КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА ЖӘНЕ ТАРИХИ ӘДІЛЕТТІЛІК
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуінде халыққа «еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақ» ойын, «Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу» жөніндегі ұсыныстарын айтты. «Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр» дей келе, осы міндетті орындауға кірісу себебін былай деп өте орынды пайымдады: «Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді». Сосын өзінің «елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам» жасағанын ескертіп, «екі негізгі бағыт бойынша іске» асырылмақ реформаға түсінік берді.
Баршамыз ықыластана қабыл алған бұл бағыттар мыналар. Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі өкілеттіктерінің біразын Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру көзделді. Енді бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Екіншіден, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету мақсат етілді. Бұл жағдайда Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі күшейтіледі. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тиісінше, мұндай өзгерістер биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді.
Осы екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыруға қызмет етеді. Сөйтіп мемлекеттік басқарудың тиімділігін қамтамасыз етеді. Жасалмақ өзгерістерге Президент осындай үміт артады. Бұндай ойға келер алдында өз өкіміммен арнайы құрылған жұмыс тобы оған атқарған істерін баяндады. Ол топтың жұмысы туралы есепті тыңдап, олар жаман жұмыс істеген жоқ деп тапты. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында елеулі табыстарға қол жеткенін, алайда әлем бүгінде көз алдымызда өзгеріп жатқанын, қоғамдық үдерістердің жылдамдығы мен күрделілігі Қазақстанда да көзге ұрып тұрғанын мойындады. Енді «біз алдағы кезең алдымызға міндетті түрде көлденең тартатын жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге қалай қарсы тұратынымызды ойластыруға тиіспіз» деді. Сол себепті де ұсынылып отырған конституциялық «реформаның мәні билік өкілеттіктерін сарабдалдықпен қайта бөлуде, тұтастай саяси жүйені демократияландыруда жатыр» деді. Бұл пікір көпшілік көкейіне қонып жатыр.
Сол орайда ұсынылмақ шаралар маңызды болғандықтан, Президент конституциялық реформалардың жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсыну жөнінде шешім қабылдады. Бұл өте орынды болды. Жұрт мұқият танысып жатқан Қазақстан Конституциясына енгізуге ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі заң жобасында конституцияға Президенттің нақты қандай өкілеттіктері үкімет пен парламентке берілмек екені көрсетілген. Жобада президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі өкілеттіктерінің бірқатарын үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, басқа да өзгерістер жасау көзделген. Осыған орай жүріп жатқан бүкілхалықтық талқылауға біз де өз үнімізбен қатысуға тиіспіз. Бұл мәні зор іс болмақ, өйткені талқылау барысында айтылған ұсыныстарды жұмыс тобы талдайды және жинақтап қорытады, сөйтіп Заң жобасын пысықтайды да, Президенттің қарауына енгізеді.
Президенттің өзі атап айтқандай, ұсынылып отырған бағдарлама үш міндетті шешуге жағдай жасайтын болады. Біріншіден, саяси жүйенің тұрақтылық қорын жасайды. Екіншіден, Үкімет пен Парламенттің рөлін арттырады. Бұл шара қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге жауап қайтарудың неғұрлым тиімді механизмін бермек. Президент мұны «басқарудың неғұрлым күрделі жүйесі» деп атады. Ол билік тармақтарына өз иелігіндегі өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін билік тармақтарына беруге саналы түрде барып отырғанын атап айтты. «Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын», – деді. «Үшіншіден, әлемде мемлекеттік құрылыстың әмбебап моделі жоқ. Бәрі де ізденіс үстінде» екенін ескерте келе, «біз өзіміздің, кейде ерекше шешімдерімізді» табатынымызды, «мемлекеттік құрылыстың бөгде модельдерін көшіріп алумен ешқашан айналыспағанымызды», бүкілхалықтық талқылауға «ұсынып отырған реформа ең алдымен өз тәжірибемізге және Қазақстанның өзінің қажеттіліктеріне арқа сүйейтінін» шегелеп атады. Қазақстан қай бағытта жүреді деген сауалға жауап ретінде аталмыш реформалар бағдарламасын ұсынды. Уақыт қойып отырған бұл сауалға «жауап айқын және дәйекті» – «Қазақстан демократиялық даму жағына қарай» жүреді дегенді Президент нығарлай көрсетіп, батыл мәлімдеді.
