ҚОНАЕВҚА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢІМ ҰРЛАНДЫ...
Құрметті редакция! Қысылғанда жаныма демеу болар деген үмітпен Сіздерге сүйікті оқырмандарыңыз ретінде хат жолдап отырмын.
Неден бастарымды да білмеймін. «Былай етсем, өгіз өледі, былай етсем, арба сынадының» кері кеп отыр. Сол үшін сіздерден көмек сұрап отырмын.
Мен Қапшағай қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бергеніме де жиырма жылдай болыпты. Бұл менің екінші мамандығым. Семейден журналист боп келіп, мұғалім боп кетуімнің де өзіндік себептері бар. Ұстаздық пен ақындықты қатар алып келе жатқан жайым бар. Үлкенді-кішілі 17 кітаптың авторымын.
Өзім сабақ беретін осы Қонаев мектебінің мұражайына кіріп келгенімде бір жаңа кітап пайда болғанын байқап, ашып қарай бастадым. Кітаптың аты «Ұлы тұлғаның ұлағаты» деп аталатын ауыр қомақты кітап. Д.А.Қонаевтың 100 жылдығына арнап Балқаш өңірі шығарған көрінеді. «Бақанас 2012» деп тұр титул бетінің астыңғы жағында. Өзім де Д.Қонаевтың 100 жылдығына арнап «Алып тұлға және айдынды қала» атты публицистикалық жинақ жазғандықтан, не жазды екен деген қызығушылықпен ақтарып қарай бастадым. Соңына таман, 336-бетте «Ақындар жыр арнайды ардағына» деген айдармен ақындардың өлеңін беріпті. Келесі бетті ашып қалғаным сол – табақтай боп Болсынбеков Сапарғазы деген кісінің суреті шыға келді. Бұл кісі өзі Бақанас ауылынан зейнет жасына шыққаннан кейін көшіп келген болатын. Игі жақсылармен жанасып, әкімдерге, басшыларға ғана өлең арнап, әйтеуір өзін танытуға тырысатын. Сонымен «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, табақтай суреттің астына қарағаным сол еді, маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Әлден уақытта барып есімді жинап, өлеңді оқи бастадым. «Қазақтың Қонаевы» атты өзімнің өлеңім көзіме оттай басылды. Тіпті тақырыбы мен астындағы бес шумақ өлеңді де тура бір сөзін өзгертпей беріпті. Бұл өлең 2002 жылы Қапшағай қаласындағы Д.А.Қонаевтың 90 жылдығына арнап қалада алғаш ашылған ескерткіш алдында оқылған менің өлеңім болатын. Ұжымдағылар: «Ой, мынау сенің өлеңің ғой. Ана кісі қалай алып алған. Кітаптың бәрінде бар ғой. Оқушылар жатқа біледі. Бұның әні де бар емес пе?!» - дейді жапырлап.
Интернеттен телефонын тауып алып, кітап шыққан баспаға телефон шалдым. Кілең орыстар. «Ihtelservice» баспаханасында басылған. 25.07.2012 қол қойылған. Олар: «Біз ештеме білмейміз, бізге электронды нұсқада алып келген», - дейді. Заңгерімен де сөйлестірді. Олар 2002 жылдан бергі баспаға басылып кеткен, сарғайған газеттердегі әлгі қолды болған өлеңді көріп, заңның мен жағында екенін, кітаптың редакторынан талап ететінімді айтты.
Бұл кітапты шығаруға арнайы комиссия құрылған:
Балқаш ауданының әкімі - Айтбай Көшкімбаев;
Балқаш ауданының әкімінің орынбасары: Сайран Смағұлов;
«Д.А.Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған» қоғамдық қордың тең төрағасы – Тұрланғазы Есімқұлов;
«Д.А.Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған» қоғамдық қордың тең төрағасы – Ләтіп Нұртаев;
Балқаш аудандық «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Күмісбек Ербаев.
Кітаптың редакторы да Күмісбек Ербаев – деп көрсетілген.
