"ЖАС АЛАШТЫҢ" БАСЫНА БҰЛТ ҮЙІРІЛДІ
Қазақ басылымының қарашаңырағы саналатын, 96 жылдық тарихы бар "Жас Алаш" газетінің журналистері командасымен қызметтен кетті. Рысбек Сәрсенбайұлы басқарып келген бұл ұжым неге мұндай қадамға барып отыр. Бүгін "Жас Алаш" газетінің журналистері мен қызметкерлері ресми мәлімдеме жариялады. Біз аталған мәлімдемені оқырман назарына толығымен ұсынып отырмыз.
Abai.kz ақпараттық порталы
«Жас Алаш» газеті журналистері
мен қызметкерлерінің
МӘЛІМДЕМЕСІ
Халықтың газеті – «Жас Алаштың» басына бұлт үйірілді. Биліктің ұзын құрығы бізге де жетті.
«Жас Алаштың» 96 жылдық тарихын айтпағанның өзінде, басылымның бүгінгі қоғамдағы орны мен рөлін және елдегі саяси, әлеуметтік, ұлттық проблемаларды, оның себептерін, салдарларын талдап жазатынын жақсы білесіздер. Сөз бостандығының шеңбері тарылды. Еркін ой мен саналы көзқарас үшін, азаматтық құқықтарын пайдаланғаны үшін азаматтарымыз қудаланып, сотталудан көз ашпай келеді. Әділетсіздікке қарсы тұру мүмкін болмай барады. Тәуелсіздікке, мемлекеттілікке залалын тигізетін биліктің саясатына, заңдарына наразылық танытқандарды жау санау әдетке айналды. Отандастарымыз шарасыздықтан өзін өзі өртеуге көшті. Халықтың сөзін сөйлейтін, талабын, көзқарасын, пікірін білдіретін, жанайқайын жеткізетін тәуелсіз үш-төрт-ақ басылым қалғанын, соның бірі «Жас Алаш» екенін жақсы білесіздер. Бұл газеттің 2006 жылғы қанды ақпаннан бері талай қиындықты бастан кешіргенін, бірақ бағытынан қайтпай, әділеттілік, ақиқат жолында айқасып, шайқасып жүргенін көріп келесіздер. Ақшаға қызықтырып сатып алу, қорқытып тартып алу, сот арқылы қысым жасап, миллиондап айып төлеттіріп әлсірету, журналистердің арасында іріткі салу, әрқилы қауесеттер тарату сияқты биліктің құйтырқы әрекеттерінің бәрін бастан өткердік. Идеялық жетекшіміз Рысбек Сәрсенбай ұжымды топтастыра, қайраттандыра білді.
Газеттің қоғамда алатын өзіндік орны, салмағы бар. Мұны басқаны былай қойғанда, биліктегілердің өзі мойындайды. Ақиқаттан қорқатын, жемқорлыққа, жағымпаздық пен сатқындыққа, былық-шылыққа батқан, мемлекетті майлы жілікке айналдырған ірілі-ұсақты шенеуніктер «Жас Алашқа» өлердей өш. Кез- келген сәтте талап тастауға әзір. Сынға іліккендерді айдап салып, сотқа сүйрелеуді тоқтатқан емес. Бас редактор біздің қорғанымыз, айбынымыз болды. Р.Сәрсенбайұлы дәлелді, жан-жақты зерттелген, ар-намысқа тимейтін, ешжаққа бұра тартпайтын материалдарға кеңінен жол ашты, еркін жазатынымыз да сондықтан. Жоғарыда отырған жуандар тәуелсіз басылымдарды жойып, ой еркіндігін, сөз бостандығын тұншықтырудың сан тәсілін қолдануда. «Жас Алашты» ескі тәсілдермен жоқ ету мүмкін болмағандықтан, іштен іріткі салуға көшкені енді күмән туғызбайды. Рысбек Сәрсенбайды бас редакторлық қызметтен кетіру, оны газеттегі қандай да бір басшылық жұмысқа жолатпау арқылы «Жас Алашты» жуасытуды, оның бағытын өзгертуді, қызықсыз етуді, ақырында оқырмандарынан ажыратуды көздеп отыр. Қазіргі әрекеттер соның белгісі.
Басылымды іштен ірітіп, тұқыртардай «Жас Алаш» не жазып қойды? Кімдерге ұнамады? Мұны оқырмандар жақсы білуі тиіс. Арыға бармай-ақ қояйық, соңғы жылдардағы жайттарға тоқталайық. Қазақ жерін шетелдіктерге жалға беру мәселесі қозғалғанда-ақ «Жас Алаш» алғашқылардың бірі болып қарсылық танытты. Фермерлерді, тарихшыларды, саясаткерлерді, зиялыларды және ұлт жанашырларын шақырып, дөңгелек үстел өткізді. Олардың ой-пікірін жариялады. Макс Боқаев пен Талғат Аянға ара түсті. Оларды «сыра королымен» байланыстырудың қиянат екенін жазды.
