Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 5780 0 пікір 16 Қараша, 2016 сағат 07:48

ҚОНАЕВТІҢ ЖҮРЕГІН АУЫРТҚАН ӨКІНІШІ

Бала Димаш алған бата

Димекең Алматыдағы №14 мектепте білім алған. Жоғары сыныпта оқып жүрген кезіндегі бір оқиғаны орыс тілі пәнінен берген Анна Павловна Шурова деген ұстазының естелігінен оқыдым. «Бір күні Димаш сабаққа екі сағат кешігіп келді. Сынып жетекшісі шыдамсыздықпен Димашты ұстаздар бөлмесіне алып келді. Димаш «Екінші қайталанбайды» деп кешірім сұрады да, кетіп қалды. Бір айдан кейін Максимилиян Крутов деген Азамат соғысының ардагері келіп: «Сіздерде Қонаев деген бала оқи ма?» - деді. «Бірдеңе бүлдіріп қойды ма?» - деп елең ете қалдық. Ана кісі болса «Сіздер жақсы азаматтар тәрбиелеп жүрсіздер. Мен сіздерге ризашылығымды білдіруге келдім. Қонаев мені ажалдан алып қалды. Талмам ұстап, өзеннің жағасында құлап жатқан жерімнен емханаға алып барды. Ол бала болмаса, мен сіздердің алдарыңызда бұлбұлша сайрап тұрмас едім. Сол баланы осында алып келсеңіздер», - деген өтінішін айтты. Келген соң Димашты құшақтап: «Құдай саған денсаулық берсін! Сен бақытты адам боласың», - деп маңдайынан сүйді. Сол кезде Димекең бар-жоғы 7-сынып оқушысы болған екен.  

 

 Дінмұхамед Қонаевтың өкініші

 Димекеңнің: «Түсті металдар институтында оқып жүргенімде Оралдағы шахтаға барып, Павел Савельевич деген шиеттей бала-шағасы бар кісінің үйінде жаттық. Ашаршылық жылдары болатын. Сол кісі бір бөлке нанды балаларының аузынан жырып бізге берген еді. Алғашқы еңбекақымды алсам, әлгі кісінің балаларына тамақ, киім салып жіберем деуші едім. Арада екі-үш жыл өткеннен кейін, сәлемдеме жәшігімен киімдер, тамақтар салып жібердім. Алған-алмағаны маған беймәлім, ол жаққа қайта жолым түспеді. Барып хал-ахуалын білмедім, балаларына бір шапағатым тимеді. Соған мойнымның жар бермегеніне өкінемін», - деп жүрегі ауырушы еді.

 

Қонаевтың нақылға айналған сөздері:

 

Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті.

 ***

Жалада шындық болмайды.

 ***

Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.

 ***

Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.

 ***

Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.

 ***

Ақиқаттан аттап кету – арға сын.

*** 

Орынды сын ойлантпай қоймайды.

 ***

Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру.

 ***

Адам айнасы – адам.

 ***

Тәуелсіздіктің жүгі ауыр.

 ***

Қараң қалған билік қайтып оңалмайды.

 ***

Бітімі қисық ағаштың көлеңкесі де өзіндей болады.

 ***

Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі осы, азаматтық жолы да осы. 

Дерек көзі: islam.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060