Бұл күндері көпшілік ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар жобасын қолдап, оларды жақсарта түсуге бағытталған ұсыныстарын да білдіріп жатыр. Біз де Мемлекет басшысының сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетін арттыруға күш-жігерін жұмылдыруды көздегенін шешіміне ризамыз. Сол ретте биліктің үш тармағының – Үкімет пен Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейтуге бел буғанын, тиісінше атқарушы билікті бақылаудағы сот билігінің рөлі арттырылуын мақұлдаймыз. Осы жерде, мәселе конституциялық өзгерістер жайында болғандықтан, Конституцияда биліктің сот тармағы жайында мемлекеттік тілде тұжырымдалған қағидаттарды мейлінше дұрыс түсіну үшін терминдердің дұрыс қолданылуы да маңызды екеніне назар аударғанды жөн көріп отырмын. Меніңше, енгізілетін өзгерістер қатарында бұларды да қаперге алған жөн болар еді. Мен жақсартуға тиіс кемшілікке балап отырған жәйттер Негізгі заңның мемлекеттік тілде емес, орысша дайындалып, қазақшаға аударылуы салдарынан кеткен болуға керек. Демек, оны түзететін уақыт та келді, орайы да туды.
Айталық, Конституциядағы «Суды и правосудие» деген тарау «Соттар және сот төрелiгi» деп аударылған. «Суды» мен «Соттар» дұрыс екеніне шәк келтірмейміз, бірақ орысша «правосудие» мен қазақша «сот төрелiгi» деген сөздердің мағынасы бір еместігі алаңдататынын айтуға тиіспін. «Правосудие» екі сөзден құралған: право+судие – құқық+соттаушылық. Ал бұл, аты айтып тұрғандай, «заң бойынша шешім қабылдау» деген ұғымды білдіреді. Яғни бұл терминді құқықтық сот, құқық бойынша шешім қабылдау, құқық негізінде, яки құқыққа, заңға сүйеніп соттау деп түсіну керек. Ал «сот төрелiгi» кері аударғанда «арбитраж суда», яки «судейство суда» болып шығады. Демек, 75-бабтың «Правосудие в Республике Казахстан осуществляется только судом» деп тұжырымдалуының мемлекеттік тілде «Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады» деген бұлдыр мәтінмен берілгенін мойындағанымыз жөн. Мұның дұрысы, әрі дәл мағынасы «сот төрелiгiн» емес, «құқықпен соттауды», яки «құқықтық сотты» деген тіркес болуға керек. Демек, «..құқықпен соттауды (яки «құқыққа сүйеніп соттауды», немесе «құқықтық сотты») тек сот қана жүзеге асырады» деу дәлірек шығады ғой деп ойлаймыз. Президент құрған жұмыс тобы бұған да назар аударса жақсы болар еді.
Жалпы, біріншіден, қоғамдық қатынастарды реттеуші, мемлекет кепілдік беретін тәртіпті көздейтін ережелер жүйесі, жиынтығы, сот билігі жүзеге асырылатын мемлекеттік құқық қорғау және құқық қолдану қызметінің түрі де, сондай-ақ, екіншіден, мәселен, жекелеген адамның абыройы мен бостандығын қамтамасыз ететін реттілік ережелері де орысша бір ғана «право» сөзімен белгіленеді. Орысша бір сөзбен белгіленетін бұл екі жағдайға қазақтың жинақтаушы ұғым беретін «құқық» және жекелеген саладағы ережені білдіретін «құқ» деген сөздерін қолданған дұрыс болар еді. Бізде, мәселен, «права человека» деген тіркесті «адам құқтары» деудің орнына «адам құқығы» деп аударған. Президент жария еткен қазіргі мүмкіндікті пайдалана отырып, арнайы жұмыс тобы Конституцияның қазақша мәтініне осыған байланысты да редакциялық өзгерістерді енгізу жайын қараса дұрыс болар еді.
Президент Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Қазақстанның демократиялық даму жағына қарай жүретінін көрсетеді деп атап айтты. Жасалмақ қадам өте маңызды, сондықтан бүкілхалықтық талқылаудың осы қадамда ескерілген өзгерістерді жетілдіре түсуге үлес қосары кәміл. Сондай іске өз үлесімізді қосу ниетімен, біз де бірер ұсыныс айтсақ дейміз. Біздің ойымызша, өзгерістер мәтінін дайындаған жұмыс тобы алғашқы отырыстарында халықтың көңіл-күйін толық ескермеген тәрізді. Сондай тұстарға байланысты туындайтын ұсыныстарды да жұмыс тобы талдауға алып, қорытқаны жөн.