2016 жылдың 21 мамырындағы Алматыда өткен митингіде «Жас Алаштың» алты бірдей қызметкері қамауға алынды. Басылым редакторы Р.Сәрсенбайұлын сол күні түнгі сағат 12 шамасында соттап, айыппұл арқалатты.
«Жас Алаш» үштілділікті тықпалаған білім беру реформасындағы жөнсіздіктерге де қарсы тұрды. Екі дүркін қоғамдық тыңдау өткізді. Білім саласының білікті мамандарына, ғалымдарға өз бетінен орын берді. Олардың орнықты, дәлелді уәждерін жұртқа жеткізді. Үштілділік идеясының қазақ ұлтына, оның келешегіне жасалған қиянат екенін дәлелдеп көрсетті.
Биліктің Ата заңның 26-бабына толықтыру, түзету енгізуді көздеген арам ойы – қазақтың жауырынына қадалған қанжармен бірдей еді. «Жас Алаш» мұны өзгелерден бұрын сезді. Нөмір сайын мақала жариялады. «Әркімнің» екінші аты – әзірейіл» тақырыбымен дөңгелек үстел өткізді. 26-баптың өзгеруі – қазақтың соңғы таянышы – жерден айрылып қалу қаупін туғызатынын қатаң ескертті.
«Жас Алаш» президенттің өзі мен оның айналасын және билікті өздерінің меншігі санайтын отбасы мүшелерін де сын тезіне алды. Қылт еткен қылығын, жылт еткен мінезін қалт жібермей қадағалап отырды.
Өздеріңіз білесіздер, соңғы уақытта билік сөз бостандығын шектеуге, тәуелсіз басылымдарды жоқ етуге ашық кірісті. Әрекеттері шектен шықты. Журналистер одағы ғимаратының талқандалуы, әкелі-балалы Матаевтардың жалаға ілігуі, «Трибуна: Саяси қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамайдың қамалуы – соның айғағы.
Енді міне, «Жас Алаштың» бас редакторын сотсыз, тиісті орындардың іс қозғауынсыз, қызметтен кетіру, оны газетке жолатпау арқылы дымын өшіру тәсілі қолданылды. Біз газетті сақтап қалу үшін құрылтайшылармен келісімге келуге тырыстық. Ортақ мәміле жасауға ұмтылдық. Алайда «Жас Алаш» ЖШС президенті А.Рысбеков «2017 жылдың 16 ақпанынан бастап Н. Сәрсенбаев мырзаны Бас редактордың міндетін атқарушы ретінде үш айлық сынақ мерзімімен жұмысқа қабылдансын» деген бұйрық шығарды. Сынақ мерзімімен жұмысқа қабылданған адам бас редактордың міндетін қалай атқармақ? Нұрлан бас редактордың баласы болғандықтан әкесінің орнын басқан екен ғой, әкесінің қалауы солай болса, ол әке жолын соның бағытымен жалғастырар деп ойлаған оқырман тарапынан наразылық тумас деген мақсатты көздесе керек. Газет жұмысына қатысып көрмеген адам шығармашылық ұжымға қалай басшылық етпек? Редакцияны түн жамылып, журналистер жоқ кезде, көшіріп жіберулері де құйтырқылық. Бұрынғы орнында отыра беруге газеттің қаржылық жағдайы жеткілікті еді. Міне, осы жағдайлар біздің жаңа басшылыққа деген сенімімізді жоғалтты.
Біз Оқырманға адал қызмет еттік. Шындықты жеткізудің қиындығы мен қауіп-қатерін талай көрдік. Біз «Бәрінен де ақиқат қымбат!» деген басты ұранымызды берік ұстандық. Дәл мынадай қиянатқа, журналистер пікірімен санаспайтын, оларды қадірлемейтін адамдардың өзімбілермендігіне көне алмаймыз!
Біз бас редактор Р.Сәрсенбайдың қараша айына дейін бізбен бірге жұмыс істеуіне, сөйтіп биылғы жылға газетке жазылған жиырма төрт мыңға жуық оқырманымыздың үмітін, сенімін ақтауға кедергі келтірмеуді талап еткен едік. Талабымыз орындалмады. Сондықтан біз өз арымыздың тазалығы үшін «Жас Алаштың» қазіргі бағытынан таймасына, әділеттілік пен ақиқат жолындағы күресінен айнымасына күмәніміз күшейгендіктен және осындай жөнсіз өзгеріске наразылық ретінде жұмыстан кететінімізді мәлімдейміз!
Әмірхан Меңдеке, «Жас Алаш» газеті бас редакторының бірінші орынбасары,
Сансызбай Өкенұлы, бас редактордың орынбасары,
Асылхан Әбдірайым, фототілші, редакциялық алқаның мүшесі,
Әділ Ұзақбай, журналист,
Қуаныш Нұрданбекұлы, журналист,
Меруерт Хусаинова, журналист,
Ғалым Боранбаев, дизайнер-суретші,
Әлібек Әбдіраш, Қарағанды облысындағы меншікті тілші,
Сәния Тойкен, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы меншікті тілші,
Алмас Құдайбергенов, газет қызметкері,
Нұртай Бөлекбаев, газет қызметкері
Abai.kz