөздің еншісінде қалып келді. Біздің жарнама туралы заңды қайтадан қарау керек деп жиі айтып жүруіміздің мәні осында.
Задында, газет - идеологиялық құрал. Газеттің идеологиялық қызмет атқармауы бүгінгі саяси бәсеке қайта жанданған заманда мүмкін болмай барады. Мәселе, бірақ, белгілі бір идеологияны (мемлекеттік, ұлттық, діни, корпоротивтік, қаржылық, т.б) газеттің қалай жүргізуінде жатыр. Ал, бұл - ұзақ әңгіме. Оған реті келгенде бір айналып соғармыз.
2. Қауіп-қатерсіз, әм қауіп қатерді бір сәт ойдан шығарып өмір сүру мүмкін болмай қалған заманның адамдарымыз біз. Әйтсе де, қай тұстан да қауіп көп екен деп дүниені жау санауға және болмайды. Мысалы, қазақтың өз ішіндегі қауіптің бастысы ретінде мен бір ісіламның ішінен тармақталып шығып бұталанған ағымдарды айтар едім. Ең қауіптісі - осы ағымдардың айналасындағы қаракөз қазақ ортақ дастарханның басында отырып ас ішпейтін алауыздыққа жетті. Бұл қауіп пе - қауіп. Басқасы да жетіп артылады.
3. Қамқоршысы?.. Бұл тегі біз сияқты қатардағы жан үшін жан шырқырататын сауал екен. Ұлт қамқоршысы деңгейіне жету пешенемізге бұйырған болса, бас тартпаймын, ал әзірге мен қазақ деген халықтың ісі ілгері басса екен деп жүрген тілекшімін, әрі соған титтей пайдам тисе екен деп әрекет етіп жүрген ойлы замандастарымның сапындамын.

 

Серік Жанболат

Серік Жанболат, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы

1. Бұ заманда тауар мен идеологияны бөліп алып қарайтын уақыттан кетіп қалдық. Қазір заман өзгеріп кетті. Қарап отырсаңыз, ең бірінші идеология тауар арқылы жүзеге асып жатыр. Мысалы, ұлттық идеология келсек, ұлттың тауарын ұсыну арқылы идеяңды өткізесің. Басқа мемлекет тауары арқылы идеологиясын жүзеге асыруда. Сондықтын бұл екеуін бөліп қарауға болмайды. Олай болса, газет әрі тауар, әрі идеология. Әр газеттің шығуы, оның оқырманға жетуі, киоскіде сатылуының өзі - идеология. Мәселен, қытайдың тауарында олардың экономикалық саясаты жатса, екіншіден идеологиясы жатыр. Қытайдың ойыншығын алған баланың санасы қытайша сөйлеп, мультфильміне бейімделмей ме? Идеология осылай жүреді. Кино да тауар, пайда әкеледі. Ал, кино нағыз идеологиялық құрал. Жаһандану идеологиясы өз иірімдеріне киносымен жетелеп, еліктіріп алып бара жатқан жоқ па?
Шынын айту керек, қазақ кенжелеу жүретін халық. Осымызды өзгелер күлкіге айналдырды. Кенжелеп жүретініміздің кесірінен уақыттың өзгергенін, құндылықтардың ауысқанын байқамай қалдық.
2. Барлық мәселе өзіміздің дертімізде. Бұл сұраққа Абайға сүйеніп жауап бергім келеді. «Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады. Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым - солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді», - дейді Абай. Бізге мінездеме беріп, біздің бүгінгі қайғымызды бір-ақ ауыз сөзбен суреттеп беріп отыр.
3. Бала-шағамды қазақша тәрбиелеп жатқан соң қамқоршы шығармын. Үйде күнде балаларымды қазақшаға бейімдеп, қазақы қылып жатырмын. Мен өзімнің қазақ екенімді білемін. Балаларымды өле-өлгенше қазақылыққа бейімдеу менің міндетім. Мен соны жасап жатырмын.

 

Форумды дайындаған, Дәурен Сейітжанұлы

«Үш қиян» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485