ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ "ТҰЛҒА" ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?
Қазақта "түк көрмеген" дейтін керемет сөз бар. Фейсбукке министр мен депутат сияқты біреулер тіркеле қалса, осындағы елдің жартысы ертеңінде соның достығында жүреді.
Осылайша әлеуметтік желіге келгеніне бір күн де болмаған адамның "әпшу" деген әр сөзіне бармағын басып қалуға тырысатын ләппайшыл қауым қалыптасып, әлгінің әр посты мыңдаған лайк жинай бастайды. Министр мен депутат қана емес, желідегі елшіл, жұртшыл, ұлтшыл болып желігіп жүргендерді де өзіміз осылай есіртіп аламыз. Сосын олар "мыналар мал екен ғой" дейді де, аккаунтын жауып, Фейсбукте жинаған бар беделімен билікке кетеді.
Халықтың не үшін оңды-солды лайк баса беретінін түсінбеймін. Мүмкін өзін көрсетіп қалуға, көзге түсіп қалуға тырысатын шығар. Бірақ өзін тұлға санай бастағандар үшін сен текке тыраштанып жүрген біреусің. Әлеуметтік желідегі осындай "танымал тұлғаларға" ең құрығанда бір күн лайк баспай қалыңызшы, бұлар неғып бүйтті екен деп орнында отыра алмай кетеді. Бәрін бүлдіретін де, бәрін сабасына түсіретін де өзіміз. Бір басым лайк та кейде талай нәрсенің тағдырын шешіп кетеді....
Жолымбет Мәкіш
Facebook-тегі парақшасынан