Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6686 0 пікір 15 Қараша, 2016 сағат 08:39

МОНШАДА ҚАЗАҚ РУЛАРЫ НЕ ІСТЕП ЖҮР?

Әр жексенбі сайын жамағайын інімді ертіп, қоғамдық моншаға барамын. Охо, сіз білмейсіз ғой, ол жерден тек тәнімді тазалап қайтпаймын. Түрлі қызықты әңгімелер тыңдап, "рухани" тұрғыда байып, серпіліп қаламын. Шынын айтайын, моншада жалаңаш еркектердің айтатын үш қана әңгімесі бар. Біріншісі – саясат, екіншісі – ру сұрасып, ата-бабалар жайлы аңыздардан сыр шерту, үшіншісі – (ішіңіз сезеді-ә!) әйел һәм тоқал мәселесі. Өткен аптада тағы да "рухани байып" қайтпақ болып, моншаға барып едім. Бұ жақтың «тұрғындары» бұрынғындай ру сұраспайтын болыпты. Оның орнына жалаңаш еркектердің көбі өз руларының аты жазылған бас киім (буланғанда киетін қалпақ) киіп алған. 

Осы жазушылар, зиялы қауым һәм журналистер руға бөліну, жіктелудің қауіп-қатері жайлы жиі жазады ғой. Сөйте тұра өздері рушылдықтың індетімен ауырып, бір-бірінің аяғынан шалып жататыны бар. Демек, бізді былай қойып, рушылдық ауруымен өздері де ауырады деген сөз. Моншадағы әңгімелерге құлақ түргенде білгенім, біздің шенеуніктер де рулық қатынастарға баса мән береді-міс. Оның қасында моншадағылардың ісі кешірімді секілді көрінеді. 

Бірақ... Иә, бірақ бұл пікірімді басқа бір ой алқымнан алып, буындырып жатыр. Мәселен, Жалайыр, Албан, Шапырашты, Найман секілді ру аттары қазақ халқы үшін қандай қасиетті екенін кез-келген адам жақсы білсе керек. Шежіре-тарихқа үңілсеңіз де аталған сансыз рулардың бүгінгі мемлекеттілігімізге сіңірген еңбегін түсініп, риза боласыз. Бұл рудан шыққан азаматтар әлі де ел мен жердің амандығы үшін барын салып, күресіп келеді. Тіпті, «жеті атасын білмеген - жетесіз» деген ұлағатқа ұйыған азаматтарымыз өз бабаларын шамасы келгенше құрметтеп, олар жайлы жағымсыз пікір айтылса, жағадан ала түсуге бар. Ендеше, сол құрмет қайда қалды? Қарны қампиып, «шүметейі» салпиып, басына Жалайырдай қасиетті адамның аты жазылған тақия киіп, кірін езіп отыру қазақтыққа сай ма? Бұл - бір.

Екіншіден, монша – тазалық орны. Адам – тазаланады, монша – ластанады. Ластық бар жерді – жын жайлайды. Жындар жайлаған мекенде ру аты жазылған тақия кимек түгілі, әулие адамның атын атаудың өзі дұрыс емес секілді. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Әулиені былай қойып, әңгімені Алладан, Хақ-Тағаланың дінінен бастап, өзі жасаған зинасына дейін мақтан қылып «гөй-гөйлейтіндер» жетерлік. Сонда бұл бүгінгі қазақтардың қадір мен қасиетке түкіргенін білдірмей ме?

Үшіншіден, моншада бір қызық жағдай болды. Парда отырғанбыз. «Әй, Жалайыр бала» деді бір ақсақал тақиясына қарап. «Менің арқамды ысып жіберші». Бала да қу екен. «Қазір Арғын ата, қазір», - деді. Біз еріксіз күліп жібердік. Бірақ, бұл күлетін емес, жылайтын жайт.

Әрине, "моншаның" мұндай қызықтарын айта берсең жетерлік. Тарихтан ең алғашқы монша ғимараттары ежелгі Грекия, Рим, Мысыр, Үндістанда салынды деп оқып келдік. Тіпті, Византиялық елші Прискінің жазбаларында Еділ патшаның моншасы жайлы қызықты деректер бар екенін білеміз. Сонымен қатар, осыдан біраз жыл бұрын, 1500 жылдық тарихы бар ежелгі моншаның қалдығы Түркістан қаласынан табылғанын баспасөз құралдары жарыса жазған болатын. Қазір сол ғұндар заманынан қалған мұраны қастерлеу мәселесі кемшін түсіп жатыр. Еуропа халқы моншаның не екенін білмеген кезде біздің бабаларымыздың өркениетке қол жеткізгенін де дәлелдей алмай отырмыз. Керісінше, қазір түркілердің моншасы «сауна» деген жаңа атқа ие болып, жезөкшелердің ордасына айналып барады.

Бір әумесер басына қасиетті бабамыздың аты жазылған тақияны киіп алып, саунада «қыз ойнақ» жасамасына кім кепіл? Ойлаудың өзі қиын. Сіз не дейсіз?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5388