"ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ" ОТАНДЫҚ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ
Кеше Астана қаласында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Ұлы Дала елі» отандық тауар өндірушілердің екінші форумы өтті. Cол форумға байланысты "Егемен Қазақстан" басылымы "Отандық бизнесті қалай оңалтамыз" деген мақала жариялады. Қоғамдағы осы бір өзекті мәселені Abai.kz оқырмандарының да қаперіне салуды жөн көрдік.
«Ұлы Дала елі» отандық тауар өндірушілердің екінші форумы аясында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы да ұйымдастырылуда. Бұрнағы күні басталған шара бүгін де жалғасатын болады. Онда өңірлік көрме-байқауларда жеңіп шыққан 145 отандық компанияның өнімдері көпшілік назарына ұсынылған.
Алдымен еліміздің жеті жүзге жуық кәсіпкері және сала мамандары қатысқан шара жайында әңгімелесек.
«NADLoC» қызметі «Атамекенге» қажет
Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған отандық бизнес өкілдерінің басқосуында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Ол сөзінде «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ-тың кейінгі тоғыз айдың мәліметтерін жеткізді. «Ұлттық агенттік деректеріне сүйенсек, соңғы үш тоқсанда нарықта жергілікті үлес 58,3 пайызды құраған. Жалпы, нарықта сатылған тауарлар, қызмет көрсету түрлерінің үлесі 1 трлн 596 млрд теңге болды. Бірақ мұны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, қазақстандық тауардың үлесі 7,7 пайызға төмендегені байқалады. Оның басты себебі – теңге бағамының өзгеруі, импорттық шикізат көлемінің шамамен 35 пайызға өсуі. Алайда, Үкімет тарапынан отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетіліп жатыр. Нақтырақ айтсақ, ол индустрияландыру саясаты, нормативтік-құқықтық базаның жетілдірілуі және ұзақ мерзімді тапсырыстар», деді министр.
«Ұлы Дала елі» форумында ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов келер жылдан бастап «NADLoC» ұлттық агенттігінің қызметі ресми мониторинг жүргізіп, бизнеске қолжетімділіктің бірыңғай базасын жасау үшін «Атамекенге» тапсырылатынын айтты. «Біз экспорт жұмысының бізге берілгенін қалаймыз. Инвестициялар «KaznexInvest» қарамағында қалады. Жоғарыда аталған қызметті алғашқы тоқсанда қабылдап алу жоспарымызда бар», деді ұлттық палата төрағасы. Ол кәсіпкерлер палатасының Қытай мен Ресейге нақты жол карталары бар экспортты дамыту тұжырымдамасын үстіміздегі жылдың желтоқсанында әзірлеуге дайын екенін де әңгімеледі.
Өз өнімдеріміздің үлесін көтеру қажет
Форумда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев баяндама жасап, шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар отандық өнімді тұтынғысы келмейтіндігін айтты. «Инвестициялар және даму министрлігі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Осы кодекстің аясында жер қойнауын пайдаланушылардың тауарды сатып алуды реттеу мәселесі талқылануда. Менің ойымша, олардың орынсыз сатып алуларының соңы өкінішпен аяқталуы мүмкін. Шетелдіктер отандық өнімді тұтынбай, өз елдерінің тауарын пайдалануға құштар. Қазақстандық тауарларды әрең сатып алады», деді ол. Нұржан Әлтаев мәселені шешудің жолы ретінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.
Басқарма төрағасының орынбасары мемлекеттік органдардан нарықтағы отандық тауардың үлесін көтеру үшін тиісті шаралар қолға алуды талап етті. «Біз Инвестицияларлар және даму, Қаржы министрліктерінен мемлекеттік сатып алуларға аудит жүргізуді сұрадық. Сондай-ақ, аталмыш органдар отандық өнімнің үлесін арттыру мақсатында нақты түсіндіру жұмыстарын жетілдіруі қажет. Себебі, кәсіпкерлер отандық тауардың пайыздық үлесі жоғары деп ақпарат береді. Ал тексерген кезде ақпарат шындыққа жанаспайды», деп түйіндеді сөзін Н. Әлтаев.
Жиында отандық өнімдерді өткізу, оның сату алаңына шығарылуы басты әңгіме арқауына айналды. «Сатып алу. Тауар өткізу. Сауда. Экспорт» панельдік сессиясында жергілікті үлесті арттыру тақырыбы кең талқыланды. Ел тәуелсіздігін алғалы экономиканың түрлі саласында отандық тауар шығарудың үрдісі қалыптасып, жолға қойылғаны рас. Алайда, отандық өндірушілер тауарды сату алаңына шығарған кезде түрлі қиындықтарға тап болып жатады. Кәсіпкерлердің сыртқы нарыққа шығуына не кедергі? Бизнеске қандай қолдау қажет? Қазақстанның барлық ұлттық компанияларының басшылары, бизнес-қауымдастық өкілдері және кәсіпкерлер қатысқан пікірталаста осы және өзге де мәселелер талқыланды.
Үздік тауар өндірушілер осында
Енді көрме-байқауға оралсақ, «Қазақстанның үздік тауары» шарасына 150-дей компания атсалысып жатқанын айттық. Олардың қатарында еліміздің түкпір-түкпірінен үздік деп танылған тауар өндірушілер бар. Мәселен, электр құралдарын өндіретін «Келет» АҚ, спорт киімдерін тігетін «Zibro» цехы, аяқ киім тігетін ақмолалық «Samhat» фабрикасы, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген «Назар текстиль» кілем тоқу фабрикасы, «Батсу» кірпіш зауыты, резина өнімдерімен айналысатын «КазТЕЦ» орталығы, инженерлік қызметтер көрсететін және тауарлар шығаратын «Жаһан-Атырау» компаниясы, «Лепсі» бал өнімдері, автохимия сұйықтықтарын шығаратын ақтөбелік «Mixelite» зауыты, жүгері өнімдерін дайындайтын «Раумэна» компаниясы, өзге де түрлі сала кәсіпкерлері «Көрме» залында. Айтпақшы, Қазақстанда құрастырылған «КИА» электромобилі де көпшілік назарына ұсынылған.
«Мұндай жиынның, көрменің әріптестерімізге пайдасы зор деп білемін. Көкейде жүрген көп сауалға жауап алудамыз. Әсіресе, заттарымызды өзге мемлекеттерге экспорттауда кездесетін кедергілердің алдын алуды үйрену үстіндеміз. Кәсіпкерлерге жасалатын осындай қамқорлық арта түссе, мемлекет қазынасына түсетін қаражат та еселенетін еді.
Тағы айта кетерім, қазақстандықтар шетелдік брендтерге қызыға бермей, өз өнімдерімізге сұранысты көбейтуге күш салса деймін. Кез келген дамыған мемлекеттер өз өнімдерін жарнамалап, өз тауарларын өткізіп қана ілгері қадам басқан. Біз де сол ізбен жүретін болсақ, жаңылыспаймыз деп ойлаймын», дейді «Жаһан инжениринг» ЖШС директоры Медет Қасымбеков.
Айта кету керек, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мынадай үш аталым бойынша өткізілмек: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары». Жүлдегерлер әр аталым бойынша бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен, таным белгісімен марапатталатын болады. Жеңіске жеткен компаниялар төрт жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсатта қолдана алады.
Бұл брендтің орны бөлек
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сонымен қатар, «Ұлы Дала елі» брендін пайдалану құқығын табыс етуге арналған байқау жариялаған. «Бұл – тек қана отандық тауар өндірушілерге арналған бренд. Мұның артықшылығы сол, брендті иеленген компанияға тауарларын әлем бойынша өткізуге жәрдемдесетін боламыз. Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылған байқауға қатысу үшін жүз шақты кәсіпкер өтінім тастады. Олардың құжаттарын және жұмыстарын қарау үстіндеміз. Нәтижесі желтоқсанның басында белгілі болады», дейді ұлттық палатаның департамент басшысы Жеңіс Дулатов.
Мамандардың айтуынша, сапалы өнімдер мен қызмет түрлерін бірыңғай қазақстандық бренд аясында экспорттау халықаралық аренада еліміздің имиджі мен танымалдылығын арттыруға көмектеседі. Ал «Ұлы Дала елі» брендін иеленген кәсіпорын өнімдері мен қызмет түрлері арқылы оны қалың көпшілікке абыроймен жеткізіп, кейін эстафетаны белсенді компанияға табыс ететін болады.
Асхат РАЙҚҰЛ