Ислам Әбішев Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының Президенті болып сайланды
Бүгін Астанада Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының конгресі басталды. Жиында федерацияның жаңа президенті сайланды.
Ұзақ жылдар бойы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясын басқарған Серік Төкеев баяндама жасап, алдағы өтетін жарыстарға тоқталып өтті, деп хабарлайды Baq.kz.
«Дүниежүзілік қазақ күресін басқарған 12 жылдың ішінде 7 әлем, 11 Азия біріншілігі, 3 әлем кубогы, 3 Еуропа мен Африка біріншілігін өткіздік. Енді, алда жоспар көп. Биылғы жылы алдымен Сербияда үшінші Еуропа чемпионатын, Өскеменде Әлем кубогын, 20-25 мамырда Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласында Африка біріншілігін, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде тамыз айында Астанада әлем чемпионатын өткіземіз. Ең басты қуаныш, қазақ күресі Ашхабадтағы жабық кешендегі Азия ойындарының бағдарламасына енді. Мұндай жетістікке Бүкіләлемдік күрес одағының президенті Ненад Лалович пен Азия Олимпиада кеңесінің төрағасы Шейх Ахмед әл-Фахад әл-Ахмет әл-Сабахтың қол қоюуынан кейін жетіп отырмыз. Енді қоңыр күзде осы жарыста 70, 90 және 90 келіден жоғары салмақтағы балуандар белдесетін болады», – дейді Серік Төкеев.
Осы жиында алдағы бес жылға Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті сайланды. Әлемнің 50-ге жуық мемлекетінен келген делегаттар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің кандидатурасын бір ауыздан қолдады. Ол бұған дейін аталған федерацияның вице-президенті болған. Ал Серік Төкеев бірінші вице-президент лауазымына тағайындалды. Сондай-ақ бас хатшылыққа Нұрлыбек Ермағамбетовтің кандидатурасы қолдау тапты.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімов те конгресте сөз алып, қазақ күресінің әлемдік аренада шарықтауына өз үлесін қосатынын айтты.
Айта кетейік, Қажымқан Мәсімов Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құрметті президенті.
Abai.kz