Міне, көріп отырсыздар, өңшең сайдың тасындай, «сен тұр, мен атайындар». Ал олардың ешқайсысы менімен пысқырып та сөйлескісі жоқ. Бір рет телефонын көтеріп, қысқа ғана сөйлесуге жарады. Бітті, содан кейін мүлдем өшіріп тастады. Менің телефон нөмірімді танып алды ғой. Біреуі: «естілмейді» деп құтылды, екінші рет көтермейді. Жөндерін айтып, «осындай қате кетіп қалыпты, кешірім сұрап, газетімізге түзету берейік» демейді. Біреудің телефонымен звондап қалып ем, Күмісбек Ербаев «Кім екен?» деп, жорғалай жөнелді. Мен екенін білген соң, «Әлгі қапшағайлық па? Тәте, маған немене қыл деп тұрсыз, мен Сапарғазы ағайға звондап білдім, қызы алды, ол кісі ауырып жатыр, сөйлей алмайды, ал не істейсіз, барыңыз да, сол кісіні тұрғызып, жауап алыңыз, менің басымды қатырмаңыз» дегені. Алдында сөйлеген сөзі басқа болатын. «Мен жұма күні Қапшағайға барам, сізге жолығам, екеуміз Сапарғазыға барып, тіпті болмаса, балаларынан білеміз» деген. Енді ол кісінің сөйлей алмайтын халде жатқанын естіп алған соң, сөзі дереу өзгеріп шыға келді. «Ол кісі маған медалімен, суретімен осы өлеңді өз қолымен тапсырып: «менің өлеңім, кітапқа басыңдар» деп алып келді», - деді. Ол мүмкін бе, әлде Бақанасқа ғана таралатын кітап, Алтыншаш қайдан көреді ғой дейсің, сабақтан бас көтере алмайтын мұғалім ғой, - деді ме екен?! Кім білсін... Маған бәрі жұмбақ... расында ол кісі қатты науқас.
«Алтыншаштың өлеңі менікі боп басылып кетіпті, ұят болды-ау», - деп, мүмкін қызына айтты ма екен, деген оймен «Нұрлы өлке» газетінің журналисі Айжарық Көптілеуовты ертіп, үйіне де бардық. Үлкен жер үйдің қақпасы ашық қалған. Шылбырын сүйретіп, бос жүрген қабаған итіне де қарамастан, есігін тоқылдаттық. Ешкім ашпады. Науқас кісі ішінде екенін жүрегім сезеді.
Елге танымал республикалық «Білім шапағаты» газетінің 2011 жылғы «Зерде» жүлдесіне ие болған өлеңім бұл.
«Зерде» сыйлығы «Ұстаздардың ұстазы» лирикалық толғауы үшін Жұмабек Қуанышбайұлына, «Қапшағай туралы ода», өлеңдер топтамасы үшін Алтыншаш Жұманқызы Жақиянова, қазақ тілі-әдебиеті пәні мұғалімі Қапшағай қаласы. (интернеттен алдым)
1993 жылы өзім көзіммен көріп, домбырада бір шумақ өлеңмен киіз үйге құрметпен кіргізген Димекеңе арнаған өлеңім бұл.
Кемеңгердің 90 жылдығына арнап алғаш қалаға ескерткіш қойылғанда оқылған өлеңім бұл.
Д.Қонаевтың 100 жылдық мерейлі мерекесінде қала әкімі ән жаздыртып, сахнада шырқалған өлеңім бұл.
Шәкірттерім мәнерімен төгілдіріп жатқа айтатын өлеңім бұл.
Қала жайлы 4-5 кітабыма енген өлеңім бұл. т. б. толып жатыр.
Ал, Сапарғазы Болсынбеков ағамыз неге бұлай жасады екен? Әттең...
Қалалық сотқа да жүгінгім келді, әйтеуір әділдігін табуым керек қой. Бірақ, арым жібермеді. Ол кісі ауырып жатыр ғой, ел не дейді?. Солай, әділдік іздеп жүрмін, әріптестерім! Сіздер не айтар екенсіздер?!
Қапшағай қаласының тұрғыны
Жакиянова Алтыншаштан