Мәселен, Жер кодексіне байланысты болған былтырғы толқуларда халықтың жиналыстарға, демонстрацияларға, шерулерге қатысуына еріктілігі тұжырымдалған конституциялық құқтары шектелді. Жиналыстар, демонстрациялар, шерулер жасатпау өз алдына, көшеге шыққан адамдарды ешқандай жиналыстарға, демонстрацияларға, шерулерге қатыспаса да ұстап әкету деректері елді дүрліктірді. Осыған байланысты әркімнің бұл конституциялық құқын кедергісіз пайдалануын қамтамасыз ету мемлекеттік органдардың басты міндеті екенін тиісті бабқа тиянақтап жазған дұрыс. Мұны, мәселен, 32-бабтағы шектеу тұжырымдалған тіркестің бас жағына қоюға болар еді. Айталық, Конституцияда «Бұл құқықты пайдалану мемлекеттiк қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерi үшiн заңмен шектелуi мүмкiн» деген сөйлем: «Бұл құқты пайдалану мемлекеттiк органдар тарапынан қамтамасыз етіледі» деп басталып, «алайда, мемлекеттiк қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа да адам құқтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерi үшiн бұл құқтың заңмен шектелуi мүмкiн» деп жазылса деген ұсыныс бар. Сол толқулардың туу себебін де ұмытпағанымыз жөн. Конституциялық реформада, Президенттің бұған дейінгі белгілі мораторийін ескере отырып, әлдебір теріс ниеттілер тарапынан болашақта теріс мақсатқа пайдаланылуы ықтимал саңылаулар жасамағанымыз абзал. Яғни, 26-бабқа ұсынылып отырған өзгерісті – «Қазақстан азаматтары» деген сөздің орнына «әркім» деген сөзді – енгізуден бас тартқан дұрыс болады ғой деп ойлаймыз.
Бізде заңдардың мемлекеттік тілде қабылдануы некен-саяқ екені рас. Жалпы, парламенттің өз тарапынан заң шығаруға деген бастамашылығы мүлдем көрінбейтіні қынжылтады. Мұны Конституцияда қалай ескеру керектігін ойлану ләзім. Қоғамды алаңдатып жүрген үлкен мәселенің бірі мемлекеттік тілдің өз мәртебесінде қолданылмауы. Ұлттық ұйымдардың «Мемлекеттік тіл туралы Заң» қабылдау керек екенін көптен көтеріп, айтып келе жатқаны белгілі, тіпті өз беттерінше Заң жобасын да дайындап ұсынды. Алайда заң шығарушылық құқы бар билік тармақтарын – не атқарушы билікті, не заң шығарушы билікті бұл жәйт ойлантқан жоқ. Бәлкім, Президент айтқандай, қазір заман дидарының өзгергенін, демек біздің де өзгеруге тиістігімізді ойлап, конституциялық реформада осы жәйтті дұрыстауды ескерген жөн шығар. Айталық, 7-бабтың 1-тармағы мынандай сөздермен толықтырылса: «Билік тармақтары өз қызметін мемлекеттік тілде атқарады, шығарылған заңдар мен ережелерді, нұсқаулар мен тапсырмаларды қажет болған жағдайда азаматтарға орыс тіліне аударып беруді мемлекеттік органдар құрған аударма алқалары жүзеге асырады».
Конституциялық реформа және тарихи әділеттілік қол ұстасып қатар жүрсе деген тілектеміз. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгенімізбен, қазақ халқының бұрынғы режимдерде шектелген құқтарын толық қалпына келтірумен шындап айналыспадық. Жаңа мүмкіндіктерге ие болғалы отырған парламент, бәлкім, қазақтың ұлт мәселесін ескерер, арнайы талқылаулар жасар, шешілмеген тұстарын айқындар, тиісті құжаттар қабылдар, әр салада қазақтың ұлттық мүдделерінің қоғалуын бірінші кезекке қояр деп үміттенеміз. Президенттің өз билігінің бірқатарынан ерікті түрде бас тартып, заң шығарушы және атқарушы билікті күшейтуге саналы түрде баруын баршамыз бағалай білейік және осы жасалмақ өзгерістердің жасампаздыққа ұласуына, билік салаларының халыққа қызмет ету дәрежесінің жақсаруына баршамыз бір кісідей көмектесейік деген тілек білдіремін.
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz