ҚАЗАҚСТАН - ҒАЛАМДЫ БІРІКТІРУШІ ЕЛ
Тәуелсіздік алған 25 жылда Қазақстан өзін халықаралық майданда ғаламдық біріктіруші, өңірлік, континентті және әлемдік деңгейдегі сұхбат алаңдарының бастамашысы ретінде таныта білді, - деп жазады "Айқын" газеті.
Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу дәстүрі бейбітшілік бесігі ретіндегі Қазақстанның жаһандық брендіне айналды.
Адамзат жер шарының қай түкпірінде болмасын теке тірес пен қақтығысқа, лаңкестік пен зорлық-зомбылықтарға үрейлене қарайтын кейіпке енді. Сирия, Ирак, Украина, Йемен және басқа да елдерде түрлі жанжалдарға орын беріліп, оның соңы қырғын қантөгістерге ұласуда. Бәрінен бұрын бейбіт тұрғындар – қарттар, әйелдер мен балалар зұлым саясаттың жазықсыз құрбанына айналуда.
Осындай алмағайып кезеңде түркі жұртының қара шаңырағы – Қазақстан тұрақтылық пен келісімді ұштастырып, дамып келе жатқан елдердің қатарына батыл енуде. Бұл өз кезегінде Елбасының дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықты басшылыққа алып, ұтымды жүргізіп отырған саясатының жемісі екенін білуіміз керек. Осы тұста Президенттің игі бастамаларының бірі болып табылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының форумын ерекше ауызға алуға тиіспіз. Қазақстан халықаралық дәрежеде алғашқылардан болып жауапкершілікті өзіне алып, іс жүзінде әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар жетекшілерінің басын біріктірді.
Осылайша, тұңғыш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылды. Қазақ елінің төрінде қазіргі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діннің негізгі адамгершілік құндылықтарының жалпыадамзаттық сипаты туралы ашық пікір алысуға тұңғыш рет қол жеткізілді.
І съезд басқосуына түрлі конфессиялардың 17 делегациясы қатысты. Осы съезд барысында әр 3 жылда бір реттік негізде дінаралық форум өткізу туралы шешім бекітілді. Осы шешімде Қазақстанға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезін Қазақстан Республикасының бас қаласы – Астанада ұйымдастыру мәртебесі берілді.
Осыдан кейін Астанада арнайы форум өткізу үшін Бейбітшілік және келісім сарайы салынып, 2006 жылғы 12-13 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі осы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті.
ІІ съезд әлемнің 43 елінен келген 29 делегацияны қарсы алды. Олардың арасында тек дін көшбасшылары ғана емес, ғалымдар мен саясаткерлер және мәдени қайраткерлер, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО секілді халықаралық институттардың өкілдері болды. II съезд «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» жалпы тақырыбымен, «Діни сенім еркіндігі және өзге дін өкілдеріне құрмет» және «Дін көшбасшыларының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі» деген екі бағытта ұйымдастырылды. Форумның бірінші күні «Дінаралық келіссөз қағидаттары» қабылданды, онда съезд жұмысының барысында форумға қатысушылар басшылыққа алатын негізгі бағыттар белгіленді.
Форумға қатысушылардың бірауыздан келісімі бойынша келесі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі 2009 жылы Астана қаласында өтті. ІІІ съездің жұмысына 77 елден келген, әлемнің барлық басты діндеріне қатысы бар делегациялар атсалысты.
ІІІ съезде Президент Н.Назарбаев Дін көшбасшыларының кеңесін құруды ұсынды. Осы ІІІ съездің айтулы оқиғасы – ІІІ съезге қатысушыларының Үндеуі қабылданды.
2012 жылдың 30-31 мамырында Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV cъезі «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» атты тақырыптың аясында өтті. Форумға 40 елден барлық әлемдік және дәстүрлі діндерге, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдарға қатысы бар 87 делегация атсалысты.IV съезд аясында үйлестіруші орган – Дін көшбасшыларының кеңесі құрылып, оның құрамына дәстүрлі діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері енді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев IV форумда сөйлеген сөзінде осыған дейін өткен съездердің әлемнің «өркениеттер қақтығысының» шыңырауына құламауына біршама септігін тигізгенін атап көрсетті.
Астанада өткен осы төрт съездің жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, индуизм, буддизм және басқа діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері қатысып, әлемде өзара түсінік пен құрмет мәдениетінің орнығуына өте үлкен үлес қосты.
2015 жылғы 10-11 маусымда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті V съезі «Діни көшбасшылар мен саяси қызметкерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуы» атты тақырып аясында өтті.
Форум аясында оған қатысушылар барлық алдыңғы қатарлы алып мемлекеттердің саяси лидерлерін қазіргі әлемдегі сенімсіздік тұңғиығының тереңдеуін тоқтатуға, бір-біріне санкция қолдануды доғаруға және бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнату мақсатында халықаралық құқыққа сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың тетіктерін қайшылықтарды реттеуге пайдалану үшін шақыруға уағдаласты.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VI съезі 2018 жылы тағы да Астанада өткізіледі. Алдағы бұл форум да өз деңгейінде өткізілетіндігіне бүкіл әлем сенім артуда.
Қалай алғанда да Қазақстан дін саласында демократиялық негіздерді бекіту жолындағы өзінің жеткен жетістіктерімен әлем алдында мақтана алады. Ата заңымыздың 22-бабында «Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп анық көрсетілген. Еліміз – зайырлы, демократиялық мемлекет болғандықтан, бізде әрбір адамға ар-ождан бостандығына кепілдік берілген, сондай-ақ барлық конфессиялардың ұстанушылары заң алдында тең. Діни сенім бостандығы мәселесі көпконфессиялық мемлекет саналатын Қазақстан үшін әрдайым маңызды болып қала бермек.
Әрине, діни сенім бостандығы деген желеумен елімізге сырттан неше түрлі теріс ағымдардың еніп кету үрдісі жылдам жүрді. Оны ешқашан бүгіп қала алмаймыз. Бірақ бұл мәселенің теріс жағын қазбалау басқа әңгіменің өзегі болуы тиіс. Біздің бүгінгі тақырыбымыз наным-сенім бостандығы жолындағы қол жеткізген табыстарымыз жайында.
Өткенге көз жүгіртсек, жетпіс жылдық кеңестік жүйеде намаз оқуға, Құран тыңдауға және қажылыққа баруға тыйым салынғаны белгілі. Тәуелсіздіктің арқасында ғана дінге деген көзқарас жақсы жағына күрт өзгерді. Артынша қаншама мешіттер, медреселер, исламдық университеттер ашылды.
Ал бұрын ше? Мұсылманның бесінші парызы – қасиетті Мекке мен Мәдине қалаларына қажылықты өтеу үшін бару – Кеңес өкіметінде мүлдем мүмкін болмады. Дегенмен санаулы болса да иманы күшті кейбір жандар түрлі амалдармен жол тауып, идеологиялық тыйым салынған заманда да қасиетті жердің топырағын басып қайтты. Бірақ олардың саны он саусақтан асар-аспас.
Тарихқа үңілсек, Ресей патшалығы өзіне қарасты аймақтағы мұсылмандарға Меккеге қажылыққа бару үшін құжат алу жөніндегі рұқсатқа 1803 жылы 23 наурызда қол қойған екен.
Қазақ қажылары ертеде Мекке-Мәдинеге қажылық сапарына Ыстамбұл арқылы барып жүрген. Жалғыз қазақтар емес, Ресей мен Кавказ және Орта Азия мұсылмандары қасиетті Мекке мен Мәдинеге ежелден Ыстамбұл қаласы арқылы барған. Орта ғасырда Орта Азиядан Ыстамбұлға жету үшін тұтас бір айдан астам уақыт кетсе, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, техникалық прогрестің (пойыз бен параход) арқасында ол жол айтарлықтай қысқарған. Түркістаннан қажылыққа аттанушылар көбінесе Красноводскіге темір жолмен жетіп, одан ары Бакуге, одан Одесса су жолы арқылы Ыстамбұлға параходпен барған. Сондай-ақ Ташкент пен Бұхарадан Тулаға, одан ары Одессаға дейін пойызбен барған.
Ыстамбұлдан ол заманда Мекке мен Мәдинеге Бейрут арқылы Хижаз темір жолымен тура Мәдинеге дейін, болмаса Жиддаға дейін параходпен, одан ары Мысыр арқылы темір жолмен баратын болған. Ол кезде темір жол тартылып, пойыз жүріп тұрғанына қазір сенудің өзі қиын.
ХIХ ғасырда бұрынғы Ресей империясынан шамамен 10 мыңдай ғана мұсылман қажылыққа барған екен. Егер мұны бүгінгімен салыстырар болсақ, 2010 жылы тек бір жылда ғана Ресей Федерациясынан 20 мыңнан аса адам қажылыққа барыпты.
Ол заманда Мекке мен Мәдинеге атпен, түйемен баратындардың бару-келу жолына бір жылдан астам уақыт кеткен. Құнанбай қажының да соншама уақыт жүргені белгілі. 1897 жылы 15 ақпанда Семейден шыққан Құрбанғали Халид Мәдинеге 1898 жылы қаңтар айында бір-ақ жетіпті. Сонда ол Ресей, Польша, Австрия, Венгрия, Болгария, Түркия, Пәкістан, Иерусалим, Мысыр жерін басып өту арқылы Сауд Арабиясына әрең табанын тигізіпті.
«Түркістан ведомствосы» газетінің жазуынша, 1913 жылы Түркістанның қазағы мен татар, сарттарды қосқанда қажылыққа барушылар саны бір жылда 50 000 адамға жетіпті. Осыдан-ақ Кеңес өкіметі орнағанға дейін Түркістан өлкесінде Ислам дінінің қаншалықты кең қанат жайып, өсіп-өркендегенін анық байқауға болады. Бұған ислам дінінің қашаннан ірі орталықтары болған Самарқанд пен Бұхараның тигізген ықпалы үлкен.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ишандар мен молдаларды қамшымен қойдай қуып, итжеккенге жер аударғаны, мешіттер мен медреселердің астық қоймасы мен мал қораға айналдырылғаны белгілі. Меккеге қажылықтың жолы біржола кесіледі. Дегенмен 70 жылдық кеңестік билік тұсында бұрынғы КСРО-дан бар-жоғы 20 адам ғана Меккеге қажылыққа барған екен. Жалпы, сол замандағы қажылыққа қатысты мұрағат құжаттары әлі күнге дейін жабық екенін еске сала кетейік.
Тәуелсіздіктің арқасында ғана қазақтардың Меккеге қажылыққа баруына даңғыл жол ашылды. 1991 жылы тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет 20 адам қажылыққа барып қайтты. 1993 жылы Елбасы Н.Назарбаев Алматының Орталық мешітінде қажылыққа аттанушы 300 адамға сәт сапар тілеп, ақ батасын берді. Ал бүгінде Қазақстаннан қажылыққа барушыларға Сауд Арабиясы жыл сайын бес мың адамға квота бөліп келеді. Жетпіс жылдық құрсауда болған діни сенім бостандығына осылайша Тәуелсіздіктің арқасында ғана қол жеткізілді.
Ақтан ҚОҢЫР
Abai.kz